Басты  /  Сұхбат  /  Бізге Алтынайдай ерекше дарындар жетпей тұр

Бізге Алтынайдай ерекше дарындар жетпей тұр

3170
Бізге Алтынайдай ерекше дарындар жетпей тұр – ...Мына өмірде мені дос ре­тінде де, адам ретінде де, өнер иесі ретінде де өлімі өкіндірген бір адам – Алтынай болды. Еш­кімге ұқсамай дүниеден өтті. Еш­кімге ұқсамайтын өнер ту­ғыз­ды.

Көрген түстей өте шыққан Алтынайдың қазасында қазақ­тың қайғыда айтатын көп сөзінің мәнін түсіндік. Қабырғамызды қайыстырып, 41 жасында жалт етті де, жоқ болды. Қазір қазақ өнерінде оның орны ойсырап тұр. Дәл қазір бізге Алтынайдай дилетант дарындар жетпей тұр. 
Алтынай Байтоқанова 2001 жылы Алматыдағы Үлкен Қазақ циркіне иллюзия жанрын алып келді және жаңа өнерге ұлттық нақыш сыйлады. Ай мен күндей Алтынай қазақтың өнерін Батыс пен Шығыста жарнамалады. Оның ұстазы – Ресейдегі цирк өнерінің қайталанбас тұлғасы Игорь Кио болатын. Өмірден ерте озған Игорьдің аты атал­ған­да орыс ағайындар осы күнге дейін тағзым етсе, өкінішке қарай, біз де Алтынайдан қапыда айырылып қалдық… Оған да, міне, тура үш жыл толыпты…
Осыдан 15 жыл бұрын Ал­тынай әзіл-шынын араласты­рып:
– Әркім Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына арнап қолынан ке­летін тартуын жасапты. Мені өз елінің патриоты демей көрің­дерші, тәуелсіздік мерекесіне өз үлесімді қосу үшін басымдағы жал­ғыз баспанамды сатып жі­бердім, ал, – дейді.
Расында да, ол өз арманын іске асыру үшін сол кезде үйін сатып жіберген болатын. Арман демекші, «кісінің мақсаты», «адам­ның арманы» дегенде ме­нің есіме үнемі Алтынай түседі.
Кішкентайынан үлкен сах­налардан көрінуді, әйгілі өнер адамы болуды армандаған қазақ қызымен біз бала күнімізде Ал­матыда тұңғыш рет оқушылар арасында өткен Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиа­дасында танысқан едік. Осылай­ша, Жездіден хат алысып жүріп, кейін біз ҚазҰУ-дың журна­лис­тика факультетінде та­быс­тық.
Алматыға арман қуып келген барлық баспанасыз жастар секілді ол да біраз тәлкекті көрді. Университет бітіргеннен кейін Алтынайдың баласын бағып, табысын табу үшін көрген хик­меттерін «көбік сериалдарға» сценарий етіп жазуға болар еді.    


Журналистика факультетін бітіргеннен кейін тағдыр бізді тағы да қосты. Қолақпандай дипломымен еш жерден жұмыс таба алмай университет пен жа­тақхана арасындағы ұзақ жолда жабығып келе жатыр екен. Арамыз салқын тартып жүрген екеуміз шыжыған ыстықта шүйір­келесе кеттік. Сол күні таң ағарып атқанша бір-бірімізге іші­міздегіні ақтардық. Осылай­ша, түнді таңға ұрып әңгімелесу әдетке айналды. Біз осылайша, жиырма жыл сырласқан екен­біз…
Университет бітірген жыл­дары барлық мекемелерде қыс­қар­ту жүріп жатқандықтан, ол дүңгіршекте сатушы болды, еден жуды, циркте жарық түсіруші болып істеп жүрді. Өйткені цирктің қонақүйінен балалы Алтынайға бір бөлме бұйырды. Құрбымның еңбекқорлығын, әртүрлі қызықты идеяларға толы болмысын байқаған цирк бас­шылығы оны менеджерлікке, сосын жүргізушілік қызметтерге ауыстырды. Алайда осы қыз­метін жалғастыра жүріп Алтынай өзінің негізгі мамандығы – журналисти­кадан қол үзіп қалмау үшін ра­диода да қатар жұмыс істеді.
Сол жылдары жаңадан ашыл­ған Радио-ситиге оны қызметке шақырғанда, қазақ тілінде тар­тымды бір бағдарлама жасауды аңсап жүретін ол бірден «Ал­тынаймен бірге» бағдарламасын дүниеге әкелді.
Бірақ аз жетістікке алдана­тын Алтынай ма?! Ұдайы үлкен өнер туралы армандайтын ол Құдайдың берген қабілетіне қиянат жасап жүргендей көрі­нетін. Күндіз-түні тынбай, бір­неше жұмысты қатар алып жүріп, әрең дегенде қолы жеткен қаланың қақ ортасындағы ұядай пәтері, бәрі-бәрі оны ал­дандыра алмады.
Сөйтіп, 2001 жылдың басын­да жаңа идеясымен бөліскен-ді. Бұрын-соңды Орталық Азияның цирк өнерінде болып көрмеген жаңа нөмір қалай жасалатыны туралы айтқанда Алтынайдың көздері жанып кетті.  
Ең бастысы, бұл нөмірді қазақ циркіне алып келу үшін аса қо­мақ­ты қаражат керек еді. Сондық­тан ол маған сол кезде қолдан келмес шаруа сияқты көрінгені рас. Кім арманда­май­ды?!
Алайда Алтынай айтып қоя салатын адам ба, араға санаулы күндер салып: «Нартәуекел, мен сол нөмірді жасау үшін пәтерімді сатамын. Басқа жерден қаржы көзі табылмай тұр. Басымда баспанам да болмай, балалы жұ­мыссыздардың күнін кешкенде де аштан өлген жоқпын. Кейін өмір бойы өкініп жүргенше ба­ғымды сынап көрейін де...» деп қарап тұр. Оның бұл шешіміне талып қала жаздадық. Басынан кешкен талай тауқыметіне куә болған біз бір бөлмелі пәтерін екі бөлмеліге енді ғана кеңейтіп, жаны жайлан­ғандай болған Ал­тынайға үйіңді сатпа деп өлердегі сөзімізді айт­қанымызбен, ол айналасы бір айдың ішінде пә­тері мен бар іске татыр дүниесін сатып, жаңа нө­мірді жасау үшін Мәскеуге ұшатын болды.
Халықаралық әуежайдан ұшақ­қа шығарып салуға бірнеше достар барып, көңілдендіріп тұр­дық та, ол тіркелуден өтіп, ұшу за­лына беттегенде жүрегім дүр­сілдеп, көзіме жас келе бастады. Ол да осыны алыстан сезгендей дауысы дірілдеп:
– Айнаш! – деді қол бұлғап. Неге екенін білмеймін осыдан кейін ет-бауырым езіліп, көзім­нен жас парлап кетті. 
– Жаным-ау, бір жапырақ болып қайда кетіп барасың? Не деген тынымсыз жан едің? Енді сенің жаныңа не керек? Жарат­қан ием, қарғадай бір қызға қамқор бола гөр! Ұры-қарыдан, жаман адамдардан сақта! Ар­манына жеткізе гөр! – деп іштей Аллаға жалбарынып аспанға біртіндеп көтеріліп, ұзап бара жатқан ұшақтың артында қала бердік.
Осыдан кейін де шетелдерге Алтынайды жүз рет шығарып салып, жүз рет қарсы алдық. Кү­ліп-ойнап кетеді де, артынып-тартынып оралып жататын. Бірақ сол күні неге егіліп жыла­ға­ным­ның мәнін енді түсіне бастаған сияқтымын. Осы өнер­дің жо­лында құрбан боларыңды қу жүрек сезді ме?
Сонымен, біз күткендегідей Ресейдің кісісі құмырсқадай құ­жынаған мегаполис қаласында арман қуған қазақтың бір жа­пырақ қызы адаспай, араға айлар салып, жадап-жүдеп қайтып келді.
– Қалай? – деген біздің күдігі мол сұрағымызға ол нөмірдің бейнетаспаға жазылған алғашқы сұлбасын көрсетті.
Осылайша, Алматыдағы Үл­кен Қазақ циркі тамаша нө­мір­мен толықтырылған еді. Бүкіл Орта­лық Азияда бұрын-соңды бол­маған бұл жаңа цирк өнерінің сиқырлы-транформациялық үлгісін елімізге әкелген бұрын өнер әлемінде аты естілмеген Алтынай Байтоқанова еді.
Кейде ұзақ түндер ойлана келе құрбымның осы өнерді таң­дауының сырын балалық шағы­ның түкпірлерінен де іздеймін. Көпбалалы отбасында туған, атасы мен әжесінің қолында өс­кен, ата-ананың мейіріміне то­лық қанбай, жақындарының қам­қорлығын аңсаған ол оны өз өмірінен де таба алмай, сол өл­шеусіз ықыласты өнерден ізде­гені ақиқат. Сөйтіп, әлемге Алты­найдай жаратылысы бөлек жан бар екенін паш еткісі келді.  
Ол сөзсіз талантты еді. Қан­дай тірлікті қолға алса да түбіне дейін жеткізіп, мінсіз болып шыққанын қалайтын. Оның іс­мерлігі мен сурет салатын өнері бар екендігі өзіне ғана аян. Кейін иллюзиялық шоуды жаса­ғанда да оның құ­пия­сын ашып алмау үшін ғажайып көйлектерді өзі тікті. Әрбір та­сына дейін өзі қадады.   
Екі тілге де жүйрік Алтынай Швейцарияда, Италия мен Түркияда келісімшартпен айлап өнер көрсетіп жүріп, осы елдер­дің тілін де тез меңгерді.  
Адам қандай кәсіппен ай­налысса да оның шыңына жету керек деп есептейтін Алтынай Қытайда өткен Иллюзионистер­дің халықаралық фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен «Сен тұра тұр, мен атайындар» келіп жатқан­да оның жүрексінсе де жеңіл­мегенін көріп таңғалмау мүмкін емес еді. 
Алтынай бұл өнерге тым кеш келгеніне өкінетін де еді. «Он жа­сымнан, тіпті он сегіз жасым­нан келгенде тау төңкермесем де, соған жуық істерді атқарған болар ма едім» деп күрсінетін. Шетел­дерде жасы 30-ға жуық­та­ған адам­дар бұл өнермен қош айтысып жатса, ол жиырма тоғыз жасында келді.
Ұлтшылдығы бір бөлек. Еуро­паны аралап жүріп, Шығыс пен Батысты шарлағанда адам өз ұлтымен ғана қадірлі, өз болмы­сымен ғана бөлек екенін сан рет ұғып, оларды ешнәрсемен таң­ғал­дыруға болмайтындығына көзі жеткенде қазақ болып қана ерекшелене алатынын білді.
«Менің өнерім – қазақтың құда қоржыны сияқты, ашқан сайын ішінен інжу де, маржан да, түрлі түсті мата да, бәрі шы­ғады. Ал бұл өз ұлтыңның барын көр­сетудің таптырмас жолы» дегенді ұдайы айтып отыратын.
Бұл жолдар – Алтынай ту­ралы айтылатын естеліктерімнің бір парасы ғана. Ол арманда кетті. Ауырып жатқанда да бастапқыда жоспарлар құрумен болды. Жұртты таңғалдыратын тамаша бір нөмір жасап жатқан-ды. Соны көрермендеріне сый­лай алмай кетті.
Әттең-ай, Алтынайдың ар­ман­дары өте көп болатын...