Басты  /  Сұхбат  /  ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПОЛЬША: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ӘРІПТЕСТІК ЖЫЛДАРЫ

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПОЛЬША: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ӘРІПТЕСТІК ЖЫЛДАРЫ

2226
 ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ПОЛЬША: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН ӘРІПТЕСТІК ЖЫЛДАРЫ Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А. Әбибуллаевпен сұхбат

– Алтай Ибрагимұлы, сіз Варшавада Қазақстан Елшілігінде 1999 жылы құрылған кезінен бастап қызмет атқарып келесіз. Осы жылғы мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қа­зақ­станның Польшадағы Елшісі болып тағайындалдыңыз. Қазақ­стан-Польша ынтымақтас­тығы­ның маңызды кезеңдерін атап өтсеңіз?
– Қазақстан мен Польша ара­сын­дағы байланыстар сонау ХІХ ғасырда басталып, ХХ ғасырда жалғасын тапты. Польшаның аумағы Қазақстаннан 9 есе кіші. Алайда біздің мемлекеттік тәуел­сіз­дікті қалпына келтіруге деген талпыныс, тарихымыз ұқсас.
Егер екі мемлекеттің қазіргі тарихына үңілсек, онда ресми Қазақстан-Польша ынтымақ­тас­­ты­ғы­ның басталуын дипло­матия­­лық қарым-қатынастар орнаған 1992 жылғы 6 сәуірден бастаған дұрыс деп ойлаймын. Кейіннен өзара әрекеттестіктің барлық  са­ла­ларындағы екі­жақты байла­ныс­тарды дамытуды ынталандыру жоғары деңгейдегі сапарларға арқау болды. Мемле­кет басшысы Варшаваға 1997 жылдың қараша­сында және 2002 жылдың мамыр­ында барып қайтты. Қазақстанға Польша президенті А.Квасьнев­ский 1999 жылдың қа­занын­­да жә­не прези­дент Л.Ка­чы­нь­ский 2007 жыл­дың нау­рызында сапар­мен келді. Дәл сол кезде берік шарт­тық-құқықтық ынтымақтас­тық не­гіздері қаланған болатын, олар бүгінге дейін қазақ-поляк қа         рым-қатынастарының оң ба­ғыт­тылығы мен жоғары сер­пінін айқындап келеді. Қазіргі таңда екі ел арасында 18 халық­аралық шарт (15 үкіметаралық және 3 ве­домство­аралық шарт) бар.
Мемлекетаралық қарым-қа­тынас­тардың 25 жылы ішінде тарап­тар барлық деңгейдегі – ең жоғарыдан бастап, өңірлік және жергілікті деңгейдегі өзара са­пар­­лармен алмасты.
– Тәуелсіздік алған жылдар ішін­де Қазақстан көптеген ха­лық­­аралық бастамалардың ав­то­ры болды. Олар Польша бас­шы­лы­ғында және Польша қо­­ғам­­­­дас­тығында қолдауға ие болды ма?
– Қазақстан мен Польшаның өңірлік және ғаламдық қауіпсіз­дікті, негізгі қауіптермен және қазіргі замандағы сын-қатерлер­мен күресті қамтамасыз ету мә­се­ле­­леріне көзқарастары ұқсас не­месе іс жүзінде сәйкес болып ке­ле­ді. Тараптар бір-бірінің ха­лық­аралық бастамаларын өзара қол­­дауға ұмтылады. Мысалы, ресми Варшава Қазақстанның ЕҚ­ЫҰ-ға төрағалық етуінің не­гіз­гі басымдықтарын және «ЭКС­­ПО-2017» көрмесін Аста­нада өткізуге біздің еліміз­дің кандида­турасын қолдады.
Елордамызда дүниежүзілік көр­ме өткізілетіндіктен, Польша үкіметінің өзінің ұлттық па­вильон­ын ұйымдастыруда жоға­ры белсенділік танытып отыр­ғанын атап өткім келеді. 2016 жыл­дың мамырында өткен Ас­тана экономикалық форумы­ның шеңберінде Польшаның «ЭКС­ПО-2017» көрмесіне қатысуы ту­ра­лы келісімге қол қойылды.
Польша қоғамында мәтіндері поляк тіліне аударылған Елбасы­ның «Ұлы жоспары – 100 нақты қа­дам» бастамасы, «Қазақ­стан-2050» даму стра­тегия­­сы, «Нұр­лы жол» мемле­кет­тік бағ­дар­ламасы, Қазақстан Прези­ден­ті­нің «Әлем. ХХІ ғас­ыр» атты манифесі шынайы қызығушы­лық тудырды. Поль­ша ядролық қару­сыз әлем үшін халықаралық күрес­те біздің жетістіктерімізді жоғары баға­лай­ды және 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақ­ты емес мүшесі ретінде біздің күн тәртібімізді бірлесіп іске асыруда тығыз ын­ты­мақ­тас­тыққа сенім артады.
– Екіжақты қарым-қатынас­тар ауқымы едәуір кең екені түсінікті. Дегенмен осы ынты­мақ­тастықтың басты саласын бөлек атап өтсеңіз.
– Шынында, Польшамен екі­жақты өзара әрекеттесу ауқымы аса кең. Бүгінде Қазақстан-По­ль­ша қатынастары өзара тү­сін­іс­­тік және үйлесімдікпен ерек­ше­ленеді, екі ел арасында қандай да бір саяси немесе эко­но­ми­калық проблема жоқ, ын­тымақ­тастық орнамаған бірде-бір сала қалма­ды. Бүгінгі таңда бай­ланыстар саяси, өңіраралық, ғылыми, мәде­ни-гуманитарлық, спорт жә­не басқа да салаларда ойдағыдай да­мып келеді. Әлбет­те, Польша­мен ынтымақтастық басымдығы экономика, ин­вестициялар, ин­дустрия­лық-инновациялық жә­не транзиттік-көлік салалары болып саналады.
Қазақстан мен Польша сәй­кес­ін­ше Орталық Азия және Орталық Еуропадағы ең ірі мем­лекет­тері болумен қатар, өз өңір­­леріндегі экономикалық көшбас­шылар. Атап айтқанда, Польша – Еуроодақтың өнім көлемі жа­ғы­­нан бесінші эконо­микасы. Өз кезегінде, Қазақстан Еуразия­лық экономикалық     од­ақ­қа мүше мемлекеттер ара­сында эко­номи­ка­­­лық әлеуеті бой­ын­ша екінші орынды алып отыр.
Біздің еліміз үшін Польша Орталық және Шығыс Еуропа­дағы жетекші сыртқы эконо­ми­ка­лық әріптестердің бірі болып саналады (тауар айналымы бой­ын­ша әлем елдерінің ішінде 17-орында). Сонымен бірге, Қа­зақ­станға Орталық Азия ел­де­рі­мен салыстырғанда, Польша сауда айналымының шамамен 70% тиесілі.
Сондай-ақ, екі мемлекеттің да­мы­ған көлік-транзиттік әле  у­етін бірлесіп пайдалануға деген өзара қызығушылығын да атап өткен жөн. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» және «ХХІ ғасырдың Теңіз Жібек жо­лын» құру жобаларын бірік­ті­ре­тін «Бір белдік және бір жол» бас­та­ма­сын іске асыра отырып, Қазақ­стан мен Польшаның аумағы ар­қы­лы Азиядан Еуропа­ға ең қысқа құрлық бағдары өте­ті­ні құпия емес. Польша үкіметі Варшава-Астана-Варшава тіке­лей әуе қатынасын ашуға ниет білдіріп отыр.
– Бүгінде біздің елдер арасын­дағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық­тың нақты өлшемдері қандай?
– Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің дерек­тері бойынша, 2015 жылдың қо­ры­­тын­­­дысы бойынша екі­жақты сау­да айналымы 1,13 млрд дол­ларға (экспорт – 789,2 млн дол­лар, им­порт – 340,8 млн доллар) жетті. Польша Даму министрлі­гінің баға­лауынша, бұл көрсет­кіш 1,35 млрд доллар (импорт – 948,1 млн доллар, экспорт – 401,6 млн дол­лар) болды. Сонымен қатар, По­ль­ша Ұлттық банкінің дерек­тері бойынша, Қазақстанға Польша­ның тікелей инвести­ция­лары 138,1 млн доллар, ал По­ль­­ша­ға қа­зақ­стандық күрделі қаржы жұм­са­лымы 13,6 млн доллар бол­ды. Елімізде Польша капиталы салынған 200-ге жуық компания тіркелген.
– Қазақстанда поляк диас­порасы тұратыны белгілі. Оның екіжақты ынтымақтастық­ты да­мыту­дағы рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі Қазақстанда 34 мың­ға жуық этникалық поляк тұрып жатыр. Оларды екі ел арасын рухани байланыстыратын және достығымызды нығай­та­тын дәне­кер деп айтуға болады. Қазақ­стандық поляк Қазақстан Рес­публи­касы Парламенті Мә­­­­­­­­­­жі­­ліс­інің депутаты болып сай­ланды. Поляк ұлтынан шық­қан біздің азаматтарымыз еліміздің қоғамдық-саяси және эконо­мика­лық өміріне белсенді ара­ла­са­ды. Олардың ішінде танымал заңгерлер, ғалымдар, биз­нес­мендер бар. Поляк халқының ұлттық тілін, мәдениеті мен салт­-дәстүрлерін жандандыру мақса­тында елімізде Қазақстан поляк­тарының одағы жұмыс істейді, оның Қазақстан халқы ассам­блеясында өкілдік ететін еліміз­дің барлық өңірлерінде филиал­дары бар. Елімізде Ал­ма­ты, Тараз, Көк­шетау және Пав­ло­дар қала­ла­рындағы кейбір жо­ға­ры оқу орындары мен мек­­­­теп­­терде поляк тілі оқытыла­ды. Польшада Қазақ­стандағы отан­дастармен өзара байланыстар орнатуға аса көңіл бөлінеді. Сондықтан өзара әре­кет­­­тесудің бұл саласы жалпы Қа­зақстан-Польша ынтымақ­тас­­тығы­ның маңызды бір бөлігін құрайды. Польшада 770-тен ас­там қазақ­стандық студент білім алуда. 2016 жылғы қараша­да қа­зақ­стан­дық «Астана Опера» театр­ының әртістері Варшава­дағы Үлкен театрдың («Teatr Wiel­ki w Warszawie») сахнасында және Вроцлав­та өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
– 14 жыл бұрын Мемлекет басшысы Польшаға ресми сапар­мен барып қайтқан болатын. По­ль­ша президентінің Астанаға соң­ғы сапарынан бері 9 жылдан артық уақыт өтіпті. Қазақстан-Польша ынтымақтастығына жаңа қарқын беру үшін біздің мемлекет басшыларымыздың арасында жаңа кездесудің уақыты келген жоқ па?
– Мемлекет басшылары өзара сапарлар кезінде ғана кездесе алады деген қағида жоқ. Жұмыс кездесулері де өткізілуі мүмкін. Мысалы, БҰҰ Бас ассамблеясы­ның Нью-Йоркте 2015 жылғы қыркүйекте өткен 70 мерейтойлы сессиясында Қазақстан Пре­зиден­ті Н.Назарбаев пен Поль­ша Президенті А.Дуда арасында тұңғыш кездесуі өтті. Олардың қорытындылары бойынша Ел­басы Польшаға шақыру алды.
Осылайша, 2016 жылғы 22-23 тамызда біздің қарым-қатынас­тарымыздың тарихында алғаш рет Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Польшаға мемлекеттік дәрежедегі сапары жоспарланып отыр. Алдағы са­пар­дың осындай биік мәртебе­сі­нің өзі Польшаның біздің еліміз­ге және Елбасымызға деген жо­ға­ры құрметін білдіреді және айрықша атап көрсетеді.  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев НАТО-ның Варшавадағы сам­митінен (2016 жылдың маусымы) және Рим Папасы Францисктің тарихи сапарынан (2016 жылдың шілдесі) кейін Польшаға сапар­мен баратын алғашқы әлемдік көшбасшы болатыны, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ құрудың бастамашысы, бірге негізін қалаушы әрі белсен­ді мүшесі болып табылатын мем­ле­кет­тің Польшаға алғаш сапар­мен баратын Президент болуы да тегін емес.
Сапар аясында экономикалық және инвестициялық тақырып­тар, ауыл шаруашылығы, көлік, тр­­ан­­зит, құрылыс, химия, энер­ге­­тика, коммуналдық шаруа­шы­лық салаларында және басқа да көп­теген салаларда ынтымақ­тас­­тық­ты қарқындату мәселелері басым бо­ла­ды деп сенеміз.
Мемлекеттік сапар аясында 500-ден астам поляк және қазақ іскерлік орта өкілдерінің қа­тысуы­мен аса ірі Қазақстан-По­ль­ша экономикалық форумы өте­­ді деп күтілуде.
Толық келіссөздер мен мемле­кет­тік сапар бағдарламасы дос­тас­тық және қонақжай ортада екі­жақты қарым-қатынастардың бүкіл кешенін, оларды одан әрі дамыту келешегін талқылауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Тә­жірибе жоғары деңгейдегі келіс­сөздер нәтижесінде қол жет­­кізілген уағдаластықтардың қо­ры­тын­дысы бойынша екіжақ­ты ынтымақтастықты дамытуға ба­рын­ша әсер ететінін көрсетіп от­ыр. Бұл жағдай кез келген мем­­ле­кетпен, оның ішінде По­ль­­ша­мен өзара іс-қимыл мәселе­леріне де ті­ке­лей қатысты.

 

 

Сұхбаттасқан Гүлжан  СЫДЫҚОВА