Басты  /  Сұхбат  /  Мақсат – қазақ әдебиетіне жұрт назарын аудару

Мақсат – қазақ әдебиетіне жұрт назарын аудару

2446
Мақсат – қазақ әдебиетіне жұрт назарын аудару Кенже ЖҰМАНҰЛЫ, «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің ұйымдастырушысы:

– «Алтын қалам» әдеби жүлде­сі­нің биыл да жалғасын тапқаны бар­ша әдебиетсүйер қауымды қуан­тып отыр, құтты болсын!
– Рақмет. Шілденің бірінен бас­тап жүлдеге қатысуға ниет біл­дірген азаматтардан шығармалар-ды қа­былдап жатырмыз. Тамыздың бі­ріндегі есеп бойынша, 80 автор­дан 176 жұмыс келіп түсті. Олардың бә­рі байқаудың ресми сайты «akalam.kz» орналастырылды. Кез кел­ген оқырманның осы сайтқа кі­ріп, көптің талқысына ұсы­ныл­ған еңбектермен танысуына бо­ла­ды.
– Жүлденің ережесімен толы­ғы­рақ таныстыра кетсеңіз. Кімдер қа­тыса алады, шығармалар қай уа­қыт­қа дейін қабылданады?
– Қаламгерлерден шығар­ма­лар­ды қазан айының 15-іне дейін қа­былдаймыз. «Алтын қаламға» кез келген талапкер тегін қатыса ала­ды. Байқауда бағымды сы­най­мын деген адамға барлық жағдай жа­салған. Оның мамандығына, жа­сына шектеу қойылмайды. Тек жол­даған шығармалары байқау шарт­тарына сәйкес келсе жет­кі­лікті. Барлық жұмыс электрондық нұсқада қабылданады. Яғни та­лап­кер жазған дүниесін adebiet2014@gmail.com немесе kenze2002@mail.ru электрондық мекенжайына жө­нелтуі керек. Келіп түскен шы­ғармаларды сайт әкімшісі қарап шығып, akalam.kz әдеби порталына орналастырады. Сол сәттен шы­ғармаға дауыс беру басталады. 
– Қазір елімізде ақындар, жур­на­листер арасында немесе балалар шы­ғармашылығына арналған немесе түрлі тарихи оқиғаға орай­лас­ты­рыл­ған әдеби конкурстар баршылық. «Ал­тын қалам» бұл сайыстардан не­сі­мен ерекшеленеді?
– Сіз бірнеше байқау түрін атап өттіңіз, ал «Алтын қалам» осы­ның бәрін біріктіріп отыр. Со­ны­сымен де ерекшеленеді. Мұнда ба­лалар шығармасы да, проза, поэ­зия жанры да бәрі қамтылған. Негізі, Қазақстанда ұйымдас­ты­ры­ла­тын сайыстар проза, поэзия се­кіл­ді санаулы жанрлармен шек­те­ле­ді. Біз былтыр сатириктер үшін ар­найы номинация енгіздік. Со­ны­мен қатар қазақ әдебиетінде түр­лі жанрдың дамуына үлес қосу үшін фантастика, детектив, дра­матургия, киносценарий саласын­да жазылған еңбектерге де байқау жа­рияладық. «Алтын қалам» – қа­зір бірнеше жанрдың басын қосып, тұрақты ұйымдастырылып отырған дара жүлде. Айтпақшы, биыл атау­лы байқау бесінші рет өткізілгелі отыр. Бұл – біздің алғашқы мерей­тойы­мыз. Осы датаға және Қазақ­стан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биыл конкурс аясында үздік қазақ романына бай­қау жарияладық. Жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық тағайындадық. «Алтын қаламның» тағы бір ерекшелігі – талқылауға ұсы­нылған шығармалар түгел сайт­­та орналастырылады, онымен кез келген адам таныса алады. Ал­ғаш­қы таңдауды біздің оқыр­ман­дарымыз жасайды. Яғни сайтты ашқан әрбір оқырман шығар­ма­лар­мен танысып, өз бағасын бере­ді, пікірін қалдырады. Соның не­гі­зінде көптеген шығарма екше­ле­ніп, іріктеудің келесі кезеңіне жол­­дама алады. Бір айта кетерлігі, сайт­та шығарма авторлары көр­сетілмейді. Оқырман тек өзіне ұна­ған шығармаға дауыс береді. Бұл жерде автордың беделі, сіңір­ген еңбегі, лауазымы, жас ерек­ше­лі­гі ескерілмейді. Тек қана үздік шы­ғарма бағаланады. Бұл да жүл­де­нің әділ өтуіне көп ықпал етіп отыр. Сондай-ақ конкурсқа ұсы­ныл­ған материалдарды сайттан оқып қана қоймай, Қазақ радио­сы­нан тыңдауға болады. «Алтын қа­лам» бәйгесіне ұсынылған үміт­кер-шығармалар биыл да Қазақ ра­диосының қолдауымен әуетол­қы­ны арқылы таралады. Тыңдар­ман­дар радио арқылы да дауыс бе­ре алады. 
– Биыл жұмыстар қандай ата­лым бойынша қабылданып жатыр? Соған тоқтала кетсеңіз. 
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭ­ЗИЯ­СЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРО­ЗА­СЫ 
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНО­-СЦЕН­­А­РИІ ЖӘНЕ ДРАМАТУР­ГИЯ­СЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘДЕ­БИЕТІ
• ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАС­ТИ­КА НЕМЕСЕ ДЕТЕКТИВ ШЫ­ҒАР­МАСЫ
•ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН
• ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК РОМАНЫ
• ДЕМЕУШІ ТАҢДАУЫ
Бір автор осы аталған аталым­дар­дың барлығына қатыса алады. Бай­қау қорытындыланған соң, жүл­де алған шығармаларды және оқы­р­мандар тарапынан көп дауыс жи­н­аған жұмыстарды біріктіріп, жи­нақ етіп шығарамыз, кітаптың ау­дио нұсқасын да дайындаймыз. Олар­дың бір бөлігі еліміздің кітап­ха­наларына, мектептеріне тегін та­ратылса, басым бөлігі кітап дү­кен­деріне беріледі. «Қазақ әде­бие­тіне қосқан елеулі еңбегі үшін» ата­лымы бойынша әр жылдары Қа­жығұмар Шабданұлы, Мұхтар Ма­ғауин, Елубай Смағұлұлы, Есен­ғали Раушан, Тынымбай Нұр­ма­ғамбетов марапатталды. Биыл қай қаламгер әдебиетсүйер қауым­ның назарына ілігетінін уақыт көр­сетеді. Егер ұсыныстар түсіп жат­са, қарастыруға дайынбыз.
Сондай-ақ былтыр қатерлі ісік ауруы­на шалдыққан бүлдіршін Тах­мина Жылқайдарова сырқаты­нан қиналғанына қарамастан, бай­қау­ға қатысқаны үшін арнаулы дип­лом және демеуші сыйлығымен ма­рапатталды. 
– Оқырмандар «Қазақ әде­бие­ті­не қосқан елеулі еңбегі үшін» ата­лы­мына да дауыс бере ала ма?
– Осынау марапатқа лайық  деп та­ныған қаламгерлердің есім­дерін ұсы­на алады. Бірақ оларға дауыс бе­ре алмайды. Бұл номи­нация бойын­ша таңдауды тек қа­зылар ал­қасы жасайды.
– Бүгінгі күнге дейін келіп түс­кен шығармалар арасында сізге ерек­ше ұнағандары бар ма?
– Нақты шығармаға тоқтал­май-ақ қояйын. Өйткені бұл жай­лы сыр ақтару конкурс ережесіне қай­шы келеді. Бірақ авторлар жай­лы бір-екі ауыз сөз айтсам дей­мін. Қатысушылардың жас ерек­ше­лігіне шектеу қойылмайтынын ес­керттік, сондықтан әр жастағы та­лапкерлер жұмыстарын ұсынды. Олардың ішіндегі ең жасы – Қап­ша­ғай қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 10 жасар балақай, ал ең ересегі – Алматы тұрғыны, 87 жас­тағы қария. Олардың «Алтын қа­ламға» қатысуға ниет біл­дір­ге­нінің өзі – біз үшін үлкен мәртебе. Ал 17 жасар бойжеткен өз шығар­ма­сын бірнеше тілде жазып жібер­ген. Өзі төрт тілде еркін сөйлей ала­ды және сол тілдерде шығарма жа­за ала­ды. Осындай талантты жас­тары­мыз­дың өсіп келе жатқаны қуан­та­ды. Сондай-ақ қатысушылар ара­сын­да елімізге әйгілі тұлғалар да бар. 
– Сіз атап өткен авторлардың шы­ғармаларын қазір-ақ оқығым ке­ліп отыр. Олардың жазған дүние­сін сайттан таба аламын ба?
– Таба аласыз. Бірақ шығар­ма­ларды нақты қай автор жазға­нын, 87 жастағы қарияның не жаз­ғанын, 10 жастағы жасөспірім­нің жолда­ған еңбегін ажырата ал­майсыз. Сон­дықтан бәрін оқып шығу­ға, өз бе­тіңізбен болжам жа­сау­ға тура ке­леді. 
– Қызық екен. Осынау жүлдеге тек Қазақстан азаматтары қатыса ма?
– Иә. 2011 жылы «Шетел ав­тор­ларының үздік шығармасы» ата­лымын енгізгенбіз. Мұндай қа­дам­ға ойламаған жерден бардық. Өйт­кені шетелде тұратын қалам­гер­лер де «Алтын қаламға» қатыс­у­ға ниет танытып, шығармаларын жіберді. Оларды ескерусіз қалдыр­мау үшін арнайы аталым енгізген­біз. Сол жылы «Шетел авторлары­ның үздік шығармасы» аталымы бойынша молдовалық Вика Чем­барцеева және ресейлік Роман Ру­банов марапатталды. Мұнан кейін өзге елден келген жұмыстар­дан бас тарттық. Мақсат – қазақ әде­биетіне жұрт назарын аудару, заманауи шығармаларды, жаңа авторларды оқырманға таныстыру. Бірақ биыл шетелдерден тағы жұ­мыстар түсіп жатыр. Мысалы, бү­гінгі күнге дейін Ресей, Украина, Ма­лайзия, Израиль, АҚШ, Қыр­ғызстан, Қытай мемлекеттерінің азаматтарынан шығармалар келді. Бірақ бұл шығармаларды конкурс­қа қатыстырамыз ба, оларға сый­лық береміз бе, жоқ па, ол жағын әлі шешкен жоқпыз. Шетелдік ав­торлар біздің әдеби жүлде туралы ға­ламтордан оқып-білгендерін жа­зып жіберіпті. 
– Шетелден келген шығармалар қай тілде жазылған?
– Түгелге жуық орыс тілінде жа­зылған. Авторлардың барлығы Кеңес Одағы тұсында, одан кейін Қа­зақстан тәуелсіздік алған жыл­дары көшіп барғандар. Алды – 1971 жылы қоныс аударса, кейін­гі­лері – 10 жыл бұрын шетелдің аза­­маттығын алғандар. Тек Қы­тай­дан келген шығарма қазақша. Оның өзі төте жазумен жазылыпты. Сондықтан оны оқи алмадық. Әң­гімеміздің басында бір ай ішінде 176 жұмыстың түскенін атап өттім. Бірақ соның 112 орыс тілінде, 64-і ғана қазақ тілінде жазылған. Мұ­ның да себебі бар, орыс тілінде қа­зақ­тар да, орыстар да, өзге ұлт өкіл­дері де жазады. Сондықтан олар­дың үлесі артып отыр. Бір жа­ғынан қандастарымыз «әдеби туын­дылар қазанның 15-іне дейін қабыл­данады, әлі уақыт бар екен» деп арқаны кеңге салып, асықпай жүр­ген секілді. Қалған екі жарым ай уақыт ішінде қазақ тіліндегі шы­ғармалар қатары артатын шы­ғар деп үміттенемін. 
– Қазір бүкіл әлем қаржы дағ­дарысын бастан кешіп отыр. Қиын-қыстау сәтте осындай үлкен байқау ұйымдастыру оңай тимеген шығар?
– Әрине. Қазақ әдебиетіне жұрт назарын аударайық  деп ын­та­­лан­ған 4-5 тұлғаның талабы аз­дық ете­ді. Мұндай іске міндетті түрде қар­жылай қолдау көрсетілуі тиіс. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, «Алтын қа­лам» байқауының серіктестерін атап өткім келеді. Ол: «Казком­мерц­банк», ақпараттық демеуші­ле­рі­міз: Қазақстан баспасөз орта­лы­ғы, Қазақ радиосы. Былтыр меце­нат, «Қазақ барысы» күресін ұйым­дастырушы Арман Шораев бізге қол­дау көрсетсе, биыл елімізге та­нымал тұлғалар «Казком­мерц­банк» АҚ директорлар кеңесінің тө­­рағасы Кеңес Рақышев пен ZHERSU инвестициялық-өн­дірістік корпорациясының төра­ғасы Бауыржан Оспанов әдеби жүлденің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып отыр. Қазақ әдебиетін, өнерін сүйетін, онысын нақты ісі­мен дәлелдеген осынау азаматтарға ризашылығымды білдіремін, ісіне табыс, отбасына береке тілеймін. Құдай қаласа осы әдеби жүлденің 20, 30 жылдық мерейтойын, қазақ әдебиетінің шырқау шыңына көтерілгенін көргім келеді. Қазақ қаламгерінің жаңа кітабы сауда сөресіне түскенде жұрттың жапа- тармағай таласып алғанын көргім келеді. Тамыздың басында Джоан Роулингтің Гарри Потер туралы жаңа кітабы саудаға шығарылғанда бүкіл әлем бойынша қандай жаңа­лық болды?! Біздің жазу­шы­лары­мыз Джоаннан асырып жазбаса, кем түспейді. Тек бізде насихат­талуы кемшін. Келешекте осы ол­қылықтардың орны толатынына сен­гім келеді. Жалпы, осындай бай­қаулар көбірек ұйымдас­ты­рылуы керек. Мысалы, Ресейде В.В.Бианки атындағы әдеби кон­курс бар. Онда табиғат туралы, жануар­лар туралы сапалы жазыл­ған үздік әдеби туындылар мара­пат­талады. «Отбасы тарихы» атты от­басылық әдеби байқау бар. Жал­пы, теріскейдегі көршіміз жыл сайын тек прозаға арналған 30 шақ­ты конкурс өткізеді. Бұлардың қатарында шетелде жүріп орыс тілі­нің, әдебиетінің дамуына үлес қос­қандар арасында ұйым­дас­тырылатын әдеби жүлделер де бар. 
– «Алтын қалам – 2016» жүл­десін қашан қорытындылайсыздар?
– Қазанның 15-іне дейін шы­ғар­маларды қабылдаймыз, оқыр­мандар осы күнге дейін дауыс бере алады. Содан кейін ең көп дауыс жи­наған шығармалар іріктеліп, қа­зылар талқысына ұсынылады. Ес­кер­те кететін жайт, қазылар мүше­леріне де танысатын шығар­ма­лардың авторлары көрсетіл­мей­ді. Олар тек өзіне ұнаған еңбекке дауыс береді. Қазылар құрамына бай­қау ұйымдастырушылары До­сым Сәтпаев, Расул Жұмалы, Қуат Домбай, Айдос Сарым еніп отыр. Жеңімпаздардың есімі марапаттау рәсімінде ғана жарияланады. Осы­нау салтанатты шараны қараша айына жоспарлап отырмыз. Бұл ша­ра Алматы қаласында өтеді, ке­л­ем деушілерге есігіміз айқара ашық. Қай күні және қай жерде өте­тінін жақындағанда жұртқа жа­рия­лаймыз. Күзде ел дихандары еккен егінінің жемісін жинаған шақ­та біз де үздік әдеби туынды­лар­ды таңдауға кірісеміз. 
– Еңбектеріңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ