Басты  /  Сұхбат  /  Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург: ЕЛ, ЖЕР және ӨЗІМІЗ

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург: ЕЛ, ЖЕР және ӨЗІМІЗ

2971
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург:   ЕЛ, ЖЕР және ӨЗІМІЗ – Сұлтанәлі аға, Елбасы жер кодексіндегі өзгертулерге мораторий жариялады. Кодекске енгізілген 4 норма неліктен көптің алаң­даушылығын тудырды? Әлде көп­шілікке заң актілері дұрыс жетпеді ме?

– Әрине, түсіндірудің жеткіліксіз болғаны рас. Бірақ сонымен бірге басқа да себептері бар деп ойлаймын. Мысалы, біраз мәселе Үкіметтің және оның қарауындағы Экономика министрлігінің жұмысына байланысты. Олар мемлекеттік қызметті бизнеспен, қазақша айтқанда, таза саудамен шатастыратын сияқты. Яғни ондағы жауапты қызметкерлер 1,7 млн гектар жерді аукционға шығарып сатсақ, сөйтіп, одан 2 млрд таза пайда түсірсек болды, басқа ештеңе де керегі жоқ деп есептеген. Әрине, бұл таза бизнестік көзқараспен келгенде өте дұрыс, одан арғысына бас ауыртпаса да болады. Ал сатылатын 1,7 млн гектар жердің бұдан кейінгі жағдайы қалай болады, ол жерді бұрын пайдаланып келген сан мыңдаған халық не ойлайды, жері сатылса қайтіп күн көреді – бұл сұрақ жер сатудың жобасын дайындаған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының да қаперіне кірмеген. Яғни олар халықпен жұмыс істейтіндерін, халықтың мүддесімен санасып, ұсыныс-тілектерін ескеруге тиіс екендіктерін ұмытып кеткен сияқты. Жер мәселесіне қатысты жиында Елбасы мұны жеріне жеткізіп айтты. Жер реформасы жөніндегі комиссия да соған орай құрылды. Дегенмен, комиссияның жұмысы біткен соң не болады? Ең бастысы – осында.
– Дұрыс айтасыз, ал сонда не болуы мүмкін?! 
– Басқаларды қайдам, мен, шынымды айтсам, оны өзім де білмеймін. Мысалы, жер сату мүлдем тоқтала ма?! Ол мүмкін бе? Өйткені қазірдің өзінде 1,3 млн гектар жер жекеменшікке өтіп кеткен. Иелері ол жерді кімге сатады, қалай сатады – оны өздері біледі. «Сатпа» деп ешкім де айта алмайды. Өйткені қазіргі заң сондай, сыпайылап айтқанда, біз – нарықтық, ал шындығында капи­талистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай қоғамда бәрі де сатылады. Жоқ, әлде біз бұл қоғамды өзгертіп, баяғы социализмге қайта өтеміз бе? Сөйтіп, жекеменшік жерді, басқа да дүниенің бәрін конфискелеп, мемлекет меншігіне қайтарамыз ба? Маған осы жағы анық емес. Жер дауына бай­ланысты айтылып, жазылып жатқан әңгімелердің біразын қарап, танысып шықтым, бірақ солардың еш­қайсысынан да дәл осы сұраққа нақты жауап алу қиын. Барлық әңгіме, негізінен, айналып келіп жерді сату керек пе, жоқ па; жалға берген дұрыс па, бұрыс па дегенге тіреле береді. Ал бүгінгідей нарықтық қоғамда өмір сүріп отырып, мұндай мәселені талқыға салудың өзі түсініксіз. 
– Демек, сіз жерді жекеменшікке сатуға да, жалға беруге де болады деп есептейсіз. Солай ғой? 
– Менің бұған да күмәнім бар. Үкімет пен оның жер жөніндегі мекемелерінің бүгінгі ұстанымы, жоғарыда айтқанымыздай, жерді жекеменшікке сатсақ немесе шетел­діктерге жалға берсек, бәрі де өз-өзінен реттеліп, тамаша болып кетеді дегенге тірелетін сияқты. Бірақ бұған да сену қиын. Мысалы, сонау тоқсаныншы жылдары тура осыған ұқсас әңгімелер айтылды. Яғни біздің сол кездегі ауыл шаруашылығын жүргізу жөніндегі саясатымыз дұрыс емес, бұдан әрі даму, өркендеу үшін енді нарық заңдылығына бейімделіп, жекешелендіруге көшейік дедік. Сөйтіп, колхоз-совхоздарды таратып, жерді де, малды да жұртқа бөліп бердік. Ал содан не шықты? Сол кезде қаптап жүрген мал қазір қайда кетті? Бұрынғы астық, көкөніс өсіп жатқан жердің басым көпшілігі неге бос қалды? Мұндай жағдайлар үлкенді-кішілі қалаларда да орын алды. Мысалы, жекешелендіру нәтижесінде Алматы, Астана сияқты қалаларда тұрғын үй мен үй салатын жерлердің бағасы барынша шарықтады. Сөйтіп, қарапайым тұрғындардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі қиындады. Ал қазір жерді жекеменшікке сатқаннан, жалға бергеннен кейін тағы да осындай жағдай қайталанбай ма? 
– Яғни сіз жерді сатуды да, сатпауды да қолдамайсыз. Ал бұдан өзге қандай жолы бар. Не ұсынасыз? 
– Басқа бір жолын тауып, керемет ұсыныс жасаймын деп айта алмаймын. Дегенмен, ең алдымен жерді сату, не сатпау деген мәселені емес, басқа жағдайды анықтап алу керек деп есептеймін. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстан керемет дамып, өсіп, өркендеуде дегенді күнде айтамыз. Және ол – шындық. Жиырма жылға да жетпейтін аз уақытта Астана сияқты әсем қала дүниеге келді. Алматыдан бастап, өзге қалалар да осылай жаңарып, жасаруда. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалар да оң өзгерістер бар. Ал осылармен салыстырғанда, ауыл шаруашылығы айтарлықтай кенже қалған. Мысалы, біз жайылымдық жердің көлемі бойынша дүниежүзінің ең алдыңғы қатарынан орын аламыз. Ал сол жайылымның мөлшеріне сәйкес қанша мал өсіріп жат­қанымызды есептесек, жұрттың ең соңында тұратынымыз анық. Бұл жөнінен, басқаны былай қойғанда, іргеміздегі Моңғолияның өзі бізден әлдеқайда озып кеткен. Олардың жері төрт түлікке толы. Қойларын сонау араб елдері ұшаққа тиеп әкетіп жатады. Ал біздің жеріміз Моңғолиядан әлдеқайда кең, жайылымдарымыз әлдеқайда мол, құнарлы, сөйте тұра, айналдырған 17 миллион халқымызды мал өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай, еттің біразын сонау Латын Америкасынан тасимыз. Бұл, жалпы, адам ұялатын жағдай!
Егіншіліктегі жағдайымыз да осыған ұқсас. Егістіктің жалпы көлемі бойынша дүниежүзінің ең алдыңғы қатарынан орын аламыз. Ал сол егістіктің әр гектарынан алынған өнім бойынша әлемнің ең соңғыларының бірі екенбіз. Көкөністің көбін көрші Қырғызстан­нан, Өзбекстаннан тасимыз. Алманы Қытайдан әкелетін болдық. Ал сонда мұндай құлдыраудың себебі неде? 
Жерді сату, сатпауды шешу үшін ең алдымен осы мәселелердің себебін нақты анықтап, соған орай қажетті іс-шараларды қолға алу керек. 
– Ол қандай шаралар? 
– Тағы да қайталап айтамыз, жерді сату, сатпау – ең басты мәселе емес. Біз жерді игере аламыз ба, өзгелер сияқты маңдай терімізді төгіп, жанымызды салып еңбек істеп, жерден дұрыс өнім алу қолымыздан келе ме – ең басты мәселе осында. Ал егер бұл қолымыздан келмесе, онда жерді жекешелендірсек та, жалға алсақ та, тіпті дүниедегі ең мықты инвестор әкелсек одан айтарлықтай нәтиже шықпайды. Бұл бүкіл адамзатқа белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осыған орай төмендегідей екі мәселені қолға алу керек деп есептеймін.
Біріншіден, жер туралы мәселе көтерілгелі әңгіме заңға, яғни Жер Кодексіне келіп тіреле береді. Ал бірақ жер мәселесі тек заңды жетілдірумен ғана шешілмейді. Егер жүзеге асыратын нақты тетіктері болмаса, заң қандай мықты болса да ойдағыдай орын­далмайды. Соған орай, Қазақстан Үкіметі жер реформасы жөнінде, нақтырақ айтқанда, ұлан-байтақ жерімізді тиімді пайдаланып, егістіктер мен жайылымдарды дұрыс игерудің бүгінгі заманға сәйкес, ғылыми және тәжірибелік жетістіктерге негізделген нақты жоспар-бағдарламасын жасауы керек. Бұл жоспар-бағдарламада әр облыс, әр өңірдің жер жағдайы, ауа райы мен табиғи ерекшеліктері, жергілікті халықтың шаруашылық-кәсіби бейімділіктері де жан-жақты ескерілгені жөн. 
Үкімет деңгейінде жасалған осындай құжатқа сүйене отырып, әр аудан, әр ауылдық әкімдіктер өздеріне қарасты жерді дұрыс игеріп, тиімді пай­даланудың жоспарын дайындауы тиіс. Айталық, кез келген ауыл әкімдіктерінде қанша егістік, қаншама жайылымдық жер бар, оның қаншасы жекеменшікте, қаншасы жалға берілген, олар қалай игерілуде, ал пайдаланылмай бос жатқан жер қанша – осының бәрі қағазға түсіп, сызба-картаға салынып, соқырға таяқ ұстатқандай кез келген уақытта көруге, тексеруге болатындай ап-анық болып тұруы керек. Соған орай, ауыл әкімдіктері жергілікті халық­пен және тиісті жоғары орын­дармен келісе отырып, жақсы жұмыс істеп жатқан шаруа қожа­лықтарын қолдау, дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлерді өзгелерге жалға беру немесе сату сияқты мәселелерді ашық, жариялы түрде шешіп отыруға тиіс.
 Жақында белгілі ғалым Оразалы Сәбденнің Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарлама жасау жөніндегі ұсыныстарымен танысып шықтым. Егер ғалымның осы ұсынысы қолдау тапса, ауыл шаруашылығында айтарлықтай оң өзгерістер болар еді. Ал нақты, айқын жоспар-бағдарлама жасалмаса, бұдан бұрынғы жекеше­лендірудегі жағдайды қайтадан бастан кешіріп, арада біраз жыл өткен соң тағы да қазіргідей у-шу болып, 75 адамнан комиссия құрып, жер мәселесін тура осылай талқылап жатуымыз әбден мүмкін.
– Ал жер реформасына қатысты ескерілуге тиіс екінші маңызды мәселе қандай? 
 – Екінші мәселе қалың көпшіліктің, яғни бүкіл халқымыздың жерге деген көзқарасына, қарым-қатынасына байланысты. Бұл ретте, жұртшылықтың жер туралы қазіргі әңгімеге барынша белсенділікпен араласып, алаңдау­шылық танытуы өте орынды әрі түсінікті. Дегенмен, халқымыз жерді дұрыс игеріп, тиімді пайдалану мәселесінде де осындай жаппай белсенділік, ерекше ықылас танытса дейміз. Бұл жөнінде ойландыратын біраз мәселе бар. Ашып айтқанда, біздің халқымыз өз жерін дұрыс пайдалануда, әсіресе, диқаншылықпен айналысу ісінде біршама кейін қалған. Мұны мойындау керек. Мысалы, Алматыдан пойызға отырып, республикамыздың кез келген бағытына жол жүріп көріңіз, сонда ұшан-теңіз жердің басым көпшілігінің егін егілмей, бос жатқанын анық байқайсыз. Ауылдардағы үйлердің басым көпшілігінің есігінің алдындағы жерге де кетпен тимеген, құр шаңы шығып жатыр. Ал шекарадан өтсеңіз болды, ар жағындағы Қырғызстан мен Өзбекстаннан да, Ресей мен Қытайдан да бос жатқан жерді емге табу қиын.
 Ал сонда біз жерді өзгелер сияқты неге дұрыс игере алмаймыз? Мұның себебін сұрасаңыз, жергілікті ағайындар үкіметті, аудан, ауыл әкімдерін кінәлаудан бастап, «жеріміз шөлейт, су жетіспейді, биыл жаңбыр дұрыс жаумады, көктем кеш шықты, күн ыстық болды» деген сияқты неше түрлі сылтау айтады. Осындай әңгіме естіген сайын Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Тұрфан деген жер еріксіз көз алдыма келеді. Шетсіз-шексіз мыс тақыр, бір тал қылтанақ өспейді. Міне, сол жердің халқы көз ұшындағы таудан суды жердің астын үңгіп қазып жеткізіп (үстімен әкелсе, ыстықтан бу боп ұшып кетеді) дүниежүзіндегі ең қымбат жүзім өсіріп, бай да бақуатты өмір сүруде. Израиль мемлекеті де, негізінен, тастақ жерді гүлдендіріп отыр. Ал Қа­зақстанның кез келген жері олармен салыстырғанда әлдеқайда бай да құнарлы. Басқа халық болса мұндай бай да құнарлы жерді ешкімнен ештеңе сұрамай, егінін де егіп, малын да өсіріп, әлдеқашан гүлдендірер еді. 
Тіпті ауылда тұратын қазіргі қазақтардан бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын өмір сүрген кешегі қазақтар әлдеқайда мықты болған сияқты. Мысалы, сонау отызыншы жылдардағы колхоз алғаш құрылған кезде жұрт ешқандай техника да, үкіметтен көмек, қолдау да жоқ екендігіне қарамастан, қол кетпенмен 20-30 шақырым канал қазып, екі жағын егінге толтырған. Шет жағасын бала болсақ та көрдік, біздің әке-шешелеріміз бен олардың заман­дастары ауылда ешқандай электр шамы жоқ, жол да, тіпті жөні түзу үйлері де жоқ, қысы-жазы көшіп-қонып жүріп-ақ ауылдағы малды жетпіс-сексен мыңға жеткізіп еді. Ал қазір ауылда тас жол да, электр жарығы да, сәнді үйлер де, күні-түні сериал көретін заманауи теледидар да – бәрі бар, тек баяғы қаптаған мал мен қалың егін жоқ. Сонда біз бос жатқан ұлан-байтақ жерімізден ешқандай пайда көрмей, құр шаңын шығарып, осылай қарап отыра береміз бе? Тіпті өз киімімізді өзіміз тігіп кие алмаймыз. Аяғымыздағы шұлығымыздан бастап, басымыздағы қалпағымызға дейін қытайдан, қырғыз­дан келеді. Сөйте тұра, біз керемет халықпыз деп мақтануға бейімбіз. Неге?
Жер туралы сөз болғанда, ең алдымен осы мәселе ескерілуге тиіс. Бірінші кезекте халқымызды ауылдық жерлерге тұрақтандырудың жолдары мен мүмкіндіктері нақты қарастырылуы керек. Яғни қалың көпшілікті өз жеріне өзі ие болып, жан аямай еңбек етіп, дұрыс пайдалана білуге бейімдеу қажет. Бізде осы жағы жетіспейді. Керісінше, ауылда жұмыс жоқ деп, қалаға көше жөнелу кең етек алған. Бірақ олардың қалаға келіп те жарытып жұмыс істеп жатқандары шамалы. Тау қопаратындай небір атпал азаматтар әр жерде күзетші болып немесе басқадай ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып жүр. Бюджеттік мекемеде істемегендіктен, табыстары төмен болғандықтан, қаладан ешқашан баспана да ала алмайды; сөйтіп, бүкіл ғұмырлары үй жалдап, кім көрінгеннің босағасында жүрумен өтеді. Осындай да өмір бола ма? Ал егер осы азаматтар ауылда қалып, егін егіп, мал өсірумен айналысса тіршіліктері мүлдем басқаша болмас па еді?!
– Халықты жер игеруге ынталан­дырудың жолдары қандай деп есептейсіз?
– Оның жолдары көп, бәрін айтып шығу мүмкін емес. Мен тек ерекше маңызды деп санайтын бір-екеуіне ғана тоқталайын. Ең алдымен айтарымыз, Қазақстанның ең басты байлығы, қазіргі ойлап жүргеніміздей мұнай да, газ да, тіпті уран да емес; ең негізгі байлығымыз – жер, су. Дүниежүзінің бәрінде жер мен су болса жұрт егінін егіп, малын өсіріп, күндерін көріп, жақсы өмір сүреді. 
Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысып, егін егіп, мал өсіру де үлкен өнер, ерекше мамандық. Бұл маман­дықтың қыр-сырын терең игеріп, жан салып, қызыға, ықыластана айналысу керек. Қиындығы кездессе төзе білу де қажет. Бір сөзбен айтқанда, жерімізге ие болып, жұрт қатарлы ел болу ең алдымен өзімізге байланысты. Бірақ бізде жұртты, әсіресе, жастарды осындай еңбекке бейімдеу жетіспейді.
– Еңбекке бейімдеу үшін не қажет?
– Мұндай жұмыстарды ең алдымен мектептен бастауымыз керек. Жасыратыны жоқ, бізде мектеп бітірген жастардың бәрінде түгелдей жоғары оқу орнына – институтқа, университетке түсіп, жоғары білім алу керек деген ұғым-түсінік қалыптасқан. Бұл – түбегейлі қате. Мемлекеттің іргетасын нығайтып, экономикасын күшейтетін басты күш – арнаулы орта білімі бар мамандар: қарапайым құрылысшылар, жұмысшылар, диқандар, малшылар. Мұндай мамандар неғұрлым мықты болса, ол елдің экономикасы да соғұрлым тез дамиды. Соған орай, өркениетті елдердің бәрі арнайы орта білімді мамандар дайындауға айрықша көңіл бөледі. Мысалы, Жапонияда орта мектепті бітіргендердің 30-40 пайызы ғана жоғары оқу орындарына түседі. Қалғандары арнаулы орта маман­дықтары бойынша жұмыс істейді.
Ал бізде мектеп бітіргендердің бәрі жоғары оқу орындарына ұмтылады. Мұндай жағдайда қарапайым жұмысты кім істейді? Біздің күнделікті жейтін тамағымызды кім өндіреді, киімімізді кім тігіп береді – бұл ешкімді де ойландырмайды. Соңғы он бес жылда біздегі білім беру саласында бірі-бірінен өтетін алуан түрлі реформалар жасалынды – міне, солардың бәрі аса дарынды, жан-жақты дамыған, жоғары білімді мамандар дайындауды ғана көздейді. Ал халыққа ең қажетті арнайы орта білім беруге көңіл әрқашан да жүрдім-бардым бөлінеді. Алдағы уақытта бұл мәселе де бір жүйеге түсуі қажет. Ең болмаса шаруа қожалық­тарына егін егіп, мал өсіруді дұрыс білетін жетекшілер мен арнайы орта білімді мамандар дайындау қолға алынса дейміз.
– Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығында қызмет атқарғаныңызға көп жыл болды. Осыған орай шетел қазақтарының Қазақстанға келіп ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға мүмкіндіктері бар ма?
– Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуда шетел қазақтарының үлкен мүмкіндіктері бар. Мысалы, Өзбек­станда жер өңдеу мәдениеті барынша дамыған. Мұны сол елде тұратын қазақтар да жақсы игерген. Қытайда жер өңдеуге қажетті шағын техникалар жасау да жоғары деңгейде. Бұл елдегі ағайындар осы диқаншылық тәжірибесі мен қолда бар техникасын Қазақстанға әкеліп пайдаланса көп іс тындырар еді. Және қазірдің өзінде олардың біразы шағын тракторлары мен басқа да құрал-жабдықтарын Қазақстанға әкеліп, егін егіп, көкөніс өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Міне, осы ағайындарға Қазақстан тарапынан қандай қолдау жасалуда?!. Оған нақты жауап қайтару қиын. 
– Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өткен бір кездесуде сырттан келетін қазақтардың малын бірге алып келгісі келетінін айтып еді. Оған кедергі болып отырған не нәрсе?
– Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малы жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да малды әкелсек деп армандайды. Бұған Моңғолия да, Қытай да қарсы емес. Мал әкелуге қарсылық Қазақстан жағынан болып тұр. Дәлірек айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Малдәрігерлік қызмет мекемесі бұл елдерде «жұқпалы ауру болуы мүмкін» деген сылтаумен малды шекарадан өткізуге тыйым салған. 
Бір таңғаларлығы, бізде Америка, Германия сияқты елдерден тауық еті мен сиыр тасуға ешқандай кедергі жоқ. Осыдан бір-екі жыл бұрын сол тауықтардың етінде улы зат бар екендігі анықталып, Еуропада біраз шу шықты. Ал Германиядан әкелген біраз сиырлар жұқпалы аурудан өліп, өртелді. Осыны көргенде, алыс мемлекеттерден күмәнді тауық еті мен ауру сиыр тасығанша, іргеде тұрған елдерден Қазақстанның табиғаты мен ауа райына бейім өзіміздің төрт түлік малымызды неге әкелмейміз деген сұрақ туады. Осыған орай мамандармен сөйлесіп көрдік. Олардың айтуынша, Моңғолия мен Қытайдың малын шекарада бірер ай карантинде ұстап, жақсылап тексеріп, содан кейін өткізе беруге болатын көрінеді. 
– Биыл жетпіс дейтін белеске көтеріліп отырсыз. Өткен өміріңізге, шығармашылық жолыңызға қандай қорытынды жасар едіңіз?
– Өз өміріме де, шығармашылық жолыма да шүкіршілік деймін. Ең бастысы, осы жасыма дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Жас күнімнен бастап жанымды салып еңбек еттім, халықтың жағдайына, тағдырына байланысты мәселелерді айтуға, жазуға тырыстым. Және ол айтып, жазған­дарым жерде қалмады, басым көпшілігі бірден болмаса да, біртіндеп жүзеге асты. Солардың біреуін мысал ретінде айта кетейін. Осыдан жиырма бес жылдан астам уақыт бұрын, тәуелсіздік алмай тұрған кезде «Қызыл кітапқа кіретін халық» деген бірнеше бөлімнен тұратын проблемалық мақалалар жазып, жарияладым. Ол кезде Алма­тыда бір-екі ғана қазақ мектебі бар еді. Қазақтардың өз ана тілінен, ұлттық ерекшеліктерінен теріс айналуы, ішкілікке салынып, моральдық жағынан бұзылуы барынша асқындап тұрған. Соған орай, қазақ халқы осы қалпымен тұра берсе, азып-тозып, ұлт ретінде жойылып кетеді деген мәселе көтердім. Және бұл ойымды «Қазақша білмейтін қазақ қай ұлтқа жатады?», «Ілгері баспаған интеллигенция», «Қазақ жеңе ме, арақ жеңе ме?!», «Қазақтан шыққан басшылар қазақ халқын қадірлей ме екен?!» деген тақырыптармен жеке-жеке талдап, дәлелдеуге тырыстым.
Бұл жазғандарым біреулерге ұнады, біреулерге ұнамады. «Қазақты ұлт ретінде жойылып кетеді деу – жағына жылан жұмыртқалағырдың сөзі» деп өзімді кіналағандар да болды. «Біздің ішкен арағымызда қандай шаруаң бар, неге жайыңа жүрмейсің?» деп ренжі­ген әріптес қаламгерлер де табылды.
Міне, содан бері заман да, ел мен адам да өзгерді. Соған орай, мен қазір баяғыдай ұлттың жағдайы, тілдің мәселесі, қазақтың түбіне жете жаздаған ішкілік пен басқа да келеңсіз мәселелер туралы мүлдем дерлік жазбаймын. Өйткені қазақ құрып кетеді дегенді қайдан шығардың деп кезінде мені кінәлаған азамат енді одан да он есе арттырып, «Қазақтың басына қауіп төнді, жойылатын болды» деп күнде мәселе көтеріп жүр. Баяғы «Арақ жеңе ме, қазақ жеңе ме?» деген мақалам .үшін мені кінәлаған әріптесім енді «тентек суды» біржолата доғарып, жұма сайын мешітке барып, ара-арасында қазақтың рухани тазалығы, салауаттылығы жөнінде жап-жақсы әңгімелер айтып жүр.
Әйтсе де ең бастысы, бұрын бір-екі ғана қазақ мектебі болған Алматы қаласында қазір таза ана тілінде білім беретін 60-тан астам оқу ордасы бар. Көшеде кездескен қаракөз бүлдір­шіндер түгел дерлік (олардың арасында өзімнің немерелерім де бар) майын тамызып, әдемілеп қазақша сөйлейді. 
Осыларды көргенде өзімді кәдімгідей бақытты сезінемін. Бір кездегі айтқандарымның жерде қалмай, күн­дердің күні жүзеге асқанын көргенде бойымды ризашылық сезім билейді. Міне, осы тұрғыдан келгенде ел, жер және өзіміз туралы айтқан бүгінгі әңгімемізде елеусіз қалмай, күндердің күні жүзеге асарына шын көңіліммен сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет! Сол сеніміңіздің орындалуына әрқашан да тілектеспіз!