Басты  /  Сұхбат  /  Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Бұл миссия Қазақстанның беделін бекітіп, абыройын асқақтата түсті

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Бұл миссия Қазақстанның беделін бекітіп, абыройын асқақтата түсті

2135
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Бұл миссия Қазақстанның беделін бекітіп, абыройын асқақтата түсті Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Нұрлан Ерімбетов cаяси сайыстың қорытындысы бойынша отандық, шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.

– Біз сіздермен үлкен саяси оқи­ғаның байқаушылары ғана емес, тікелей қатысу­шылары атандық. Мемлекеттік маңызы бар шараның жүзеге асуына атсалысумен шек­телмей, барша қазақстандықтардың тұтастық пен тұрақтылыққа, гүлдену мен дамуға, өсу мен өркендеуге ұмтыл­ған­ды­ғына куә болдық. Қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізетін болсақ, біз тарихи мис­сия атқардық. Бұл миссияның сәтті әрі еш кедергісіз орындалуы тәуелсіз Қазақ­станның беделін бекітіп, абыройын асқақтата түсті, – деді ол алғысөзінде.
Н.Ерімбетов сайлау үдерісін шет мем­лекеттердің 1 мыңнан астам аза­маты, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен жур­налистер бақылаға­нын баяндап, Қазақстанның азамат­тық қоғамы да ау­қымды оқиғаны назарда ұстаудан шет қалмағанын жеткізді.
– Электоралды кампанияның барлық кезеңі Сайлауды бақылау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссияның қа­дағалауында болды. Комиссияның құра­мына беделді әрі танымал тұлғалар, ғалымдар, сарап­шылар, саясаттанушылар, тілшілер, мәдениет қайраткерлері енді. Олар сайлау кампаниясының барлық шара­ларына қатысып, аймақтарды аралады. 
Ең әуелі біз электоралды кезеңде бақ сынап жатқан барлық саяси партияларға бірдей мүмкіндік беріліп, тең жағдай жасалуын назарға алдық. Осы арқылы ашық қоғамдық диалог алаңын қалып­тастырып, билікпен, БАҚ қызметкер­лерімен және халық­аралық миссия өкіл­дерімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Сайлаудың ашық, еркін, әділ және демо­кра­тиялық ұстанымдарға сай өтуін бақы­лау да біздің қарарымыздың шеңбе­рінде болды, – деді комиссия төрағасы.
Оның сөзінше, еліміздің барлық об­лыс­тары мен Астана, Алматы қала­ла­рында байқаушыларға қол ұшын беретін аймақтық орталықтар құрыл­ды. Осы орталықтар жергілікті жер­лердегі сайлау үдері­сінде заңға қайшы келетін әрекет­тердің орын алмауын қадағалады. 
– Біз еліміздегі сайлау учаскелеріне 10 мың байқаушы жібердік. Олардың барлығы кәсіби тұрғыдан алғанда білікті болды. Себебі байқаушылардың барлығы сайлау науқанына дейін семинар-тре­нингтерде шеберліктерін шыңдады. Олар байқаушының мақ­саты мен міндеті не, құқығы мен өкі­леттігі қандай? деген сұрақтардың жауабын жатқа білді.

Сайлау кампаниясы кезінде ко­мис­сияның қызметі bakylau.kz сай­ты арқы­лы жалпақ жұртқа жария етіліп отырды. Бұған қоса әр ай­мақта тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істеп тұрды. Ерекше атап көрсетерлігі, сенім телефонына сай­лауға қатысты өрескел құқық­бұзушылық туралы ешкім хабар­ласқан жоқ. Ал болма­шы кемшіліктердің алды алынып отырды. Себебі біз Орта­лық сайлау комиссия­сымен, дауыс беру учаскелерімен тұрақты байланыста болдық. 

Біз электоралдық процестің мөл­дір­лігін және барлық үміткерлер мен саяси партияларға тең жағдайды қамта­масыз ету бағытындағы жұмысы­мызды жүйелі түрде атқардық. «Қара пиардың» қолданылуына жол бермеу бағытында да ауқымды шаралар атқарылды. 


Комиссия тарапынан 85 іс-шара, оның ішінде республикалық және өңірлік деңгейдегі 35 брифинг, 28 семинар, дөңгелек үстелдер және бай­қаушыларға арналған тренингтер ұйымдастырылды.
Комиссия мүшелері 6 саяси пар­тияның, ТМД байқаушылары мис­сия­­сының, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілде­рімен, АҚШ байқаушыларымен және әлем­нің 18 мемлекетінің журна­листерімен жүздесті. 
Мұның сыртында біз мерзімді басы­лымдардың материалдарына, телеар­налар­дың ақпараттық бағдар­ламаларына, ғаламтордағы сайлау туралы жарияла­нымдарға сараптама жасадық, – деді Н.Ерімбетов. 
Сайлауды бақылау жөніндегі рес­публикалық қоғамдық комиссия­сының шаруасы сайлау күні, тіпті қауырт болыпты. Бұл туралы комиссия төрағасы: «Таңғы алтыда жұмыстарына кіріскен 10 мың байқаушы барлық дауыс саналып біткенше табандылық танытты. Олар шаршағандарына қарамастан, азаматтық парыздарын абыроймен атқарып шықты» деді.

Cайлау кампаниясын сараптау кезінде Республикалық штабқа мәс­лихат депу­таттығына үміткерлерден 5 арыз келіп түсіпті. Оның төртеуі үміт­керлерді ұсыну мен тіркеуге, біреуі табыс декларациясына қатысты болыпты. Осы турасында 
Н.Ерім­­бетов: «Комиссия арызданушы­лардың мәселесін шұғыл түрде күн тәртібіне қойып, тиісті шара қабыл­дады» деді. 
Бұдан кейін ол сайлаудың әділ өтке­ніне ешкім күмән келтірмегенін, бұл – Қа­зақстанның өркениет көшіне демо­кратиялық қоғамның қағидала­рымен қосылғандығының белгісі екенін тілге тиек етті. 
– Cайлау демократияның қазақ­стандық үлгісі қалыптасқанын дәлел­деді және бұқараны біріктіруші фак­торға айналды. Ал халық мемлекет басшысының саяси бағдарын, Ұлт жоспары мен басқа да маңызды мем­лекеттік бағдарламаларды қолдай­тынын көрсетті. 
Біз сайлау Қазақстан Республикасы Кон­ституциясының, халықаралық стан­дарттар мен еліміздегі сайлау заңна­маларының талаптарына сай, жоғары деңгейде өтті деп толық сеніммен айта аламыз, – деді ол. 
Осыдан соң Н.Ерімбетов сайлау­шылардың дауыс беру белсенділігі рекорд орнатқанын баяндады. 

– Республика бойынша 7 млн 500 мыңнан астам сайлаушы дауыс беру конс­титуциялық құқығын пайдаланды. Бұл – республика бойынша тізімге енгі­зілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы. Өткен сайлаулардың дерек­терімен салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткіш, – деді комиссия төрағасы. 
Н.Ерімбетов көппартиялы Пар­ламент Қазақстанда сыңаржақ пікірдің қалып­тасуына жол бермейтінін атап көрсетті. 
– Сайлауда 3 партия өзгелерден озық болды. Бұл – Парламентіміз бірнеше партиядан құралады деген сөз. Жалпы, кез келген Парламентте пікіралуандығы болуы керек. Пар­ламентте әртүрлі пікір қалыптас­пайынша, оң нәтиже болмайды. 
Парламенттен бірнеше партияға орын берілуі елдегі саяси бәсеке­лестіктің жал­ғаса беретінін және заң шығарушы билікте әлеуметтің әр санатындағы адамдардың пікірі болатынын көрсетеді, – деді ол. 
Бұдан кейін Әзірбайжан, Ұлы­британия, Германия, Үндістан, Ита­лия, Ресей, Латвия, АҚШ, Түркия, М­а­лай­зия мемлекеттерінен келген жур­налистер Н.Ерімбетовке сауал қойды. 
Олар сайлаушылардың сайлауға отбасымен келулерінің және жә­шік­терге бюллетеньдерді неге кіш­кентай қыздар мен ұлдар салатынын сұрады. Бұған Н.Ерімбетов: «Бұл – біздің мен­тали­тетімізге тән нәрсе. Бізде ұр­пақтар сабақтастығы қатты қадір­ленеді. Әке мен ана – балаға, ата мен әже – немереге көр­ген білгені мен өмірден түйгенін үйретіп жүруге тырысады. Сайлау учаскелеріне жас балалардың келуінде және олардың толтырылған қағаздарды жәшіктерге салуында заңға қайшы әрекет жоқ. Сіздердің бұл сұ­рақ­ты кемшілік ретінде емес, таң­даныс ретінде қойып отырған­дары­ңызды түсінеміз» деп жауап берді. 
Латвиялық журналист әлеуметтік желілерде бір адамның жәшікке бірнеше бюллетеньді салып жатқаны туралы бейнетүсірілімнің жүргенін алға тартып, «бұл қалай?» деп сұрады. Оған комиссия төрағасы: «Ол бей­нетүсірілімді байқау­шылар бұлтартпас дәлел ретінде таспаға басып алған. Мұндай кемшіліктің орын алғанын Орталық сайлау комиссиясына біз айттық. Материалды прокуратура органдары тексеріп жатыр. Бұл оқиға дауыс берушінің сайлау заңдарын дұрыс білмеуінен туындаған сияқты. Себебі байқаушылар мәселенің мән-жайын анықтаған кезде таспаға түсіп қалған адам бюллетеньді үйінде баламен отырған адамның орнына толтырғанын, қажет болған жағдайда өзі үйіне барып, үйіндегі адамды сайлау учаскесіне жібере алатынын айтқан» деді. 
Бұдан кейін АҚШ журналисі Ал­маты қаласы тұрғындарының сайлау­дағы белсенділігі не себепті төмен бол­ғанын сұрады. Сұраққа Н.Ерімбе­тов: «Алматы үлкен мегаполис. Бұл – Қазақстандағы ең ірі қала. Мұнда өмір қайнап жатады. Адамдар­дың барлығы жұмысбасты. Бұл жерде көші-қон үдерісі де басқа қалалар­мен салыстыр­ғанда ерекше. Сайлау­шылардың бел­сенділігіне осы факторлар әсер еткен болу керек» деген пікір білдірді. 
Жиын соңында комиссия төрағасы барлық БАҚ өкілдеріне алғыс білдірді және шетелдік журналистерге тәуелсіз Қазақстанның саяси өмірімен таныс­қан адамдарға мәдени, рухани және қоғамдық өмірінен де хабардар болған және ол туралы әлемге ақпарат тарат­қан абзал еке­нін айтты. 
– Cіздер біздің саяси өмірімізге және оның үдерісіне оң баға берді­ңіздер. Енді тарихымызды танып, руханиятымыздың қайнарынан сусындауларыңызға болады. Ал Қазақстандағы сайлау үдерісі элек­торалды кезеңде ғана емес, өмір бойы жалғасады. Себебі бұл үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Қоғам, адам бар жерде таңдау мен талғау тоқтамайды, – деп түйді ойын Н.Ерімбетов.