Басты  /  Сұхбат  /  Ақылбек ШАЯХМЕТ: Өшпей жалғыз сөз қалар

Ақылбек ШАЯХМЕТ: Өшпей жалғыз сөз қалар

3266
Ақылбек ШАЯХМЕТ: Өшпей жалғыз сөз қалар 29 мамыр күні ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Алтын қалам» иегері, белгілі ақын, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған кеші өтпек.

 Бүгінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Медиа-орталығын басқарып отырған қалам иесі, өңірлік жас журналистерді тәрбиелеп, соларға бағыт сілтеушілердің бірі. Осы орайда, мерейтой иесін әңгімеге тартқан едік.

– Шығармашылығыңыздың 50 жыл­-дығы қарсаңында бірнеше кітабыңыз оқыр­манға жол тартыпты. Шығармаларыңызда жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен қаскөйлік сияқты адами қасиеттерге тән әрі жат қылықтар туралы көп айтылады. Мұ­ның сыры неде? 
– Оның сыры күн мен түндей итжығыс түсіп жатқан фәниде. Алайда ол дүниеде де жеті тамұқ, сегіз жұмақ бар екен. Мұның өзі жақсылық әрдайым жамандықтан басым түседі дегенді меңзейді. Менің мақсатым – оқырманды жақсыға үйрету, жаманнан жиренту. Қостанай өңірінде еңбек еткен әйгілі Тоқсан би: «Жылға па­рыз – он екі айда келген құрбан, айға парыз – отыз күн ораза, күнге парыз – бес уақыт намаз...» деген екен.
– Күн мен түннің парызын жүрміз бе  біз орындап,
Ай мен жылдың парызын жүрміз бе  біз орындап?
Ұзақ жолға шыққанда әр жерде бір дамылдап,
Өтелмеген парызым бара жатыр қалыңдап.
Қараша жұрт патшаны отырса да мойындап,
Хан да, бірақ парызын отырған жоқ орындап.
Парыз шетте қалған соң қарыз шіркін көбейіп,
Ел мен жердің қайғысы бара жатыр қалыңдап.
Өмір жолы шұбалаң сан тарапқа  бұрылмақ,
Жасырамыз көп жайды ойнағандай тығылмақ.
Бұл тірлікте есірдім, кешір, Алла, кешіргін, 
Бозторғайдай парызым тұрып алды  шырылдап.
Имандылық тақырыбына «Мінажат» және «Иман –жүрек айнасы» деп аталған екі кітап жаздым. Оның алғашқысы ту­ралы танымал журналист Жұмабек Жан­ділдин «Айқын» газетінде «Абайдан Ақылбекке дейін...» деген мақала жазды. Абайдан кейін менің есімімді атағанына қатты қысылдым және қуандым. Жырла­рымды саралап, бағалап жатқан қалам­дасқа мың алғыс!
– Қостанайдағы орыс драма театрында «Ыбырайдың өсиеті» драмасы, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қа­зақ драма театрында «Өкініш» трагико­медиясы қойылды. Неліктен сіздің шығар­малары­ңыз таңдап алынды? Қойылым көңіліңізден шықты ма? 
– «Ыбырайдың өсиеті» орыс тіліне ауда­рылып, орыс драма театрында қой­ылды. Ұлы ағартушының бейнесін Ілияс Омаров атындағы Қазақ драма театрының актері Қонысбек Бекайдаров жасады. Бұл пьеса 2014 жылы «Алтын қалам» жүлдесіне ие болды. Ал «Өкініш» деген пьесаның әуелгі атауы «Шал мен кемпірдің тойы» болатын. Жас режиссер Ержан Қаула­новпен келісіп атын өзгерттік. Бұл спек­такль Қарттар үйіндегі ауыр халды баян­дайды, сондықтан көрерменге ой салады. Қазіргі уақытта театрдың тұрақты репер­туарында тұр.
– Балалар әдебиетіне де үлес қосып жүрсіз. Қандай әңгімелеріңіз бар? 
– Балаларға ірілі-ұсақты оннан артық кітап жазғанмын. Кейінгі жазған өлең­дерімді топтап «Ақылды ара» деп аталған жинақ дайындадым. «Балалар әдебиеті» баспасы мемлекеттік тендерге бірнеше жылдан бері ұсынып келеді, алайда жолы болмай жүр. Бұйырса, алдағы жылдары жарық көріп қалар. Жалпы, балаларға ар­наған жырларым бірнеше мәрте «Астана – Бәйтерек», «Дарабоз», «Балауса» секілді байқауларда бас бәйгеден бастап ынта­ландыру сыйлықтарына дейінгі бірнеше жүлдеге ие болған. Өткен жылы «Аруна» баспасы балаларға арналған бірнеше суретті кітапшамды басып шығарды.
– Қарасөздеріңіз де бар. Бұл сіздің өмірден түйгеніңізбен бөлісу ме? Мұнымен қазіргі қоғамға нені айтып жеткізгіңіз ке­леді?
– Қарасөзді Абайдан артық жаза ал­маймыз. Бірақ оймақтай ойлар деген та­қы­рыппен бірнеше жылдан бері көңілдегі көрікті ойларымды қағазға түсіріп жүрген жайым бар. Биылғы жылы «Каскалар және маскалар» деген прозалық жинақ шығардым. Сол кітаптан қысқаша ғана оқырман, тыңдаушы және көрермен ту­ралы оймақтай ойымды келтіре кетейін: 
Оқырман оқиды, оқығанын көңіліне тоқиды, тоқығаны бір ғұмырға татиды.
Тыңдаушы тыңдайды, жақсы сөзді са­на­сына сіңіреді, жаман сөзді бір құлағына кіргізсе, екінші құлағынан шығарып жі­береді.
Көрермен көреді, көргеніне сенеді, жақсыларға еліктеп, өзі де сондай болғысы келеді.
Бірақ ойланбайтын оқырман, көпірме көбік сөзге қол соғатын тыңдаушы, көр­геніне көзақы сұрайтын көрермен көбейіп барады.
– Сіздің шығармаларыңызды қазақ қана емес, орыс аудиториясы да оқи алады, екі тілде қатар жазасыз. Оған қоса, біраз шы­ғармаларыңыз өзге тілдерге аударылды. Шетелдерден ұсыныс бар ма? 
– Шетел дегенде, менің үлкенді-кішілі шығармаларым әзірбайжан, түрік, қырғыз, ағылшын тілдеріне аударылған. «Шо­қанның шері» және «Ыбырайдың өсиеті» деп аталған пьесаларымды Марқабай Ааматов деген қырғыз қаламгері қырғыз тіліне қотарды. Қырғыз тілінде жеке кі­табым да дайындалып жатыр. Ал орыс тіліне аударылған жырларым Москвада жарық көрген «Қазақ поэзиясының анто­логиясында» және Екатеринбург қала­сында шыққан «Похвала родному слову» деп аталған жинақта жарияланды. Әзір­байжан ағайындардың «Ұлы Шынар» жур­налында жақында топтама жырларым жарық көрді. Түркітілдес әдебиетшілерге берілетін Махмұд Қашқари атындағы ха­лықаралық сыйлыққа ие болдым. Биылғы жылы Астанада «Фолиант» баспасынан «Голос степи» деп аталған орыс тіліндегі жинағым басылып шықты. Оған драмалық шығармалармен қатар кейінгі жылдары жазған жырларым, көсемсөздер мен мақа­лалар енгізілген. Мұның сыртында «Нар қазақ – намысы бар қазақ» деген кітабым төте жазумен басылды. 
Биылғы жылы академик Марат Шуа­қаев екеуміздің құрастыруымызбен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемле­кеттік университеті баспаханасында Алаш ардақтысы Елдес Омарұлының шығар­ма­лар жинағы жарық көрді.
Оған оның қазақ және орыс тілдерінде жазылған шығармалары енгізілді. Бірақ оның еңбектері бұл кітапта түгел қамтыл­ған жоқ. Әлі жинастырылмаған немесе араб және латын әрпінен кирилл әрпіне көшірілмеген туындылары көп. Бұл туын­дыларды мұрағаттан тауып, жариялау келе­шекте ғалымдардың үлесінде. Әзірше қолда бар шығармалар ғана оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
– Шығармаларыңыз сан қырлы. Өзіңізге қай жанр жақын?
– Жанр дегенде жас кезімнен серік қыл­ған өлең бәрінен де жақын. Алайда өлеңге сыймайтын драмалық күрделі си­туациялар туралы қалам тербегенде пьеса­ларыма, өзекті тақырыпты сөз етерде көсемсөз жанрына жүгінемін. Әдебиетке ана жанр қажет, мынаның қажеті жоқ, күні өткен деген баға беруге болмайды. Романның да, фантастиканың да, поэзия­ның да өз орны бар. Адамзат Айға барса да, Марсқа қонса да, өркениет қандай шап­шаңдықпен дамыса да адамның жан жү­регіне, көңіл күйіне ерекше әсер ететін нағыз әдебиет мәңгі жасайды. «Өнер ал­-ды – қызыл тіл» десек, қазақтың тілі өлең­мен шыққан. Сондықтан поэзия да, проза да, көсемсөз де қазақ халқы барда, ана тілі барда өлмек емес.
– Қостанай облысындағы қазақ тілінде қалам тербейтін жазушылардың бірегейі­-сіз. Солтүстік өңірлерінің қазақылықтан сусап отырғандығы жиі сынға алынады. Рудныйда «бірде-бір қазақша көше атауы жоқ қала» атанып еді. Бұған не дейсіз?
– Рудныйда қазір қазақша атауы бар бірнеше көше бар. Қала, ауыл, көше атауларын, дүкендер мен мекемелер, кәсіпорындар атауларын, маңдайшадағы жазуларды бір-ақ тілде жазу туралы тіл туралы заңға өзгеріс енгізу ауадай қажет. Екі тілде жазу екі есе шығын екенін неге ескермейміз. Абай даңғылын «проспект Абая», Шоқан көшесін «улица Валиха­нова» дегеннен не ұтамыз? Кирилл әрпі­мен жазылған жазуды осы күні қазақ түгілі орыс та түсінетін деңгейге келдік емес пе?! Бұрын «Тобыл» аталып келген футбол командасы «Тобол» деген атпен Қостанай облыстық әділет басқармасында заңды тіркеуден өткеніне де көзімізді жұмып қойдық. 
Өзге ұлттарды ренжітпейік деген же­леумен тарихи жер-су атауларын қай­та­руды ұзын арқан, кең тұсауға салып ке­леміз. Осы мәселеге орай елді мекен­дерде жиын жасап, оларды жергілікті мәслихат­тарда қарау секілді процестерден арыл­майынша, қазақтың сөзі өтпейтініне куә болып жүрміз. 
Ең алдымен тәуелсіз Қазақстанның мем­лекеттік тілдегі картасы жасалуы ке­рек секілді. Бұл картадағы жер-су атаулары түгел дерлік қазақ тілінде жазылуы керек. Мәселен, осы уақытқа дейін Қостанай темір жол бекеті «Кустанай», Тараз вок­залы «Джамбул» болып жазылып келеді.
Қостанай қаласында Сарыарқаға мәлім үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін кө­шелерге беру туралы ұсыныс аяқсыз қал­ды. «Билер институтының дамуы» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция қорытындысында Арқаға аты жайылған үш бидің есімін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсы­ныс бір ауыздан мақұлданған болатын. Сол жолы көше атауларын өзгертуге мора­торий жарияланды деген сылтау айтылды да, кейін бұл тақырыпты ешкім де қозға­мады. Осыдан бірер жыл бұрын Алаш қайраткерлері Елдес Омарұлы, Біләл Ас­фан­дияров, қазақтың көрнекті тұлғалары Мұхамеджан Қарабаев, Ақсұлу Орысбай­қызы, Серке Қожамқұлов, Хакімжан Нау­рызбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, т.б. туралы да әңгіме көтерілген. Бұл ұсыныстардың бірде-бірі қабылданған жоқ. 
– «Еркек сүйген қатын өсек, ғаламторды жайлады» деген өлеңіңізде бос сөз, ғалам­тордағы былапыт сөзді тілге тиек еткенсіз. Шынымен, қазір сөз қадірін жете түсіне алып жүрміз деп ойлайсыз ба? 
– Сөз қадірін қазақ әлімсақтан түсінген. Бұл туралы менің былай деп жазғаным бар:
– Қатып жатқан күртік қар  қас-қағымда қозғалар, 
Біреу тоңып секірсе, біреу тойып  мәз болар. 
Алғыс айтқан ауыздан қарғыс шығар  кез болар, 
Киім шіріп, тән тозар, өшпей  жалғыз СӨЗ қалар.