Басты  /  Сұхбат  /  Атамұрат ШӘМЕНОВ: Азық-түлік қауіпсіздігін орындаудағы талап деңгейін көтеру керек

Атамұрат ШӘМЕНОВ: Азық-түлік қауіпсіздігін орындаудағы талап деңгейін көтеру керек

1862
Атамұрат ШӘМЕНОВ: Азық-түлік қауіпсіздігін орындаудағы талап  деңгейін көтеру керек Атамұрат Мөрәліұлы Шәменов экономика ғылымдарының докторы, ауылда өскен, ауылшаруашылық білімі бар, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын білетін адам.

 26 жыл мемлекеттік қызметте, оның ішінде 11 жыл үкімет пен президент аппаратында қызмет атқарған. Ғалым ретінде зерттейтін тақырыбы экономиканы мемлекеттік реттеу, оның ішінде ауылшаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері. 

– Сіз ауыл экономикасын көп жылдан бері зерттеп жүрсіз, қазіргі жағдайымыз қалай?
– Бір сөзбен айтсам, менің көңілім толмайды. Бұл саланы мемлекеттік қолдау науқаншылықпен өтуде, олар көктемгі егін егу, арзандатылған жанар-жағармай және күздегі астық жинау, тұрақтылық қорға азық-түлік сатып алу, күздік жәрмеңкелер өткізу. Бір жылы сырттан мал әкелу науқаны басталса, басқа жылы жайылымды меңгеру, құдықтар қазу т.б. науқандар жарияланады. Бұл жұмыстар соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету айдарымен атқарылуда, ауыздарынан «Агробизнес – 2020» бағдарламасы түспейді, бірақ мазмұнында түпкілікті өзгерістер жоқ. Ең басты саясат – Экспорт! Экспорт! Экспорт! Ал өз халқымыз қандай тамақ жейді? Онда ешкімнің жұмысы жоқ. Тіпті әр қазақстан­дықтардың жылына қанша азық-түлік пайдаланатыны туралы мәлімет жоқ, ол статистикалық органдарда араға жыл салып шығады.
– Әлемдегі азық-түлік нарығының жағ­дайы ше?
– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау барлық елдердің мүдделерін қамтиды. БҰҰ мәліметіне сәйкес әлемде 795 млн адам немесе әрбір сегізінші адам аштық жағдайда өмір сүруде. 1,2 млрд адам ашқұрсақ болуда, аштықтан күніне 10 мың бала және 25 мың ересек адам көз жұмуда. Аштықтың жаңа түрі бұл дамушы елдердегі адамдардың ашығып жүруі, яғни бар болғаны тәулігіне 2400–2500 ккал орнына 1000–1800 ккал болатын тамақ жеу. Мұндай адам саны әлемде 2 млрд екен. Осы жерде айта кетейін Беларуссияда физиологиялық норма әр топты, яғни жастар мен егде адамдарды айы­ра отырып олардың тағам тұтыну мөлшерін келі және килокалориймен белгілеген. Бізде ондай жаңадан бекітілген норма жоқ. Азық-түлікпен өздерін 100% тек 7 мемлекет, 70-80% – 75 мемлекет, 50-60% – 1 млрд тұр­ғындар тұратын 50 мемлекет қана қамта­масыз етеді. Дегенмен 25 жылдан бері 72 мемлекет өз елдерінде аш адамдардың санын екі есеге дейін қысқартқан. 1990 жылдан бері жер шарында адам саны 1,9 миллиардқа көбейіп отыр, яғни тамаққа деген сұраныс күшеюде. Сондықтан бұл мемлекеттің өз халқы алдындағы парызы ғана емес, бұл дегеніңіз ұшы-қиырсыз сұраныс, ешқашан таусылмайтын нарық. Бұл Қазақстанның келешекте экспорттық мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетеді.
– ЕАЭО және басқа елдердегі жағдай қалай?
– Ұлыбританияның «Economist» журна­лының 2014 жылы жариялаған азық-түлік қауіпсіздігінің глобалды индексіне сәйкес 109 мемлекет ішінде Беларусь елі 47-орында, ал тағамның сапасы мен қауіпсіздігі бо­йынша – 39 орында. Онан кейін Ресей – 40, Украина – 52, Қазақстан – 57, Әзірбайжан – 62 орында.
2014 жылы Беларуста әр адамға шақ­қанда тағам өндірісінің көлемі: дәнді дақыл – 1010,1 кг ( ЕАЭС – орташа 774 кг); көкөніс – 183,1 кг (121 кг); картоп – 663,3 кг (242 кг); ет – 113 кг (77 кг); сүт – 708,2 кг (248 кг); жұмыртқа – 417 дана (290 дана). Өндірген тамақтары өздерінің сұранысынан 1,6 есе жоғары. Сондықтан экспорттық мүмкін­діктері де мол, ол 5,6 млрд АҚШ долларын құрайды.
Қазақстанда ауылшаруашылығы өнім­дерін экспорттау соңғы 5 жылда 1,5 есе өс­кен, 2014 жыл қорытындысы бойын­ша ол 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Бұрынғы мәліметтерге сәйкес Ресейде азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі 65-75% (импорт 25-35%). Ал ірі мегаполистерде импорт көлемі 50-60% құрайды. Соңғы мем­лекетаралық бір-біріне қарсы санк­цияларға сәйкес бұл көрсеткіштердің өзгеріп жатқаны сөзсіз.
– Не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін орындаудағы талап деңгейін көтеру керек. Ол үшін ең алдымен соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласын басқаруда меңдеген аурудан арылу керек. Әйтпесе бәрі де бұрынғыдай сөзбұйдаға салынып кетеді. 
Біріншісі, статистикалық мәлімет жинауда кемшілік бар, бастысы приписка – мәліметті қосып жазу, нақты жағдай көрсетілмеуде. Екіншісі, әсерлеу, яғни бар мәліметтердің тек жақсы жағын көрсету, Үшіншісі, әсерлеу аясында өтірік ақпар беру. Төртіншісі коррупция, оның қазақша аты – ұрлық. Бесіншісі, тиісті талаптың бол­мауы. Астық орылмай қар астында қалып жатса да, мал қырылып, шөп жетіспей жатса да, субсидия алып басқа жаққа жұмсаса да, жерді алып, оны пайдаланбаса да ешкімнің жұмысы жоқ. Алтыншысы – жауапсыздық Міне осы алты ауру қосылып, жергілікті жердегі жағдай мен оның дұрыс шешілуіне кедергі жасауда. Осы күнге дейін адасып, жалған жолда жүрміз, агросаладағы тек өз мүдделерін ғана қорғап жүрген адам­дардың жетегінде жүргеніміз жасырын емес. 
– Ал Президенттің айтқан жаңа тапсыр­масын орындау үшін не керек? 
– Бұрынғыдай әр салаға басымдық беру арқылы ауылшаруашылығын дамыту емес, жаппай өркендету керек деген сөз. Ол үшін өлшемді өзгерту қажет. Бар бәле осы жерде. Тапсырманы орындау мөлшері мен қо­йылатын талап межесін көтеру керек. Ол не деген сөз? Біздегі қателік осы меженің тө­мендігінде және оны орындаудағы әсер­леу. Азық-түлік қауіпсіздігінің көрсеткіші халықты өздері өндіретін тамақ өнімдерін тұтыну деңгейімен бағалануы тиіс. Олар адамның физиологиялық тамақтану қажеттілігі ескеріле отырып, әр адамның бір жылда орташа келі есебімен барлық тағам түрлерімен (нан, ет, балық, сүт, жұмыртқа, май, жемістер, көкөністер, картоп, қант т.б. өнімдер) қамтамасыз етілуі. Мысалы, мұндай норма ВОЗ деңгейінде де, сонау кеңес дәуірінде де бекітіліп, белгілі бір көлемде халықты тамақтандыру талабы болған. Ал біздегі норма Қазақтың тамақтану академиясының стандартына (2003 ж.) және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Статистика агенттігінің (2005 ж.) төменгі күнкөріс нормаларын басшылыққа алып жасалған. Салыстыратын болсақ ол қалыптасқан халықаралық физиологиялық нормадан, соңғы жылдары Ресей және Беларусь мемлекеттері бекіткен нормадан (нан өнімдерінен басқа) бізде көп төмен. Ал енді басқа тағам түрлерін талдамай-ақ қазекеңнің жейтін тамағы етті салысты­райық. Мысалы, бұл көрсеткіш БҰҰ ден­саулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес 70,1 кг, Ресейде – 75 кг, Медицина ғылым­дары академиясының Тағам институты бекіткен норма 86 кг. Ал Беларусь мемле­кетінде ет өнімдерін пайдалану соңғы жылдары 62 келіден 91 келіге дейін өскен. Ал бізде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмен.
Осы жерде мен маңызды бір түсініктеме берейін. Норманы өзгертсек әлеуметтік өтемақы өсіп кетеді деген басқа министр­ліктердің қаупі бар, оған алаңдамау керек, сол 2005 жылы бекіткен норма бұрын­ғысынша ең төменгі өмір сүру деңгейі мен азық-түлік кәрзеңкесін жасақтауға пайда­лана береді. Ал жаңадан бекітілетін физиологиялық норма ауылшаруашылығы өндірушілеріне талап болып қойылады. Жаңа норма бекітуге көп уақыт пен қаржы керек. Жедел жұмыс бастау үшін кеңес дәуірінде Қазақстан үшін жасалған нормаларды уақытша пайдаланған жөн.
– Талап бар жерде табыс бар деген. Сонда біздегі талаптың төмендігінен дейсіз бе бұл кемшіліктер?
– Мен бір ауданда болғанымда жоғарыдан басшылыққа алуға жіберілген тағам нормаларымен таныстым. Онда бір адамға қажеттілігі ретінде ұн – 117 кг, бидай- – 167 кг, картоп – 100 кг, көкөніс – 100 кг, бақ­ша – 10 кг, жеміс-жидек – 32 кг, ет – 48 кг, сүт-260 кг, жұмыртқа – 139 дана деп көрсетілген. Міне, осы бақылау цифрларын аудан көлеміндегі мал басының тірі сойыс салмағына көбейтеді де оны халық санына бөліп, азық-түлік қауіпсіздігі 100 пайызға орындалды деп ақпар береді. Мен оларға сұрақ бердім сіздер қанша өнімді сырттан, қаншасын өздеріңіз өндіресіздер деп. Олар білмейді, өйткені ондай талап жоқ.
– Президент дағдарыс жаңа мүмкіндіктерді ашады деді, бұған қалай қарайсыз?
– Жасыратыны жоқ мұнай мен газ бағасы шарықтап тұрған кезде тіпті миллиардтаған мемлекеттік бюджеттің жыл аяғында игерілмей қалған жағдайлардың болғанын білеміз, сол уақыттары эконо­ми­каны әртараптандыруға көп мән берілмеге­ні рас. Аграрлық салада тек экспорттық сая­сат болды және тағамның көп мөлшерде елімізге импортталуы онша қынжылыс берген жоқ, өйткені ол теңгенің тегеурінді кезінде тағам бағасы көпшілікке қолжетімді болды. Ал қазіргі уақыт, эконо­микалық жағдай тіпті басқаша, шетел асып келген тауарлар қазақстандық тұтынушы­ларға қымбат. Өйткені ол доллар бағамымен келеді. Ал өзіміз халық тұтынатын тауар­ларды, ең алдымен тамақ өнімдерін шығар­ған жағдайда ол өте арзан, яғни қолжетімді болады. Сонда ғана Елбасы айтқандай долларды ұмытуымызға болады.
Әлемде халық саны жылына1,4% өсіп отырады екен, ол 0,9% өсім беріп тұрған тағам өндірісінен артық, сондықтан 2020 жылға қарай жер шарындағы әрбір төртінші адам ашығу проблемасын басынан кешіре бастайды. Сондықтан менің болжамым бойынша Президент тапсырмасын шұғыл орындауға кірісіп, үш жыл ішінде барлық тағам түрлерімен өз-өзімізді қамтамасыз етіп, онымен қоса экспорттық мүмкін­діктерімізді шыңдай отырсақ, қазақстандық өнімдер келешекте әлемді жаулап алатын­дығына сенемін.
– Жақында Ауылшаруашылығы министрі Мамытбеков мырза Матрица КЗ-ға берген сұхбатында азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда басқа мемлекеттердің тәжірибесін айтты, онымен таныссыз ба?
– Мамытбеков мырза сол Матрица КЗ-ға берген сұхбатында азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін тағам өнімдерін өндіру емес, оны сырттан жеткілікті көлемде әкелудің өзі сол азық-түлік қауіпсіздігін сақтаған болып есеп­телетіндігін, Эмират пен Кувейт елде­рінің мысалында айтты. Бұл пікірмен мен келіспеймін. Біріншіден, Кувейт пен Қазақстанды салыстырудың қажеті жоқ, оларда тағам өндіретін ресурс жоқ. Бізде басқаша. Екіншіден, орынсыз салыстыру кейбір орындаушыларды жаңылыстыруы мүмкін, ал осындай ретсіз айтылған пікірлер ауыл экономикасының өсуіне тұсау болуы да мүмкін. Расында олар әлемдік рейтингте Кувейт – 28 орында, Эмираттар – 30 орында біздерден ілгері тұр. Бірақ олар азық-түліктің 80% сырттан тасиды. Дегенмен Эмиратта өздеріне қажет сүттің – 85%, жұмыртқаның – 40%, қызыл еттің – 30%, ақ еттің – 18% өндіреді, сонымен қатар фермерлер қыза­нақ, қияр, баклажан, көк салат, капуста және малға азық дайындайды. Ыстық кли­матта тәтті картоп, манго, спаржа және ле­монграсс керемет өседі, құрма мен балықтан еш зәрулік жоқ. 1987 жылдан бері 77 мың адам қатысатын GULFOOD көрмесін өткі­зуде. Араб елдері құнарлы Африка елде­рінен жерді жалға алып, азық-түлік дайындау жұмыстарын жүргізуде. Сондықтан олар тек импортқа тәуелді болып қол қусырып отыр деп айтуға болмайды. Министр мырза өзінің Facebook парақшасында «Қазақстан бие сүтінен миллиард доллар таба алады» деп жазыпты. Құлақты елең еткізер жағымды жаңалық қалай екен деп, тереңірек оқысам, ол бие сүтінен жасалатын ұнтақты шетелге сату арқылы табатын қаржы екен. Құп­тарлық, керек нәрсе. Бірақ, қазақстан­дықтардың ерні қолжетімді және сапалы қымызға тимей жүргенде шетел азаматтарын ұнтақпен қарық қыламын деп жар салу маған ұнаған жоқ. Мақалада өздері көрсеткен сандар арқылы миллиардын да қайта санадым, менің есебім бойынша 600 мың доллар болды. Ал енді онан барлық шығындарды алып тастаңыз, үштен бірі – ақ қалады. Қазір елімізде дағдарыс дауылының лебі есіп тұрғанда «аспанға қараудың, жұлдызды санаудың» не керегі бар.
– Осы министрді сынаушылар саны бәсеңдеген сияқты еді, сіз енді сынның жаңа толқынын бастағандайсыз ба қалай?
– Жоқ. Адами тұрғыдан алғанда менің ешкімде шаруам жоқ. Бірақ, лауазым иелерін мен экономикалық қарым-қатынасқа қатысушылар ретінде ғана қараймын. Менің зерттеу объектім ауылшаруашылығы ми­нистрлігі, әрине министрдің айтқандарына талдау жасау үшін оның атын атауға тура келеді. Дегенмен де, орынды айтылған сын жұмыстың жүруіне септігін тигізері сөзсіз. 
Аграрлық салада қоғамды қызықты­ра­тыны азық-түлікпен тұрғындарды қамта­ма­сыз ету проблемасы. Бұл мәселемен айна­лы­сып жүргеніме де 16 жыл болды. 1991 жылдан бері Президентіміздің аграрлық саланы дамыту туралы айтқан сөздерінің бәрі менде жинақталған. Мысалы, Нұрсұлтан Әбішұлының 1991 жылы 23 қараша күні «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында «Конечно, если мы, являясь республикой, производящей хлеб, мясо, молоко, не обеспечим в ближайшее время всем этим казахстанцев сполна, то зачем вообще работать?» дегені осы күнге дейін актуальды. Қазақстандықтарды азық-түлікпен қолжетімді қамтамасыз етуде ілгерілеу жоқ. Қоғам үшін мал басы қаншаға өсіп жатыр, егін қанша, қандай көлемде субсидия бөліп жатырсың, ол қызық емес. Қызғылықтысы дастарқанымызда өзіміз өндіретін арзан қанша тамақ бар? 
– Елбасы: «бүгінде біз өндірілген өнімді субсидиялауға көшіп жатырмыз, бұл ауыл­шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға және аграрлық кешеннің жұмысын жақсартуға септігін тигізеді», – деді. Осы мәселеге көз­қарасыңыз қалай?.
– Қазіргі таңда ауылшаруашылығы мемлекеттің қолдауынсыз өрістей алмайды. Өндіріске пайдалынылатын технология күрделі болған сайын дотация көлемі де көбейе бермек. Мысалы Америкада мемле­кеттік қолдау көлемі сатылған өнім құнының 25 – 30 % құрайды. Батыс Еуропа елдерінде ауылшаруашылығының интенсификация­сы жоғары болғандықтан оларда бұл көрсет­кіш 40 – 50 % құрайды. Сонымен қатар бұл Кана­дада – 20 %, Жапонияда – 60 %, Норве­гияда – 65 %, Швеция, Финляндия, Швейцарияда – 70 %, Австралияда – 4 %, Ресейде – 6 %. Мемлекеттік қолдау тек субси­дия беру деген емес. Сондықтан әртүрлі экономикалық механизмдерді пайдаланған дұрыс. Елбасы дұрыс айтады, субсидия көзге көрінетін, қажеттілігі дәленденген дайын өнімге берілуі керек. Гектарға, шығымдылыққа, техникаға қай­тарымсыз көмектер берілуде. Ал қазіргі жағ­дай оны көтермейді. Жалпы менің ойымша өндірушілерге субсидия қайтарымды түрде берілуі тиіс. Өйткені, қайтарымсыз субсидия бар жерде коррупция бар. Менің қызы­ғушылығым Ислам банкингі жүйесінде, осы жүйе, тек қаражат беріп қана қоймай оны пайдалануға араласып, бақылауда ұстауы біздің ауыл тұрғындарының менталитетіне пайдалы деп есептеймін.
Үкімет тарапынан қандай бір көмек мемлекеттік қажеттілікке ғана берілуі тиіс. Президент айтқандай әр облыс өзіне қажетті азық-түлік балансын жасағаннан кейін, сол көлемдегі ресурс мемлекеттік тапсырыс ретінде қаралуы және қаржыландырылуы керек.
– Жалпы еңбек өнімділігінің өсімін 1,5 есеге арттыруға қалай қол жеткізуге болады?
– Елбасы айтқан жаңа технологиялар мен өндіріс инфрақұрылымдарын енгізу ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділі­гінің өсімін 1,5 есеге арттыруға тиіс деген тұжы­рым өте дұрыс. Агро өндірісіне иннова­цияны батыл енгізу керек, интенсивті тех­нологиямен жұмыс істейтіндерге мем­лекеттік қолдау толығынан болғаны жөн. Тағам өндірісін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен, сервистік қызметпен байланыстыра қарау, оларды бір жүйе есебінде қаржыландыру, аудан және ауыл деңгейінде тиімді құрылымдар қалыптас­тыру. Нәтижесінде осы күнге дейін басы бірікпей жүрген шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтары бірігіп, тиімді өнім шы­ғаруға бірыңғайланады. Бірақ, қалып­тасқан жағдайға шынайы көзбен қарау керек. Мал шаруашылығының 90% үй шаруашы­лығының қолында, ол жерде ешқандай еңбек өнімділігіне қол жеткізе алмайсын. Ауылшаруашылығына ірілену керек. Бұл жөнінде өткен жылы қыруар ақша шығын­далып, кооперация туралы заң шықты, бірақ ол үлкен фирмаларға ғана тиімді болып тұр. Мен тегін ой салайын, үй шаруашылықтарын іріленген шаруашы­лыққа біріктірмей ешнәрсеге қол жеткізуге болмайды.
– Сонда қайтадан колхоздастыру керек дейсіз бе?
– Жоқ, коопхоздастыру деймін. Кол­хоздастыруда меншік ортақ, ал кооп­хоздастыруда меншік әркімде сақталады, тек оны басқару, өндірісті ұйымдастыру, қаржы көзін ашу: субсидия, дотация, несие алу орталықтандырылады. Өндіріс шығы­нына басқа пайда үлескерлерге тиісті.
Несі бар Қазақстанда жаппай коопхоз­дас­тыруды бастап көру керек. Әрине, түсін­діру, пайдалы механизмдерді көрсету қажет. Ауыл мұндай ұйымдасуға барады деп ой­лаймын. 
– Жаңа аграрлық саясат немесе талапты өзгерту үшін не істеу керек?
– Ауылшаруашылығы кешенінің басты мақсаты – тағам өндіру мен жеңіл өнер­кәсіпке қажетті өнім өндіру, сондықтан бұл белгілі қағида басты міндет болу керек. Халықаралық талаптың өзі, мысалы ДСҰ, мемлекеттің өзі өндіретін тағам өнімдері 80 пайыздан кем болмау керек. Осыған байла­нысты әр адамның жылына орта есеппен келі мөлшерінде пайдаланатын азық-түліктің жаңа физиологиялық (рацио­налдық) нормасын (стандартын) шұғыл түрде үкімет бекітуі керек. Аграрлық саланы басқаруды орталықтандыру емес, төменнен жоғары жүргізу. Яғни ауыл округтерінен, аудандардан бастап тағаммен өзін-өзі қамтамасыз ету саясатын енгізу. Осы жерде тағы бір ұмытылған қозғалысты еске салғым келеді. Сонау 1955 жылы «отызмыңдықтар» деген айдармен қаладан ауылға басшы адамдар жіберілді.Солардың бірі болып соғыстағы шинелінің иісі кетпеген менің әкем туған ауылына барып 19 жыл колхоз басқарды. Ауылын көркейтті. Сондықтан бүгінгі күні дағдарыс салдарынан қысқартуға түсіп жатқан орталық аппарат, ұлттық компания, әсіресе «Казагро» жүйесі қызметкерлерінің ішінен мың адамды, «мың басшы» ретінде ауылдық округтерге әкім етіп жіберу керек. Әкімдікке жаңа функ­циялар беру қажет, министрлердің астарын­дағы «джиптерді» соларға беру керек. Қалаға не керек ондай көліктер. Міне, осы басшы­лар толқыны Елбасының нақты айтқан тапсырмасын орындаушылар болмақ. Аграрлық саясатты орындау аймақтар үшін үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезекте – өзін-өзі қамтамасыз ету, екінші кезекте – Қазақстанның ішкі нарығында артық өнім­дерін өзара сату, үшінші кезең – артыл­ған сапалы тағам тауарларын экспортқа шығару. Бұлар мүмкіндіктер бар жерде қатар жүре береді. Бұл аграрлық саясаттың орында­луының бастапқы қадамы және талаптың басы болмақ. Сонан кейін бүкіл ауыл экономикасында жаппай қозғалыс болады, ауылшаруашылығының шикізатын өндіру емес, тауар өндіру мақсат болмақ. Тамақ арзандайды, доллардың өсуі көпшілік үшін мәселе болмайды. Халықты әлеуметтік қорғау жұмысының ең маңыздысы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету болып табы­лады. Қоғам тамақтың қымбаттауын әрдайым қатты қынжылыспен қабылдайды және ол билікке наразылығын тез тудыратын фактор болып есептеледі. Сондықтан ауыл мәселесін көтеруге басқа партиялар жаппай кірісуде, өйткені ол тиімді саясат. Ал «Нұр Отан» партиясының осы бір маңызды жұмысқа тікелей араласып, оның дұрыс шешілуін қадағалауы бүгінгі күннің талабы. Президент тапсырмасын орындауда орталықтағы атқарушы биліктің, әкімдердің жұмысын бақылауға алудың өзі үлкен қозғалыс болары сөзсіз. 

 

Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ