Басты  /  Сұхбат  /  Алмас МҰҚАЖАН, жас кәсіпкер: Жүрегім оюдан жаралған

Алмас МҰҚАЖАН, жас кәсіпкер: Жүрегім оюдан жаралған

4948
Алмас МҰҚАЖАН, жас кәсіпкер: Жүрегім оюдан жаралған – Алмас мырза, «Мұқажан» – алды­мен бренд болып қалыптасқанымен, қазір бизнес көзіне айналды. Ұлттық нақыштағы бұйымдар да бизнес көзі бола ала ма?

– 6 сыныпты бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер мектебіне оқуға түстім. Онда сурет салудың әліпбиінен бастап үйретті. Кейіннен Жүргенов атындағы колледжде – көркем сурет, академияда дизайн мамандығы бойынша білім алдым. Әкемнен зергерліктің қыр-сырын үйреніп алғандықтан, дизайн саласын меңгергім келді. Колледжде оқып жүргенімде қазақтың ою-өрнегі сәнде болмаған еді. Ес білгелі көргенім қазақы сипаттағы түрлі ою-өрнектермен әшекейленген бұйымдар болғандықтан, бұл жағдай жаныма қатты батты. Оның үстіне менің түсінігімдегі көркемдік, әсемдік ұғымы сөзсіз оюмен байланысты еді. Әу баста, оюмен өрнектелген кез келген туынды сән әлемінің төрінен теуіп тұрып орын алатынын дәлелдегім келсе керек. Студенттік кезімдегі кез келген авторлық жұмысымда қазақылықтың қолтаңбасын қолданып жүрдім. Бірде әріптес достарыма бұрынғы үлкен ұялы телефондарға арнап қапшық жасап, соны оюмен өрнектейік деген ұсыныс жасадым, бірақ бұл ойым қолдау таппады. Себебі сол кездегі көп дизайнерлер дамып келе жатқан Қазақстан үшін «ою» тым ескі деген пікірде болатын. Анам бизнес саласындағы адам. Ол кісінің «сенің бизнес жоспарыңның болашағын тек өзің көре аласың» деген сөзінен кейін «оюмен өрнектелген бұйымдардың болашағын көріп тұрсам, неге кәсібімді бастамасқа» деп нақты жоспар жасап, бұл кәсіпті жүзеге асыруға кірісіп кеттім. 
– Брендтің «Мұқажан» аталу себебі неде?
– Атамның есімі – Мұқажан. Ол кісі былғары мен теріден түрлі тұрмысқа қажет бұйымдар жасайтын шебер болған. Атамның қолөнер шеберлігі кейіннен әкем Аман Мұқажанға дарыған. Әкем – зергер. Күміс пен алтыннан түрлі алқа, жүзік, сырға және тағы басқа әйел затына қажет бұйымдар соғады. Алматы маңындағы шеберлер ауылында туып, бала кезімнен осындай шеберлікті көріп өстім. Мұндағы азаматтар қамшы өреді, ер-тоқым жасайды, киіз үйдің түр-түрін тігеді. Шеберлік атам Мұқажаннан басталғаннан кейін, көп ойланбастан кәсібіме «Мұқажан» деген атау бердім. 
– Бизнесіңізге кім демеушілік көрсетті?  
– Бастапқыда, әкемнің шебер­ханасында жасалған бұйымдарды сыртқа сатып, қаражат тауып жүргенмін. Содан анам «Кәсіппен айналысуыңа барлық жағдай жасалған. Шеберхана бар, сатуға дайын бұйымдар әкеңнің еңбегімен жасалып жатыр. Сенікі тек сату, кәсіп емес» деді. Ойлана келе, жеңілдің үстімен жүрген кәсіпкер екенімді түсіндім. Сөйтіп, сыртта бөлек жұмыс жасап, кәсіп бастауға қаражат жинауға көштім. Екі жыл көлемінде фотограф болып қызмет еттім. «Мұқажан-студио» деген атпен суретке түсіріп жүрдім. Екі жылда біраз қаражат жинап, кәсібімді бастап кеттім. Сөйтіп, бұл бизнестің инвесторы – «Мұқажан-студия» болды. 
– Қазір «Мұқажанның» бұйым­дары еліміздің қай қалаларын­да сатылуда?
– Алғашқыда Алматыда бастадық. Кейіннен Астана, Ақтау қалаларының ойын-сауық орталарынан дүкен ашуға мүмкіндік туды. Мақсатымыз – еліміздің 14 облысының барлық ірі қалаларын қамту. Бұл мақсаттың жүзеге асуына бірқатар кедергілер бар. Сол мәселелерді реттеп алған соң, құлашымызды кеңге жаярмыз. 
– Қандай кедергі? Жалпы, елімізде кәсіпкерлікпен айналысу қиын ба?
– «Мұқажанның» өніміне әр қаладан сұраныс түсіп жатыр. Бірақ барлық қалалардың сұранысын қамтуға бізде мүмкіндік бола бермейді. Мәселен, цехта жұмыс жасаймыз, зауыт жоқ. Жұмыс күшіне жұмылдыратын қызметкерлер саны аз. Оның үстіне, санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Сұраныс көп екен деп, қаптатып өнім шығара бергім келмейді. Баппен, байыппен тұтынушыларға сапалы дүние ұсынғым келеді. Бұл мақсатымнан тайған емеспін. «Мұқажанның» кәсіп ретінде басталғанына 4 жылдан асты. Осы  уақытта еліміздің тек үш қаласынан дүкен аштық. Сонда да ешқайда асық­паймыз.
– Ал былғарыны қай жақтан аласыздар?
– «Мұқажан» өнімдерінің сапалы болуының басты себебі – былғарының сапалы таңдалуында. Егер елімізде сапасы жоғары былғары дайындайтын зауыт болса, еш ойланбастан отандық өнімді тұтынар едік. Өкінішке қарай, Қазақстанда сапалы былғары табу қиын. Сол себепті, көршілес Қытай елінен былғары жеткізуге тура келеді. Әлі күнге дейін ол елдегі әріптестерімізбен байланыс бар. Олардан үйренгеніміз де жетерлік. 
– Цехта қанша адам қызмет етеді?
– Негізінен, 5 адам жұмыс жасайды. Бірақ жұмыс көлеміне қарай кейде қосымша жұмысшылар шақырамыз. 
– Ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс көп пе?
– Әу баста, «мұндай бұйымдарды тек шетелден келетін туристер естелік үшін ғана алады» деген пікірлер айтылды. Шетелдіктердің ұлттық нақыштағы бұйымдарға аңсары ауатыны жасырын емес. Бірақ мұндай әсем дүниелерге тек қазақтардың емес, жалпы қазақ­стандықтардың сұранысы жоғары. Әйтпесе «Мұқажан» – бренд болар ма еді? 
– Десек те, мұндай бұйымдарды бизнес көзіне айналдыру оңай емес қой...
– Рас, ұлттық нақыштағы бұйым­дарды нарыққа шығару, оған деген тұтынушылардың сұранысын арттыру оңай дүние емес. Бірақ менің жүрегім оюдан жаратылған. Кез келген кәсібімнің көркіне әр беретін ұлттық ою-өрнектер секілді. Бұл бизнестен бас тартуды ешқашан ойлаған емеспін. Себебі ұлттық бұйымдарды халыққа ұсынудың ебін тапсақ, мұндай дүниелер әрдайым сән әлемінің төрінде тұруға хақы бар екенін дәлелдегім келеді. 
– Ал дизайнымен кім жұмыс істейді?
– Бүгінге дейін шығарылған өнімдердің дизайнын өзім сызып келдім. Яғни сөмке, әмиян, кілт яки визитка, ұялы телефон салатын қапшықтар, белдік, қолғап сынды дүниелердің дизайны өзімдікі. Бірақ алдағы уақытта «Мұқажан» басқа тауар түрлерін шығаруды жоспарлауда. Осыған байланысты басқа дизайнерлермен бірігіп жұмыс істеуге тура келді.
– Басқа қандай тауар түрлерін шығару ойда бар?
– Алдағы уақытта ерлер мен әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы заманауи киімдер шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларда тұтынушылар «Мұқа­жанның» өнімдеріне қатысты түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтып жатады. Солардың барлығын ескеріп, мақсатты аудиторияның сұранысын зерттеп отырамыз. Тұтынушылардың бірқатары «неге киімдер шығармайсыздар?» деген сауалды үнемі қойып келеді. Биыл осы мәселеге назар аударып, біршама тауар түрлерін шығаруды жөн санадық. Бұдан бөлек, әйелдерге арналған ұлттық нақыштағы бұйымдар шығаруды жоспарлап отырмыз. Бізден жаңалық күтіңіздер.
– Жылдық табысыңыз қанша?
– Әзірге жылдық табысымыз жаман емес. Барлық шығын ақталады. Қазіргі құбылмалы нарықта компанияны құлдыратып алмай, ұстап қалудың өзі үлкен жұмыс. Бастысы, жылға бекітілген жоспар өз қарқынымен жүзеге асып келеді. 
– Бизнестің жылдам дамуы үшін неге басқа инвесторлардың көмегіне жүгінбеске?
– «Мұқажан» 4 жыл бұрын кәсіп ретінде басталғанымен, соңғы екі жылда бренд ретінде қалыптасып, тұтынушылардың үлкен сұранысына ие болды. Осыдан кейін үлкен бизнеспен айналысып жүрген аға-көкелерімізден «бұл кәсіпті бірлесе дамытайық» деген  ұсыныстар түсе бастады. Әу баста тек өзім бастағаннан кейін, барлық қиыншылығын бастан өткергеннен кейін бұл кәсіпке қиянат жасағым келмейді. Оның үстіне, ұлттық нақыштағы бұйымдардың нәзіктігін сол бизнесмен түсінсе жақсы. Тек қомақты қаражатты көздейтіндер мұндай дүниелердің қадірін жіті түсіне бермейді. Сол себепті көп пайда таппасам да, байыппен өзім айналыса бергенім дұрыс та шығар деп ойлаймын. 
– Сұхбатыңызға рақмет! Іске сәт!