Басты  /  Сұхбат  /  Медет ҚҰРМАШҰЛЫ, ҚМДБ маманы: Білімі жоқтар бірден арбауға түседі

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ, ҚМДБ маманы: Білімі жоқтар бірден арбауға түседі

2528
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ, ҚМДБ маманы: Білімі жоқтар бірден арбауға түседі «Айқын» газетіне берген сұхбатында терроризм мен экстремизмді терең зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қарин «Түрмеге қылмыскер боп түсіп, радикал боп шығады» деп үлкен мәселенің басын ашып айтқан еді.

Бұл проблеманың өзектілігін ҚМДБ өкілдері де қолдап, түрмелерде сәләфизм идеологиясының оңай таралуына бірнеше фактордың барын жеткізеді. Бұл арада діни басқарманың Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы терроризм бабы бойынша сотталғандарды бөлек түрмеге отырғызу арқылы ғана үгіт-насихаттық жұмыстарды тыюға болатынын алға тартады. 

– Медет Құрмашұлы, әңгіме басында сәләфтар мен сәләфиттердің қандай айырмашылығы барын айтып өтсеңіз.
– Бисмилләһи-рахмани-рахим! Біріншіден, тілдік мағынасына келер болсақ «сәләф» деген сөз – алдыңғылар, бұрынғылар. Ал шариғаттағы мағынасына келер болсақ: сәләфтар – алдыңғы үш буын, яғни сахабалар, табииндер және таба табииндер. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде бұл жайлы былай дейді: «Ең жақсы ғасыр – менің ғасырым, сосын одан кейін келетіндер (ғасыры), со­сын олардың соңынан келетіндер (ға­сыры) жақсы» деп айтқан екен. Ша­риғатта «сәләф» деген сөз осы үш ғасырға қатысты ғана айтылады. 
– Ал Мухаммед бин Абдул Уаһһабтың ға­сы­рында пайда болғандар сәләфиттер ғой... 
– Қазір бәрі уаһһабизм десе, шошып қарайды. Сондықтан бұлар өздерін жақсы көрсету мақсатында діни ағымдарына сәләфизм деген бетперде тағып, сәлә­фиттер аталып кетті. «Біз сәләфтармыз, біз өткен сахабалардың, табииндардың жолын ұстанамыз» деп өздерін сәләф­тар ретінде көрсетуге тырысып бағуда. 
– Сәләфизмнің таралуына фейсбукте отырған кейбір имамдар журналистерді кінәлап, ақпараттық жұмыстар аз жүргізі­луде дейді. Ал тілшілер имамдардан пікір алуға келсе, көбі ат тонын ала қашады. Жал­пы, имамдардың, діни басқарманың сәлә­физмді ауыздықтаудағы өз жауапкер­шілігі мен міндеті, атқарған шаралары қандай? 
– ҚМДБ жанынан Республикалық ақпарат-насихат тобы (РАНТ) құрылған. Оның құрамында Қазақстанға белгілі ғалымдар жұмыс істейді. Олар міндетті түрде түрмелерге, университеттерге, мешіттерге барып, турасын айтып, уағыз жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда сәләфизм ағымының дұрыс еместігі жөнінде тү­сіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. 
– Неге адамдар бұл идеологияның же­тегінде оңай кетеді? 
– Бұған басты себеп – білімсіздік. Себебі, білімі жоқ адамдар бірден арбауға түседі. Егерде ол білімді, көзі ашық болса, бұл топқа ешқашан да кірмес еді. Көбіне мұндай ағымдарға мешіттерден дәріс алмаудың себебінен кетіп жатыр. Егерде бауырларымыз, әсіресе, жастар мешітке келіп, діни сабақ алатын болса, мешіт имамдары бәрін де жақсы түсіндірер еді. Ал мешіт имамы өз уағызын сыртқа шы­ғып, көшеде жүріп айта алмайды. Менің­ше, мешітке барып, сабақ алған адам тура жолдан адаспайды. Бұл топтың арбауына түспейді. 
– Қазір жамағаттың өзі кейбір ме­шіт­терге барудан қорқып қалған. Себебі, Ал­матыдағы бірқатар мешіттерде «шо­лақ­ба­лақтылар көп, сондықтан алыс болса да, басқа мешітке барамыз» дей­тіндер де бар. Бұл қорқыныштан қалай айығуға болады? 
– Әрине, қорқу бар, бірақ сабақ алу – бөлек әңгіме. Мысалы, сол мешіттерге барып, сабақ алса, адамдар сол топтың же­тегінде кетеді деп айта алмаймыз. Әрбір мешітте имамдар мен ұстаздар бар. Егерде діни басқарма бекіткен ұстаздар­дан сабақ алатын болса, ол топқа кетпейді, иншалла.
– Діни басқарма осы күнге дейін сәлә­физм ағымына кеткен қанша азаматтың бетін бері қайтарды? 
– 2015 – 2016 жылдар аралығында 802 адамды осы ағымның жетегінен ата-ба­бамыз ұстанған дәстүрлі бағытқа қайтар­ған. Бұл жұмыс қазір де жалғасып жатыр. Республикалық ақпарат-насихат тобы жан-жаққа барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл дерт сияқты таралып жат­қан соң, халық тара­пынан мұндай сауал­дар көп қойы­лады. Ғұламалар мұндай мәселелерге міндетті түрде жауап береді. Сәләфизмнің дұрыс емес жол екендігін баса айтады. 
– Терроризм мәселесін терең зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қарин: «Түрмеге қылмыскер боп түсіп, радикал боп шығады» деген еді. Неге сәләфизм түрмелерді жайлап кеткен? 
– Біріншіден, бұл сұрақты түрме басшыларына қойған дұрыс шығар. Ал, негізінен, түрмеге түскен адам өмірден түңіліп кетеді. Бұл арада бар мәселенің туындауы қылмыскерлердің экс­тремизм мен терроризм баптары бойынша соттал­ғандармен бірге отыруынан туындайды. Бір түрмеде, бір камерада отырғаннан кейін уағыз жүргізіледі. Өмірден түңілген адамдар бұған оңай беріліп кетеді. Сондықтан лаңкестерге бөлек түрме ашылса жөн болар еді.
– Түрмелерге имамдар қаншалықты жиі барады?
– Әрбір аймақта түрмеде жазасын өтеп жатқандармен жұмыс істеуге арнайы тағайындалған имамдарымыз бар. Олар ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізеді. Оған қоса РАНТ, ЖАНТ (Жергілікті ақпарат насихат тобы) мүшелері түрме­лерге барып, ақпарат-насихат жұмыста­рын жүргізіп отырады. РАНТ ақпарат-на­сихат тобы 33 ғалым-теологтан құрал­ған болса, ЖАНТ-ның құрамында 295 имам теолог бар. Олар нақты жұмыс істеп келеді. 
– Сәләфизмнің басты қаупі неде?
– Бұл өте қауіпті идеология. Мәселен, тәкфир деңгейіне өтіп кеткендері намаз оқымайтындардың бәрін кәпірге шығара салады, қазақ халқының ұлттық танымын мүлдем мойындамайды. 
– Қайрат Жолдыбай ағамыз: «Жуас қасқыр болмайтын сияқты, «умеренный» сәләфизм де болмайды» деген пікір айтады. Онымен келісесіз бе? Олардың бәрі ра­дикал ма? 
– Олардың бәрінің оқитын кітаптары бір, тыңдайтын уағызшылары бір. Сон­дықтан бүгін қалыпты сәләфит боп жүріп ертең радикалға өтіп кетуі түк те емес. Сондықтан олардың бәрі бірдей десек те болады. 
– Бұл ағымға тыйым салынуы керек пе? 
– Иә, тыйым салынуы керек. Бұл ағымға тыйым салынбаса болмайды. Егер оларды заңмен тыйса, қазіргі жағдай басылар еді. 
– Сұхбатыңызға рақмет. 

 

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ