Басты  /  Сұхбат  /  Аманжол Чиканаев, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының профессоры, Ұлттық экономика министрлігінің «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директорының кеңесшісі:

Аманжол Чиканаев, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының профессоры, Ұлттық экономика министрлігінің «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директорының кеңесшісі:

2335
Аманжол Чиканаев,  Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі, Халықаралық сәулет академиясының профессоры, Ұлттық экономика министрлігінің «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директорының кеңесшісі:

– Аманжол Шәймерденұлы, сіз еліміздің сәулет-қала құрылысы саласының дамуына елеулі үлес қосқан сәулетшісіз. Қырық жыл­дан астам уақыттан бері осы саланың суы­ғына тоңып, ыстығына күйіп, бары мен жо­ғын түйіп, тынымсыз еңбектеніп келесіз. Бұл бағыттағы алынған асулар мен бағынған бе­лес­терді де жақсы білесіз. Сондықтан да Ел­басы жариялаған 5 институттық рефор­маны іске асыратын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы жаңалықтарға қатысты сіздің ой-байламдарыңыз біз үшін құнды. 
– Ұлт көшбасшысының Ұлт жоспары – шын мәнінде біздің өңірдегі теңдессіз құ­жат, келешек көкжиегін көрегендікпен аша­тын көрнекті даму бағдарламасы. Оның қамтымайтын саласы жоқ десе де бола­ды. Мен өз кәсібім бойынша айтсам, «100 қадам» Ұлт жоспарында құрылыс-сәу­лет саласының құқықтық негіздеріне қа­тыс­ты тың жаңалықтар жетерлік. Мысалы, 46-қадам құрылысқа рұқсат алуды оңтай­лан­дыруды қарастырады. Бұл ретте рұқсат алу­дың үш сатылы қағидаты өмірге жол­дама алып, мерзімдері айтарлықтай қыс­қар­тылды. 
47-қадам болса, жобалау-сметалық жә­не жобалау құжаттарын сараптамадан өт­кізуге байланысты мемлекеттік монопо­лия­дан біртіндеп бас тартуды көздейді. Жо­баларды сараптауды бәсекелесті ортаға тапсыру қолға алынуда. Бұл жерде бір жайтқа назар аудара кеткен абзал. «Қала құ­рылысын жобалау» деген ұғым бар. Ол елдімекен, қала және басқа да шағын, шек­теулі аумақты қамтиды. Сонымен бірге «өңірлердің қала құрылысын жобалау» (градостроительное проектирование ре­гио­нов) деген ұғым да қолданылады. Бұлар – облыстар, агломерациялар, республи­ка­мыздың бүкіл аумағы. Әрине, мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар бұл саланы, жо­балық құжаттамаларды жеке қолға, бә­секелестік ортаға беруге болмайды. Өйт­кені оның құпияға жататын тұстары да жоқ емес. Жекеменшік сектор әрине, бірінші кезекте бизнес мүдделерін, табыс табудың жеке мақсаттарын ілгерілетеді. Ал мемле­кет­ке ел мүддесін діттеу, болашаққа бағдар­лану, ұрпақ жайын ойлау керек.
49-қадам бойынша Қазақстан кеңестік ке­зеңнен бері қолданылып келе жатқан құ­рылыстың ескірген нормалары мен ере­же­лерінің орнына «еурокодтар» жүйесін ен­гізуге кірісті. Дамыған елдердің өркен­деуі­не үлес қосқан бұл нормативтерді қа­был­дау бізге инновациялық технологиялар мен материалдарды іске жаратуға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық ма­ман­дардың бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру­ға, сондай-ақ құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді.
Сондықтан да мен тәжірибелі сәулетші ма­ман ретінде еурокодтарға көшуді толық қолдаймын. Еурокодтар дегеніміз – нор­мативтік құқықтық базаның мүлдем басқа жүйесі. Біз Астанаға арналған құрылыс нормалары мен стандарттарын әзірлегенде, бұл мәселені зерттегенбіз. Еуропада, да­мыған елдерде дәл осы еурокодтар бойын­ша қандай көшелерде көлік тасқынының қандай екені, ол көшеде қанша қабатты үй­лерді тұрғызуға болатыны және басқа да егжей-тегжейлері – бәрі-бәрі нақты жазып қойылады. Бірақ сонымен бірге олар құрылыс салушы компанияны шектемейді. Біздің СНиП-терде мысалы, «өртке қарсы қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, мұндай ғимарат мынадай материалдан салынуы ке­рек» деп жазылады. Алайда әлемде қазір жаңа материалдар пайда болуда. Егер олар­дың тез жанбайтыны, денсаулыққа зиян­сыздығы, экологиялық тазалығы, беріктігі дәлелденсе, неге нысанды содан тұрғызуға ұлықсат етпеске?
Еурокодтар даму жолында тұрар тос­қауылдаушы факторларды алып тастайды. Онда «тыйым салынады» деп айтылмайды, тек нақты қандай талапқа жауап беруі қажеттігі көрсетіледі. 
Тағы бір мысал. Біз әрбір тұрғын үй ке­шенінде белгілі бір көлемде автотұрақ орын­дары қарастырылуы керек деген шарт қою­дамыз. Бұл тиісті заңмен бекітілді. «Құрылыс нормалары мен стандарт­тарын­да» (СНиП) бұл үшін қанша метр жер қа­рас­тырылуы керектігі жазылады. Бірақ қа­зіргі кезде дүниежүзінде автокөліктерді сақ­таудың басқа түрлері, мәселен, көп­қа­батты-конвейерлік тәсілі пайда болды: алып «барабанға» көлік кіргеннен кейін ол айналып, келесі бос «гараж» төменге түседі. Ал оған дәл осынша үлкен ауданның қажеті жоқ. Егер құрылыс салушы сондай инно­вация­ларды қолданғысы келсе, оның сани­тарлық, қауіпсіздік және басқа талаптарға жауап беретінін дәлелдеуге тиіс. 
Қалай болғанда құрылыс салу талап­тары жаңа техникалық өнертабыстардың, технологиялардың өмірге жолдама алуына, яғни прогреске кедергі келтірмеуге тиіс.
– Сіз бас қаламыз Астананың құры­лы­сы­на да өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Қа­­зіргі елордаға көңіліңіз тола ма? Есіңізде сақ­­талған елеулі жайттарды да айта отыр­саңыз.
– Шынында, Астана барлық ар­ман­дарымыздан асып түсті. Дәл осындай ға­жайып қала тұрғызамыз деген ой үш ұйық­тасам, түсіме кірмес еді. Біз, сәулетшілер, әлемдік нормаларға жауап беретін, стан­дартты қала салуға бағдарланған едік, бірақ нәтиже одан әлдеқайда тамаша болды. Мұн­да тек отандық қана емес, әлемдік дең­гейдегі белді архитекторлар қиялдарына қ­анат қақтырып, өз шеберліктерін шың­дады. Қазір Астана қазақстандықтардың мақ­танышына, қонақтарымыздың кө­зайы­мына айналып, қуантуда. 
Әрине, алда ескеруге тиісті мәселелер де бар. Оны да айта отырайық. Мысалы, көп­жолақты кең магистарльді көшелер же­тіспейді. Бұл жайында мен кезінде атақ­ты жапон сәулетшісімен пікір талас­тыр­ған­мын.
Астана Бас жоспарын заманауи архи­тектураның үлкен шебері әрі теоретигі, Ки­се Курокава әзірлегені мәлім. Өзінің қа­ла салу доктринасының мәнін доктор Ку­рокава қос терминмен әдіптеді, бұлар – симбиотикалық және метаболизмдік қа­ла құрылысы. Яғни қаламыз табиғатпен ты­ғыз үйлесімде дамуға тиіс. 
Кисе Курокава 2005 жылға дейін елор­даға келіп тұрды, ал 2007 жылы ол дүниеден өт­ті. Бірақ бас қаланың ол түзген Бас жос­пары түзетуді қажет ететіні ешкімге құпия емес еді. Ондай түзетулер 2002-2003 жыл­дар­да өзекті бола бастаған. Содан 2004 жыл­ға дейін біз осы тарихи маңызды құ­жатқа өзгерістер және толықтырулар ен­гізумен айналыстық. Олар бірінші ке­зекте, елорда халқының тез өсуімен байланысты бол­ды. 
Доктор Курокава елорданың Бас жос­парын әзірлегенде, көлік жүйесін дамыту болжамын түзді. Сонда кем дегенде 6 жо­лақ­тан тұратын үлкен магистральді кө­ше­лер қарастырылуы керек еді. Мен одан: «Не­ге жаңа әкімшілік орталықта кең көше­лер, сақиналы айырым жолдар қарастырыл­маған?» деп сұрадым. 
Бұған: «Профессор, сыртқа шығып, кө­ше­ге қараңызшы? Егер бір сағатта он ма­шинаның жүріп өткенін көрсеңіз, онда мен бұл ойымнан қайтамын. Әрине, Қа­зақ­стан экономикасының бірте-бірте да­митынына сенімдімін, сондықтан өз жо­бам­ды белгілі бір көлемде артық жүктемеге негіздедім. Ал ол сіздерге 2030 жылға дейін жетеді» деген жауап алдым. Бұл 1998 жыл еді. Ол кезде экономикалық дағдарыс қыс­қан шақ. Елімізде жарықтың өзі тәулік бойы берілмей, сөндіріп тасталатын. Кө­ше­де әсіресе жеңіл көліктер өте аз-тын. 
Артынша-ақ Қазақстан экономикасы ға­ламат қарқынмен өсе бастады. Бұл ха­лықтың әл-ауқатының артуына әсер етті.  
Бір айта кетерім, мәселен, Лондонда бол­ғанымда, көшеде жеңіл көліктердің аз­дығына таң қалдым. Сөйтсем, қала ор­та­лығында көлікті пайдалану қымбатқа тү­се­ді екен. Оның орнына Ұлыбритания ас­­та­насының орталық көшелерінде вело­сипед­терге және екі қабатты автобустарға ғана арналған жолақтар бар. Әрине, бұл тұр­ғыдан алғанда бізде еркіндік мол. Адам­дар Астана көшелерінде қалаған көлік түр­лерімен қозғалады. Дегенмен, сонымен бірге қоғамдық көлік желісін дамыта бер­ген жөн. Адамдар үшін қоғамдық көлік қыз­метін пайдалану әлдеқайда тиімді әрі жай­лы болатын жағдай туғызған жөн. Сон­да көшелерге түсетін жүктеме жеңілдей тү­седі.  
Мен «АстанаБасЖоспарда» жұмыс істе­генде, кеңес кезінен қалған нормативтік-құқықтық базаның қазіргі заман талабына сай келмейтінін түсіндім. Ал жаңа қаланы ары қарай кеңес уақытынан келе жатқан «құрылыс нормалары мен стандарттарына» сәйкес тұрғыза беруге болмайтын еді. Мы­салы, бұл құжатта тұрғын үй кешендеріндегі автотұрақ орындары қарастырылмаған. Се­бебі, КСРО-да көлік саны аз болды, де­мек тұрақ жөнінен қайдан проблема бол­сын?! Сондықтан біз 2007 жылы «Астана­Бас­Жоспарда» елордаға арнап, жеке СНиП әзірлеп шықтық. Оны «Астана қаласын салу және жоспарлаудың құрылыс нор­ма­лары мен стандарттары» деп атадық. Бұл жо­бамыз қабылданды. 
Онда біз тұрғын үй кешендерінде сана­тына қарай қанша автотұрақ болуға тиіс­тігін де тайға таңба басқандай анық жаз­дық. Мысалы, жайлылықтың жоғары с­анат­тарына жататын тұрғын үйлерде әрбір пә­тер үшін ең кем дегенде 1-2 автотұрақ ор­ны көзделуге міндетті.   
Жергілікті сәулет және қала құрылысы ор­ганы, сондай-ақ Астана қаласы әкімі жа­нындағы Қала құрылысы кеңесі бұл талаптың сақталуын қадағалайды. Егер бұл талап сақталмаса, ТК жобасы бекітілмейді және құрылыс компаниясының оны салуға құқы жоқ.
Мен Астана қаласының құрылысымен 2011 жылға дейін айналыстым.
– Сіз Елбасы жариялаған агломерация­лар жобасы бойынша кең зерттеулер жүр­гізген екенсіз, қандай байлам-тұжырымдарға келдіңіз?
– Мемлекет басшысы біздің бәріміздің ал­дымызға стратегиялық мақсат-межелерді бел­гіледі. Ең басты мұрат – әлемдегі озық да­мыған отыз елдің қатарына қосылу. Сәу­лет және қала құрылысы саласы да осы та­лапқа жауап беруге тиіс. Қазіргі кезде Ел­басы қойған міндеттерге сәйкес, ел эко­номикасы жаңғыруда, әртараптануда. Елі­міз шикізатқа бағдарланудан толық кетіп, қо­сылған құны жоғары өнімдерді өндіруші ел­ге айналуы қажет. Осы арқылы халықтың да әл-ауқаты арттады, сапалы әрі жайлы өміріне жағдай жасалады.
Осының барлығы біздің саламызға да қа­тысты. Біз индустриялдық-инновация­лық өркендеуге де, қалалар мен өңірлерді да­мытуға да тартылудамыз. Соның ішінде ал­дымызда тұрған бір ұлы мақсат – ірі қа­лаларды «серпінді даму және өсім орталық­та­рына», экономиканың локомотивіне ай­налдыру. Барлық елдерде осылай: шағын қа­лаларға қарағанда, ірі агломерациялар ел эко­номикасының қарыштап дамуына үл­кен серпін береді, қосатын үлесі де қо­мақ­ты. 
Мұндай рөлді бізде де ірі қалалар мен оның айналасы өз мойнына ала алады. Тиі­сінше, Елбасы 4 қаланы таңдап алды, бұлар – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе (болашақта – халықаралық ірі нарықтарға шыға алатын портты қала Ақтау). Осы орайда аталған агломерацияларды дамыту жобаларын әзірлеу бойынша нақты міндет белгіленді. Яғни, олардағы мәселелердің бүкіл кешені шешімін табуы керек. Олар­дың айналасындағы өңірлер бей-берекет, сти­хиялы дамудан аулақтап, бір агломе­рация аясында мақсатты, жүйелі, үйлесімді өркендеуі қажет.
Сол себепті қазір көзделген мақсатқа жет­кізетін қала салу шараларының нақты жүйе­сі түзілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Айхан ШӘРІП