Басты  /  Сұхбат  /  Геннадий ШИПОВСКИХ: Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын

Геннадий ШИПОВСКИХ: Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын

2181
Геннадий ШИПОВСКИХ: Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын Геннадий Шиповских – жаңа сайланған депутаттық корпустағы ең жас қалаулы саналады, ол 26 жаста. 1989 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Сек­сеуіл ауылында туған.

 Ата-анасы қаза бол­ған­нан кейін Шиповских қызылордалық балалар үйіне жіберіледі. Оны жетімханадан қазақ отбасы асырап алады. 
Үйленбеген. Өзінің айтуынша, қазақ тілін өзге тілдерден жақсы біледі. 
2010 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы №5 кәсіби лицейін бітірген. Мамандығы – «машинистің кө­мекшісі». Депутат болғанға дейін «Қазақ­стан темір жолының» еншілес кәсіпорнына қарасты Қызылорда локомотив-эксплуа­тациялау депосында жұмыс жасаған.
– Таяудағы парламенттік сайлауда «Нұр Отан» партиясы айқын жеңіске жетіп, ха­лықтың орасан зор қолдауына ие болды. Бұл жеңіс бізге, нұротандық депутаттарға үл­кен жауапкершілік артады. Халқымыз пар­тия­ның сайлауалды бағдарламасындағы міндеттердің орындалуын күтіп отыр. Сон­дықтан мен енді әріптестеріммен бірге осы мақсат үдесінен шығу жолында еңбек етемін. «Бісміллә» деп ісімізді бастадық. Ел мен Елбасы алдында ант бердік. Біз қазақ­стандықтардың ойынан шығуға тырысамыз. 
– Парламент қабырғасында қалаулы ретінде қандай мәселелерді көтересіз?
– Жаңа сайланған Мәжіліс құрамына әр саланың майталман мамандары кіріп отыр. Олардың әрқайсысы – өз ісінің білгірі. Бірақ халық та бізге тек бір бағыттағы мәсе­лемен жүгінбейді, елдің арыз-мұңы сан салалы болмақ. Тиісінше, біздің бәріміз өз алдымызға келген сайлаушыларды әр жаққа қумай, тыңдаймыз, демек, әртүрлі мәселе­лер бойынша жұмыс жүргіземіз.
Әрине, сонымен бірге әр депутат заң шығарушылық қызметі аясында өзі маман­данған сала мен мәселелер бойынша жұмыс жүргізеді, депутаттық сауалдар көтереді. 
Мен қарапайым жұмысшылар қатары­нан шыққан адаммын. Тек темір жол емес, көлік және логистика салаларының мама­нымын. Бұған қоса, өңірлерді дамыту мәселелерін көтеру ойымда бар. Еңбек­кер­лердің, әсіресе, қызметі қауіптің жоғары деңгейімен байланысты жұмысшылардың проблемаларын шешуге атсалыспақпын. Мұндай адамдар жақсы жеңілдіктермен қамтамасыз етілуге тиіс деп санаймын. Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.
Таяуда мен туралы интернет пайда­лану­шылар қалдырған пікір-комментарийлерді оқыдым, көзқарас әртүрлі екен. Жұрт­шылықтың бір бөлігі жылы қабылдауда, мақтауда. Енді бірінің жақтырмайтыны байқалады. Тіпті сұхбат берген бір адам қалаулы болу үшін әлі жас екенімді айта келе: «Это же не землю копать!» деген байлам түйеді. 
Білесіз бе, мен жер қазған емеспін, машинистпін. Ал алып темір жол көлігін басқару үшін бас керек. Пойызға отырған қаншама жан өз өмірін саған сеніп тапсырады. Яғни жауапкершілігі үлкен. Жолаушылардың барлығын аман-есен әрі дер уақытында көздеген жеріне жеткізу үшін жақсы білім-біліктілік керек. 
Әрине, жаспыз. Бірақ қазақ үшін ықы­лым заманнан жас – басты өлшем болмаған. Мен қазақстандықтардың өмірін жақсы етуге үлес қосуға тырысамын. 
– Тәжірибелі депутаттар арасында сізге ақыл айтып, кеңес беріп, көмектесуші аға­ларыңыз бар ма?
– Депутаттық корпус ішінде ұлтжанды азаматтар жетерлік. Біз танысуды бастап кеттік. Мысалы, Бақытбек Смағұл деген білімді, білікті, парасатты ағамыз бар, жер­леспіз. Алғашқы кездескеннен-ақ барлық әріптестерім жылы қарсы алды. Әр бағытта ақылдан қазірден беріп жатыр. Мен оларды сана таразысынан өткізіп, елеп-екшеп, қажеттісін пайдаланам. Кез келген қалаулы келелі ойға құлақ түруі қажет деп санаймын. Қалай болғанда, біз әр ісімізде ел мүддесін бәрінен биік қоюға тиіспіз.
– Депутаттық көлікті мініп үлгердіңіз бе?
– Жоқ. Әлі мінген жоқпын. Әр депутат атына бекітілген көлік жоқ, Парламенттің ортақ автопаркі бар, соған тапсырыс беріп, алғызасың. Рәсімдерін жаңа-жаңа естіп, біліп жатырмыз. 
Кейбір адамдар ойлауы мүмкін, «бұқара арасынан шығып, билікке қол жеткізгеннен кейін өткен күніне мұрын шүйіріп, өзгеріп кетеді» деп. Сіздерді олай болмайтынына сендіргім келеді. Қазақта бір даналық сөз бар: «Гүл жапырағымен сыйлы, жақсы адам жыртық шапанымен сыйлы». Халыққа түзу көзбен қарасаң, халықтың саған деген көзқарасы да түзу болады.
– Депутаттық қызметтік пәтер алдыңыз ба?
– Алдағы күндері белгілі болып қалар.
– Жаңа шақырылған Парламенттің бірінші сессиясын Елбасының өзі ашты. Яғни ең алғашқы жиыныңыз Президенттің қатысуымен өтті. Қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, толқыдым. Алған әсер көл-көсір. Бұған қоса, депутат болу – оңай қызмет емес. Басқа қазақстандықтарға рұқсат етілетін мінез-құлық пен іс-әрекет­тер қалаулыға жараспауы мүмкін. Депутат бүкіл Қазақстан халқы атынан сөйлейтін­дік­тен, әр ісіне, әр сөзіне жауапты болуға, салмақты қарауға міндетті. Ол әдеп пен парасаттылықтың үлгісі болуы керек деген ойдамын.