Басты  /  Сұхбат  /  Баптай білген адам қызығын көреді

Баптай білген адам қызығын көреді

2176
Баптай білген адам қызығын көреді Төленді ОСПАНОВ, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы «Диев агрофирмасы» ЖШС атқарушы директоры-бас аграном:

– Төленді Темірханұлы, әңгімені өзіңіз еңбек етіп жүрген «Диев агрофирмасымен» таныстырудан бастасаңыз.
– Біздің «Диев агрофирмасы» Қос­танай облысының Әулиекөл ауданында 1944 жылы шаңырақ көтеріп, 1992 жылға дейін жұмыс жасаған бұрынғы Диев шаруашылығының негізінде жеке шаруа қожалығы болып қайта құрылды. Сөйтіп, сол жылы білікті ұйымдасты­рушы, тамаша басшы Олег Даниленко шаруа қожалығының мүшелеріне бұдан былай жерді жалға алып, оған өзіміз қожалық жасайтынымызды жан-жақты түсіндірді. Құдайға шүкір, қазір жағдай­мыз жаман емес. Шаруа қожалығы күннен-күнге өркендеп, дамып келеді. Қазіргі күні жеке шаруашылығымызда 340 мың гектар жеріміз бар. Мұның 82 мың гектарына егін егіп, қалған алқапты жайылым мен шөп шабуға пайдалану­дамыз. Біздің агрофирма – еліміздегі ең ірі асылтұқымды мал шаруашылығы. Соңғы 15 жылда біздің шаруашылықта өсірілген Әулиекөл асылтұқымды сиы­ры мен торпағын Қазақстанның көптеген жеке шаруашылықтары сатып алып, қазір республикадағы бірқатар ша­руашылықтар ірі қараның осы тұқы­мын өсірумен айналысуда. Әулиекөл тұқымды ірі қараның өзге малдан бір артықшылығы, етті өте көп береді. Қазіргі уақытта «Диев агрофирмасында» 600-ден астам жұмысшы еңбекпен тұрақты түрде қамтылған. Бұған қоса, қожалығымызда 5 мыңнан астам Әулие­көл тұқымды ірі қара және 1200 бас жылқы бар. Бұған қоса, біз 82 мың егістік алқабының 60 мың гектарына таза бидай егеміз. Бидайдың түсімі де жаман емес. Қостанай қаласында шаруа қожалығының жекеменшік диірмені бар. Жыл сайын біз жиналған астықтың барлығын диірменде өңдеп, оны мемле­кетке, жекеменшік шаруашы­лықтарға, сұранысқа сай Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан секілді бірқатар елдерге жібереміз. Біздің агрофирма мамандары Италияда, Германияның Ганновер, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен халықаралық ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысып, әлемнің жүзден астам елінен келген мамандарды Диев шаруа қожалығының өркенді істерімен таныстырды. Сан мәрте халықаралық көрмелердің алтын медалімен марапат­талдық. Ауыл шаруашылығына қосқан орасан зор үлесіміз, тамаша жетістігіміз үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан 2012 жылы «Парыз», 2015 жылы «Алтын сапа» сыйлығын алдық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе! Мұндай марапат бізге Жер-Ананы талапқа сай баптай білуіміздің, уақытпен санаспай ірі қара мал өсіріп, тамаша табысқа қол жеткізгеніміз үшін берілігені ақиқат.
– Өзіңіз білесіз, Үкімет қаулысына сәйкес осы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде жер сатылатын болды. Бұл туралы сіздің ойыңыз қалай?
– Әлі есімде, осыдан тура 20-25 жыл бұрын Қазақстан Үкіметінің қаулысымен жер қажет деген тұрғындарға егістік алқаптары, мал жайылымдары тәрізді жерлер 49 жылға дейін жалға берілді. Міне, сонда әрбір азамат өзі тұрған ауыл-аймақтан қажетінше жер ал­қаптарын алды. Бірақ өкініштісі, әлгі тұрғындардың біразы жерді игергенімен, басым көпшілігі еш қаракетсіз жерді игермей, игерілуі тиісті гектар-гектар алқаптар бос қалды. Кейбір пысықайлар өздеріне жалға берілген жерлерді кепілдікке (залог) қойып, әлгі алқаптар жылдар бойы банктің иелігінде бос тұрды. Сол жылдары біз шаруа қожа­лығының мүшелерімен ақылдасып, банкке кепілдікке қойылған сан мыңдаған гектар жерді жекеменшікке сатып алдық. Осы жағынан алғанда, жергілікті тұрғындарға жерді жекемен­шікке сатып беру деген өте дұрыс шешім. Себебі, өткен кезең көрсеткендей, жерді тұрғындарға жалға беру арқылы олардың жерге деген көзқарасын өзгерту мүмкін емес. Ал жерді сатып алған адам өзіне тиесілі жердің әр сотығын тиімді пай­далануды терең ойлайды. Сөйтіп, өзіне тиесілі алқаптың тозып кетпеуін қарастырады. Сондықтан жерді халыққа сатып бергенде тұрған еш әбестік жоқ. 
Ал енді шетелдіктер туралы мәселе мүлде басқа. Құзырлы орган басшыла­рының пікірінше, шетелдік азаматтар мен компанияларға жер он, жиырма бес жылға жалға берілмек. Бұл да – дұрыс шешім. Мысалы, олар жерді игеру мақ­сатында елімізге көп көлемде инвес­тиция әкеледі, яғни қаржы құяды. Бұған қоса, жерді пайдаланғаны үшін мемлекет қазынасына көп салық төлейді. Сонау бір жылдары тұрғындар «мұнайды иге­руді шетелдіктерге жалға бермеу керек» деген пікір айтқан болатын. Десек те, мұнайды игеруге шетелдік компаниялар тартылып, мұның елімізге көп пайдасы тиді. Шетелдік мұнай компаниялары – өздері жұмыс жасап жатқан аймақтың әлеу­меттік-экономикалық ахуалын көтеруге үлес қосуда. Сондықтан жерді шетелдіктерге жалға беруден қорықпау керек. Керісінше, олардың жерді игеру бағытында жүргізіп жатқан шараларын мемлекеттік және құзырлы органдар қатаң бақылауға алуы тиіс. Ал жерді игеруге қатысты заңды немесе келісім-шартты бұзған шетелдік азаматтар мен компаниялар болса, заң жүзінде олардан жерді мемлекетке кері қайтарып алу керек. Қорыта айтқанда, жерді орынсыз пайдалануға және оның құнарлылығын жоғалтуға ешкімге де жол бермеу қажет. Әсілінде, жерді баптай білген адамның оның қызығын көретіні ақиқат.

Сұхбаттасқан 
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ