Басты  /  Сұхбат  /  Нұрғожа ЖҰБАНОВ, ардагер-фотожурналист: Қалың қарды қазып, түнеген сәттерім де болды

Нұрғожа ЖҰБАНОВ, ардагер-фотожурналист: Қалың қарды қазып, түнеген сәттерім де болды

2979
Нұрғожа ЖҰБАНОВ, ардагер-фотожурналист: Қалың қарды қазып, түнеген сәттерім де болды

Сонау кеңестік заманда түсірген бір фотосуреті ТМД кеңістігінде кеңінен таралып, сан мыңдаған газет-журнал «беташар бетіне» жариялап, жарқыратып жібергенде, халық осы суреттердің авторы қазақтан шыққан қарапайым журналист екенін білгенде, фотоөнердегі қазақ азаматының шеберлігіне талай мәрте қошемет білдірген еді. Бұл қазақ фотоөнерінің атасы әрі журналист – Нұрғожа Жұбанов болатын. 
Журналистік қабілеті өз алдына, ол қазақ фотожурналистикасының тұңғыш мектебін қалыптастырды. Қолындағы бірнеше таспалы «Зенит» маркалы фотоаппаратымен түсірген фотодүниелері қай жағынан алсаңыз да сан жағынан да, сапа жағынан да жоғары. 
Қазыналы қарияның қолымен түсірілген дүние қазақтың тағы бір тарихын көрсетеді. Қарт фотожурналистің сыр сандығында жұмбаққа толы талай дүниенің жатқаны белгілі. 

 

– Қазақ фотожурналистикасы сізбен бір­ге ілесе келді. Осы саладағы әріптес­те­ріңіздің арасында шығармашылық жағынан ең ізденімпазы ретінде көрнекті еңбек­те­ріңізді жұртқа жарқыратып көрсеттіңіз. Есіміңіз қазақ фотожурналистикасының қалыптасуымен тығыз байланысқа ие болды. Жалпы, осы салаға қалай келдіңіз? 
– Өмір мені еркелеткен жоқ. Әкеден ерте айырылдым. Қиындықтармен бетпе-бет келдім. Тіпті, бала жасымда мен ауыр­маған ауру жоқ шығар. Әлсіз болдым. Демікпемен ауырдым. Әсіресе безгек қат­ты қинады. Оның уақыты жақын­дағанын аңғарып, үйге жүгіретінмін. Далада ұста­са, қиынның қиыны. Әрине, осының бәрімен күреспесе, жанымды жаншитыны анық еді. Оған қарсы тұрудан басқа жол қалмады. Сөйтіп жүріп ер жеттік. 
1956-61 жылдар аралығында қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетiнде журналист мамандығы бойынша білім алдым. Сол кезде бір се­местр ғана «фотожурналистика» деген дәріс өтті. Қо­лыма қаламды жиі алғаным­мен, фотосурет­ке деген қызығушылығым да бар болатын. Сабақ беретін мұғалім топтағы әр студент­тің қолына фотоаппарат беріп, тауға шы­ғарып, сурет түсіруге тап­сырма беретін. Табиғат аясындағы фото­түсірілім тапсыр­ма­сы орындалып болған­нан кейін, мұға­ліміміз барлық суреттерді сараптап шықты. Сонда мені шақырып алып, «Нұрғожа, сенің суреттеріңде ерекше қасиет бар екен», – деді. Сол арада мұға­лімге фотоға әуестігімді айтқан едім. 
Суреттің бір ғана заңдылығы бар. Ол – жарық мәселесі. Жарықтың түсуі суретте басты рөл атқарады. Жарықты дұрыс пайдалану – қылқалам суретшісіне де, фотожурналист пен фотографқа да бірдей қойы­латын талап. Ал табиғатқа шығып, тау-тасты түсіргенде алдыңғы және артқы кескіннің дұрыс тұруын табу керек. 
Оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алғаннан кейін «Қазақстан әйелдері» журналында тілші болдым. Журналистік қызметті бір жылдай атқарып шықтым. Редакциядағы фотожурналист қызметінен кеткеннен кейін, оның орнына мені та­ғайындады. Өйткені, көп іссапарға шық­қанда, жолжазбаммен бірге өзім түсірген фотосуреттер қатар жарияланатын. Осы­лай­ша ойламаған жерден фотожурналист атандым. Одан ешнәрсе жоғалтқан емес­пін. Журналистік өмірдің бір қызығы – Қазақстанды, басқа республикаларды да араламаған жерім жоқ. Бұл мен үшін үлкен «олжа» болды.
Қазақ фотожурналистикасының ал­ғаш­қы өкілдерінің бірі болғаныммен, мен алғашқы түрлі-түсті сурет шығарған қазақ­тағы бірінші фотожурналист болатынмын. Алғаш осы әдіспен суреттердің түсін қой­ып, оны басылымдарға жариялап тұрдым.
– Нұрғожа аға, сіз түсірген суреттер көп қой. Қорыңызда жиналған суреттердің санын айта аласыз ба?
– Оның санын айта да алмаймын, себебі менде жинақталған қор жоқ. Барлық суреттер кезінде редакцияда жинақталаған болатын, негізігі қор сол басылымның сарғайған беттерінде сақталып қалған. Бірақ, түсірілген суреттер өте көп болатын. Орыс, еврей әріпттестерім «Пейзаж түсіру жағынан сізге таласпаймыз. Сенің түсір­геніңді, біз түсіре алмаймыз», – деп үнемі мойындап отыратын. 
Фотоаппарат дегеннің не екенін біл­мейтін мен оқуға түспестен бұрын, бірқатар үлкен жұмыстар істедім. Атырау облыстық мәдениет басқармасында қызмет атқарған­мын. 
– Үйіңізде сақталып тұрған суреттеріңізді мұражай, кітапханалар сұратып, ұсыныс білдіргендер бар ма? 
– Өзім түсірген суреттердің менде тек негативтері сақталған. Кеңес Одағы ке­зінде біз түсірген суреттердің негативтерін Алматыда сақтау үшін жиі алып тұратын. Қазір Кеңес Одағы тарады, мекеме жойыл­ды. Сол мекемеде біраз суреттер кеткен еді. 
Осыдан бірнеше жылдар бұрын Қа­зақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин менің еңбектерімді жинап, жинақтап фотоальбом шығарсақ деп ұсыныс білдірген еді. Бірақ, өзім аса бұл іске тікелей араласа қоймағандықтан, жоба жолда қалып қойды. 
– Мықты фотожурналист болу үшін не қажет?
– Нағыз фотожурналист, жалпы көр­кемсурет жасаймын деген адамның табиға­тында суретшілік қасиет пен көре білу қа­бі­леті болуы керек. Одан кейін, сол қа­рым-қабілетке сай ізденімпаздық қажет. Сонда ғана мықты фотожурналист қалып­тасады. Мәселен, жерде жатқан аппақ қардан қалай көркем сурет жасауға болады? Ақ қара түсті фотографияның кезінде, сол аппақ қардан көркем сурет жасап шығар­дым. Ол үшін күн көзінің жерге айқыш-ұйқыш түскен кезіндегі көлеңкені обьек­тивке дәлдеген болатынмын. Бұл тағы да – «жарық заңдылығы». 
– Көп сапарлаға жаяу шығып, керемет дүниелер түсірген екенсіз. Осы турасында айтып берсеңіз?
– Жаяу ел аралап, сапарлау жобасының авторы сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығында болған Мамадияр Жақып болатын. 1995 жылы Абайдың мерейтойына орай «Ұлыларға сапар» деген жобаны бастаған еді. Бірақ, алғашқысына бара алмай, кейін Сәтпаевтың тоқсан жыл­дығына орай өткізген жобасында Семейден Сәтбаевтың ауылына дейін жаяу жүрдім. Содан кейін Жамбылдың жүз жылдығына Алматыдан Ұзынағаштың арғы бетіндегі музейге дейін жаяу сапарға шыққан бола­тынмын. 
Жаяу жүру – менің хоббим де болып кетті. Соғыс кезіндегі жеткіншекпін ғой, балалық шақта Жайықтың бойына жаяу барып, балық аулап, қайта ауылға бара­тын­мын. Негізі жаяу жүру сол кезден басталған. Кейін, үш тазы ұстап, аңшылық жасадым. Ол да осы жаяу жүрумен байланысты. Әс­керге барған кезде, Ташкентте Түркістан әскери округының Памир тауының басын­да шыңға жыл сайын 10 адамды аттан­дыратын. Сол тізімнің арасына мен де ілігіп кеттім.
Шыңға шығу өте керемет оқиға болды. Бірақ, биікке көтерілген әр қадамың, өлімге жақындаған бір сәт секілді сезіле бастайтын. Көкшатырға қадалған шыңға көтерілген сайын үшкірленіп, ол бір жағынан қиындық тудырғанымен, екінші жақтан ауа жетіспеушілігі тағы бір қауіптің есігін ашады. Бірақ, биігіне шығу мақсатын сөзсіз орындау қажеттілігі үлкен тапсырма екені басты міндет. Жауапты міндетке жауапсыз қарай алмай, шың биігіне белгілі уақытта көтеріліп қайттық. Соның нәти­жесінде қазақтардың ішінде 1948 жылы «СССР альпенисі» атағын иемдендім. 
Алғаш рет асқар шыңға шыққан бұл қадам мені жаяу жүруден бөлек, биік шың­ға өрмелеу, тауға шығу құштарлығын үйретті. 1961 жылы оқуға түскенде, бірінші курстан бастап асқар Алатаудың заңғар биіктеріне шығу дәстүрін өміріме мықтап енгіздім. Нәтижесінде, каникул кезінде нақты жоспар құрып, Медеу шатқалынан бастап Алматының Алатаудан қырғыз ағайындардың асуына дейін жаяу аралап шықтым. Биік тау лагерьлеріне жете алмай, орта жолда қалың қарды қазып, соның ішінде түнеген кездерім де бар. Ол енді өте қауіпті, әрі қорқынышты сәттер еді. Бұл тау тақырыбы мен үшін ортақ тілде айтылатын «хоббиден» жоғары, өмірлік қажеттілікке айналды. 
– Қазір тауға шығып жүрсіз бе?
– Бұрын сенбі-жексенбі күндерінің бірін де қалдырмай тауға шығатынмын. Мамадияр Жақыптан бастап, өзімінің бірқатар әріптестерімді, ақын-жазушылар­ды Алатаудың бөктеріне, асқар биіктеріне апарып тұратынмын. Таудың бір қасиеті бар, бір рет биікке шықсаң, екінші рет қайта шақырып тұрады. Демалыс күндері дос-жаран, ағайын-туыс қонаққа шақырып қалмаса, міндетті түрде тауға жүретінмін. Тауға шыққан уақытта қысы-жазы қарлы­тауға дейін барып қайтатынмын. Төменде біраз демігіп қиналғаныммен, биікке шыққанда өмірге қайта келгендей әсер алатынмын. Шын мәнінде тау кереметі. 
– Әңгімеңізге көп рақмет!