Басты  /  Сұхбат  /  400 хабар жасаған журналист

400 хабар жасаған журналист

3643
400 хабар жасаған журналист Қойшығұл Мұстафаұлы – Қазақ радиосы «Әдеби сазды» бағдарламалар редакциясы «Інжу маржан», «Терме» хабарларының авторы.

– Қошан аға, сіз қызмет жа­­сап отырған  «Әдеби – саз­ды»  бағдар­ла­ма­лар редак­циясын  кезінде Қазақ­станның, Қырғызстанның еңбек сі­ңір­ген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов, композитор Кеңес Дүйсекеев,  ҚР-ның ең­бек сіңірген қайраткері, күйші Шәміл Әбілтаевтай ағаларымыз бас­қарған еді. Бүгінгі күні осы редак­ция­да сіз де қызмет етіп, ағалар басқан сүр­леумен жүріп келеді екенсіз. Қазақ дүлдүлдері қызмет еткен ұжымға қалай келдіңіз?
– Мамандығым – журналист, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдім. 2000 жылдан 2009 жылға дейін осы университетте қызмет еттім.  Онда баруыма филология факультетінің деканы, профессор Жанғара Дәдебаев пен журналистика факультетінің деканы профессор Намазалы Омашұлы ағаларым себепкер болған еді. Өнерге жақындығымды байқап «Журналистика факультетінде телестудия бар соған кел, біраз деректі фильмдер түсіруге мүмкіндігің болады»  деп кеңес беріп, мені сонда қабыл­дады. Барған бойда «Екі Кенен тумайды» деген деректі фильмді өз қаражатым­мен түсірдім. Оқу орнында жүріп Қазақ радиосының директоры Жүрсін Ерманмен жиі кездесіп тұратынбыз. Бірде Жүкеңмен шығармашылық  тұрғыда сөйлескеннен кейін, сөзге келместен радиоға ша­қырды. Көп ойланып жатпастан шешім­ге келіп, үлкен ұжымның қата­рына қосылдым. Алғашқыда микрофон алдына отырып, бірінші хабарды жасағанда, қатты толқыдым. Кейіннен қалыпқа түсіп, көндіктік ғой. Әсіресе, тарихи және жыраулық поэзияға барынша мән беріп, бүгінге дейін Алтынқорды толықтырған  400-дей хабар жасадым.  
– Жөн екен, Қошеке. Радиоға қалай келдіңіз деп сұрап жатқаным, сізді ауыл шаруашылығы саласының маманы деп естіген едім. Әлде қате­лестім бе?
– Жоқ, қателеспедіңіз. Дәл солай. 1975-1977 жылдары Семей қаласының маңындағы Курчатов жарылыс поли­гонында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген соң, өзім туған ауылым Жамбыл облысы Байзақ ауданы Шахан ауылында бір жылдай қара жұмыс істедім. 1978 жылы күзде Алматы ауылшаруашы­лық институтына түсіп, 1984 жылы осы оқу орынының жеміс-жидек факультетін  біті­ріп шықтым. Институтта Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі болды. Дирижері Жалғасбек Бегендіков, жетекшісі күйші Сәмиғолла Андарбаев деген ақсақал еді. Мен сол жерде оркестрде ойнап әрі со­лист те болған жағдайым бар. Осы жыл­дары консерваторияда Алпысбай Тұрсын­беков, Эстрада цирк студиясының студенттері: Ырымтай Бөдесов, Мейірхан Адамбеков, Саламат Қазақбаев сияқты мықты әншілермен жолдас болдым. Сонымен қатар эстрада цирк студиясының, консерваторияның ұстазы Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Қайрат Байбосынов ағамыздан бес жылдай сабақ алдым. Ол кісі мені «заочнигім» дейтін еді.
– Ауылшаруашылық институтын бітіріпсіз, ауылда  қызмет еткен жағдайыңыз болды ма?
– Иә, ауылда он бес жылдай жұмыс істедім. 1995 жылы «Қазақфильм» Жамбылдың жастық шағы туралы фильмге конкурс жариялады. Нәтижесінде, мен Жамбылмен айтысатын Сарбас ақынның бейнесін жасадым. Сценарийін жазған Мырзатай Жолдасбеков ағама ұнасам керек: «Сен бізге ауыс» деп Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына бөлім бастығы етіп алды. Сол жерде жүріп киноға түсу басталды, не керек 4-5 киноға түстім. Мырзекең Астанаға Еуразия университетіне ректор болып ауысты, мен ҚазҰУ-ға кеттім. 
– Өнерге  құштарлығыңыз керемет сияқты қандай аспаптарда ойнаушы едіңіз? 
– Ауылда бесінші сыныпта оқып жүргенімде, гармон тартудан алдыма жан салмайтынмын. Біздің ауылда республикаға белгілі халық театры болды, жетекшісі Айтқұл Мамытқұлов деген ағамыз еді. Ауылдағы шағын клубымызға концерттік сапармен республиканың түкпір-түкпірінен өнерпаздар көп келетін. Бірде Жүсіпбек Елебеков келіп, соған еліктеп домбыра алдырып тартуды үйрендім. Көрші қырғыз елінен әнші Рысбай Әбдіқадыров келіп, аккордеонмен қырғыздың әндерін мөлдірете салса бола ма, содан Алматыдағы ағама жылап отырып хат жазып, аккордеон алдырттым. Мондалин, гитара дейсіз бе, не керек ауылда қандай аспап бар, бәрін үйреніп ойнадым. 16 жасқа келгенде, әкем өмірден өтті. Мектеп бітіретін жылы анам қайтты. Өнерге ерекше аңсарым ауып Алматыға консерваторияға келгеніммен жолым болмай, оқуға түсе алмай қайтқан едім.
– Қошеке, әскерде Семей маңын­дағы Курчатов жарылыс полигонында болғаныңызды енді естіп отырмын. Денсаулыққа әсер еткен жоқ па?
– Қайдан әсері болмасын. Курчатов полигоны сол радиацияның ошағы емес пе?.. 470 рет жарылыс жасап, сынақ өткізген өлкеде зардап шеккендердің  жағдайын өзіңіз де білесіз. Сол кездері әскерде болған біраз жігіттер өмірден өтіп те кетті. Полигонды жаптырған Елбасымызға елдің, содан зардап шеккендердің алғысы зор. Кезінде АҚШ-тың атом бомбысынан зардап шеккен Нагасаки, Хиросиманың жағдайын айтып, бүкіл әлем шулады. Жапон­дар сол өңірге күш салып, барлық жағдайды жасады. Ал біздің Семей сынақ зардаптарынан әлі құлан таза арылып біткен жоқ. Ал жеке өз жағдайыма келетін болсам, мен — Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген азаматтардың бірімін.
– Алтынқорға біраз хабар өткіздім деп қалдыңыз алдағы меже қандай?
– Менде екі бағдарлама бар. Бірі  –  қазақтың көне жыршылық-жыраулық поэзиясын, батырлар жырын, дәстүрін және  жыр орындаушыларын  насихаттау мақсатында ашылған «Інжу маржан» ха­бары. Халқымыздың  асыл маржан  сөздерін, дана би-шешендеріміздің ұрпа­ғына қалдырған өсиетiн тыңдарман назарына жеткізуді  мақсат ететін «Терме» хабарым тағы бар. Бұл екеуі аптасына 50 минуттың көлемінде шығып тұрады. Алға қойған жоспарым осы хабарлардың санын мыңға, тіпті болмаса жарты мыңға жеткізсем деп ойлаймын.
– Қошеке, қазақтың әзілге келгенде алдына жан салмайтыны белгілі.  Осыдан біраз жыл бұрын «Шаншар» әзіл-сықақ театрының актері Нұржан Төлендиев «Қошанның үй­ленуі» деген керемет комедиялық қойылым жасап, ел арасында Қо­шан аталып кеткен еді. Айыпқа бұйыр­маңыз, бірқатар азаматтар соны сіздің прототипіңіз деп шулады...
– Әзілдің аты – әзіл ғой. Ке­зінде «Ара» журналына атақты ағалары­мыздың шарж суреттері шығып тұра­тын. Қазір де кей газеттерден қылаң беріп тұрады, оған ешкім ренжімейді ғой. Қазақта не көп, аттас адамдар көп. Ел шуласа, ол режиссер  мен ак­тер­­дің шеберлігі деп ойлаймын. Ал жол­дастардың қалжыңына дауа жоқ қой.
– Ендеше, отбасыңыз жайында әңгімелей отырыңыз.
– Алланың берген үш ұл, бір қызым бар. Екеуі отбасын құрды, үшіншісі, Алла жазса, биыл шаңырақ көтермек. Кенже балам тоғызыншы сыныпта оқиды. Келіншегім Роза — бау-бақша маманы,  қазір үйде бала тәрбиесімен отыр. Өзім Астанада жатақханада тұрамын. Аздап қынжылтатын тұсы осы. Мені бабалар мұрасын халыққа жеткізсем, жас ұрпақтың санасына сіңірсем деген патриотизм ғана алға жетелеп келеді. 
– Әңгімеңізге рақмет!
 

Сұхбаттасқан ­ Бейсенбай Дәулетұлы,
 Астана