Басты  /  Сұхбат  /  Биотехнологиялық мақтаның болашағы бар ма?

Биотехнологиялық мақтаның болашағы бар ма?

2618
Биотехнологиялық мақтаның болашағы бар ма? Республикамызда мақта қозасын өсіріп-баптауды қаржылық қолдау көлемі жыл сайын артып келеді.

Алайда валюталық дақыл өнімділігінің артуы мемлекеттіксубсидияларға сәйкес келмейді. Егіншілік мәдениеті­нің төмендігі, ауыспалы егістің дұрыс жүргізілмеуі, топырақ құнарлылығы­ның нашарлауы, сондай-ақ тұқым шаруашылығы мен жер мелиорация­сын­дағы мәселелердің әсерінен өнімділіктің артуы әлсіз. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры 
ҚР ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше, ауылшаруа­шы­лық дақылдарын өсіріп-баптаудың озық технологияларын қолданбастан, мақта саласының дамуы мүмкін емес. 
– Ибадулла Изатуллаұлы, мақтаның био­технологиясы бойынша Халықаралық конференцияға қатысып келдіңіз. Бұл біздің елімізде мақта шаруашылығында биотех­нологияны қолдануға дайындалып жатыр дегенді білдіре ме?
– Соңғы кездерде елімізде ауыл шаруа­шылығы дақылдарының генетикалық мо­дификацияланған сорттарын егу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Бірден айтайын, мен Bt-мақтаны өндіріске ендіру туралы үгіттеп отырғаным жоқ, тек әлемдегі мақта саласындағы Bt қолдану туралы жағдайды айтпақпын.
Бүгінгі таңда әлемнің мақта өсіруші 70 елінің ішінде жетекші өндіруші елдер  генетикалық модификация жолымен алын­ған мақта (әрі қарай Bt-мақта) сорттарын ғана өсіреді.  Вt-мақта әлемдегі жалпы мақта алқабының 68 пайызынан астамын алып жатыр. Әлемдік мақта шаруа­шылы­ғында Вt-мақтаны Аргентина, Австралия, Қытай, Колумбия, Үндістан, Индонезия, Мексика, АҚШ және Оңтүстік Африка Республикасы елдері өсіреді. Мақта тал­шы­ғының дүниежүзілік көлемінің 73 пайызы осы елдердің үлесіне тура келеді. Осы көр­сеткіштердің өзі, сөз жоқ, жағдайды толық айқындап отыр.
Конференцияда мақта өндірісі, саудасы мен қайта өңдеу ісімен айналысатын әлем­нің отыздан астам елінің өкілдері қатысты. Ол жерде генетикалық модификацияланған мақта және басқа да ауылшаруашылық дақылдар өндірісін дамыту жағдайы мен болашағы сөз болды. Мен Пәкістан, Бра­зилия, Үндістан, Қытай және АҚШ өкіл­дерімен сұхбаттастым. Сұхбаттан кейін біз­дің елге де биотехнологияны мақта­шы­лық саласында зерттеу қажет екендігіне көзім жетті.  
Біз Вt-мақта өсірумен айналыспаған, тек мақта өсіруші ел қатарына кіреміз. Бұл тізімге бізден басқа Африка континентінің Оңтүстік Африка Республикасынан басқа барлық елдері, сондай-ақ Орталық Азияның Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан республикалары кіреді. Өткен ға­сырдың 90 жылдарының ортасынан бастап, мақта қозасы генетикалық модифика­ция­ланған жетекші дақылға айналды. Ал мақта биотехнологиясы саланың әлемдегі бүкіл тарихында ең жоғары деңгейге жеткен. 
– Демек, Вt – ауылшаруашылық да­қылдарын өсіріп-баптаудың тез тарайтын технологиясы ма?
– Жер шарының оңтүстігінде, әсіресе экватор белдеуіндегі мақта өндіруші ел­дерде зиянкестердің жоғары дәрежеде да­муы кейбір жылдары 75-80 пайызға дейін өнімге зиянын келтіре отырып, химикат­тарды (пестицидтер) бір жылда 25-30 ретке дейін қолдануға тура келді. Пестицидтерді көп мөлшерде қолдану ауаның бұзылуына және экологиялық проблеманың артуы­на, адамзат денсаулығының нашарлауына әке­ліп соқтырды. Зиянкестердің шашылған пестицидтерге иммунитеттері пайда болып, олардың өнімге келтіретін зияны бәсең­де­меді.
Аталған проблемаларды шешу мақ­сатында мақтаның генін өзгертіп, көсек құрты және басқа кеміруші зиянкестер өсім­діктің олар үшін жағымсыз иісіне шы­дай алмай, егістікке жақындамайтын жағ­дай жасалады. Гені өзгерген Вt-мақта гер­би­цидтерге төзімді және зиянкестерге қар­сы иммунитеті болады.
2006-2015 жылдар ауылшаруашылық дақылдарының биотехнологиясын ком­мерциялау онжылдығының басы болатын. Өткен он жылда ауыл шаруашылығында биотехнологияны қолдану саласы үздіксіз өсіп отырды. Ауыл шаруашылығында 
Вt қолданудың өсу қарқыны 1996 жылы 12 мил­­лион гектардан 2006 жылы 102 мил­лионға жетті. Вt-ауылшаруашылық да­қылдарын өсіруші шаруалар саны он мил­лион адамнан асты, он жылда егістік ал­қаптар көлемі алпыс есе артты. АҚШ-та Вt-ауылшаруашылық дақылдарының негізгі өндірушілері соя және мақта биотех­но­логиясын қолдану 80 пайызды құрады. Сондай-ақ 2006 жылы Үндістан әлем бойынша ең көп мөлшерде мақта өндірді, мұнда биотехнология қолданған мақта ал­қаптары артуының ең жоғары деңгейі тір­келді – 3,8 миллион гектар. 
– Біздегі дәстүрлі жолмен өсіріп-бап­талатын сорттардан Вt-мақтаның қандай артықшылықтары бар?
– Шығарылған Вt-мақта сорттарының зиянкестерге қарсы иммунитеті мен гер­бицидтерге төзімділігінің маңызы орасан зор. Тәуелсіз әсер етуші екі Вt геніне ие ал­ғашқы сорттар АҚШ-та және Австралияда он төрт жыл бұрын пайда болды. Бұл екі генді Вt сорттарының өнімділігі және тал­шық созылғыштығы жоғары. Сонымен бірге тәуелсіз зерттеулер Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы және Үндістанда миллиондаған шаруалардың Вt-мақта өсіріп-баптау нәтижесінде әлеуметтік-эко­номикалық және экологиялық, сондай-ақ денсаулықты қорғауда біршама артықшы­лықтарға ие болғанын көрсетеді. Осындай артықшылықтар Вt-мақта  өндіріске енді­рілсе, Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асырылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда Вt-мақтаның бірден-бір артықшылығы зиянкестерге қарсы имму­нитеті мен гербицидтерге төзімділігі бол­ғанымен, озық биотехнологияларды қол­дана отырып, агрономиялық қызметіне, түрлі қолайсыз жағдайларға төзімділігіне, талшық сапасы мен өнімділігіне тікелей әсер ететін басқа да қасиеттері көптеп әзір­ленуде. Зиянкестерге қарсы тұру қабілеті мен гербицидтерге төзімділігінен басқа биотехнология ауруларға қарсы күресуде және нематодтарға немесе түрлі эколо­гиялық қолайсыз жағдайларға (ыстық, суық, құрғақшылық) төзімділігін арттыруда қолданылады. Нәтижесінде, өнімділікті арттыру мүмкіндігі артады. Сондай-ақ био­технология мақта талшығының ұзын­ды­ғына, түсіне және мықтылығына әсер ету жолымен талшық сапасын модифика­ция­лауда қолданылады. Бұл – тоқыма өнер­кәсібі үшін аса маңызды.  
– Биотехнология жайында тек жақсы пікір айтуға бола ма, әлде әлі де толық зерт­телген жоқ па?
– Кез келген жаңа технология сияқты, Вt-мақтаның да пайдалы тұстарымен қатар зияны болуы да мүмкін. Технология жайын­да барлығын алдын ала білу мүмкін емес. Ұзақ мерзімнен кейін пайда болатын зар­даптарын алдын ала дәл болжай алмаймыз. Вt-мақтаны қабылдаудың негізгі талап­-тары – тәуекелді бағалаудың ғылыми не­гіз­делген және қолайлы әдістерін табу. Онда адам денсаулығына және қоршаған ортаға зияны қарастырылып, сондай-ақ артықшы­лықтарымен салыстырылады. Мұқият жүр­гізілген бағалаулар нәтижесінде Вt-мақта сорттарының немесе одан алынатын өнім­дердің адам денсаулығына зияндылығы анықталмаған, денсаулық сақтау халықара­лық ұйымдары жағынан ондай мәлімет болмаған.
Вt-мақта өсіріп-баптаушы елдердің тәжірибесі, оның экономикалық-әлеумет­тік және экологиялық елеулі артықшы­лықтарын көрсетеді. Егер Вt-мақтаны кәдімгі сорттармен салыстыратын болсақ, онда пестицидтерді  қолданбайтынына, сонымен бірге ірі немесе ұсақ шаруашылық­тарда болсын, орташа табыс көлемінің едәуір жоғары екенін көруге болады. 
Мақта шаруашылығы дамыған мем­лекеттерде әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштер санының артуы Вt-мақтаның ша­руалар табысының еселеп артуына және жалпы қоғамға едәуір пайда әкелуіне ықпал етеді деген пікірдің дәлелі болады. 
– Мамандандырылған мақта шаруа­шы­лығы ҒЗИ жетекшісі ретінде мақта биотех­нологиясын әзірлеу және қолдану мәселесі бойынша әрбір мемлекетте қалай шешім қа­былдануы керектігіне пікіріңіз қандай?
– Вt-мақта немесе озық биотехно­ло­гияның басқа өнімдерін қолдануға қатыс­-ты әр мемлекет басқа елдердің филосо­фиялық, идеологиялық не экономикалық қы­сымынсыз, өздігінше, өзіне ыңғайлы, келешекке зиянсыз шешім қабылдауы тиіс. Вt-мақта сорттарына еркін қолжетімділік, ашық әрі тиімді реттеу процесінің ком­поненттерімен қамтамасыз ету үшін, яғни Вt-дақылдарын кәсіби өндіру және жеткізу, шаруалар мен қолдау құрылымын оқыту, оңтайлы іскерлік орта қалыптастыруды та­лап етеді, асығыс шешім қабылдау мүмкін емес.   
Ғылыми негізделген, айқын, дәл, мо­бильді және Қазақстанның мақта өсірілетін оңтүстік аймағының экожүйесімен үйлес­кен мемлекеттік реттеу бағдарламасын әзір­леу қажет. Вt-мақта сорттарындағы жер­гілікті жер жағдайында ерекшеленген ең жақсы технологияны сынақтау және анық­тау бойынша кең ауқымды ғылыми зерт­теулер жүргізілуі тиіс. Алдымен шаруаларды оқытып, жаңа технологияны қолдануда оның пайдасы не зияны бар екенін анық­тауға қолұшын беретін техникалық-наси­хаттаушы топтар құру керек.
Инновациялық озық технологияларды өндіріске ендіре отырып, Дүниежүзілік сау­да ұйымының мүшесі ретінде мақта саласы бойынша басқа елдермен бәсекелес болып жеңіске жетуіміз мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ