Сұлтанғали Қаратайұлы: КОММЕНТАТОР БІЛІМДІ БОЛУҒА ТИІС

– Балалық шағыңыз қиын шақтарға тап келді емес пе? Сағынып еске аласыз ба?
– Иә, біздің балалық шақ ауыр болды. Мені Дәу әжем асырап алған еді. Емшектен айырып, 40 күннен кейін алып кеткен. Тілім біразға дейін шықпапты. Дәу әже қазақы ем жасады. Қойдың үлкен ішегімен буындырды. Қырылдап, көзім қарауытып бара жатқанда жібере салды. Ыстық ішек қой, өлтірмейді екен. «Қатты қорыққаннан тілі шығып кетеді» деген әжемнің ойы орындалды. 3-4 сағаттан кейін тілім шығып, «қарным ашты, тамақ берші» деппін.
Әуелгі фамилиям Қосымов болатын. Өскен жерімде орыс жоқ еді. Соғыстан кейінгі жылдары бір неміс жігіті келді. Ауданымыздың бас дәрігері болды. Ол тек орысша сөйлейтін және оны ешкім түсіне алмайтын. Анам әл үстінде жатқанда сол дәрігерді шақыра алмадым. 5 сыныпта оқитын едім, бірақ орыс тілінен жұрдаймын. Орысша білетін бір бала бар еді, соның асығын ұтып алдым да, бес асықты қарызға бердім. Оны қайтадан ұтып алдым. Асықтардың қайтарымын сұрамай, оның дәрігерге анамның ауырып жатқанын білдіруін өтіндім. Екеуміз жүгіріп келіп, «мама болит, мама болит» деп шырылдағанымыз әлі есімде.
Тоғыз жаста мектеп табалдырығын аттадым. Жеті бала әке-шешесіз қалдық. Ең үлкен ағамыз 18 жаста еді, өзі жеті-ақ класс бітірген-ді. Сол кісі біздің фамилиямызды бір тексертіп, Қаратаев қылып алды. «Үкіметтен пайда болар ма екен, ақша берер ме екен?» деген үміт қой. Ағам 22 жастағы қызға үйленді. Шешеміз өлгеннен кейін ол қыз бізге шешедей болды. Аты Алтын еді. Бізді анамыздай бағып-қақты. Мені оқуға берді, темір жол училищесін бітірдім. Ол жердегі табысым сол – 5 разряд алып шықтым. Математикаға жүйрік едім. Мен вагоншы болдым. Вагон жөндейтінбіз, тежеуішін тексеретінбіз. Сөйтіп жүріп, 1953 жылы 17 тамызда бір пойызды апаттан аман алып қалдым. Бұдан кейін менің суретімді Құрмет тақтасына іліп, Орынборға оқуға жібермек болды. «Орынборға оқуға жіберсе, орыс болып кетемін бе?» деп уайымдадым. 30 жылдары қасында бес-алты адамы бар, қолында мылтығы бар орыс кіріп келіп, адамдарды ұстап алып кетеді ғой. «Орыс келді» десе жұрттың зәр-құты қалмайтын. Мен Орынборға оқуға бармай, ауылға қайттым. 1953 жылдың қыркүйек айында жасым 18-ге толғанда 8-сыныпқа бардым. 6 мен 7-ні оқымаған адаммын. Сегіз, тоғыз, оныншы сыныпты Қарабұтақ (Ырғыз өзенінің бір саласы, қазіргі Әйтеке би ауданы) ауылында оқыдым. Сабақта зерек болдым. Сол жерде тұңғыш рет дойбы ойнадым, гимнастика жасадым, қолыма қолғап кидім. Сол мектепте жүріп тұңғыш рет газеттің бетін аштым. Кітапханаға барып кітап оқитын болдым. Тұңғыш рет мен өз оқыған кітабыма баяндама жаздым. Мектеп-интернаты кеңесінің басшысы болдым. Мектепте жүріп 60 балаға гимнастика үйреттім. Таңертең тәрбиешіміз келеді, соның бақылауымен гимнастика жасататынмын. «Гантельная гимнастика» деген кітаптан оқып үйрену арқылы арықтың арығы болған менің бойыма ет жинала бастады. 8 сыныпты бітірген кезімде мені пионер лагеріне физрук қылып алып кетті. Сөйтіп, спортқа бауыр баса бастадым. Оқуды бітіргеннен кейін Алматыға келіп, оқуға емтихан тапсырдым. Біздің кезімізде алты сабақтан 30 ұпай алу керек болатын. Мен алты сабақтан 26 ұпай алдым. Соны 21 деп қате санаған. Сонда да құжаттарымды университетте қалдырып, өзім сылақшы болып жұмыс істедім.
– Студент шағыңыз қалай өтті?
– Өзім тіл маманымын. Біріншіден бастап соңғы курсқа дейін Абай атындағы стипендиат болдым. Ең қызығы, оны өзім де білмеппін. Кейіннен суретке түсіргенде ғана бір-ақ білдім. Фразеологизмге қатты қызықтым. Қазір фразеологизмнен 10 мың картотекам бар. Университетте М.Мағауинмен, Ә.Кекілбаевпен бірге оқыдым. Ә.Кекілбаев жайлы бір қызық нәрсе айтайын. Бір бөлмеде тұрдық. Әбіштің өз шамы болатын. Түн ортасында соны жағып алып, кітап оқып жататын еді. «Әбіш, сөндірші» дейтін едік. Әбіш Толстойдың романдарын бір түн ішінде оқып бітіретін. Кейін «Соғыс пен бейбітшілікті» қазақшаға аударуға Кекілбаев атсалысты. Ал М.Мағауин жатақханада жатқан жоқ. Біз онымен көбінесе Пушкиннің кітапханасында кездесетінбіз. Ол сирек қордан кітап алады. Мен оқытушылардың тапсырғанын аламын. Студенттік кезіміз жақсы өтті.
– Комментаторлыққа қалай тәуекел еттіңіз? Ол кезде қазақ тілінде репортаждар жүргізілуші ме еді?
– Университетті бітіргеннен кейін өз қалауым бойынша радиоға баруды ұйғардым. Конкурстан өтіп, радиода жұмыс істей бастадым.Сол кездерде «радио мен телевидениеде неліктен қазақша репортаж жүргізілмейді?» деп барлық жиналыстарда айта бердім. Бұл орталыққа жетпей ме?! Сөйтіп жүргенде, радиотелевизияның бастығы Шалабаев деген кісі 1965 жылы штат ашты және мені сол жерге комментатор етіп қойды. Шалабаев мені сыртымнан біледі екен. Штатты ашқаннан кейін маған тоқсан минуттың 5-ақ минутын репортажға беретін болды. Ойынның басында екі жарым минут сөйлеймін – «қалай басталды, кімдер ойнап жатыр?» дегендей, аяғында екі жарым минут – «ойын қалай бітті, кім жеңді?» дегендей. Сол уақыттың кем тұсы – репортаж жүргізу үшін орысша терминдердің қазақша баламасы болмады. Бір күні Шалабаев маған жаңа терминдер табу туралы тапсырма берді. Біз үнемі орысшадан үйреніп отырдық. «Внимание! Внимание! Говорит Алматы! Передаем спортивные новости» дейді ғой Қазақ радиосында. «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Алматы!» деп сөйлеуден бастадық біз. Кейіннен хоккейге байланысты терминдер құрастыруды қолға алдық. Мысалы, «қорғаныс жұбы, шабуылшылар үштігі, Петровтың бестігі» деген терминдерді алғаш қолданысқа енгізген бізбіз. Хоккейге байланысты терминдер аударуда бізде мынадай қате кетті: «прижал шайбу к борту» деген тіркесті «шайбаны бортқа жабыстырды» дедік. Бұл қате шайбаны еш жабыстырмайды. Бұдан бөлек, футболдан да көптеген терминдер енгіздім. Мысалы, қаптал сызық – боковая линия, свободный удар – еркін соққы, контратака – қарсы шабуыл, штрафной – айып добы, вратарская линия – қақпа алаңы, угловой – бұрыш добы (қазіргі бұрыштама деп қолданып жүрген сөз дұрыс емес). Біз ойлап тапқан, қазіргі қазақ коментаторлары мүлде қолданбайтын «лицевая линия» деген сөз бар. Оны жақтау сызық деп аудардық. Маған бастықтарым «сен боксер, футболист деген сөздерді қолдан» деп айтатын. Орыс тіліндегі көп жұрнақты қазақ тіліндегі -шы жұрнағы жеп қояды. Сол себепті, мен осы жұрнақтарының көбісін -шыға айналдырып қолданатынмын.
– Қазіргі комментаторларға, комментаторлық салаға көзқарасыңыз қалай? Қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Біріншіден, қазір экранға комментаторлардың аттарын субтитрмен бермейтін болып жүр. Кез келген шығарманың авторы болатындай, спорт репортажын жүргізетін адамның да атын көрсету керек. Екіншіден, коментаторлардың себепсіз айқайы көп. Қазақ сабырлы халық. Гол сөзін қырық секунд созып айтудың қажеті жоқ. Одан кейін, кірме сөздерді қолдануға ынтық болмаған дұрыс. Оларды ұқсас сөзбен алмастырып отыру керек. Бірде футбол десең, бірде аяқдоп де. Қазақ коментаторлары І раунд, І тайм, І сет дегенді көп қолданады. Неге мұның орнына қазақтың бір ғана «кезең» деген сөзін қолданбасқа?! Қазақ тілді коментаторлар орыс тіліндегі сөздерді қолдануға машықтанбауы керек. Авария, катастрофа дегенді көп қолданады. Мұның бәрі апат болмай ма?! Комментаторларға ізденіс керек. Сөздерді дұрыс, орынды қолдануға тырысуға тиіс және кірме сөздерді азайтып, өзіміздің қазақша терминдерді қолдануға көшу керек.
– Қазақ комментаторлардың ішінен кімді атап өтер едіңіз?
– Қазіргі коментаторлардың ішінен Асхат Сағынаевты айтып өткім келеді. Одан айырылмау керек. Амангелдінің де тілі жақсы, өзі ақын жігіт. Жуырда Қазақстан мен Қытай жолдастық кездесуін жүргізген орыстілді комментатор мүлде ұнамады. Жандос Айтбай өз міндетін абыроймен атқарды, ал серігі болса ыңқылдап отыр. Дайындығы мүлде жоқ. Комментатор спортты жетік білу керек.
– Сексеннің биігінде қандай шаруа тындырып жатырсыз, аға?
– Қазір сегіз кітабым дайын тұр. Оның ішінде 100 шақты әннен тұратын ән жинағым бар. « Cпорттағы із» деген кітабымды Алматы қаласындағы Бостандық ауданының әкімі «Білім» баспасынан шығаруға көмектесіп жатыр. «Ауылым – тәрбие бесігім» деген бір жинақты да дайындап қойдым. «Спорттық іссапар» деген бір жинағым бар. Егер осы кітаптарымның баспадан шығуына көмектесем деген азаматтар табылып жатса, оларға есігім әрдайым ашық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әділет Хакім,
С.Демирел университетінің студенті