Басты  /  Сұхбат  /  Елбасының бастамаларын тиімді пайдаландым

Елбасының бастамаларын тиімді пайдаландым

1776
Елбасының бастамаларын тиімді пайдаландым Самұрат ИМАНДОСОВ, «Рза» акционерлік қоғамының президенті:

Президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің одан әрі экономикалық және саяси дамуын айқындайтынын жақсы түсінеді және біледі. Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілгендей, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баяндала отырып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөлінген.Осы орайда еңбегімен көзге түсіп, кәсібі арқылы талай адамға жұмыс тауып берген азаматтар аз емес. Солардың бірі қызылордалық кәсіпкер Самұрат Имандосов. Біз кәсіпкерді әңгімеге тарттық. 

 

– Сіз кәсіпкерлікті дамытуға барынша үлес қосып келесіз. Нәти­жесінде есіміңіз елге бел­гілі болды. Қазалы өңірі тұрғындарының 70-80 пайызын жұмыспен қамтып отыр екен­сіз. Халық сізге риза. Елдің игілігі үшін қыз­мет етуді неден бастадыңыз? 
– Мемлекет бүгінде кәсіпкерлік қызмет субьектілерінің нарық эконо­микасының толыққанды қатысу­шысы ретінде өз қыз­мет­терін жүзеге асы­руына қажетті жағдайды қам­та­ма­сыз етіп отыр. Аз жылда шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істеуді көз­дейтін жалпыұлттық институттар құ­рылды. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақ­стан Республикасының заңы қа­былданды. Осындай игілікті істің бәрі Президентіміз Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің, баянды бастамала­рының арқасы. Сол мүмкіндікті мен де барынша пайдаланып жатырмын.
Қазалы – қазақтың киелі өңірі, тамырлы тарихы бар мекен. Жоңғар­ларға жойқын соққы берген Жалаңтөс Баһадүр, қазақтың орақ ауыз үш биінің бірі Әйтеке би де Қа­за­лының маңында дүниеге келген қайта­ланбас тұлғалар. Бүгінгі жұрт жақсы білетін күміс көмей әншілер Роза Бағланова, Мәдина Ералиева секілді дүлдүлдер де осы жер­­дің тумасы.
Мен де осы жердің тумасымын. Кіндік қаным тамған бұл жердің орны алабөтен. Бала кезімде-ақ, туған же­рім­нің шаңын шығарып, ойыннан арыла алмай жүрген кездің өзінде есей­генде өңірімді көркейтсем, еліме бір септігім тисе деп ойлаушы едім. Қазір де сол ойдамын. Арманыма жет­кен­деймін. Кәсіпкерлікке бел шешіп кірісуімнің бір себебі осы. 
Кәсіпкерлікке келмес бұрын талай жерде басшылық қызметте болдым. Қолым­нан келгенше адал қызмет еттім. Әу баста қызметті жылжымалы ме­х­а­никалан­дырыл­ған колонна бас­қарудан бастадым. Әсіресе, №86 ЖМК дегеннің жұмысы күрделі еді, мыңға тарта адам жұмыс істеді. Сол жерде жүріп ысылдым, тәжірибе жинақтадым. Жұмысшылармен араласу, олардың жан­ дү­ниесін түсіну – үлкен философия екен. 
Жақсы басшы болу үшін жұмысшыларға да өз отбасыңдай қарауың керек. Сонда ғана жұрт сені құрметтейді. Ол жерде хал-қа­дірім­ше еңбек еттім, жаман болған жоқ. Абыройлы болдық. Ал 1994 жылы Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалдым. Ол жерде 1995 жылғы қазан айының соңына дейін ақ-адал қызмет етіп, қолымнан кел­ген­ше туған жерімді түлеттім. Соңғы 20 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін. 
– Сізді «алғашында базарда тұрып нан сатты» деп естігенбіз. Бұл қаншалықты ақи­қат?
– Ол – шындық. Бәрін бастан кештім. Жа­сырмаймын. Шағын нан цехын ашып, өнімдерімізді базарға шығарып сата бас­та­дық. Ол кезде жұмысқа адам да алмаған едім. Пештің басында тұрып қамыр илет­тірдім, пісірттім, базарға барғанда өзім қасында тұрып сатқыздым. Тірлік деген осы. Қысқасы, кәсіпкерлікке келер жолдағы баспалдағым осы нан сатудан басталды десем, өтірік айтпағаным. Тіпті сол кезде кейбір адамдар, «кешегі әкім Имандосов ба­зарда нан сатып тұр. Масқара. Басы дұрыс емес-ау» деп табалап, күлгендер де болды. Бірақ соның барлығына шыдадым. Өйткені бастаған дүниені орта жолда тастап кету – менің ғадетім емес. Тәуекел еттім, бел будым, соңына дейін шыдау – менің басты ұстанымым. Тек нан сатумен ғана шектел­медім. Қолымнан келгенше, шағын тірлікті кеңейтуге тырыстық. Жаман болған жоқ. 
2000 жылы «Рза» деген акционерлік қо­ғамын құрдым. 
– Рза деген атау қызық екен. Бұл нені білдіреді?
– Рза – біздің үлкен әкеміз. Әкемнің аты – Жұма, оның фамилиясы – Имандос. Рза біздің әкемізді балалары болмаған­дықтан, өзінің жақын ағаларына бала қы­лып берген. Содан Имандос болып кеткен. Әйтпесе туған әкесінің аты – Рза. Ол кі­сі­­нің аты аталмай қалған соң, есімін қайта жаңғыр­тайық  деп шаруа қожалығын құрған соң атын бердік. Одан кейін қазір өзіміз жұмыс істеп отырған акционерлік қоғамның да атын солай қалдырдық. 
Қазір бұл акционерлік қоғам сан салалы. Мыңға тарта адам жұмыс істейді. Қолы­мыз­дан келгенше жұртты жұмыспен қамтып жа­тырмыз. Нақтылап айта кететін болсам, «Рза» акционерлік қоғамының құрамына 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік кіреді. Олар: егін егу, мал өсіру, сүт өңдеу, нан өнім­­дерін шығару, тасымал, мұнай-газ өнім­дерін сатумен айналысады. Осы алты мекеме өз алдына жұмыс жасап жатыр. 
– Осы тармақтар жайында сөз етсеңіз...
– Мәселен, Рза-Агро ЖШС-да бұрынғы кеңес үкіметі тұсындағы 4 совхоз бірік­ті­рілген. Онда 400-ден астам адам жұмыс жасайды. Негізінен, егін шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар мал азығын да­йындайды. 3 мың гектар күріш, 1 мың гек­­тар жүгері егеді. Мың жарым гектардай жо­ңышқа тағы бар. Бидай да егеміз. Десек те, бұл ЖШС-ның негізгі айналысатын шаруасы – күріш. Өзіміздің «Дәмді» деген сауда маркамыз бар. Күріштің 80-90 пайы­зын сыртқа шығарып жатырмыз. Нақтылап айтар болсақ, қазіргі таңда 6 мың тоннаға жуық ақталған жоғары сапалы күріш – Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түр­кіменстан мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі. Былтырдан бастап, Ақтөбе, Шымкент жағынан сұраныс көбейді. Құдай­ға шүкір, жасалып жатқан тірлікке ризамын. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттерге де ұсыныспен шықсақ деп жатырмыз. Осындай мүмкін­дікті барынша тиімді пайдалану керек. Са­палы өнім қай жерде де тұтынушысын та­ба­тынына сенімдімін. 
Бір кемшілік – көлік-тасымал логис­ти­касы дұрыс жолға қойылмай жатыр. Соның кесірінен шет жаққа шығарылған өнім­деріміздің бағасы сәл қымбаттау. Өйткені тасымал деген үлкен қаржыны талап ететіні белгілі. Сондықтан жол қаржысын реттеу үшін субсидиялау қажет. Сонымен, айна­лы­сып жатырмыз. Көп ұзамай ол да рет­те­лер. Күрішіміздің сапасы өте жоғары. Ре­сей­дің «янтар» деген күрішін әкеліп жер­­­сіңдіріп, өсіріп жатырмыз. Нәтиже жа­ман емес. Былаша айтқанда, бізде 100 па­йыздық кластер. Өйткені жер жыр­тып, ек­кеннен бастап, тұтынушыға жеткенге де­йінгі барлық процесті өзіміз атқарамыз. Елбасының да айтып жүргені осы емес пе? Соны біз жасап жатырмыз. 
Оңтүстік Кореядан алдырған күріш өң­дейтін зауытымыз бар. Ол сағатына 5 жарым тонна күріш тазалап шығатын қуатқа ие. 
Екіншісі – «Рза-Асыл түлік» ЖШС. Малдың бәрін осының төңірегіне топтас­тыр­ғанбыз. Бұл Қазақтанның индус­триал­дық даму картасының белсенді қатысушысы болып табылады. Аталмыш бағдарлама шегінде кәсіпорын 2010 жылы ірі инвес­тициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Жобаның құны – 2 миллиард 200 мың теңге. Бұл кешен 2011 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. 
Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және оны өткізу. 2010 жылы Венг­риядан 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлар әкелінген болатын. Қазіргі таңда олардың саны 1400 басқа жетті. Әрбір сауын сиырдан жылына 8000 литр сүт сауылып, жылына 6 000 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті заманауи құрал-жабдықтар Гол­ландия, Ирландия, Германия мемле­кет­терінен алынған. Одан бөлек біраз малымыз бар. Мәселен, 300-ден астам түйе, 500-дің үс­тінде жылқы, 3 мыңға тақау қой, сосын жер­гілікті тұқымнан тараған 300-дей сиыр бар. Бұлардың барлығы Қарақұмда орна­ласқан. Ол өңірде өзімізге тиеселі біраз же­ріміз бар. 
Үшінші саламыз – сүт. Негізгі қызметіміз – сүт өнімдерін өңдеу және сату. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты Еуропаның озық технологиялық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шыға­ры­лады. Технология Еуропаның озық ел­де­рі­нікі болған соң, сүттің сапасы да соған сай. Біз бүгінгі таңда тәулігіне 15 тонна сүт өн­діреміз. Ал жылына 6 мың 100 тонна сүт даяр­­лап, халыққа сатамыз. Біз бүгінгі күні сүт тауарымызбен Еуропаның кез келген елімен бәсекелесе аламыз деп ойлаймын. Өйткені сапа жоғары. Сүт өнімдері Қы­зы­л­орда облысының аумағымен бірге Бай­қоңыр қаласы, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл об­лыс­­тарында сатылуда. Әрине, сүтті сұранысқа қарай даярлап жатқан жайымыз бар. Ендігі кезек – жобаның екінші кезеңі. Ол үшін кем дегенде 1200 бас сауын сиыр болуы қажет. Сүт өндіруді де тәулігіне 30 тоннаға жет­кіз­сек деген ой бар. Өйткені сүт зауытының мүм­кін­дігі соған сай. Бұл үшін инфра­құрылымдарды кеңейтуіміз қажет. Қазір жұмыс жасалып жатыр. 2017-2018 жылы жо­бамыз іске асып қалар деп үміттеніп отыр­мыз. Егер осы жоба жүзеге асса, 2018-2019 жылдары халыққа қазіргідей 6 мың тонна емес, 10-12 мың тонна сүт сатуға қол жет­кізбекпіз. Сүттен жасалатын өнімдердің санын көбейту үшін Украинадан арнайы маман алдырдық. Өйткені өнім түрі көбейген сайын, пайда да болады. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Ең бір мақтана айтатыным, біздің сүтте ешқандай қоспа жоқ. Бәрі табиғи, таза. Бұдан кейінгі тағы бір саламыз – «Рза-Транс» ЖШС. Оның негізгі қызмет түрі – акционерлік қоғамның барлық бөлімшелерін өндірістік мақсатқа пайдалану үшін қажетті техникалармен қамтамасыз ету. Онда ауыл шаруашылығы және құрылыс саласына қажетті қазіргі заман талабына сай техникалар жұмыл­ды­рылған: жер қазуға және жүк көтеруге ар­налған машиналар, сонымен қатар әртүрлі мақсатқа пайдаланылатын механизмдер. 
Сондай-ақ механикалық жөндеу ше­бер­ханасы жұмыс жасайды. Онда түрлі техни­каларды жөндеу жұмыстары және басқа да қажетті қызметтер көрсетіледі. Шеберхана аумағында қосалқы бөлшектерді сақтайтын қойма, техникаларға арналған жабық гараж, түрлі бейнедегі токарь станоктары, темір ұстасының шеберханасы бар. Мұнда ша­ма­мен 100-ге тарта адам жұмыс жасайды. 
Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін сыйымдылығы 4855 м.куб. (бензин, дизе­ль­дік отын, нигрол, дизельдік май, т.б. сақ­тайтын) мұнай резервуарларымыз бар. Со­нымен қатар жаңа типтік жобамен салынған 5 май тарату бекеті өз қызметтерін көрсетуде. Бұған газ сататын бекеттерді де қоссақ деп жатырмыз. Мақсат – Қазалы ауданын тұ­рақты түрде жанар-жағармаймен қамта­ма­сыз ету. Бұл алға қойған мақсатты тия­нақ­ты орындап отырмыз деп ойлаймын. Ал нан цехын басында айтып өттім ғой. Ең алдымен осы нан өнімдерімен айналыстық. Бұл да акционерлік қоғамның бір бөлшегі болып саналады. «Рза-Нан» ЖШС-ның өндірістік цехы еуропалық стандартқа сай құрыл­ғылармен жабдықталған, нан өнімдерін өндіру қуаттылығы 3200 келіден астам. Мұн­да нан және кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрі дайындалады. Сонымен қатар оның құрамына шұжық цехы да кіреді. Қыс­қасы, толықтай еуропалық құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған шұжық цехының ет өнімдерін өндіру қуаттылығы тәулігіне 2 тонна. Цехта сарделькалар, сосискалар, тұш­пара, тартылған ет, котлеттер және қақ­талған, жартылай қақталған шұжық түрлері дайындалады. 
– Құрылыс саласымен де айналысқан екенсіздер...
 – Мен – құрылысшымын. Сондықтан «Рза» акционерлік қоғамының бір саласы – осы құрылыс. Міндет – құрылыс-монтаж жұ­мыстарын жүргізу, оның ішінде ме­лио­ра­тивтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистралдық су құбырларын жүргізу. Ке­зін­де жылына 3 миллиард теңгенің жұ­мыс­тарына дейін атқардық. Бірақ қазіргі қаржы дағдарысына байланысты көптеген құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Соған сай жұмыс көлемі де азайды. Шүкір, бұйырған жұмысты істеп жатырмыз. 
– Жасаған жұмыстарыңыздың игілігін көріп жатырсыз. Шығарған отандық өнім­де­ріңіз атаусыз қалып жатпаған секілді.
– Тәуелсіздігімізге 25 жыл деп жатырмыз ғой. Бұл ұзақ мерзім емес. Азғантай ғана жыл. Бірақ сол 25 жыл ішінде ғасырлар бойы атқарылатын жұмыстар жасалды. Қазалы ауданында осындай ірі жобалар іске асы­ры­лып, халыққа қажетті тауар өндіріледі деп ешкім ойлаған емес еді. Әлі есімде, 2006 жылы «Қазақстанның үздік тауары» респуб­ли­калық көрме-конкурсына қатыстық. Көр­­мені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ара­лап көрді. Кенеттен бұрылып келіп, «Қайдан кел­дің?» деп сұрамасы бар ма? Сасып қалып «Қазалыдан» дедім. Сонда Елбасы біздің шығарған тауарларға сүйсіне қарап тұрып: «Азғантай жылдың ішінде Қазалыда осын­дай зауыттар салынып, сапалы өнім шы­ға­рады деп кім ойлаған. Жағдайдың жақ­сар­ғаны ғой. Толағай табыс тілеймін» деп риза бо­лып еді. Қолдан келгенше сол байқауға қа­тысып жүріп, 2014 жылы «Алтын сапа» бел­гісін жеңіп алдық. Бұл да еңбегіміздің елен­гені, шығарған өніміміздің сапалылығы. Қанағат, шүкір. 
– Сіз білікті басшы ғана емес, мықты ұйымдастырушысыз. Бұл еңбегіңіз лайықты бағаланып та жатыр... 
– Мен ауылдық, аудандық, облыстық ке­ңестік депутаты, Жоғарғы Кеңестің 12 ша­қырылымындағы депутаты болған адам­мын. Одан бөлек мәслихаттың 4 ша­қы­ры­лы­мында депутат болдым. Бәрін қосқанда 40 жыл депутат болдым. Қысқасы, ауылдық кеңестен бастап депутаттықтың барлық деңгейінен өткенмін. Содан алтыншы ша­қы­рылымның алдында облыс әкіміне кіріп, «кешіріңіз депутат деген халықтың қыз­метшісі, былайша айтқанда, «құлы» ғой. Осы ха­лыққа 40 жыл құл болған екенмін. Маған енді ренжімес. Жасым да бірталайға келіп қалды. Жастарға орын берейін» дедім. Бірақ «облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы» деген жаңа қызметім бар. Ол – Елбасының жүргізіп отырған саясатын халыққа тү­сін­діру, халықтың айтқанын билікке жеткізу. Яғни, билік пен халық арасында дәнекер болу. Мемлекеттік марапатқа келетін бол­сақ, сонау кеңес заманында, яғни, 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен мара­пат­тал­дым. Сондай-ақ тәуелсіз еліміздің де бірсыпыра марапаттары бар. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегерімін. Бұдан тыс Аста­на­ның, тәуелсіздіктің, Парламенттің түрлі медальдары тағы бар. Тіпті «Қазақстан Рес­пуб­ликасының құрметті құрылысшысы, ауыл ­­шаруашылығы қызметінің үздігі» деген де атағымыз бар. Рақмет! Мұның бәрі еліміз үшін жасаған адал еңбегімнің бағасы. Марапаттардың ішінде ең ыстығы, жаныма жақыны ол – мен Қазалы ауданының және Қызылорда облысының құрметті аза­ма­ты­мын. Бизнеспен айналысқан соң, өзге ел­дер­дің іскер азаматтарымен араласамыз, сыртқа шығамыз, сыртпен қарым-қатынас жасаймыз дегендей. Содан болар, шетелдік қоғамдық ұйымдардың да марапатына иемін. 
– Туған жерге сүйіспеншілік деген қандай жақсы! Жұрт үдере көшкенде де сіз елден кетпедіңіз... 
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұрт: «Қазалыда қарайлайтын не қалды дейсің?» деп атажұртын тастап, тірлік көзі бар өзге мекендерге үдере көшкенде мен қозғалмадым. Туған жерім маған ыстық. «Бір жөні болар» деп өзіме тиселі жұмысты атқарып жүре бердім. Әйтпесе өз салам бойынша жұмыс жасауға әр жақтан ұсыныстар түскені рас. Бірақ бармадым. Қолымнан келгенше өз туған жерімде еңбек етем деген ұстанымнан танбадым. Өйткені осындағы елге де біреу сүйеу, тіреу болу керек емес пе? 
Қолымнан келгенше көшейін деген­дерге: «біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді бәріне өзіміз иеміз. Бұл уақытша қиындық. Жақсы өмірді, жарқын болашақты өзіміз жасауымыз керек» деп үгіт те жүргіздім. Сөйтіп жүріп, айтқанымды іспен дәлелдеуге кірістім. Ол кәсіпкерлік еді. Нан сатудан бастап, сатылап отырып бүгінгі күнге дейін жеттік. Әрине, айтуға бәрі оңай. Бірақ бү­гінгі күнге жету үшін талай қиындықты бас­тан өткердік. Бірақ мойымадым. Қашан да шыдамдылық қажет. Тез ештеңе де бол­майды. Сол кезде Елбасының баста­ма­сы­мен мемлекеттік «Ауызсу» бағдарламасы жа­сал­ды. Осы бағдарлама аясында туған жерге біраз жұмыс жасадық. Бүкіл Қазалы және қо­сымша Арал, Қармақшы ауданының халқына таза ауызсу құбырларын тарттық. Бұған мемлекет тарапынан 15 миллиардқа жақын қаржы жұмсалды. Осының өзі ха­лық­тың өзге өңірге көшпеуіне себепші бол­ды. Көңілге алдағы уақытта жағдай жақ­сарады деген сенім ұялатты. Осының бәріне жетекшілік еттім. 
2015 және 2016 жылғы тікелей теле­кө­пір­де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «міне, көрдіңдер ме, Қазалыда бір сиырдан 8 мың литрден сүт сауады» деп риза болды. Өзгелерге бізді үлгі етіп көрсетті. Қысқасы, немістердің, голландықтардың, француз­дар­дың, канадалықтардың істеп жатқан тірлігін біз де жасай алады екенбіз. Ол үшін қажырлы еңбек, төзім, шыдамдылық керек. Қазір қолдағы қойды да, жылқыны да асыл­дан­­дыруға кірістік. Өйткені баққаныңды ақтамайтын, пайдасы аз малдан біртіндеп ары­луымыз керек. Сүтті, етті мал – құт. Құ­дайға шүкір, қазір осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. 
–Заманауи технологияны меңгерген мамандарды қайдан шақырып жатырсыздар?
– Шындығы керек, ең үлкен проблема – маман. Сырттан маман шақырып, оларға жергілікті жұмысшыларды қосып, үйретіп жатырмыз.Тіпті кейбір азаматтарды тәжі­рибе жинақтап келуге шетелге жіберудеміз. Өз саласы бойынша үйренсін, ысылсын. Білгенін келген соң, осы жерде пайдаланады. Бір өкінішті жағдай тәуелсіздігімізге ширек ғасыр деп жатырмыз ғой, осы уақытта бізге оқу бітіріп келген бір маман келген жоқ. Бұл трагедия емес пе? Амал жоқ, мамандарды өзім оқыта бастадым. Ресейге оқуға жіберген он баланың алды мамандық алып, елге ора­лып, жұмысқа орналасты. Бұдан тыс Қос­та­найда, Қызылордада, Алматыда балалар оқы­тып жатырмын. Әрине, бұлардың қар­жы­сының бәрін өзім көтеріп алып отыр­мын. Оқу орнының қаржысы, жатақ­ха­­насының пұлы, стипендия дегендей... Ағылшын, орыс тілін үйренем дегендерге, ком­пютер тілін білгісі келгенге де қаржы берудемін. Олар келгенде жұмысы дайын, үйі дайын, айлығы дайын. Бұдан артық не керек? Өйтпесем мамансыз қалатын түрім бар. Өйткені заманауи технологияны ауыл­дың қазағы меңгеріп кете қоюы екіталай. Міндетті түрде білім керек. Осылайша, ма­ман мәселесін өзімізше шешіп жатырмыз. 
Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ