Басты  /  Сұхбат  /  Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор: ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛАРЫ – КӨПТЕГЕН ҰЛТ ТАРДЫҢ АТАСЫ

Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор: ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛАРЫ – КӨПТЕГЕН ҰЛТ ТАРДЫҢ АТАСЫ

2801
Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор: ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛАРЫ – КӨПТЕГЕН ҰЛТ ТАРДЫҢ АТАСЫ Олардың гендері біздікінен шыққан

Профессордан сұхбат алуға қызмет бөлмесіне барғанбыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабын оқып отыр екен. Бейтаныс әдебиет. Ректор оқып отырған бетіне ажыратқышты қойды да барлық назарын бізге аударды. 

– Оқитын кітап көбейсін, профессор мырза. Бұл Елбасының соңғы шыққан кітаптарының бірі болды ғой шамасы...
– Олай болмауы да мүмкін.«Жылдар мен ойлар» деп аталатын бұл кітапты Нұрсұлтан Әбішұлы университетімізге соңғы келгенінде сыйға тартқан еді. Кітапханадан алып оқып отырмын. Керемет екен! Елбасының әр кездері айтқан қанатты сөздері топтасты­ры­лыпты. Осы ғажайып кітаптың «Алматы-кітап» баспасынан небәрі 55 дана таралыммен шыққаны таң қалды­рып отыр. Университетке сыйлық ретінде берілгені 28-кітап. Бұл – әрбір Қазақстан азаматы үшін керек дүние. Мұны осы қалпында көбейтіп шығару керек сияқты...
– Көбейтіп шығарамыз деген мекемеге ешкім «жоқ» дей қоймас. 
– Мүмкін... Бірақ Елбасының кіта­бын кез келген адам, қалаған таралым­мен шығара алмағаны дұрыс. Оның өзіндік тәртібі болуы керек. Мысалы, «Президент аппаратынан рұқсат алуы қажет» деген сияқты. Бір білетінім, мына басылым, философияға, өмірлік тәжірибеге, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын өнегеге тұнып тұр. 
– Елбасымыздың кітабында қазақ халқы, қазақ ұлты туралы көптеген пәл­сапалық тұжырымдар бар. Осы орайда қан тазалығы туралы ой туындайды. Соңғы бір-екі жылда осы төңіректе тың ойлар айтып жүрсіз ғой.
– Қазақ ұлты деген термин осыдан 1000 жылдай бұрын пайда болды. Қазақ деген ру жоқ, халық бар. «Қазақ руларға, тайпаларға бөлінеді» деген теория дұрыс емес. Керісінше, «Қазақ халқы рулардан тайпалардан тұрады» деуіміз керек. Ұлттың генін таза сақтау үшін бабалары­мыз руларды шығарған. Гендік қор өте таза болсын деген талпыныс. Бабала­рымыздың көрегендігі сонда, қаны таза халықтың болашағы зор.
Атадан балаға берілетін гендер – SһoҺt Time Reapet. Бірақ өзгеріп отыра­ды. Өзгермейтін де гендер бар. Гендер көптеген комбинациялардан тұрады. 
Жалпы, қазақтың рулары осыдан 40 мың жылдай бұрын пайда бола бастады. Қазір әлем халықтары қазақтың рулық құрылысын өздеріне үлгі етуде. Мысалы, Израильде екі жас үйленгісі келсе олардан «туыстық қатынасы жоқ» деген анық­тама талап етіле бастапты. Ұлттың қан тазалығы қазір сол ұлттың қауіп­сіздігі деңгейіне дейін көтерілді деуге болады. Ендеше, біздің ата-бабалары­мыздың рулық құрылысты ойлап табуы қазақ халқының ғана емес, әлем елдерінің дамуы барысындағы теңдесі жоқ құбылыс деп бағаланады. 
– Осы орайда қазақ тілі туралы не дей аламыз?
– Тіл сол халықпен бірге пайда болады. «Қазақ тілі көне қыпшақ тілінен шыққан» деген әңгіме айтылады. Қыпшақ – қазақ. «Тіл кейін пайда болды, әдепкіде адамдар бір-бірімен ыммен сөйлесті» дегенді естиміз. Бұл сөз – жалған. Бұрын да айтқанмын. Тағы да бір рет қайталағанымыз артықтық етпес. АҚШ-тың бір профессоры мынадай тәжірибе өткізіпті. Зертханаға екі тас алып келеді. Студенттерді екіге бөледі. Бір топқа «сөйлесіп, бір-біріңмен ақылдаса отырып мына тастан зат дайындаңдар» дейді. Екінші топқа «сөйлемеңдер, ыммен ұғысуға болады. Үндемей жүріп зат дайындаңдар» деген тапсырма береді. Не керек, қанша талпынса да сөйлемегендер түк те шығара алмайды. Ал сөйлейтіндер біраз тірлікті тындырған. Сөз болмаса қарым-қатынас нашарлайды, ал онсыз адам тығырыққа тіреледі. Адамзат, ұлт, халық сөйлемесе дамымайды. Ұлт бар жерде тіл бар. Тіл ұлтпен бірге дамиды. Әлемде соңғы ұлттың пайда болғанына 16 мың жыл болыпты. Ал одан кейін жаңадан бірде бір халық пайда болмапты. Қазақ әлемдегі ең көне ұлттардың бірі.
Егер біз «бабаларымыздың қазіргі Қазақстан аумағында тұра бастағанына 65 мың жыл болды» десек, тілімізге де сонша жыл. Осылай дегеніміз дұрыс. 
Қазақ тілі әлемдегі ең көне тілдердің бірі. Мысалы, мамонтты қазақтар «зіл» деген. «Қара зіл» деп атаған. «Зілдей ауыр» деген сөз осыдан келіп шыққан. Мамонтты көрмесе бұл сөз қалай, қайдан пайда болды?! Айталық, ағыл­шын тілінде мамонт деген сөз жоқ. Оларда мамонтты білдіретін сөз латын­шадан алынған. Мамонтты ағылшындар көрмеген соң ондай сөз болмаған. Қазақта «мүйізтұмсұқ» деген сөз бар. Ол кезінде болған, бірақ кейін жойылып кеткен «эластромерия» деген жануардың аты. Насорог мүйізтұмсық емес. Ол бұрын жойылып кеткен жануарға ұқсайтын болуы мүмкін. Эластромерия деген жануар мамонттардан да бұрын өмір сүрген деген жорамал бар. 
Салыстырып көріңіздер. Орыс, қытай, үнді, ағылшын т.б. тілдерді алып қарайық. Бәрі қазақ тілінен күрделі. Біздің тіліміз әбден екшелген, бай, кез келген жағдайда пайдалануға ыңғайлы. Көне тілдер қолданыста қазақ тілі сияқ­ты қарапайым болады. 
– Былтыр Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жеке өзі ұйытқы болып, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Тарих тереңіне үңілген жылымыз болды. Жаңа зерттеу әдістерін қалай қолданып жүрміз?
– Тарихты адамның геномы немесе генетикалық әдіс бойынша зерттеу тиімді екені әлемде әлдеқашан дәлел­денді. Осы әдіс бойынша зерттеулерді бастаған АҚШ. Біздің қолымызда АҚШ, басқа да дамыған Еуропа елдерінің ғалымдары бірлесе отырып жасаған ежелгі халықтардың көшіп-қонуы туралы жақында дайындалған карта бар. Онда халық қай жылдары, қай жақтан, қалай қарай көшіп өткені сызылған. Соның бірінде С3с генін иемденген адамдар қазіргі Қазақстан аумағынан шығып, Камчаткаға, Альяскаға дейін кеткен. Екінші бір тармағы Австралияға дейін жеткен. Осы зерттеулердің нәти­жесінде мынадай деректер алын­ғанын білеміз. Қазіргі адамдар осыдан 400 мың жылдай бұрын пайда болған. Алғашқы адамдар шығыс Африкада дүниеге келген. Осыдан 65 мың жыл бұрын сол адамдардың үлкен бір тобы Таяу Шығыс пен Орталық Азияға қоныс аударған. Қазіргі Қазақ­стан аумағына адамдар сол кезде келген. Содан соң арада 20, 30, 40, 45 мың жылдай өткен соң жан-жаққа қоныс аударған. 
Зерттей келе сол қоныс аударған­дардың генотипі біздің қазақ ата-баба­ларымыздың генімен сәйкес келе­тіндігі анықталған. Генді тасымалдаушы халық­тың 58 пайызында С3с(мутацияға ұшы­раған соң М130) деп аталған гені барлар (қазақтардың гені) құрайтыны белгілі болды. Екінші бір тәуелсіз дерек бо­йынша С3-М217 гені осыдан 48 мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында пайда болған. Бұл ген қазақ халқының 40 пайыздан астамын құрайтыны белгілі. Алғашқы және соңғы аталған маркерлер біздің ұлы тайпаларымыздың барлы­ғында кездеседі. Халқымыздың басым бөлігінде бар. Бергі кезеңде пайда болған осы гені бар халықтарды қазақтардан, сондай-ақ буряттардан, қалмақтардан тараған демеске лажымыз жоқ! Қазақтың рулары мен тайпалары бір-бір халықтың атасы деуімізге осындай мәліметтер негіз болады.
Тағы да бір тәуелсіз деректерге қарағанда, қазақ көптеген ұлттардың атасы дедік. Рас, кейбір ұлт өкілдерінің гендері мутацияға ұшыраған болуы мүмкін. Мұндай ұзақ уақыт көлемінде тілдік өзгеріс болмауы ғажап емес. 
Генетикалық әдіс бойынша зерттеу нәтижесінде адамзат үшін маңызды, көптеген деректер пайда болды. Солардың арасынан қазақтарға қатыс­ты тағы да бір-екеуін алып көрейік. R1b гені туралы әңгіме көп. Ертеде өмір сүр­ген адамдардың гендері арқылы адамдар­­­дың көшіп-қонуын зерттеумен айналыса­­тын АҚШ пен Еуропа елдерінің ғалым­дары жасаған мына картада R1b генінің пай­да болған жері Батыс Азия мен Оңтүстік Сібір(қазіргі Қазақстан аумағы) деп көрсетілген. Оның мутацияға ұшы­рағаннан кейінгі маркері М343. Сөздің қысқасы, R1b гені бар халықтар австра­лиялықтыр, ағылшындар, ассирия­лықтар, баш­құрттар, белгиялықтар, бретондықтар, валийлар, голландықтар, ирландықтар, мандар-камерундықтар, куман­диндықтар, испандықтар, батыс және орталық аудандардағы немістер, португалдықтар, француздар, силездік чехтар, швейцарлар, шотландықтар, Италияның солтүстік және орталық аудандарында тұратындар. Бұл әңгімені айтып жүргендер біз емес, АҚШ пен Еуропа ғалымдары.
«Ген» дегенімізді қазақша «тек», «тегі», «шыққан тегі», «тұқым» деп түсін­­діруге болады. 
– Біз Алтай жақтан шықтық дейтіндер баршылық. Жаңағы R1b гені туралы әлі де әңгіме көп сияқты. Осы кезге дейін оны «еуропалықтардікі» деп меншіктеп жүрген жоқ па едік?
– Солай. Осы мәселеге қатысты бірқатар түйткілдердің бары рас.
Әлем халықтарының біразы, тіпті, ав­­стралиялықтар,швейцариялықтар, жапондар, көрші қытай мен үндістер, орыстар «біз кезінде Орта Азияның солтүстігінен келіппіз» дейді. Бірақ «қазіргі Қазақстан аумағынан келіппіз» демейді. Түбі қазақтардан тарағандарын мойындағылары келмейді. 
Ғылым нақтылықты сүйеді. Сон­дықтан, шынында да, бұл әңгімені жал­ғас­тырғанымыз жөн шығар.
Алғашында R1b Батыс Еуропада басым болғандықтан соларға тән ген деген гипотеза айтылып келді. Кейін Еуропаға қарағанда Анадолы мен Кавказ (Иберия) және Испанияға (Пиреней жарты аралы), ежелгі гректерге қатысы көбірек екені дәлелдене бастады. Мұнан тыс Еуропадағы R1b Орта Шығыс пен Орта Азиядағы осы геннен анағұрлым жас екені белгілі болды. Батыс Еуропадағы R-P312S116 гені біздің эрамызға дейінгі 3000-3500 жылдары пайда болыпты. Не керек, R1b генінің Орта Азияда, Пәкстанда, Үндістанда анықталғаны британ генетиктері Брайан Сайкс пен Стивен Оппенгеймердің алғашкы гипотезаларының күл-талқа­нын шығарды деуімізге болады. Қорыта айтқанда, R1b гені Еуропаға сырттан барған. Қазір оның мутацияға ұшыраған, кейін пайда болған тармақтары кезде­седі. Еуропа халықтарының арасында біздің бабаларымыздан тарағандары өріп жүр.
– Біз жазба тарихты іздейміз, архео­логиялық қазбалар барысында табылған жәдігерлерге жүгінеміз, көне ауыз әде­биеттерін ақтарамыз...
– Рас. Бірақ қазақ тарихын жазба мәліметтер арқылы зерттеу өте күрделі. Жазба деректер қоры өте сирек кездеседі.Ал археологиялық жәдігерлер ұзақ сақтала бермейді. Темірден немесе қоладан жасалған заттар 3-4 мың жылда тозады, топыраққа айналып кетеді. Ал генетикалық зерттеулер қайсы аймақта тұратын халықтың көнеден келе жатқа­нын дәл анықтайды, кімнің байырғы ұлт екенін дәл көрсетеді.
Мысалы, Маркина Гора деген ежелгі адамдар тұрағынан жас жігіттің зираты табылған. Тексере келе отың осыдан 37 мың жыл бұрын өмір сүрегені анық­талыпты. Гені – С, мутацияға ұшыраған С-М130.
Қазақтарда – С2с(Р53.1), R1b гендері бар. С ганлотобы Хуншань мәдениеті тобында кездескен. Шынғызидтердің, Цин династиясының,Гантимур князы­ның мүрделерін зерттегенде табылған.
R1b гені, мысалы, татарларда – 8,7, венгерлерде – 13,3, орыстарда – 2,8, әзірбайжандарда – 11, башқұрттардың кейбір тайпаларында – 87, түріктерде – 31 пайыз. Мәселе басқада. Қай ұлттың гені ертерек пайда болса, қалған ұлттың өкілдері бұрынғысынан тараған болып шығады. Айталық, R1b1a2 генінің иегерлері фараон Эхнатон мен Тутанхамонның үрім-бұтақтары. Бұл ген 9,5 мың жыл бұрын пайда болған, хурриттер мен шумерлердің ұрпақтары. Олар 7 мың жыл бұрын Еуропаға көшіп барған. Бұл ген Германияның Лихтейн­штейн деген қаланың маңындағы үңгірдегі зираттан табылған. Бұл әңгімені осылай шексіз жалғастыра беруге болады.
Ежелгі халықтардың көші-қонын генетикалық әдіс арқылы осылай зерт­тейді.
– Жапондардың, кәрістердің гендері қандай екен?
– Бұл құпия нәрсе емес. АҚШ пен Еуропа елдерінің ғалымдары жапондарда C2a(М93) жиі кездесетінін айтыпты. Ал кәрістерде С2 (М217, РК2, Р44) гендері жиі кездесетінін білеміз. Бұладың бәрі қазақтарда жиі ұшырасатын С ганло­тобына кіреді.
– Ген деп отырмыз ғой. «Қазақтың гені әлем халықтарының арасындағы ең тазасы деуімізге ата-бабаларымыздың мал шаруашылығымен айналысуы себеп болды» деген теорияңыздан әліге дейін айныған жоқсыз ба?
– Айныған жоқпын. Қайта одан әрі нығайта түстім. Біздің ата-баба­ларымыз мал шаруа­шылығын тәжірибе жүзінде бүге-шегесіне дейін зерттеген. Қой, ешкі, жылқыға қарап болжам жасаған. Олардың өсіп-өнуіне терең мән берген. Мысалы, қой мен ешкі 3-4 атадан кейін ұсақталып, генетикалық ауытқуға ұшыраған. Бабаларымыз мұны «қан алмасудың нашарлауынан» деп тапқан. «Ген таза болмаса, мал қырылады, бұл адамға да ортақ мәселе» деп шешкен. Сол кезден бастап қазақ ұлдар мен қыз­дарын рулық жүйе бойынша үйлендіру мәселесін қолға алыпты. Осындай пәтуа жасалғаны, шешімдер қабылданғаны анық. Кейін ол даланың бұлжымайтын заңына айналған.
Қыздарын туыстық қатынасы бар әулетке беруді бүкіл қазақ даласында үзілді-кесілді тоқтатқан. Осы жүйе қазақ халқының ұрпақтары гені таза, денсау­лығы жақсы, әртүрлі климатқа төзімді болып өсуіне тікелей ықпал етті. Ұлттың болашағын бабаларымыз қазақты руға, тайпаға бөлу арқылы осылай тиімді шешкен. 
Бұл – ұрпақтың генін таза сақтаудың баламасы жоқ үлгісі. Мұндай генетика­лық жүйе басқа ұлттарда жоқ. Бірінші­ден, руға, жүзге бөлу кемшілік емес, теңдесі жоқ жетістік деп бағалауымыз керек. Екіншіден, қайталап айтайық, қазақ халқы руға, жүзге бөлінбейді, халқымыз рудан, жүзден құралатын біртұтас, бөлінбейтін ұлт.
Рулар кезінде Еуропада да болған. Кейін оны жойып жіберді. Ау тайпалар көшпелі өмір сүрген ұлттар арасында сақталған, ал отырықшылық тұрмысқа бейімделген ұлттардың арасында жойылып отырды. Кейін туыстардың қандары араласып кетті. Гендік ауытқу басталды. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Евгеника деген ілім шығарды. Бұл енді жалғанды ақиқатқа айналдыру сияқты нәрсе. 
Мәселе мынада. Туысқан адам­дардың гендері бір-біріне жақын болады. Сау ген мен сау ген қосылса сапалы ұрық болады. Сау ген мен ауру ген қосылса сауы жеңіп шығады. Ал екі ауру ген қосылса туысқандық сим­метриялық ген пайда болады да ауру бала туылады. 
Геннің тазалығы жас ұрпақтың күнделікті тыныс-тіршілігінде, айталық жұмыста, қарым-қатынаста, спорттық жарыстарда, жауынгерлік іс-әрекеттер кезінде т.б. сәттерде айқын аңғарылып тұрады. Тұқымы таза адамдардың бар­лық уақытта мысы басым болады.
Қазақтың гені тазалығы білініп тұрады, оның жемісін қазір көріп жүрміз. 
Қазақ халқы саны жағынан әлемде 76-орында. Ал әлемдік білім сайыс­тарында, спорттық жаһандық жарыс­тарда алдыңғы орындардан көрінеді. Кез келген мемлекеттегі универ­ситеттерге оқуға барған жастарымыздың басым көпшілігі дараланып көрінеді. Бұл да геннің-тұқымның тазалығынан. Жас­тарымыздың туабітті берілетін қабілет-қарымы мықты.
– Профессор мырза, қазақ халқының болмысы ұлттың мінез құлқына әсер етті деп ойлайсыз ба?
– Әрине, әсер етеді. Саясат сах­насында қазақ халқы басқа ұлттардан ерекше. Қазақтарды қонақжай, толерантты деп жатамыз. Мұның да өз себебі, реті бар. Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар. Олардың барлығы дерлік кезінде қазақтан тарағандар. Қазақпен ортақ гені жоқ елдер Африкада, басқа да азғандай ғана елдерде кездеседі.
Елімізде тұратын халықтар кезінде өз ұлтымыздан таралғандықтан оларды да қазақтар деп атауға болады. 
Қазақтың рулары мен тайпаларының арасында бәсекелестік барлық даму кезеңдерінде болған, алдағы кезде де жалғаса береді деп ойлаймын. Бірақ бұл бәсекелестікті бақталастыққа айнал­дырмауға тырысуымыз керек. Кері­сінше, бәсекелестік нарық жағдайында халықтың дұрысырақ өмір сүруіне, тереңірек білім алуына, адамгершіліктің деңгейі биік болуына, ұлттың жарқын болашаққа ертерек жетуіне қызмет ететіндей болуға тиісті. Қазақтың кез келген ұлы мен қызы өзінің қазақ болып туғанына мақтанатындай, масат­тана­тындай ахуалды қалыптастырған ма­ңызды. 
Қазір университетімізде 9,5 мыңнан астам студент бар. Олар 53 мамандық бойынша білім алып жүр. Түркі әлемінің 28 елінен келген шетелдік білім алу­шылар түпкі Отаны – Түркістанда оқып жүргендерін мақтан етеді. 
Қазір университетіміздің құрыл­ғанына 25 жыл толуын, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың – 850, Тәуелсіз Қазақстанымыздың 25 жылдығын атап өтуге арналған кешенді шараларды бастап жібердік. 
– Уәлихан Сейділлаұлы, қазақтың тарихын дұрыс пайымдау, насихаттау, дұрыс жазу үшін қандай істерді қолға алу керек?
– Біз тарихымыздың өте тереңдігін айтып қана қоймай әлемге мойын­датуымыз керек. Еуропа елдерін қара­йықшы. Олар өз тарихын суреттермен шегелеп жатыр. Елдің тарихындағы ежелгі оқиғаны суретке салады да «біздің жыл санаумызға дейінгі пәленінші ғасырдағы француздардың өмірі» деп қояды. Біз де солай етуіміз керек.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қолымда тұрған «Жылдар және ойлар» деген кітабында «Ең басты міндет – қайталап айтамын, халықтың рухын көтеру. Өзіне деген сенімін арттыру» деген екен. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі де осыған саяды. Сондықтан универси­тетімізде қазір қазақтың рухын көте­ретін, терең тарихын айтып тұратын суреттер салынып жатыр. Мысалы, «Отырар кітапханасы», «Отырар мон­шасы», «Кесенені салу сәті», «Алтын адам», «Ботай мәдениеті» т.б. қазақ халқының тарихынан алынған суреттер. Әлі-ақ әлем халықтарының біразы «Біз қазіргі Қазақстан аумағынан шық­қанбыз, әлемдегі ең көне халықтардың бірі қазақтардан таралғанбыз» деп мойындайтын болуы керек. Осы мақсатта жұмыс істейік.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Түркістан қаласы