Басты  /  Сұхбат  /  Негізгі мақсат – туберкулезді түбірімен жою

Негізгі мақсат – туберкулезді түбірімен жою

2729
Негізгі мақсат –  туберкулезді түбірімен жою Туберкулез тез таралатын жұқпалы аурулардың бірі. Бүгінде аурудың алдын алу үшін жаңа стратегия іске асырылуда. Дертке шалдыққандардың жағдайы қалай бақыланбақ?

 Осы және басқа да мәселе бойынша Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры, профессор Жұмағали Исмаиловты әңгімеге тартқан едік.

– Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының жұмысына биылдан бастап кірісіп отырсыз. Қандай жұмыстар қолға алынды? Болашаққа қандай жоспар бар?
– Иә, орталықтың жұмысына кіріскелі 4 айдан асты. Жалпы, туберкулез еліміздегі күрделі мәселелердің бірі саналады. Себебі, Қазақстан Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағындағы көптеген дәрілерге төзімділік деңгейі жоғары 18 мемлекеттің қатарында тұр. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген елдерде туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету мекемелерінде жүзеге асырылады. Қазір біз «Туберкулезді бірлесіп қада­ғалаудың Ұлттық стратегиясын» енгізу үстіндеміз. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында республикамыздың 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөнінде жаңа стратегиялық мақсат қойылды. Осы мақсатқа сәйкес Қазақстан Республикасы жаһандық бәсекеге қабілеттік индексі көрсеткіштерін жақсартуы тиіс. Дүниежүзілік экономикалық форум туберкулез ауруына қатысты 2 индикаторды бағалайды: «Туберкулезбен сырқаттану­шылық» және  «Бизнеске туберкулездің орта мерзімдік әсері» индикаторлары. Осы индикаторлар бойынша еліміз тиісті орынға ие болуы керек. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін туберкулез ауруымен күресудің жаңа стратегиясы қабылданды. Страте­гияның негізгі мақсаты – туберкулез ауруының эпидемиясын жою. Бұл бағытта вертикалды және горизонталды интеграция іске асырылады. Вертикалды интеграция облыстардағы туберкулезге қарсы күрес ұйымдарды бір заңды тұлғаға біріктіру арқылы облыстағы кадрларды, туберкулезге қарсы күрес ұйымдарының материалды-техникалық қорын, медициналық құрал-жабдықтарды, қаражатты тиімді оперативті қолдануға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, науқастарға медициналық көмек көрсету, мамандардың ауруды уақытылы анықтау және емдеудегі жауап­кершілігі артады, ем көрсетуде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге деген қызығу­шылық арта түспек, туберкулезге қарсы шараларды бақылау және бағалау жұ­мыстары да біріздендіріледі, дәрі-дәрмектерді ұтымды үйлестіру мәселесі шешіледі деп отырмыз. Горизонталды интеграцияның мақсаты – туберкулез ауруының алдын алу, анықтау, инфекция ошағында жүргізілетін іс-шаралар бойынша МСАК мекемелерінің жұмысын күшейтіп,  жауапкершілігін арттыру, ауруларды басқару бағдарламасы негізінде тубер­кулезге шалдыққан науқасқа мульти­дисцип­линарлы проактивті түрде көмек көрсету. Мұны туберкулезге қарсы күрес жүргізу қызметінің МСАК-пен тығыз интеграциясы деп білуіміз керек. Бұл салада жүргізіліп жатқан шаралармен қатар, туберкулез мәселелері міндетті түрде ай сайын Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі республикалық штабтың жиналысында қаралады. Сонымен қатар селекторлық режимде барлық аймақ әкімдерінің орынбасарларымен, денсаулық сақтау департаменттерінің басшыларымен кездесулер өткізіледі. Осы орайда, биыл қыркүйек айының соңында Алматыда Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Орталық Азиядағы бес елдің Денсаулық сақтау министр­ліктерінің қатысуымен Туберкулезді бірлесіп қадағалау стратегиясы жөнінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік  кон­ференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Туберкулезді бірлесіп қадағалаудың Ұлттық стратегиясының негізгі қағидалары Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы тубер­кулездің алдын алу және емдеуді жақсарту мақсатында көктемде Копенгагенде (Дания) өткен Денсаулық сақтау жүйесін нығайту жөніндегі үкіметаралық жиналыста ұсынылды және де ЕуроДДҰ (ЕвроВОЗ) мен Жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС), туберкулез және безгек ауруларымен күресуге бағытталған Жаһандық қордың басшы­ларымен мақұлданды. Сондай-ақ, бүгінде біз шетелдік әріптестермен ынтымақ­тасудамыз. Мамыр айында Ресейден Новосібір ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкерлері келіп, профессор А.Левин операция жасап, шеберлік сыныптарын өткізді. Дәрілерге кең ауқымды төзімді туберкулезі бар науқастарды туберкулезге қарсы қолда­нылатын жаңа дәрілермен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық «endTB» ұйы­мымен ынтымақтастық орнатудамыз. Соның арқасында елімізде туберкулезге қарсы қолданылатын жаңа дәрілерді пайдалануға, аурудың  дәрілерге кең ауқымды төзімді түрімен күресуге, со­зылмалы туберкулез инфекциясының қорын азайтуға мүмкіндік болады. Аурудың ең ауыр түрін емдеу мерзімі екі есе, яғни 24-33 айдан 9-12 айға дейін қысқартылады. Ал жақында Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығы мен Корея Респуб­ликасының Туберкулез институты екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Bioneer корпора­циясымен және Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру Халықаралық инс­титутымен де өзара келісім жасадық. Мұндағы мақсат – туберкулез мәселелері жөніндегі білім және ғылыми-тәжірибелік жұмыстар бойынша екі жаққа да тиімді боларлық қарым-қатынасты нығайту. Елімізде туберкулез ауруына шалдыққан науқастарды тіркеуді бақылау күшейтілді,  туберкулездің кеш анықталған жағдайлары міндетті түрде барлық мүдделі қызметтердің қатысуымен тиісті деңгейде талқыланып, ауруды уақтылы анықтау бойынша іс-шаралар жоспары құрастырылады. Осы жылдың  жарты жылдық көрсеткіштеріне көз жүгіртсек, былтырғы жылмен салыс­тырғанда, туберкулезбен ауру көрсеткіші – 7,7, ал өлім-жітім көрсеткіші 5 пайызға азайды.
– Қазақстанда туберкулезді рентгенсіз анықтаудың жаңа әдісі енгізіліп жатқаны айтылып еді. Осы мақсатта Корей Респуб­ликасы мамандарымен келісім жасалып, құрал-жабдықтар да жеткізіліпті. Жаңа әдіспен анықтаудың артықшылығы неде?
– Қазіргі уақытта туберкулезді зертхана әдісімен анықтау толықтай жетілдіру жолында. Мысалы, туберкулез ауруы қоздырғышының дәріге сезімтал немесе төзімді екенін анықтау үшін бұрын 1-2 ай уақыт қажет болса, қазір G-Xpert ап­паратының көмегімен бұл сұрақтың жауабы небәрі 2 сағатта дайын болады. Озық инновациялық зертханалық технологиялар туберкулезді және көптеген дәрілерге төзімділікті жедел анықтауға мүмкіндік береді және соның нәтижесінде науқасқа қажетті ем уақытылы тағайын­далады. Қазіргі таңда G-Xpert аппараты Қазақ­станның барлық аймақтарында бар. Алдағы уақытта туберкулез ауруын, дәрілерге төзімділікті жедел түрде анықтау әдістерін зертханалық корей техно­логияларын қолданысқа енгізе отырып, әрі қарай жетілдіре түспекпіз. Десек те, елімізде флюорография әзірге туберкулезді анықтайтын негізгі әдістердің бірі болып қала береді. Флюорография әдісімен тексеру міндетті топтар мен туберкулезге шалдығу қаупі жоғары топтар (есірткі пайдаланушылар, мигранттар, туберкулезге шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болғандар, адамның иммундық тапшылық вирусымен (АИТВ) өмір сүретін адамдар) арасында жүргізіледі.
– Туберкулезді трансшекаралық бақылау және емдеу жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Мигранттар арасында туберкулезді бақылау қалай жүргізілмек? Туберкулезді түбегейлі жою мүмкін бе?
– Елімізде туберкулезбен ауыратын мигранттарға медициналық көмек көрсету халықаралық келісімдерге сәйкес жүргізіледі. Бұл көрсетілетін көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді және мигранттардың арасында туберкулез ауруларын, АИТВ-ны диагностикалау, емдеу сапасын жақсартуға бағытталған. Қазақстанға келген мигранттар міндетті түрде флюорографиядан өтуі керек, ал туберкулезбен ауырған жағдайда оларға медициналық көмек ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік  даму министрлігінің бұйрығы, «Халық денсаулығы» кодексі аясында көрсетіледі. 
– Соңғы 10 жылда елімізде туберкулезге шалдыққандар саны 2,2 есеге, өлім-жітім саны 5 есеге азайғаны мәлім. Алдағы уақытта науқастар саны азаюы мүмкін бе? 
– 2014 жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ассамблеясында сырқаттанушылық пен өлімді азайту арқылы туберкулез індетін жоюға мүмкіндік беретін стратегия тұжырымдамасы қабылданды. Осыған орай елімізде де туберкулезге қарсы күрес жалғасын табуда.  Мақсат –  Қазақстандағы туберкулез ауруының эпидемиясын жою, яғни 2015 жылғы туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 58,5 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 50-ден төмен, ал 2025 жылы 30,0-дан болуы керек, ал аурудың таралу көрсеткіші 90,6-дан 2020 жылы 80,0-ге дейін, 2025 жылы – 49,5-ке дейін төмендейді деген үміттеміз. Ал өлім-жітім көрсеткішін 95 пайызға азайтуды мақсат етіп отырмыз.
– Балалар арасындағы туберкулез ауруының көрсеткіштері қандай?
– Балалар арасындағы туберкулезбен аурушаңдық көрсеткішіне зер салсақ, жағдай жаман емес. 2015-2016 жылдардың 6 айы ішіндегі жағдайды салыстырғанда көрсеткіштің республика бойынша 22 пайызға төмендегенін көруге болады. Алайда, Қызылорда және Жамбыл облыстарында балалар арасында туберкулездің етек жаюы байқалып отыр. Демек, бұл орайда айтылған аймақтарда шұғыл жұмыстар жүргізілу қажет.
– Министр дәрігерлердің қағазбас­тылықтан арылатынын айтқан еді. Шынымен, солай ма?
– Денсаулық сақтау және әлеуметтік  даму министрлігінің айтуынша, 2018 жылдан бастап әр азаматта бірыңғай электронды медициналық құжат болуы тиіс. Ал өзімізге келсек, орталықта бүкіл Қазақстан бойынша туберкулезге шалдыққан науқастарды тіркейтін ұлттық электронды регистр бар. Бұл регистрден еліміздің барлық аймағындағы туберкулезге шалдыққан әр науқас туралы шұғыл ақпарат алуға болады.
– Алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмекші. Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына жарна төлене бастамақ. Осы тұрғыда туберкулезге шалдыққан науқастарға көмек көрсетуде өзгерістер бола ма? 
– Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданылмақшы. Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қатысу­шылары: мемлекет, жұмыс беруші және жеке тұлғалар. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейді. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен  әрі қарай қамсыз­дандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді. Туберкулез ауруы әлеуметтік мәні бар аурулар қатарына енгізілген, сондықтан  науқастар  дәрігерлерге қаралып, тексеріліп, емделе береді.

 

Сұхбаттасқан Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ