Басты  /  Сұхбат  /  Мауглиден кейін Алиса қазақша сөйлейтін болады

Мауглиден кейін Алиса қазақша сөйлейтін болады

2212
Мауглиден кейін Алиса қазақша сөйлейтін болады «Джунгли кітабының» қазақша нұсқасы туралы көпшіліктің пікірі жоғары. Жобаны қолға алған «Болашақ» қауымдастығы екені белгілі.

Бұған дейін де бірнеше голливудтық фильмдерді қазақшаға аударған еді. «Болашақтың» өнімдері өте сапалы екенін жұртшылық мойындап жүр. Осы орайда, қауымдастықтың жоба менеджері Әсем Исабековаға бірнеше сауал тастаған едік. 
-  «Джунгли кітабына» дейін Болашақ қауымдастығы бірнеше голливудтық фильмдерді қазақша тәржімалады. «Болашақтың» бұл жобасы көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Дегенмен, қазақшаға аударылатын фильмдер қалай таңдалып алынады?
- Голливуд туындыларын қазақшаға дыбыстау «Көліктер  2» анимациялық мультфильмімен бастау алды. Алғаш рет 2011 жылы прокатқа шыққан туынды қазақ дубляжының қадамына себепкер болды.  Бес жыл ішінде 14 голливудтық картина қазақшаланды. Атап айтсақ, «Қара киімділер - 3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші адам» - 2012 жылы, «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер» - 2013 жылы, «Жаңа өрмекші адам: Кенерген қуат», «Галактика сақшылары», «Малефисента» - 2014 жылы көрермендеріне жол тартса, былтыр «Күлбике», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «007: Спектр», «Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» филімдерінің тұсауы кесілді. Байқап қарасаңыз, фильмдердің барлығы дерлік отбасылық көрсетілімдерге арналған. Оның себебі де бар: «Дисней» студиясы парасаттылық пен отбасылық құндылықтарды дәріптейді.
- Бұған дейінгі голливудтық өнімдердің қазақша көрсетіліміне қатысты  кереғар пікірлер көп айтылды. Көпшілік оның көрерменге ыңғайлы уақытқа қойылмайтынын айтып қынжылады. «Болашақтың» ұсынған қазақша фильмдері неге жиі көрсетілмейді? Әлде кинотеатрлармен келісімге келу қиын ба?
- Жобаның басты мақсаты  мемлекеттік тілді дамыту және әлемдік танымал фильмдерді еліміздің көрермендеріне қазақ тілінде қолжетімді қылу. Біздің Қор үкіметтік емес ұйымдардың арасында бірінші әрі жалғыз болып, голивудтық фильмдерді қазақшаға аударуда. Барлық жобаларымыз әлеуметтік сипатта және ешбір коммерциялық мақсатты көздемейді. Кинотеатрлардың басым көпшілігі жеке меншікте болғандықтан, біздің Қоғамдық ұйым оларға ешбір міндет жүктей алмайды. Дегенмен, біздің тарапымыздан барлық кинотеатрларға фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасы бар екенін хабарлап, көрермендерге қолайлы уақытта (prime-time) көрсетілуі туралы өтініш хаттар жолдануда. Өзіміздің атымыздан күнделікті қазақ тіліндегі «Джунгли кітабы» көрсетілімдері жайлы ақпаратты әлеуметтік желілерімізде жариялап отырамыз. 
- Құпия болмаса, бір фильмге қанша қаражат бөлінеді?
- Дубляждау жұмысының орташа бағасы шамамен 80 - 100 мың АҚШ долларын құрайды. Алайда біз үшін бұл жоба тек әлеуметтік болып есептеледі, оның әрі қарай дамып, іске асырылуына спонсорлардың көмегі қажет, сол мақсатта Қауымдастық атынан үлкен жұмыс жүргізіледі. Осы жолғы дубляж спонсорлары болып «Бан РБК» АҚ және «Bank RBK» және «Exclusive stroy» ЖШС болып табылады. 
- Голливудтың 14 фильмі мемлекеттік тілде сөйледі. Дубляж жұмыстарына бөлінген қаражаттың қайтарымы болды ма? 
- Аталмыш жоба әсерінен, елімізде қазақ тіліндегі шет елдік киноның қоры жинақталуда. Айта кетсек, «Air Astana» әуе компаниясы өзінің ұшақ кемелерінде дубляждалған киноларды ұсынуда сонымен қатар «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы өз арналарында жоба аясындағы кинофильмдерді көрсетуде. Бәлкім, қаражат қайтарымы жайлы сұрақты кинопрокаттаушылар мен дистрибютерлерге қойған дұрыс болар. Өзіміздің атымыздан жарнамалық жұмыстарды әлеуметтік желілерде орындап отырамыз, фильмнің қазақ тіліндегі трейлері отандық телеарналарда халық назарына ұсынылып отырады. 
- «Джунгли кітабынан» кейін қандай жанрдағы фильмді аудару жоспарда тұр?   
- 2016 жыл ішінде 4 фильмді қазақ тіліне аудару жоспарланған.  Алғашқысы «Джунгли кітабы» болса, одан кейін «Алиса айнаның арғы бетінде», «Моана» және «Жұлдызды соғыстар» кинотуындылары қазақша сөйлейтін болады.