Басты  /  Сұхбат  /  Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: ХАЛЫҚ ӨЗІНІҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫН БӘРІБІР ТАБАДЫ

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: ХАЛЫҚ ӨЗІНІҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫН БӘРІБІР ТАБАДЫ

3001
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ: ХАЛЫҚ ӨЗІНІҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫН БӘРІБІР ТАБАДЫ Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз, жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ бабамызға арналған кеш өтті.

Мерекелік шараға дәстүрлі ән өнерінің майталмандары қатысты. Кеште Балуан Шолақтың көпшілік біле бермейтін жаңа әндері орындалды. «Үш жүзге атым мәлім Балуан Шолақ» кешін ұйымдастырған – «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі. Кештің басы-қасында жүрген әнші Ерлан Төлеутай ағамызбен тілдесудің сәті түсті.

– Білуімізше, Балуан Шолаққа ар­нап кеш өткізу бүгін ғана ойға алын­ған дүние емес секілді. Бұған дейін Ақан серіні, Біржан сал мен Үкілі Ыбырайды ұлықтап кеш өткіз­геніңізден хабардармыз. Балуан Шо­лақтың кешінің өзгешелігі неде?
– «Адырна» атты ұлттық-этно­графиялық бірлестік құрылғанын жақсы білесіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Адырнаның» жігіттерімен бірігіп, «дәстүрлі кеш өткізейік» деген түйінге келген едік. Алғаш рет Ақан серінің кешін өткіздік. Одан кейін Біржан сал, Жаяу Мұса, Мұ­хит, Үкілі Ыбырайдың кеші болды. Мұның бәрі бірден жасала қойған жоқ. Кезең-кезеңімен өткізіліп жат­қан игілікті шаралар. Қазақтың дәстүрлі өнерінде ізі қалған тұлға­ларымыздың барлығын түгендеп шығу ойымызда бар. Арқа әндерінің негізгі қоры – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай және Балуан Шо­лақ мұрасы болатын. Соның үшеуі­нің мәдени мұрасын жинақ­тап, насихаттадық. Ал Балуан Шо­лақтың кешін өткен жылы өткіземіз деген жоспар болған еді. Алайда оған қаржылық жағдайымыз кел­меді. Демеуші табылмады. 
– Дәстүрлі өнерді қолдаушылар неге аз?
– Дәстүрлі музыкаға демеушілік көрсеткісі келетіндер өте аз. Таба­ны­­мыздан тозып, өзіміз қаржы із­дейміз. Бұл өнерді өткен заманның қалдығындай, сүйкімсіз өнер сана­ғылары келеді. Одан гөрі, жарқыл-жұрқыл шоу-бизнесті насихат­тағанды жақсы көреді. Шоу-бизнестен қаржы аямайды. 
– Бұл жобаға Мәдениет ми­нистр­лігі тарапынан қолдау болмады ма?
– Мәдениет министрлігіне бір­неше рет хат жаздық. «Адырна» ұлт­тық-этнографиялық бірлесті­гінің төрағасы ретінде Арман Әубәкірдің ашпаған есігі қалмады. Көптеген мекемелерге де хат жазды. Көпшілігінен сырғытпа жауап келеді. Біздің байқағанымыз – ондай мекемелерге пәрменді күш керек сияқты. Ілияс Омаровтың заманы болса, бізді алақанына са­лар еді. Өткен ғасырдың 80-90 жыл­дары ұлттық өнерге ықылас ерекше болып еді. Қазір тобырлық музыка ұлттық өнердің орнын басып кетті. Домбырамен ән айтқанды қызық­сыз көреді. Оның орнына фоно­грам­мамен ән айтатындардың за­маны туып тұр. Ән тыңдау мәдениеті жоғалды. Қазір көпшілікке «көңіл­ді» ән керек. Жарқ-жұрқ музыкамен өмір сүргісі келеді. Шын мәдениет олай емес. Жапонияда болған өнер­паздар айтады. Жапондардың бір мәдениет сарайында үлкен бір қа­рия отырады. Қолында ұлттық му­зыка аспабы бар. Сол аспаппен даңқ-дұңқ еткен дыбыс шығарады. Елден барған өнерпаздар жапон­дардан «мынау кім?» деп сұраған ғой. Сөйтсе, ол қария Жапонияның ұлттық музыкасын насихаттаушы екен. «Бұл – біздің қасиетіміз. Біз­дің ұлттық құндылығымыз» деп жауап қайтарыпты. Жапониядағы ең бай адамдар осылар екен. Ұлттық өнерді насихаттайтын өнерпаздар Жапония үкіметінің арнайы қам­қорлығында болады. Бізде олай емес. Ұлттық өнерді насихаттап жүрген әншілердің көбі сұраусыз, іздеусіз қалды.
– Дәстүрлі әншілерге мүлдем сұраныс жоқ па?
– Мүлдем сұраныс болмайды деп айта алмаймын. Фонограм­ма­ның заманы құрыса, нағыз өнер­паздарға сұраныс көбейер еді. Қазір продюсерлер өте көп. Олардың көбі жақсы-жақсы мекемелерде қызмет атқарып отыр. Осы продюсерлер шоу-бизнесті алдыңғы қатарға шығарып жіберді.
– Мүмкін, дәстүрлі өнерді да­мыту үшін сіздерге де продюсер керек шығар. Қалай ойлайсыз?
– Оған ар жібермейді. Біреудің соңында жүре алмаймыз. Ол про­дюсер­лердің көпшілігі – жылпос, жүзіктің көзінен өтіп тұр. Мемле­кет­тік бір мереке өтетін болса, сол «жылпостар» жүреді. Өйткені ондай жерлерде ақша бар. Кеңес зама­нында қалай еді? Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағла­нова, Қайрат Байбосынов секілді үздіктер ғана ән салатын. Эстра­да­дан Роза Рымбаеваны ғана көретін едік. Эстрада – бұқаралық өнердің озық түрі. Қазіргі әншілерді эстрада әншісі деп те айта алмаймын. Фонограммамен ән айтып, оңай жолмен ақша тауып жүргендер ғана. Олар өнер деп қадірлеп жүрген жоқ. Өнердің атын жамылып, мал тауып жүр. Дәстүрлі әншілер неге жоқ де­генде, осындай жолдан қосылған жолбикелер ортаға тұрып алған. Қоғам мен биліктің ортасында осы­лар жүр. Қолына домбыра ұстап жүр­гендердің бағы жанбай жүргені сондықтан. Әйтпесе, ұлттық өнерге сұраныс жоқ деп айта алмаймын. Той-томалақтың өзінде шоу-биз­нестегілер жүр. Олардың артық­шы­лығы неде? Әннің өңдеуі керемет. Түрлі аспаптарды қосып, компью­термен әрлеп, сөзі түкке тұрғысыз дүниені құлпыртып жібереді. Осы­ның арқасында «мүлтіксіз» орын­дау­шылар көбейді. Егер әнді «әр­леусіз» орындайтын болса, сылдыр су екендігі байқалып қалар еді. Ән ретінде қадірі жоқ, бірдеңе болып шығады. Дәстүрлі әншілердің де­меу­шісінің де жоқтығы, көпшіліктің бізден қол үзіп қалғандығының да себебі осында – алдымызда осын­дай «тажалдар» тұр. Дегенмен көпке топырақ шаша алмаймыз. Халық өзінің інжу-маржанын бәрібір іздеп табады. Қазірдің өзінде фоно­грам­мадан шаршаған, дәстүрлі әнді тың­дағысы кеп тұрады. 
– Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінен бөлек, қомақты дүние жазылған ба? Ол кісінің мәдени мұрасын қалай іздеп таптыңыз?
– Жайық Бектұров деген қа­ламгер атамыз болды. Ол кісі «Ха­лық жауы» деп айыпталып, Сібірге айдалып кеткен. Кейін Қарағандыда тұрды. Жайық атамыз – Балуан Шо­лақтың туыстарымен аралас-құ­ралас болған адам. Ол кісімен жиі араласып, бабамыз туралы көп де­ректерге қанықтым. Сәбит Мұқа­новтың «Өмір мектебінде» айтатын естеліктері де бар. Жазушының шығармаларында көп шындық болғанымен, әсірелеп айтқан тұс­тары да кездеседі. Есмағамбет Ыс­майылов, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович жазып қалдырды. Ер­закович Балуан Шолақтың 11 әнін Кенен Әзірбаевтың орындауында жазып алған. 
– «Балуан Шолақтың әндерін алғаш Кенен Әзірбаев үйренген» деген де әңгімелер бар. Рас па?
– Кенен атамызға дейін де орын­даған әншілер болды. Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың әнде­ріне қатты ғашық болған. Онда жиыр­ма бестегі жас жігіт. Балуан Шолақтың алдында тізерлеп оты­рып ән айтып, тыңдаған деседі. Мұ­ның бәрі ел аузындағы сөздер ғой. Ел-жұрты Кененді «қойшы» деп кемсітеді екен. Сонда Балуан атамыз «Қилардың арасында алтын жатыр ғой» деп баға беріпті. Қасына ертіп жүріп, өзінің көп әндерін үй­реткен. Бір жазда серінің он бір әнін үйреніп қалады. Сол әндердің өзі көп­шілікке жақсы таныс емес. Қа­зір Балуан Шолақтың отызға жуық әні белгілі. Бұрын көпшілік ара­сын­­да бес әні ғана орындалып келген. 
– Оның өзінде «Ғалия» мен «Сентябрь» әні көбірек орындалатын секілді. Басқа әндеріне әншілердің тісі батпаған ба?
– Балуан Шолақтың әндерінің бәрі керемет. Сол елге танымал бес әннің өзі ерекше. Өзге әндерінің ба­ғын осылар басып кеткен. Нота­лары сақталып қалған, ел аузында айтылып жүргені бар, соның бәрін жігіттер жинап, мәдени мұрасын на­сихаттауды қолға алды. Кешегі кеште үлкен әншілермен қатар, жас­тар да өнер көрсетті. Олар да сахнаға шығуы керек. Кеште 22 әні орындалды. Оның он екісі – бұрын мүлдем айтылмаған әндер. Мұның бәрі бір институттың атқаратын шаруасы.
– Балуан Шолақтың мектебі бар деп айта аламыз ба?
– Ондай мектеп жоқ. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбыраймен аты қатар аталады. Бұл төртеуі Көк­ше өңірінің мектебі саналады. Төрт алыптың ішінде Балуан Шолақтың да аты дүрілдеп тұр. Оның әндері асқақ, орындауға өте қиын. Бірде-бір әйел баласы, бірде-бір эстрада әншісі орындай алмайды. Бұл – асау ат секілді. Мықты бір әнші бол­маса, жығып кетеді. Мысалы, «Сентябрь» әнін орындау кез кел­геннің қолынан келе бермейді. Ба­луан Шолақтың күші қандай жой­қын болса, әндері де солай. Оның ерекшелігі – қазақ әніне қаһарлы қуат алып келгендігі. Ақан сері мен Біржан салдың әндерінде терең лиризмдер бар. Солай бола тұра, Балуан Шолақтың жүрегі өте нәзік. «Ғалияның» жеті түрін таптық. Соның төртеуі кеште орындалды.
– «Жаңа әндері табылды» дейсіз. Ол әндердің Балуан Шолаққа тиесілі екеніне қалай көз жеткізесіздер?
– Көпшілігінің ноталары сақ­талып қалған. Балуан Шолақтың ән­дерінде көп пайдаланылатын тұ­рақты тіркестер бар. Мәселен, 

– Атым мәлім үш жүзге Балуан Шолақ,
Толып жатыр денемде күш пенен бақ.
Жас келіншек, сұлу қызға тиышсыздаумын,
Тал бойымда жалғыз-ақ мінім сол-ақ, – дейді. 
Міне, осындай Балуан Шолақ деген сөздер кездесіп отырады. Оның әндері көтеріңкі леппен, жігерлі, асқақ орындалады. За­таевич те, Ерзакович те Балуан Шо­лақтың әндерін көп зерттеген. 
– Қазақтың дәстүрлі ән өнерін Затаевич пен Ерзакович көбірек зерттеп қалдырғаны белгілі. Өзімізде дәстүрлі әнді зерттеген зерттеушілер неге аз кездеседі?
– «Зерттеушілер жоқ» деп айта алмаймыз. Біздің кәсіби тұңғыш музыка зерттеушіміз – Ахмет Жұ­банов. Шоқан Уәлихановтың зерт­теулерінде аздап кездеседі. Ес­ма­ғамбет Ысмайыловтың жазбалары өте көп. Кейін жаңа зерттеушілер келді. Олардың көбі орыс тілді болды да, сөзіне көбірек мән берген жоқ. Сол кездері көптеген қателік­тер кетіп қалды. Ел аузында жүрген, көп айтыла бермейтін әндерді жинақтап, зерттеу жасап жүрмін. Қазақ әндерінің тарихын жасап кеткім келеді. Бірақ тағы да қаржы қолбайлау болып тұр. Оның бәрін жинақ етіп шығару үшін демеуші керек. Қазақ дәстүрлі музыкасына қолдау білдіргісі келетін азаматтар табылмайды.
– Марқұм Таласбек Әсемқұлов біраз күйдің тарихын зерттеп жазып кетті. Жарқын Шәкәрім аға да зерт­теулер жүргізіп жүр. Бұлар тікелей ғылымның адамдары емес. Қазақ әндері мен күйлерін зерттеушілердің көбі – орындаушылар секілді. Қазақ музыка ғылымы дамымай қалған ба?
– Зерттеушілердің дені – орын­дау­шылар екені рас. Жәнібек Кәр­менов ағамыз да – өзі орындаған ән­дерінің тарихын зерттеген адам­дар­дың бірі. Ол кісі өмірден ерте кетіп қалды. Менің мамандығым – та­рих­шы. Сол себепті, қазақ музы­касы туралы не айтылды, соның бәрін жазып алуға тырысамын. Ел аралап жүріп, ұрпақтарын іздеп, өзіме бейтаныс әндердің тарихы туралы зерттеймін. Көздерінің тірісінде ұрпақтарынан жазып алып қалдым. Ендігі мақсат – осы жи­наған-тергендерімнің бәрін жа­рыққа шығару. 
– Көңіліңізді жабырқататын дүние көп секілді. Сізді не жұбатады?
– Әнді орындау мен жаңа әнді табудың өз ләззаты бар. Қазір бізде көктеп қаулайын деп отырған өнер­паз көп. Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген жастар да жетерлік. Әйтеуір, біздің осы істеп отырған дүниемізді біреулер түсініп, көңілге түйіп, жа­дына сіңіріп қалса, мұның өзі – үлкен ерлік. Кезінде өзіміз де Ақ­селеу Сейдімбек, Жәнібек Кәр­ме­нов, Қай­рат Байбосыновты тыңдап өстік. Олар бізді оятты. Біздің де айтқанымыздан біреулер оянар. Қазақтың ұлттық ән өнері қылды­рықтай жіп сияқты үзілгелі тұрға­ны­мен, бұл сабақтастық құры­май­ды. 37 жылы да үзгісі келген. Қазан революциясында да үзбек болған. Қазір де шоу-бизнес өркендеп, дәстүрлі әнді шегеріп тастағанымен, дәстүр сабақтастығы үзілмейді. Бұл киелі өнерді санаулы адамдар жал­ғап отырады. Сондықтан үміт үз­беуіміз керек. 
Әңгімелескен 
Гүлзина БЕКТАС