Басты  /  Сұхбат  /  ШЕТЕЛДЕН ҚАРЖЫ АЛАТЫН ҰЙЫМДАР ЕСЕП БЕРЕДІ

ШЕТЕЛДЕН ҚАРЖЫ АЛАТЫН ҰЙЫМДАР ЕСЕП БЕРЕДІ

1860
ШЕТЕЛДЕН ҚАРЖЫ АЛАТЫН ҰЙЫМДАР ЕСЕП БЕРЕДІ Бүгінде шетелден түсетін қаражаттарға салық бақылауын күшейту мақсатында және «Төлем және төлем жүйелері» заң шеңберінде бірқатар заңнамалық актілер мен Салық кодексіне түзетулер енгізілді.

Аталған заңға сәйкес биылғы жылдың 11 қазанынан бастап өзгертулер мен толықтырулар күшіне енеді. Яғни, биылдан бастап шетелдік ұйымдар мен азаматтардың қаражатын пайдаланып, заңдық қызмет көрсететін, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін және ақпаратты жинақтап, талдап, тарататындар арнайы есеп беретін болады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осындай қызмет түрлерімен айналысатын ұйым­дарды ерекше қадағалауға алмақ.  
Айта кетелік, осыған ұқсас бақылау шаралары көптеген мемлекеттердің тәжірибесінде бар. Мәселен, АҚШ неміс насихатын шектеу мақсатымен 1938 жылы осындай заң қабылдады. Ресей Фе­дерациясы да елдің ішіндегі саяси ахуалға шетелдік тұлғалардың ықпалын азайту үшін, арнайы заң шығарды. Ал, Қазақстан шетелдік көздерден келетін ақша ағымдарын бақылау жүйесін жетілдіруге ұмтылуда. 
Осыған байланысты біз Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Талғат Әмілбекұлы БАЙСЫН мырзаға бірнеше сауал қойған едік. 
– Талғат мырза, енді елімізде шетелдік қаржыландыруға бақылау күшейтіле ме?
– Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға қол қойды. Осы заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, Салық кодексінің кейбір баптары өзгерді. Мәселен, шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалар бұдан былай мемлекеттік кірістер органдарына есеп беруге міндеттеледі. Осылайша, Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің стандарттарына көше отырып, шетелдік қаржыландыруға қатысты салық бақылауын кеңейтуді көздеп отыр. Жаңа заңның қабылдануы алға қойған мақсат-мұраттарымызды іске асырудағы міндетті қадамдардың бірі болмақ. 
– Салық органдарына тапсырылатын есептің ретін түсіндіріп өтсеңіз.
– Шетелден қаражат және мүлік алғаны жөнінде келісім жасалғаннан кейін 10 күн ішінде жеке мен заңды тұлғалар салық органдарына бекітілген нысанда (формада) хабарлама жіберуі тиіс. Есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-не дейін салық органына алынған ақша мен оның жұмсалғаны туралы есеп жібереді. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодекстің 14-бабында жеке және заңды тұлғалардың салық органдарын хабардар етуі міндетті екені анық жазылған. Мұндай міндетті орындамаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады.   
Бұл жерде мемлекет ешқандай да қосым­ша әкімшілік кедергілерді қойып отырмағанына назар аудару қажет. Себебі, заң шетелдік қаражатты тартуға ешқандай ресми рұқсатнама, лицензия талап етпейді. Бар болғаны ол хабарламалық сипатқа ие. Шетелден қаражат алған тұлғалар өзінің іс-қимылы жөнінде құзыретті органдарды хабардар етуі жеткілікті. Соның ішінде, шетел ақшасының алынғаны және жұмсал­ғаны туралы мәліметтерді әр тоқсан сайын бір рет салық органдарына жіберу керек. Егер алынған қаражат бір тоқсан ішінде жұмсалған болса, онда екінші тоқсанда мәлімет беру міндетті емес. 
– Бұл өзгерістердің кәсіпкерлерге де қатысы бар ма?
– Кәсіпкерлерге қатысы жоқ. Нақ­тырақ айтсақ, түзетулер бұрын реттелмей келген үш қызмет түріне қолданылады. Қазіргі кезде мемлекетке есеп беретін кәсіп­керлерге бұл заңның құзыры жүрмей­ді. Мемлекеттік кірістер комитетінің есеп­теуі бойынша, еліміздегі салық төлеу­шілердің 99,9 пайызына бұл түзетулердің қатысы жоқ. Тек шетелдік азаматтар мен ұйымдардың қаражатын пайдаланып, заңдық қызмет көрсететін, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін және ақпаратты жинақтап, талдап, тарататын 0,1 пайызы арнайы есеп береді. Салық төлеушілердің құқықтары шектелмейді. Бұл шаралар қаражат алу мен жұмсау тәртібінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мұндай есеп беретін тұлғаларға мемлекеттік кірістер органдарына келіп, тіркелудің қажеті жоқ. Бар болғаны, тиісті ақпаратты салық төлеушінің электрондық кабинеті бойынша немесе хат түрінде пошта арқылы құзыретті органға жолдауына болады.
– Есеп беруге міндетті тұлғалар кімдер? 
– Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 14-бабы бойынша, салық органдарын хабардар етуге міндеттілердің нақты критерийлері бекітілген. Яғни, заңдық қызмет көрсететіндер міндеттеледі. Бұл қызмет түріне азаматтар мен ұйымдарды құқықтық ақпараттандыру, өкілеттік ету және мүддесін қорғау, сондай-ақ оларға заңдық кеңес беру жатады. Екін­шіден, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін жеке тұлғалар мен ұйымдар есеп беруге міндетті. Коммерциялық мақсаттағы қоғам­дық пікірді зерттеу мен социология­лық сауалнама жүргізуді қоспағанда, әлеу­меттік зерттеу жүргізіп, оның қоры­тын­дыларын халыққа таратушылар, сонымен қатар, ақпаратты жинақтап, талдап және тарататындар да осыған жатады. 
– Салық органдарына тапсырылған есептер туралы қайдан біліп отыруға болады?
– Қазақстан азаматтарының және еліміздегі ұйымдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында, ел Пар­ламенті шетелден қаржы алғанын құ­зы­ретті органдарға міндетті түрде хабар­лап отыратын субъектілердің нақты тізімін жа­сады. Сонымен қатар, бұл заң­ның құзы­реті жүрмейтін тұлғалар мен жағдайлар да нақты­ланды. Ең бастысы, Қазақстан аума­ғында өмір сүріп, шетелден қаражат алған тұлғалар мен ұйымдар жөніндегі ақпарат ашық көздерде халыққа қолжетімді бола­ды. Мәселен, шетелден қаражат немесе мүлік алған тұлғалар, оны жіберген тұлға­лар, алынған ақша көлемі және басқа да мәліметтер Қаржы министрлігінің Мем­ле­кет­тік кірістер комитетінің ғаламтордағы порталында жарияланып отырады. 
– Аталған Заң қаражат пен мүліктің көлеміне шектеу қоя ала ма?
– Заң аясындағы барлық процедуралар жеңілдетілген. Ақпаратты ұсыну тәртібі, хабарлама мен мәлімет формасы қарапайым. Мәселен, мәліметті салық есебіне сәйкес етіп, салық органына арнайы барып немесе электрондық поштамен жіберуге болады. Заң ақша мен мүліктің көлеміне қандай да бір шектеу қою қызметін атқармайды. Сол себепті, сырттан алатын ақшаның көлеміне де ешқандай шектеу жоқ. Бар болғаны, оны алғаны және қайда жұмсағаны жөнінде ақпарат берсе болғаны. Тағы бір ескеретін жайт, бұл заңның құзыреті адвокат, нотариус, дипломатиялық өкілдіктер, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына жүрмейді. 
Әңгімелескен
Айдана НҰРМҰХАН