Басты  /  Сұхбат  /  Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі: Режиссер – театрдың ар-намысы

Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі: Режиссер – театрдың ар-намысы

3335
Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі:  Режиссер – театрдың  ар-намысы Есмұхан Обаев – қазақ театрының негізін қалаған жақсы мен жайсаңның көзін көрді. Қазақ театр саңлақтарымен бір сахнада қатар жүрді.

Режиссураның алғашқы мектебінен өтті. Әзірбайжан Мәмбетовтің қолтаңбасын көрді. Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова және т.б. кіл мықтылардың өнерін тамашалады. Тәлім алды. Үйренді. Үлгі тұтты. Бүгінде келмес күндердің елесі жайлы сағына еске алады.

– Қазақ театрының алтын ғасыры деп қай кезеңді айтамыз? Бізде режиссура неге кеш дамыды?
– Біздің театрдың дәуірлеген кезеңі Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен қатар аталады. Себебі, Әзірбайжан Мәмбетов – қазақтың кәсіби театр өнерінде аты қалған, осы өнерді өркендетуде айрықша орны бар, актерлік, режиссерлік мектептің қалыптасуына күш салған, талай-талай мықты драматургтердің еңбегін сахнаға шығарған, режиссураға жаңа бір соқпақ салған, айрықша із қалдырған адам. Оны тіпті эксперименатор деуімізге де болады. Режиссердің өзі үшке бөлінеді: қоюшы-режиссер, режиссер-педагог, режиссер-интер­претатор. Осы үшеуі де Мәмбетовтің бойынан табылды. 
– Оның дәл осы үш қасиетті бойға сіңіруінің сыры неде?
– Отыз жыл бойы бір театрда қалып қоюының феномені не дейсіз бе? Оның феномені – Алладан біткен зеректігі болса керек. Екіншіден, өзі оқыған Мәскеудегі мектебі. Жалпы, режиссура дегеніміз – өте кеш дамыған кәсіп. Басқа халықтар режиссураға ғасырлап келетін болса, бізге бар-жоғы сексен-тоқсан жылдың ар жақ-бер жағы ғана. Қазақтың тұңғыш режиссері – Жұмат Шанин. Олар алғашқы болып, қазақ режиссурасының тізгінін ұстап, қолбасшы болып келді. Ал Тоқпановтың кезеңі қырқыншы жылдарға тиесілі. Одан кейінгі жылдары қазақ театр өнерін өркендету үшін, актерлік мектебін үлкен бір дәрежеге көтеруі үшін шеттен режиссерлер шақыра бастады. Біздің театрдың қалыптасу жолында орыс режиссерлерінің де еңбегі бар. Шын мәнінде, театр қалай құрылды дегенде, алыптарымыздың есімдерін атамай отыра алмаймыз. Олар: Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Қошке Кемеңгерұлы сияқты ұлыларымыз. Далада, жәрмеңкеде әндетіп-боздатып, дала театрын құрып жүрген кіл мықтыларды бір жерге тоғыстырып, театрдың іргетасын қалады. Театрдың қалыптасуы үшін мықтыларымыз Станиславскийдің мектебінен де өтті. Ресейдің ірі өнер қайраткерлері де қазақтың дарынды ұл-қыздарын шетке қақпай, біліктілігін арттыруға мүмкіндік берген. Олар неге қазақтың өнер майталмандарын мойындады? Оның себебі неде десеңіз, оның бәрі тума талантында. Қазақ – театр өнеріне өте жақын халық. Қазақтың ұлттық болмысында, ұлттық қасиетінде театрдың элементтері өте көп. Сондықтан, оларға театрды құру, оны қалыптастыру қиын тиген жоқ. Аядай ғана Қызылорда театрдың дамуына аздық еткен соң, оны ұйымдас­тырушылар орталыққа қарай жылжыту керек деген шешім шығарып, Алматыға ауысты. Сөйтіп, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры­ның негізі қаланды. Алматыға кімдер жиналды? Жандарбек Құрманбеков, Шәкен Айманов сияқты кіл мықтылар. Ән айтып, жыр жырлап, гармон тартып жүрген таланттарды ел ішінен жинаған. Сол кездегі жап-жас бала Мүсірепов жап-жас Аймановты ел ішінен тауып, осында алып келді. Елдегі дарындар бір жерге түйісті. Әрине, режиссерсіз театр жоқ. Режиссер – театрдың бары, болмысы, ары-намысы. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басына дейін орыс режиссерлерін шақырып, шетел драматургиясының шығарма­ларын қойып, театрды кәсіби деңгейге көтеруге тырысты. Бірақ, қазақтың өз ішінен режиссерлер шығару күн тәр­тібінде тұрды. Сондай сәтте театрдың бағына өзі биші, өзі әнші Әзірбайжан Мәмбетов жолықты.
– Актер ретінде фильмге түсіп жүрген жас жеткіншек бірден қалай режиссерлік жолға түсті? Оның бойындағы ерекше талантты таныған кім?
– Әзірбайжан Мәмбетов орыс режиссерлері қалыптастырған мектептен дәріс алды. Оны Мәскеуге дейін сүйрелеп алып барған жалғыз әпкесі Аққағаз Мәмбетова болатын. Астраханьда өскен жетім бала. Ол жақта қазақ та жоқ, қазақшылық та жоқ. Сол жақтан Мәскеуге барып, білім алды. «Қазақ дейтін ел бар екен, жер бар екен» деп екі жетім қол ұстасып, қолтықтасып, пойызбен Мәскеуден Қазақстанға келеді. Мәскеуде Мәм­бетов КСРО-ның Халық артисі Андрей Гончаров дегеннен білім алды. Гончаров – Поповтың оқушысы. Ал Попов – Станиславскийдің шәкірті. Оқу дәрежесі жағынан Әзекең Станиславскийдің не­мересі болып келеді. Гончаров Мәм­бе­товтің қа­білетін таны­ған адам. Гон­чаров­тей адамнан білім алған Мәм­бетов те осал емес. Ас­тра­ханьнан алыс кетпейін де­ген болуы ке­рек, оқуын бі­тірген соң Гурьев об­лы­сына жұмысқа ке­теді. Осыдан бас­тап Мәм­бетовтің заманы басталады. Ол кезде бар-жоғы жасы – 21-де ғана. Одан кейін Жамбыл театрына ауысады. Кейінірек, яғни, 1956 жылы Алматыға келіп, табан тірейді. Қазақ дра­матургиясына сол жылдары Қалтай Мұхамеджанов секілді мықтылар қосылып жатқан кезі. Ол кісілердің біртіндеп пьесалары сахнаға қойыла бастады. «Бөлтірік бөрік астынданың» дүркіреп шыққан кезі. Мәмбетов академиялық театрға «бісміллә» деп аяқ басып келді де, тапжылмай отыз жылдай еңбек етті. Бұл – Әуезов театрының тоқсан жылдық тари­хындағы жарты ғасырын Мәмбетов кезеңі деп айтуымызға толық негіз бар. Сол жылдар бұл театрдың өсіп-өркендеу кезеңі болды. Ол кісімен қатар үзеңгілес жұмыс істейтін режиссерлер пайда бола бастады. Бәйтен Омаров, Қамбаровтар келді театрға. Арада үш-төрт жыл өткен кезде «қазақ режиссерлерін дайындау керек» деген мәселе көтеріліп, арнайы бөлім ашуды жоспарлады. Қ.Қожамия­ров ол кезде консерваторияның ректоры. Сол консерваторияның жанынан конкурс жариялап, ел-елді аралап, режиссер бола алатын жастарды іздей бастады. Қайталап айтам, режиссерлік қазаққа кеш келген мамандық. Қазақ режиссерді әлі күнге дирижермен шатастырады. 1959 жылы қазақтың тұңғыш режиссерлерін дайындайтын театр факультеті ашылды. Ол факультетке 24 бала оқуға қабылданды. Сол 24-тің жетеуі ғана режиссерлікті бітіріп шықты. Оның бірі – қарсы алдыңызда отырған пақырыңыз. Екіншісі, өнер ака­де­миясында сабақ беретін профессор Маман Байсеркеұлы. Жас режиссерлер оқу бітіріп, театрға келгеннен кейін ғана Мәмбетовтің арқасы кеңи баста­ды. Басында ассистент болып қызмет ете бастадық. 1965 жылы бұйрықпенен Қадыр Жетпісбаев, Виктор Пұсырманов үшеумізді театрға режиссер етіп алды. Мәмбетовпен арамыз он-ақ жас. Қатар құрбылардай ойнап-күліп жүріп, ол кісімен қоян-қолтық жұмыс істей бастадық. Мәмбетовтен биік қазақ режис­сурасында режиссер болған жоқ. Оны кім қалай жазса, олай жазсын?! Мәмбетов арқылы адам болып, Мәмбетов арқылы актерлік биіктікке жеткен адамдардың бүгіндері оны мойындай қоятындай халі жоқ. Өзін-өзі дәріптеумен келе жатқан кейбір азаматтар бар. Өзін-өзі дәріптеу үшін алдымен Мәмбетовті дәріптеу керек. Мәмбетовті дәріптесеңіз, сіз қазақ театрын дәріптеген боласыз. Мәмбетов – бағы жанған адам. Алла адамға бақты да, сорды да тілеуіне қарай береді. Тілеуі дұрыс адамға Жаратқан жақсы дос береді, жақсы жолдас береді. Мәмбетовтің ниеті түзу болғаннан кейін дүниеден кеткен күнге дейін жақсы ғұмыр кешті. Менің Мәмбетовке деген бағам, сағынышым бөлек. 1966 жылы Әзекең «Ана – Жер-ананы» қойған кезде, Тахауи Ахтановтың «Боранын» қойдым. Екеуінің тақырыбы ұқсас. Музыкалық драма «Жаяу Мұсаны» қойғанымда, Әзекең му­зыкалық комедия түсіріп жатты. Біз оның артынан ілесіп келе жатқан ізбасарымыз. Кейде осынау қасиетті адамды қасиетсіз сөздермен бы­лапыттап жататындар бар. Көзі тірі адамдар жүрміз. Ондай ұлы адамдардың сыртынан ғайбат айтуға болмайды. «Жұбанов болмаса, бұл кім болар еді» деген де әңгімелер айтуы мүмкін. Жұбановсыз да талантты адам. Ахмет Жұбанов бұған арнайы пьеса жазып берген жоқ. Бұл – шығармашылық еркіндікті толық ұстаған адам. Ол ұшып жүрді. Ешкім аяғынан шалған жоқ. Рас, 1986 жылы таяқ жеді. Ол онда қызық көрейін деп таяқ жеген жоқ. Жастарға араша түсейін деп барды. Киелі қазақ өнерінің қара шаңырағының аурасын бұзбауы керек. Театрдың аурасын бұзған адам оңбайды. Әзірбайжан Мәмбетовтің еңбегіне, оның адами қасиетіне, режиссурасына, атақ-даңқына ешкім шек келтіре алмайды. Еркелігі болды. Неге ер­келемесін? Кейде ашуы келгенде «идиоттар» деп ай­ғайлайтын. Оның еш айыбы жоқ. Мәмбетов театр­да өз ес­керт­кішін өзі жасап кеткен адам.


 


Мәмбетовтен биік қазақ режиссурасында режиссер болған жоқ. Оны кім қалай жазса, олай жазсын?! Мәмбетов арқылы адам болып, Мәмбетов арқылы актерлік биіктікке жеткен адамдардың бүгіндері оны мойындай қоятындай халі жоқ. Өзін-өзі дәріптеумен келе жатқан кейбір азаматтар бар. Өзін-өзі дәріптеу үшін алдымен Мәмбетовті дәріптеу керек. Мәмбетовті дәріптесеңіз, сіз қазақ театрын дәріптеген боласыз. Мәмбетов – бағы жанған адам. Алла адамға бақты да, сорды да тілеуіне қарай береді. Тілеуі дұрыс адамға Жаратқан жақсы дос береді, жақсы жолдас береді. Мәмбетовтің ниеті түзу болғаннан кейін дүниеден кеткен күнге дейін жақсы ғұмыр кешті.

 


 


– Ре­жис­серге бақ қо­нуы ең ал­ды­мен Алланың берген абыройы болар. Дегенмен, сол жылдары Мәм­бетовтің бағына кіл мықты актерлер тап келген жоқ па? 
– Алла Әзекеңнен ештеңені аямаған. Ішкі әлемі, ақыл-па­расаты, мінезі, сенгіштігі, адами қасиеттері ерек­ше. Былай қа­ра­саңыз, өте мінсіз адам. Бірақ кейде қы­лықтары балаға ұқ­сап кетеді. Кейде соған өзі ренжіп жүреді. Оның тағы бір артық­шы­лығы, үл­кенді сыйлаған, құр­мет тұтқан, соларға бас иіп өткен. Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Қапан Бадыров сияқты тұлғалар Әзекеңді баласындай ардақ тұтты. Еркелігінің бәрін көтерді. Бұл – бір бақыты. Екінші бақыты – оның кезінде театрға ұлы актерлердің келгендігі. Актерсіз театр жоқ. Күллі театр әлемінің ең биігі – артис қауымы. Біздің театр үш әулие­ден тұрады: дра­матургия, режис­сура, актер. Мен керісін­ше, алдымен актер, содан кейін режиссер, ең соңында драматург тұрады деп есептеймін. Пьеса мен спектакль – екеуі екі бөлек дүние. Пьеса құр жазылып қояды. Спектакль сол жазылған дүниенің терісін айналдырып шығарады. Тіпті, басты ойын өзгертіп жіберуге болады. Атмосферасын өзгертіп жіберуге болады. Автормен тайталасып, режиссермен тайталасып, көрерменге жеткенше, илеуі қанып жетеді. Спектакльді шығару үшін тоғыз ай көтересің. Оны толғатып жүріп туамыз. Содан кейінгі оның бағасы көрерменнің қолында. Режиссер деген сорлы айқасып-айқасып жүріп, бәрін алып келіп сахнада артиске береді де, өзі көлеңкеде қалып қояды. Ақырында бәрін жасаған артис болып шығады. Ал артис деген сіздің бәйгеге қосқан тұлпарыңыз ғой. Тұлпарыңыз бәйгеден жеңіп жатса, онда ол сіздің еңбегіңіз. Ал бәйгеден келмей қалса, ол да сіздің осалдығыңыз. Талантты актерлер мен режиссерлер шоғырланған кез – ол театрдың бағы. Кезінде Әзекеңмен жұмыс істеген театрдың кори­фей­лерінің кейбірі әлі театр сах­насынан түскен жоқ. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Құман Тастанбеков және т.б. Сол жылдары Нұрмұхан Жантөрин келмесе, Ыдырыс Ноғайбаев жоқ болса, бұлай болар ма еді, кім білсін?! Шахан Мусин, Әнуар Молдабеков болмаса, Әзекеңнің мықтылығы көрінбей қалар еді. Егер ол Май­қановамен «Ана – Жер-ананы» қоймаған кезде, сол спектакльде кіл мықтылар тоғыс­пағанда, Әзекең шедевр тудырар ма еді, жоқ па еді. Мықты мен мықты біріккен жерде, саф алтындай дүние туады. Әзекең туралы арнайы кітап жазсам деген де ойым бар. Ол туралы бір ғана кітап жазылыпты. Мәмбетов – зерттелмей қалған тұлға. «Зерт­теймін» деген театр сыншылары жазып үлгермеді. Қазіргі сыншылар оның көзін көрген жоқ. Қазір мен режиссураны жоқтап отырғам жоқ. Қазақстанда 68 режиссер Мәскеуде дайындалды. Оның көбі Мәмбетов мектебінен өткен. Олар: Райымбек Сейтметов, Есмұхан Обаев, Қадыр Жетпісбаев, Виктор Пұсырманов, Жанат Хаджиев және  т. б. режиссерлер. 
– Отыз жыл театрда режиссерлік еткен тұлға директорлық қызметке неге көтерілмеді? Әлде, қызықпады ма?
– Директорлықты дәреже деп санаған жоқ. Директор ұйымдастырушы ғана. Директор Үкіметтің берген ақшасын дұрыс пайдаланып, актерлерге жақсы жағдай жасап, драматургтерді тауып, пьесаларды қойғызып, оған режиссер шақыртып, цехтарда арнайы киім тіккізіп, спектакльді дайын­да­татын адам. Ре­жис­серлердің ара­сынан ди­ректор бо­л­­­ған тұл­ғалар да же­терлік. Бірақ, Мәмбетов – жалғыз. Бас режиссер. Ол қайда үл­гереді? Спек­такль қоя ма, цехпен жұмыс істей ме? Оның бәрі уа­қытты қажет етеді. Театрдың тағ­дырын директор шеш­пейд­і. Станиславский өмірінде директор болмаған адам. Ал, бірақ осы театрда барлығы директор болды. Ұзақ жыл қызмет атқарғандары да бар. Соның 13 жылы менің мойнымда. Алты жыл Жаманқұлов директор болды. Әшімов те үш-төрт жыл директорлық қызмет етті. Үш-төрт жыл Сейтметов басқарды. 

 


 

Театрда тайталас, атын бәйгеге қосқанда алдынан шалу деген ол жауыздыққа жатады. Бұл – шығармашылық адамына сән дүние емес. Тән дүние. Станиславский мен Немирович-Данченко екеуі бірге МХАТ деген театр құрды. Орыс өнерін әлемге танытқан екі бірдей мықты өмірінің соңғы кездерінде бір-бірімен амандаспайтын болды. Бір театрда істеп жүрсе де. Ол кездері театрға ат арбамен келеді. Көшірі есікті ашады. Немирович-Данченко: «Он здесь» деп сұрайды. Қарауыл «осында» десе, қайта жүріп кетеді екен. Екі ұлы адам. Бір театрдың негізін қалаған. Ел жинаған. Орыс интеллигенциясын биікке көтерген. 

 


 

– Ендеше, отыз жыл бойы осы театрдың «отымен кіріп, күлімен шыққан» Мәмбетовтің кетуінің сыры неде?
– Бәлкім, ол кетпейтін де ме еді. Мүмкін, театрға өкпесі де болған шығар. Директорға ренжіп кеткен де болар. Бірақ, арызында «директорға өкпелеп кеттім» деген сөз жоқ. «Жұмыс істемеймін» дегені ғана бар. Онда мәдениет министрінің орынбасарымын. Шығармашылыққа жауап беремін. Әзекеңмен екі рет жеке кездестім. «Он сидит, я не буду работать» деді. Ол да алыс адам емес. Ол да өзінің шәкірті. Спектакльдерінде басты кейіпкері болып жүрген адам. Көңілі қалған шығар. Қазақта «көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген сөз бар. Бірақ, оны Мәмбетовтің ғұмырына, өміріне қастандық жасаған адам деп айтуға, театрдан қуды деуге болмайды. Театрдан өзі өкпелеп кеткен адамдар көп. Адамда мінез деген болады. Асанәлі де театрға өкпелеп кетіп қалды. Он жылдан кейін директор болып келген соң, шақырып алдым. Қазір осында жүргеніне он бес жылдай болыпты. Талай адамдар қайтып келді. Тұрмыстық жағдайына байланысты кететіндер де бар.
– «Мәмбетовтің өмірден өтерінің алдында бірге болдым» дедіңіз. Ол кісінің өкініші болды ма?
– Біреуге мұңын шаққанын естіген емеспін. Өкініші ішінде кеткен шығар. Оның Астанаға жаңа театрға баруының өзі үлкен ерлік деп ойлаймын. «Әуезов театрына өкпелеп, Астана театрына кетіп қалды» дейтіндер көп. Бір жағынан, ол Президенттің тап­сырмасын орындаймын деп барды. Ол жақта да Әзекең жаман болған жоқ. Осында қойған кейбір спектакльдерін елордада қайталап қойды. Өйткені, ол жақтағы көрермен басқа. Әз-ағаңа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Жаңа театрға барып, жаңа актерлермен жаңа қойылымдар қойды.
– Сол кездегі театр директоры Тұңғышбай Жаманқұлов екеуінің арасындағы өкпе-реніш жеке бастың мәселесінен туындады ма? Әлде, басқа бір себептері болды ма?
– Жеке бастың мәселесі болуы керек. Әйтпесе, театрда бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Бір-біріне өкпелік жасағанда, ағалық-інілік деген парыздар бар емес пе? Сондай болмады. Екеуі де қошқар. Екеуі де тірескеннен кейін мұздан құлағанша сүзісті. Театрда тайталас, атын бәйгеге қосқанда алдынан шалу деген ол жауыздыққа жатады. Бұл – шы­ғармашылық адамына сән дүние емес. Тән дүние. Станиславский мен Немирович-Данченко екеуі бірге МХАТ деген театр құрды. Орыс өнерін әлемге танытқан екі бірдей мықты өмірінің соңғы кездерінде бір-бірімен амандаспайтын болды. Бір театрда істеп жүрсе де. Ол кездері театрға ат арбамен келеді. Көшірі есікті ашады. Немирович-Данченко: «Он здесь» деп сұрайды. Қарауыл «осында» десе, қайта жүріп кетеді екен. Екі ұлы адам. Бір театрдың негізін қалаған. Ел жинаған. Орыс интеллигенциясын биікке көтерген. 
– Олар бір-бірін кешіре алды ма?
– Оны білмеймін. Бір-бірін кешетіндей кісі өлтірген жоқ. Мұның бәрі амбиция дейтін аурудың әсері деп ойлаймын. Ол – жазылмайтын ауру. Әйтпесе, театр орнында тұр. Олар театр артистерін екіге бөліп кетуі де мүмкін еді. Бұл театрдың сақталып қалғанының өзі – оның бағы әрі артистердің парасаттылығы. Ал қызметке, атақ-даңққа таласу – надандықтың белгісі. Бұл заманда таласатын ештеңе жоқ. Театрды Үкімет ұстап тұр. Бір кездері «Бас театр бабында ма?» деген мақала шыққан. Сол мақаладан кейін театр басшылығы ауысып, театрға мен келдім. Осында келгеннен кейін театр туралы жазылған сын мақала көрмедім. Өйткені, мұнда сырттан немесе моншадан келгем жоқ. Театрдың өз ішінен қайнап шықтық. 
– Өнерде жүрген адамдардың бір-бірін аяқтан шалуы, күндестік жасауы қазір де кездесе ме? 
– Бұл – дерт. Бірақ, мұндай жағдайлар қазір театрда жоқ. Бар болса, тауып айтыңызшы. Азамат Сатыбалды мен Еркебұлан Дайыров – екеуі де мықты. Олар екеуі соғысып жүр ме? Екеуі де үнемі бірге жүреді. Бір фильмге түседі. Спектакльде бір кейіпкерді сомдайды. Берік Айтжанов пен Алмас Шаяхметов аралас-құраласып, өмір сүріп жатыр. Олардың арасында қайдағы күндестік? Екеуі де Абайды, Балуан Шолақты ойнайды. Театрда күндестік емес, әріптестік деген болады. Бірге жүріп, шығармашылық биікке қол жеткізу деген болады. Мүмкін, баяғы кездері «аяқтан шалу» дейтін сияқты дүниелер болған шығар. Ол кездері рөл жетіспеген шығар, костюмге қызыққан да болар. Мәскеуде бір-бірінің костюмін жыртып жібергендер де кездескен. Қазір ол заман өткен. Қазір бір-бірінің киімін біреуі кимейді. Әрқайсысының жеке-жеке киімдері бар. Қазір театрда күндестік жоқ. Бұл – өнер мекемесі. Бұл – тазалық орны. Бұл – жан мен ар тазалығы. Таза емессің бе, театрда жұмыс істеп керегі жоқ. Өнердің өзі-ақ лақтырып тастайды. Өнерде сұмырай, менмен, пәлеқор адам жүрмейді. Өнерде жаны таза адам ғана жүреді. Оның біреуді менсінбейтіндей артық байлығы да жоқ. 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС