Басты  /  Сұхбат  /  Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы: ХАЛЫҚТАН АСҚАН ДАНА ЖОҚ

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы: ХАЛЫҚТАН АСҚАН ДАНА ЖОҚ

2191
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы: ХАЛЫҚТАН АСҚАН ДАНА ЖОҚ – Нұрлан Кенжебекұлы, Парламент Мә­жілі­сінің кезектен тыс және мәслихаттардың ке­зекті сайлауының дүбірлі додалары да артта қал­ды. Сіз басқаратын республикалық қоғам­дық комиссия және отандық байқаушылар саяси маңызды науқан барысында қандай істер тындырды?

– Тәуелсіз қоғамдық байқаудың міндеті – сай­лау процесінің мөлдірлігін және бар­лық заңнамалық нормалардың сақталуын ба­рынша қамтамасыз ету. Комиссия жұмы­сы­ның ауқымы өте кең. Бұл тек дауыс беру кү­нін­дегі қоғамдық бақылаумен біт­пей­ді. Біз бүкіл сайлау процесінің барысында үгіт материалдарын жинап, оларға талдау жа­саумен айналыстық. Мерзімді басылым­дар­дың материалдарына, телеарналардың ақ­параттық бағдарламаларына, ғаламтордағы сайлау туралы жарияланымдарға сараптама жасадық. Отандық тәуелсіз байқаушыларды дайындадық. Әрбір қалада, ауданда көп­те­ген семинар-тренингтер өткізілді, онда бай­­­­қау­шыларға құқықтары мен міндеттері, өкі­­­­леттіктері мен жауапкершілігі түсін­ді­ріл­ді. 
Сайлауға дайындық барысында он мың­нан аса қазақстандық байқаушыны даяр­лап шықтық. Бақылаушылар бар­лық өңірді,  елді мекендерді және бар­лық 9 840 сайлау учас­кесін қамтыды. 
Орталық сайлау комиссиясы  және да­уыс беру учаскелеріндегі байқаушылары­мыз­бен ұдайы байланыста болдық. Егер қан­дай да бір жөнсіздіктер болса, дереу ден қою­ға дайын отырдық. Бір қуантатыны, ке­леңсіз жайттар орын алған жоқ.  
Егер сайлау науқаны бойындағы және дауыс беру күні жүргізген мониторингтің қо­рытындылары туралы айтар болсақ, құ­қы­қ­тық өріс шегінен шыққан фактілер бай­қал­ған жоқ.
– Сайлау науқанының ең үлкен әрі аса маңызды кезеңі жарыс жолына тұрған пар­тия­лар мен кандидаттардың үгіт науқаны болғаны белгілі. Биылғы парламенттік дода барысында бә­секелескен партиялардың қызметіне, қи­мыл-қарекетіне қандай баға берер едіңіз?
– Еліміздегі сайлаудың жоғары деңгейде ұйым­дастырылғанын атап өтуіміз қажет. Бар­лық республикалық және өңірлік газет­терде, телеарналар мен радиоарналарда алты партияның барлығының қызметі тең дәре­жеде жария етілді, ешқандай алалау, бөле айту болған жоқ. Газеттер әрбір партияға әр жолды санап, бірдей көлем ұсынды. Әрбір телеарна секундына дейін есептеп, бірдей уақыт берді. Ақпарат құралдарының сайлау үдерісін және оған қатысушылардың үгіт-на­сихаттық іс-шараларын жазғанда, көр­сет­кенде, әр сөзді елеп-екшеп, салмақтылық та­нытқанын, партиялардың абырой-беде­лі­не нұқсан келтіруден бойды аулақ салғанын байқадық.
Мен барлық партиялардың республи­калық сайлауалды штабтарында болдым, партиялардың қолбасшыларымен жеке кез­дестім. 
Анығы сол, менің байламымша, алты пар­­тия да өздерінің сайлауалды бағдар­ла­ма­ла­рын ашық әрі жария мәлімдеуге, халық ара­сында кең таратып, түсіндіруіне барлық мүм­кіндіктері болды. Кіммен кездесем десе де, қой деген ешкім болмады. Барғысы кел­ген елді мекендерге барды, сайлаушылармен кездесу үшін сұраған ғимараттарын әкімдер ұсынды. Бұл жөнінен билікке еш кінәрат таға алмайсыз. Мұны біз ғана емес, халық­ара­лық байқаушылар да, барлық партиялар да айтуда. Бар мәселе – сол берілген мол мүмкін­дік­ті партиялар мен кандидаттардың қалай пай­далана алғандығында болып отыр. 
Барлық қалалар мен аудандарда жергі­лік­ті әкімдер өз шешімдерімен, саяси пар­тия­лардың және мәслихат депутаты манда­тынан үмітті кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін арнайы орындарды айқындады, олардың бәрін тиісті дәрежеде жабдықтады. Ал сол стендтердің бар­лығы үгіт материалдарына толып тұрды ма? Олай деу қиын.
Тағы бір мәселе бар: сайлаушылармен кез­дескенде, телеарналардан халыққа үндеу­мен қайырылғанда, сайлауға түсуші азамат­тар халықтың көңіліндегісін дөп басатын, са­на-сезімі мен жан-жүрегін қатар жау­лай­тын, мүлгігенді мүйіздер, селқостанғанды сер­гітер сөз айтып қалуы міндет. Мен бір­қа­тар кандидаттармен және партия жетек­ші­ле­рімен кездескенде, осы сынды ашық айт­­тым. Кейбірі көңілден шықпады: жауыр бол­ған мәтіндерін қайталайды, ескірген идеяларды ілгерілетуге тырысады, жасам­паздық танытып, ізденбейді. Ал өз алдына озық мақсаттар қойып, жаңа өмірге әзірлен­ген сайлаушылар оларды түсінбейді. 
Халықтан өткен дана жоқ. Ол бәрін біле­ді. Ол кандидаттардың өзімен еркін диалог құ­рып, өз ойларын, ұтымды идеяларын ашық айтқанын қалайды. Бір қынжылта­ты­ны, бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана ал­ған жоқ. Бірақ мұның барлығы бірте-бірте, тә­жірибемен бірге келеді деген ойдамын. 
Әрине, үнқағаз-плакаттар ілу, кітапша-брошюралар тарату, телеарналардан сөйлеу де маңызды. Әйткенмен кандидаттар өз үгіті кезінде қазақтың, Қазақстан халқының бол­мыс-менталитетін көбірек ескеруі керек. Өңір­лерді аралап, қарапайым адамдармен кө­бірек кездесіп, бетпе-бет сөйлескен жөн. 
Халық үшін жеке жүздесулер үлкен мән­ге ие. Бұл бригададағы, цехтағы, жергі­лік­ті клубтағы шағын кездесулер де болуы мүм­кін. Тіпті студенттердің бір тобымен бір­ге отырып, әңгіме-дүкен құрыңызшы, ар­­тынша-ақ ол туралы бүкіл университет бі­ле­ді. Ал егер жастардың барған іс-шара­лары туралы әлеуметтік желілерде «есеп» бе­ретінін ескерсек, отырыс туралы ақпар олар­дың достары мен таныстарының ара­сына да таралмақ.  
Ең бастысы, еліміз сайлау кезінде  бар­лық қатысушыларға тең жағдай туғыза алды. Бұл – Қазақстанда демократияның дамуына барлық мүмкіндік жасалғанын ғана емес, сондай-ақ біздің демократиялық қоғамда өмір сүріп отырғанымызды білдіреді. 
– Сайлауды бақылау жөніндегі республ­и­ка­лық қоғамдық комиссия (СБРҚК), шынды­ғын айтқанда, тек сайлау кезінде «тіршілік етеді». Науқан аяқталған соң, тарап кетеді. Әлем­де ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы секілді тұрақты жұмыс жасайтын институттардың тәжірибесі бар. Олар тек сайлауларға бақылау жасаумен шектелмей, сайлау заңнамасын және сайлауды ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге қатысты ғылыми негізделген ұсынымдар түзеді, адам құ­қықтары мен демократия қағидаттарын өмір­ге ендіруге және демократиялық инс­титуттарды нығайтуға күш салады. СБРҚК-ны жаңа даму деңгейіне шығарып, тұрақты жұмыс жасайтын отандық, тіпті келешекте халықаралық ұйым деңгейіне көтеру идеясына қалай қарайсыз?
– Жалпы, сайлаудың транспарентті және бә­секелі өтуін қамтамасыз ету үшін қоғам­дық бақылау институтының маңызы зор. Мұны шетелдік әріптестеріміз де атап өтіп, жақсы бағаларын беруде.
Он жылдай бұрын құрылған рес­пуб­ли­ка­лық қоғамдық комиссия содан бергі бар­лық сайлауды бақылап, өзінің қа­жеттілігін, тиім­­ді ісінің өзектілігін дәлелдеді. Ол Қазақ­стан­дағы 2005, 2011 және 2015 жыл­дарғы Пре­зидент сайлауында, сон­дай-ақ 2007 және 2012 жылдардағы Пар­ламент депутат­тары­ның сайлауында бел­сенді жұмыс істеп, сай­лау­­дың заңды­лық­тарға сай, яғни қазақ­стан­дық заңнама мен жалпыға танылған ха­­лық­аралық стандарт­тарға сәйкес өтуіне игі ық­палын тигізді. Өзі де үлкен тәжірибе жи­нады.
Біздің комиссия – сайлаулар кезінде заң­дылық нормаларының бұзылмауына бай­қаушы болатын қоғамдық ұйым.
Ал сұрағыңызда көтерілген идеяға қа­тыс­ты кесіп-пішіп, әлдене айту әзірге қиын. Бі­рақ қоғамдық комиссияның сайлау ке­зін­де өмір сүретіні шындық. Дауыс беру аяқта­лып, сайлау нәтижелері жария етілген соң, біз өз қорытындыларымызды жариялаймыз, сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясы мүшелері, депутаттармен кездесіп, са­лалық заңнаманы жетілдіру қажет болса, ой-пікір, ұсыныстарымызды айта­мыз. Олар­ды енгізу-енгізбеу Парла­мент­тің қолындағы мәселе. 
Жалпы, Қазақстанда әрбір сайлау өткен­нен кейін «Сайлау туралы» қолданыстағы конс­титуциялық заңға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізіліп отырады. Тәуел­сіз­дік­тің 25 жылында ұлттық сайлау заңнамасына 800-ден аса өзгеріс енгізіліпті. Өте үлкен сан. Яғни, бұл сала да бір орнында қатып қалмай, жаңа­рып, модернизацияланып отырады. Оның үстіне заман ауысқан сайын сайлау үдерісіне жаңа технологиялар енетіні тағы бар.
Бір айта кетерлігі, республикалық қоғам­дық комиссия құрамы көп өзгермейді. Өңір­лерде де байқаушылар өз қатарын сақ­тайды, көбі бірталай сайлау науқанын абы­роймен өткізген тәжірибелі азаматтар. Бір­неше жыл үзіліс болғанымен, еліміздегі сая­си маңызды шараны лайықты, демок­ра­тиялық стан­дарт­тар негізінде өткізуге деген құлшыныстары жоғалмайды, әр сайлау сайын байқаушы ретінде қатысуға ұмтылып тұрады. Яғни, тұрақты жұмыс жасама­ғаны­мызбен, бізде осы саладағы тәжірибелі ма­ман­дарымыздың тұрақты пулы ендігі қалып­тасып қалды.
Бір қуаныштысы, байқаушы болуға қы­зыққан жастар саны жыл санап артып келеді. Бұл ертең ел тізгінін өз қолына алар жас ұрпақ­тың елде жүріп жатқан процестерге сырт­тай, бейжай қарамайтынын, қайта оған белсене қатысуға әзір екенін білдіреді. 
– Әңгімеңізге рахмет!