Басты  /  Сұхбат  /  Фархаджан ДАВУТОВ: Махамбеттің рөлінде қатты қиналдым

Фархаджан ДАВУТОВ: Махамбеттің рөлінде қатты қиналдым

2109
Фархаджан ДАВУТОВ:  Махамбеттің рөлінде қатты қиналдым Фархаджан Давутов – Алматыдағы Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік Ұйғыр музыкалық комедия театрының артисі.

1983 жылы Н.Островский атындағы Ташкент Өнер институтының «Музыкалы театр актері» факультетін бітірген. Қазақтың қайталанбас тұлғалары өзі ақын, өзі батыр Махамбетті, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынды сомдаған, ауыл ақсақалы, ел мен жерді ардақтаған Қасқарау қартты сахнада ашып көрсеткен көрнекті актер.

– Фархаджан, актер болуды бала кезі­ңіз­­­­ден армандадыңыз ба?
– Бала кезімнен бастап ән айтуды ұна­татынмын. Мектепте оқып жүргенде, көркемөнерпаздар ұжымында ән салып, аудандық фестиваль, байқауларға қаты­сып, бірнеше рет жеңімпаз атанғанмын. Мек­тепті бітіргеннен кейін, «Ұйғыр театрына келешек актерлерді дайындау мақсатында Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Н.Островский атындағы Өнер институтына студенттер қабылдап жатыр» деп естіп, құжаттарымды тапсыр­дым. Конкурсқа қатысқан 400-ден астам абитуриенттен тек 19 қыз-жігіт институтқа қабылдандық. Қуанышымызда шек жоқ! Себебі, біз кішкентай кезімізден бастап көптеген кинофильмдер арқылы есімдері таныс бірқатар артистер бізге сабақ берді. Өзбекстан халық артистері, даңқты опера әншісі Асад Азимов, Рахим Сай­футдинов, Автет Мурадова, Халима На­сировалардан тәлім алдық. Бес жыл студенттік өмір тек ізденіс, оқуға, актерлік шеберлікті мең­геруге болған қызығу­шы­лықпен мазмұнды өтті де кетті.
– Театрдағы алғашқы рөліңіз? 
– Мен институттың 5 курсында З.Қа­ди­рийдің «Ғунчәм» музыкалық драма­сында басты рөл — Нурумды сомдап, дипломды «өте жақсы» деген бағамен қорғадым. Институтта бірге оқығандардан 9 қыз-жігіт Ұйғыр театрына жұмысқа ор­наластық. Ал кейінгі өміріміз осы театрмен байланысты. Менің театрдағы ең алғашқы рөлім Ж.Асимов пен А.Садыровтың «Анар­хан» қойылымындағы басты рөл – Хамра болды. Осы музыкалық драмамен 1934 жылы кәсіби Ұйғыр театры өз шы­мылдығын ашқан екен, бүгінгі күнге дейін классикалық туынды ретінде сахнамыздан түспей келеді. «Анарханды» өзбек режис­сері Вахаб Азимов, армян Сергей Башоян, қазақ сахна өнерін әлемдік деңгейге көтерген өнер тарландарының бірі Әзір­бай­жан Мәмбетов әр жылдарда сахналаған еді. Сол үшін мен өзіме жүктелген бұл ал­ғашқы рөлге өте жауапкершілікпен дайын­далдым. Хамраның арияларын, Анар­ханмен орындалатын дуэттерін қызығып меңгердім. Нәтижесінде, Хамра рөлі менің ұйғыр театрындағы келешек актерлік өміріме жолдама берді десем бо­лады. Одан кейін сол жылдарда театры­мызда бас режиссер болып жұмыс істеген Қазақстанның халық артисі, даңқты ре­жиссер Қадыр Жетпісбаев маған М.Бай­джиевтің «Сенбі күні – тойға!» трагикоме­диясындағы бас кейіпкер – Хасанды тапсырды. Театрымыз репертуарында талай жылдар бойы ойналып келе жатқан И.Саттаров, В.Дьяковтың «Ғерип-Сәнәм» музыкалық драмасында – Ғерип, С.Бал­ғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда...» қойылымында – Сәбит, өзбек драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясында – Нәбидің, түрік драматургі және режиссері Исмет Хурмузлюдің «Шетелдік» драмасында Магомет сияқты басты рөлдерді ойнадым. Бұл рөлдер мен сомдаған неше түрлі рөлдердің бір бөлігі ғана. Биыл театрға келгеніме отыз үш жыл болды. Жалпы, менің өнердегі өмірім сәтті басталды. Ұйғыр театрына келген күнімізден бастап, аналық және әкелік мейі­рімін аямай, қамқорлық жасаған Қа­зақстан халық артистері Раушангүл Ила­хунова, Мәхпир Бақиев, Қурванжан Абдрасулов, Зинәтгүл Акбарова, Қазақ­станның еңбек сіңірген артистері Кәрим Закиров, Султан Исрайиловтар маған риза болып, ақ баталарын берді. Олардың басым көпшілігі бүгінде арамызда жоқ...
– Театрға жастар қызықпайды деген сөзді жиі естиміз. Бұл тұрғыда Ұйғыр театрындағы жағдай қалай?
– Мен мұндай пікірге мүлдем қосыл­май­мын. Қазір жастар өте білімді, мәде­ниетті. Олардың театрға қоятын талабы да жоғары. Мысалы, репертуарымыздағы «Идиқут», «Баянчур», «Қош юлтуз» сияқты тарихи қойылымдарға жастар көп келеді, пікірлерін білдіреді, сын айтады. Бүгінгі күннің күрделі мәселелері көрсе­тілген қойылымдарға сұраныс көп. Ре­пертуарымызда заманауи қойылымдар бар. Олардың басым көпшілігі қазақ, орыс, татар, қырғыз драматургтарының шығармалары. Өкінішке қарай, ұлттық драматургиямыз тарихи тақырыппен шектелуде. 
– Актерлік өміріңіздегі ең басты рөліңіз қайсы?
– Әр қандай қойылымда басты рөлге таңдалу үшін актерлік шеберлік және еңбек қажет. Басты рөлде ойнайтын актер­лерді режиссер таңдайды. Актерлердің рөлге енуі, актерлік шеберлігіне қарай сұрыпталып, ең соңында режиссер лайық­ты деп шешкен актерді тұрақтандырады. Осы тұрғыдан алғанда, Иранбек Ораз­баевтің «Киелі күнә» драмасындағы Ахмет Байтұрсынов бейнесі көп ойланып-тол­ғануыма, ізденуіме ықпал еткен образ болды. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан тұлға. Мен оның 1937 жылы түрмедегі өмірінің ақырғы күндеріндегі бейнесін сомдадым. Ал мен үшін ең қиынға түскен рөл – Әкім Таразидің «Ма­хамбет» атты фантасмагориясындағы басты кейіпкер бейнесі Махамбет болды, әрине. Бұл 2003 жылы болатын. Театр бас­шы­лығы Махамбет Өтемісовтің 200 жыл­дығына орай Орал қаласында өтетін ХI республикалық театр фестиваліне қаты­сатын спектакль дайындауға кірісті. Сонда режиссер Сайлаубек Асылханов маған Махамбет рөлін тапсырды. Спектакльді қазақ тілінде сахналау үшін маған қазақ тілінде сөйлеу қиынға түспеді. Бірақ Махамбеттің жиырма шумақтан астам термесін үйрену, меңгеруде әбден қинал­ғаным рас. 
– Қазақша таза сөйлейді екенсіз...
– Мен – Алматы облысының Ұйғыр ауданында өскен ауыл баласымын. Біздің ауылда қазақ пен ұйғырлар өте жақын дос болып өстік. Біз қазақша, ал қазақ дос­тарымыз ұйғырша сөйлейтін. Есімде, көр­шіміз Бибігүл апай біздің үйге «ұйғырдың әткен шәйін ішейік» деп кіретін. Әткен шәй дегеніміз – тұз қосылған сүт-қай­мақты шәй. «Махинур, сенің қолыңнан ішкен шәй өте дәмді» деп қоятын марқұм. Ал біз Бибігүл апайдың пісірген бауыр­сақ­тарын жақсы көретін едік. Ол апамыз бізді етке шақыратын. Менің қазақ тілін жақсы меңгергенім театрдағы өмірімде көп сәттілікке жетеледі. Махамбеттен кейін, былтыр жазушы-драматург Ахметжан Аширидің «Жалғыз жалбыз» /реж. Я.Шә­миев/ қойылымында туған жерін, оның табиғатын, адамдарын ардақтаған, қор­ғаған қазақ ұлтының өкілі Қасқарау ата бейнесін мен сомдадым. 
– Сіз тек актер емес, әншісіз де ғой?
– Иә. Біздің театр құрамында драма труппасынан басқа, «Нава» фольклор, «Рухсарә» би ансамбльдері жұмыс ат­қарады. Мен «Нава» ансамблінде ән, ұйғырдың классикалық «12 мұқамын» айтып жүрмін. Бұдан бірнеше жыл бұрын Мәскеуде өткен оперетта артистерінің Бүкілодақтық конкурсына қатысып, жақсы нәтижелермен оралғаным бар. Өзімнің жеке шығармашылық кешім өтті. Онда да мен халық әндерімен бірге, за­манауи композиторларымыздың әндерін және өзімнің шығармаларымды орын­дадым. Былтыр сол әндерімнің жинағы альбом болып жарық көрді. 
– Қандай арманыңыз бар?
– Төрт перзентіміз біздей ата-анала­ры­мен мақтанып жүрсе деген арманым бар. Екіншіден, азаттық аңсаған елдің арманы орындалып, 25 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған Қазақстан халқы өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабаларымыздың ар­ма­ны орындалған осы шақта баршаға бақыт, береке тілеймін. 

 

 

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ