Басты  /  Сұхбат  /  ҒИБРАТ (естелік-сұхбат)

ҒИБРАТ (естелік-сұхбат)

2570
ҒИБРАТ  (естелік-сұхбат) – Ғұмырымда өзінің өнегелі өмірі мен үлгілі іс-әрекеттерімен өшпес із қалдырған, тәлім-тәрбие беріп, Темірқазықтай тура жол көрсеткен жайсаң жандар мен ғибратты тұл­ғалар көп кездесті.

Солардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі – бүгін өзiмiз сөз еткелі отырған білімді, ұлағатты ұстаз, білікті басшы бола білген аяулы да ардақты ағамыз – марқұм Қоңырат­бек Құрманбайұлы, – деп бастады өз әңгімесін Астана қалалық тубер­кулез­ге қарсы диспансердің жетекші дәрігері Роза Торғауыт­қызы Нұрымжанова. 
– Адам тағдырының қалай қалыптаспағы, шынында, көбіне қоршаған ортаға, қасыңда­ғы адамдарға, кездейсоқ оқиғалар мен күтпе­ген жағдайларға байланысты болады. Егер сіздің өмір жолыңыз жақсы жандармен жиі тоғысып, жан-жағыңызда төңірегіне нұр шашқан асыл азаматтар неғұрлым мол болса, бұл – сізге Құдайдың көмектескені. Бұдан ар­тық қандай дәлел керек?! 
Құдайға шүкір, Жаратқанның жәрдемі шығар, өмір жолым осындай жақсы адам­дар­мен жиі түйісті. Тіпті бүгін кім болсам, қандай биіктерге жетсем, бәрі – әуелі Алла, сосын сол абзал жандардың арқасы. Солардың кө­мегі, солардың өнегесі, солардың тәлім-тәр­биесі.
– Ол кісі сізге кім болды? Қоңыратбек ағаймен алғаш рет қалай таныстыңыз? Туыс­тық, ағайынгершілік байланыстарыңыз бол­ған жоқ па?
– Жоқ, ондай туыстық қарым-қатына­сы­мыз болған жоқ. Ол кісі мен 1973 жылы мединститутты бітіріп келгенде, Көкшетау облыстық тубдиспансерінде бас дәрігер болды. Қазір осы облыстық тубдиспансер Қоңыратбек Құрманбаевтың атында. 
Басында таңертеңгі жиындар мен лезде­мелерде көріп жүрдім. Мен бір ай интернату­радан өткеннен кейін, кураторым екеумізді кабинетіне шақырып алды. Көкшетау қала­сы­ның қасында «Красный яр» деген село бар, Көкшетау ауданына қарайды. Сонда 60 төсек-орындық туберкулез бөлімі болатын; сол жерде жұмыс істейтін дәрігерлер басқа жаққа кететін болып, мені сонда жіберді. Жарты «ставкаға». 
Айтпақшы, ағай маған айлығым туралы ештеңе айтқан жоқ, өздері тағайындады. Ойлап көріңізші, қанша жұмыс?! Бұрын екі адам атқарған. Ал олар маған жарты айлық тағайындады... Қазіргі жастар бармас еді.
Аурухана дәрігерсіз қалатын болған соң Қоңыратбек ағай мені шақырып алып, «Түске дейін интернатурадан өтесің, түстен кейін жұмыс істейсің» деді. Қорыққаным сонша: Ағай, мен ештеңе білмеймін ғой, қалай жұ­мыс істеймін?! – деп жылап жібердім. Ол кісі: Айналайын, мен саған сенемін. Қолың­нан келеді. Сенен түбінде жақсы маман шығады! – деді. Қысқасы, сонда жіберді. 
Әлі есімде, «Қызылжардан» қағаздарымды бір сөмке ғып арқалап келіп, әрбір дәрігердің соңында жүретінмін. Кеңес сұрап. Сөйтіп жүріп бәрін де үйрендік. Жалпы, адам баласы өмір бойы оқып-үйренеді. Сондықтан одан ешқашан қашуға болмайды!..
Тубдиспансерде қалам деген ойымда жоқ еді, бір жағынан бір науқастың сенім білдіруі, шын пейіл, таза көңілі. Іштей «Болды, енді қайтып келмеспін!..» деп шығып бара жат­қан­да, төсекте жатқан науқас адам мені тоқ­татып: – Доктор, атыңыз кім? – деді. – Роза...
Қолындағы орамалын сығымдай қысып: – Сізге қарап өмір сүргім келеді! – десін...
Сенесіз бе, сырқат жанның сол сөзі, сосын Қоңыратбек Құрманбайұлының сенім артуы ақыры мені осында қалдырды. Тубер­кулезге қарсы диспансерде. Әйтпесе, мені жолдама бойынша кардиолог-реаниматолог етіп жіберген. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасында «Бір жыл тәжірибеден өтіңіз, ұнамаса кейін ауысасыз» деп тубдиспансерге жіберді.
– Яғни, сіз Астанадағы мединститутты бітірдіңіз ғой?
– Иә, Ақмоладағы... Ол кезде Целиноград деп аталатын.
– Ал өзіңіз негізі қай жердің қызысыз?
– Қарағандының. Көкшетауға интер­нату­радан өтуге бардым. Жолдама бойынша.
– Сөйтіп, ақыры сонда қалдыңыз?..
– Бір жылдан кейін интернатураны беске тапсырып, мені Красный ярдан Володар ауданына ауыстырды. Сол кезде Көкшетау облысы туберкулез ауруы бойынша тәжіри­белік аймақ еді. Володар ауданы – экспери­ментальдық аудан. Қазір Айыртау деп ата­лады, сол ауданға жіберді.
– Ол жердегі қызметіңіз қандай болды?
– Аудан орталығындағы стационарлық ауруханада бөлім басқардым. Тубдиспансерде.
– Бұл іске де Қоңыратбек ағай араласқан шығар?
– Иә, сол кісінің арқасы... Барған күні сонда қонып шықтым, ертеңіне бір бөлмелі жайлы пәтер берді.
– Сөйтіп, еңбек жолын бастадыңыз?
– Иә...
– Содан бері осы салада үзбей қызмет етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– 43 жыл. Содан жолдасымды Володар ауданынан Рузаев ауданына ауыстырды. Прокурор болатын. Рузаевта үш ауданға – Рузаев, Чистопол, Куйбышев аудандарына ортақ ауданаралық аурухана болды, тубдис­пансер. Мені соған бас дәрігер тағайындады. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, ол кезде бұл жақта қазақтар аз болатын. Негізінен, орыс­тар мен немістер тұрушы еді. Сосын әйтеуір сөз естімейік деп, қолдан келгенше намысқа тырыстық. Оның үстіне артқан сенім бар!
Ол кісі сондай бір қызық кісі еді. Таңертең алдына жұмыс жайын баяндауға келсең, әуелі жағдайыңды, үй-ішіңді, бала-шағаңды сұрай­ды. Сосын «Шай іштің бе?» дейді. Қайдағы шай, талай жер, таң атпай шығасың. Ішкен жоқпын десең: «Бар, балалар бөліміне барып шай ішіп ал. Жұмысты сосын сөйлесеміз» дейді. Сенесіз бе?!
Сосын кейде жұмыс бабымен ауданға келгенде, бәрін бірге жүріп, аралап көріп шығады. Кабинетке келген соң саған отыр деп, «Ана жерді өйте, мына жерді бүйте салу керек, сонда дұрыс болады» деп ақыл-кеңес береді. Ешқашан дауыс көтермейді, «Жұмыс арасында байқамайсың ғой. Сөйте сал» дейтін. Қатты айтпайды. Қазірдің өзінде дәрі­герлер жетіспейді, ол тұста тіпті қиын-тын. Сондай адам еді.
Кез келген мәселені өзі шешетін. Ол кезде бәрі аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің қолында. Өзіңді ертіп алып, сонда алып барады. Сосын «Мына бала сондай-сондай» деп сені жер-көкке сыйғызбай әбден мақтайды. Тіпті есіңнен танып қала жаздайсың. «Талапты, талантты бала, қолынан бәрі келеді. Қанша дегенмен жас емес пе, бұл кісіге көмектесу керек!..» дейді.
Мен әлгі тізім жазып барам ғой «Маған бәлен-түген қажет. Оны алу үшін мұнша қаржы керек деп. Өзі айтатын: «Жаза бер, ештеңе қалдырмай бәрін жаз. Бәрібір бәрін бермейді. «Түйе сұрасаң – бие аласың», сұрай бер, жаза бер» дейтін. 
Сөйтіп, өзіңді қасына ертіп алып және сені есіңнен тандыра әбден мақтап, кейде тіпті сұраған заттарыңның бәрін алып береді. Облыс көлемінде сондай абыройлы, сыйлы кісі еді.
1993 жылы күйеуім ауырып қалды. Өкпе обыры болып, үш-ақ айда күйіп кетті. Қолдан не келеді, жазды – көндік. Алланың ісіне амал қанша?!
Ол кісінің бауырмалдығы, ағалық қамқорлығы мен адамгершілігінің молдығы сондай, уақыт тауып, жан сақтау бөліміне екі рет келіп-кетті. Әлі есімде, бір жолы тіпті облыстық прокурормен бірге келіп: «Жігітім, мұның не? Саған ауыруға кім «приказ» берді?!» деп әзілдеді. Сенесіз бе, өзі менің жолдасымнан бір ай бұрын дүниеден өтті.
– Қалайша? Неден?..
– Ол кісі сусамырмен ауыратын, содан бірдеңе болды ма, білмеймін... Тәптіштеп сұрап жату ыңғайсыз ғой. Қысқасы, сондай күтпеген қаза болды.
– Ол кісі туралы тағы не айта аласыз? Басқа қандай көмегі тиді?
– Қазақтың бір қаршадай қызы үшін бұдан артық не істеу керек?! Қоңыратбек Құрманбайұлының қолынан мен сияқты жас маманның қаншасы өтті? Басқа қандай көмек керек?! Ең бастысы, өмірге жол салып берді. Егер сол кісі болмаса бұл салада қалар ма едім, қалмас па едім?! Түсінесіз бе, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ол кісі сондай болғасын, біз де өмір бойы сол кісідей болуға тырыстық. Өзімізге де, науқастарға да солай қарадық. Ұқсап бақтық.
– Бүгінде өзіңіз де қаншама жас маманға ұстаз болдыңыз. Жол ашып, жөн сілтедіңіз. Айтыңызшы, сол кездегі жастар мен қазіргі жастардың дайындығы қандай? Сол кездегі мамандар мен қазіргі мамандардың айырма­шылығы неде? Мамандыққа деген құштарлығы қандай?
– Көріп тұрсыз ғой, ана жерде бетімен шулап тұрады. Сәл ескерту жасасаң, шырт ете қалады. Біз бәрін ауа жұтқандай жұтушы едік. Қазіргілерге ештеңе қажет емес!.. Тіпті қазір-ақ аттарын атауға болады: Кирш Регина Сегизмундовна деген бас дәрігердің орын­басары болды, Виктор Николаевич деген рентгенология бөлімінің меңгерушісі, Роза Симоновна деген бірінші терапия бөлімінің, Римма Даниловна деген балалар бөлімінің меңгерушісі, Берков деген хирург болды. Осы кісілердің бәрі – менің ұстаз­дарым. Бұлар – Қоңыратбек Құрманбаевтың қол астындағы дәрігерлер. Солардың соңын­да жүретінмін. Осы күнгі білген нәрселерімнің көбін солар­дан үйрендім. Қалғанын кейін өмір тәжірибесі бекітті. Ал қазіргілер ештеңеге қызықпайды. Ештеңе керек емес, түсінесіз бе?! Телефон­дарын шұқылап, ойнап отырады. Сосын кейде «Егер сендерге ештеңе қажет болмаса, уақытты босқа алмай аулақ жүріңдер!» деп қуып шығамын.
Білесіз бе, бір кезде оларға сабақ та бердім. Осында, өздері өтінді. Сонда көрдім!.. Бір күні бір орыс қызы «Сіз неге маған ескер­ту жасайсыз? Мен де сіз сияқты дипломды маманмын!» дейді. Сосын оған: «Мүмкін сенің дипломың бар шығар, бірақ сен әлі дәрігер емессің. Ол үшін саған әлі талай тер төгуге тура келеді!» дедім. Ол барып дереу жетекшісіне айтыпты. Жетекшісі: «Сіз еке­ніңізді бірден түсіндім!» дейді. Бұған не дейсіз?!
Қай бір жылы осында, Астанада отыз жылдығымызды атап өтіп, Люст деген жалпы хирургия пәнінен сабақ берген ұстазымызды шақырдық. Сонда сол кісі: «Бұрын топта қанша студент болса, бәрінің көзі оттай жанып білім алуға құмартып тұратын. Ал қазір бір топтан бір-екі адам табылса соған да қуанасың!..» деді. Оған да, міне, он жылдан асыпты. Кім білсін, қазір қандай?! 
Ол кездегі халық та мүлде бөлек еді. Кеңпейіл, қарапайым болатын. Мейірімді. 
Айтып отырмын ғой, таң атқанша дәрі­герлер бөлмесінде жұмыс істеп отырамын. Сонда медбикелер, аспаз әйелдер – бірі сүт пісіріп әкелсе, бірі ботқасын әкеліп «Доктор, ішіп-жеп әлденіп алыңыз!» деп өтінеді. Сол кезде бар-жоғы 23 жастағы жап-жас баламын. Ал олардың көбі – менен екі есе үлкен адамдар. Сонда да бәрі «Доктор, доктор» деп атымды атамайды. Ниеттері қандай еді?!.
Мені жас деп аяп, ол кезде ауыр науқастар көп болатын, тіпті палата-палата болып бөлек жататын. Өкпе дертінің сондай бір күйіп тұрған кезі еді. «Доктор, сіз жассыз ғой, неге оларға қайта-қайта бара бересіз?!» деуші еді.
Содан 80-жылдардың аяғында, қайта құрудың басында, Көкшетау облысында тубер­кулез дерті азайып, облыс барлық көр­сеткіштері бойынша алға шықты. Осы­ның бәрі – Қоңыратбек Құрманбайұлының бас­шылығымен істелген іс, жетістік.
Өйткені біз өте белсенді жұмыс істедік. Аудан – айттым ғой, экспериментальдық аудан. Флюрографымыз бар. Таңертең сағат 5-тен тұрып алып, аралауға шығамыз. Бас дәрігерім – Грехов Федор Григорьевич, мар­құм дүние салды, бір машинамен бір ауылға кетеді. Рөлде өзі. Ал мен жүргізушімен екінші флюрографпен басқа ауылға барамын. Екі бекетпен ауылдың екі шетінде тұрып алып, бірде-бір үй қалдырмай түгел тексеретінбіз. Қазір оның бірі де жоқ. Солай жұмыс істедік. Оның үстіне, ол кезде медицина талабы жоғары болды ғой. Совхозда учаскелік ауру­хана немесе дәрігерлік амбулатория болатын. Кез келген ең нашар деген ауылдың өзінде ФАП болатын. Фельдшерлік-акушерлік бекет. Солардың бәріне көмегімізді көрсетіп, тексеріп тұратынбыз. Тексеріс деген – аты, әйтпесе, барып көмек көрсетеміз. 
– Олардың бәрі сізге қарай ма?
– Туберкулез жағынан маған қарайды. Мен жауаптымын. Сол кездегі елдің ниеті де, пиғылы да бөлекше еді. Көбі мені «Тубдис­пансердің Розасы» деп атайтын. Иә, сөйтіп жүріп осындай лақап атқа да ие болдық.
– Айтпақшы, ол кісінің балаларымен бай­ланысыңыз бар ма? Ұрпақтарының арасында әке жолын қуған ешкім жоқ па?
– Телефонымды қайдан алғанын білмей­мін, жақында маған бір баласы хабарласты. Алдағы еске алу кешіне шақырған – сол бала. Әуелде мен жиынды ұйымдастырып жатқан облыстық тубдиспансер мен әріптес-шәкірт­тері шығар деп ем. Сөйтсем, өзінің балалары екен. Туыстары мен жақындары. Бәрі бірлесіп ұйымдастарған секілді. 
Тағы бір баласы әке жолын қуып хирург болған. Бірақ қазір онымен қатысым жоқ. 
Ол кісі біздің көз алдымызда ғылым кан­дидаты болды, докторлығын қорғады. Про­фессор атағын алып, қаншама табыстар мен жетістіктерге жетті. Бірақ ешқашан мен деп айтпайтын. «Осының бәрі сіздердің еңбек­теріңіз!..» дейтін. «Ұлық болсаң – кішік бол» дегендей, сондай сыпайы, мәдениетті, кіші­пейіл адам еді.
Өзіміз жаспыз ба, әлде ол кездің адамдары ересек көріне ме, әйтеуір ол кісі маған әлде­қайда үлкен көрінетін. Арқасүйер асқар тауымдай еді. Қазір ойлап отырсам, 93-жылы ол кісі 53-те болды-ау деймін. Жап-жас екен ғой, қандай өкінішті. 
Марқұмның жатқан жері жарық болсын. Артында қалған ұрпағы, елі аман болсын. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Тірі адам­ның қолынан дұға оқып, тілек тілегеннен бас­қа не келеді?! Алла жар болсын!..
* * *
Толқынды толқын қуалап, ұрпақты ұрпақ алмастырып өмір осылай өте бермекші. Бұл – тіршілік заңы. Бұрын да солай болған, бүгін де, ертең де солай болады. Әлмисақтан солай!..
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмей­ді» демекші, адамның артында тек істеген ізгі істері мен жақсы аты ғана қалады.
Адам сөзімен емес, ісімен бағаланады. Ал сөзі мен ісі бір жерден шығатын асыл азаматтар саф алтындай сирек кездеседі. Қоңыратбек Құрманбайұлы сондай – сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсете білген біртуар тұлға.