Басты  /  Сұхбат  /  Бақыт МЕЛДЕШОВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы: Біздің сайлау өткізуге әзірлігіміз жоғары

Бақыт МЕЛДЕШОВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы: Біздің сайлау өткізуге әзірлігіміз жоғары

1681
Бақыт МЕЛДЕШОВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:  Біздің сайлау өткізуге әзірлігіміз жоғары

– Бақыт Сәрсенбайұлы, Президент Жарлы­ғына сәйкес, Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауы Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында, 20 наурызда өтетіні көпшілікке белгілі. Дәл осы күнге Ортсайлауком барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулы қабылдады. Осылайша, өзіндік бір «жалпыұлт­тық біріңғай сайлау күні» тәжірибеге еніп отыр емес пе?
– Жалпы, Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды қоса өткізу қазіргі экономикалық жағдайда объективті негізделген шешім деп санаймыз. Күрделі шақта Қазақстан халқының және саяси партиялардың күш-жігерін елді жаң­ар­туға және дамытуға бағытталған рефор­маларды, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға шоғырландырған жөн. Ал бір жылда екі рет сайлау өтіп, электорат сайлау иірімінен шыға алмай жатса, бұл оңайға түспес еді.
Іс жүзінде, үш сайлаудың – Парламент Мәжілісінің, облыстық мәслихаттардың және аудан-қалалық мәслихаттардың сайлауын біріктіру сайлау додасын өткізу ісін реттестіріп және сайлаукомдардың жұмысын оңтай­ландырып қана қоймай, осы сайлаулардың бәріне ел қазынасынан жұмсалатын шығын көлемін де қысқартуға мүмкіндік бермек. Бұл сайлау науқандарын өткізуге бөлінетін бюджет қаражатын едәуір, атап айтқанда 4,8 миллиард теңгеге үнемдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
Жалпы алғанда, алдағы біріккен сайлау науқанына 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге бөлінуде. Мәжіліс пен мәслихат сай­лауларын жеке-жеке өткізгенімізде, шамамен 12,8 миллиард теңге шығындалатын еді. 
Сайлау науқанына арна тартатын 8 мил­лиард­қа жуық қаржының 53%-ы сайлау ко­миссиялары мүшелеріне төленетін еңбек­ақы есебінен. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, мемле­кет­тік қызметші болып табылатын сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы тө­ленбейді. Бірақ, оларға мереке және демалыс күндеріндегі жұмысы үшін үстемеақы беріледі.
Сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеу Еңбек кодексіне сәйкес нақты жұмыс уақыты үшін табельге сай жүргізіледі. 
Екінші негізгі шығыстар бабы – мәсли­хаттар депутаттығына кандидаттардың сай­лауалды үгітін жүргізуге арналған шығындар. Оның үлесі 17,4 пайызға тең. Ұлттық сайлау заңнамасы бойынша мемлекет кандидаттарға үгіт жүргізуде тең жағдай жасайды. Осыған мүмкіндік беретін бір құрал – үміткерлердің БАҚ-та үгіт жүргізуі үшін бюджеттен қаражат бөлу болып табылады. Атап айтқанда, әрбір кандидатқа теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуге, радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге, сондай-ақ, баспа басылымдарында көлемі 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жария­лауға қаражат беріледі.
Міне, тек осы екі бап бойынша ғана сайлау науқанына бөлінген қаражаттың 70%-дан астамы жұмсалғалы тұр. 
Қаражаттың қалған бөлігі бюллетеньдерді басып шығаруға, дыбыс және бейнероликтерді әзірлеуге және оларды теледидар мен радиода айналдыруға, көшелерде билбордтарды, сыртқы жарнаманың сан түрін орналастыруға және басқа да іс-шараларға жұмсалады.
Еске сала кетсем, алдағы сайлау нәти­жесін­­де барлығы 107 Мәжіліс депутаты сайла­нады. Олардың ішінде 98-і партиялық тізім бойынша және 9-ы Қазақстан халқы ассам­блеясынан.
Жергілікті өкілді билік органдарына барлығы 3335 депутат сайланады, олардың ішінде облыстық мәслихаттарға – 550 адам, қалалық мәслихаттарға 625 және аудандық мәслихаттарға 2160 адам.
– Мәжілістің мерзімінен бұрынғы сайлауын тағайындаған Елбасы Жарлығы шыққалы бері тура 10 күн өтті. Осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды? 
– Осы мерзім ішінде Ортсайлауком мәс­лихаттар депутаттарын сайлауды тағайындау, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы жөніндегі күнтізбелік жоспарларды бекіту, сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы, сондай-ақ шет мемлекеттер, халық­аралық ұйымдар мен шетелдік БАҚ өкілдері қызметтерінің кейбір мәселелері туралы қаулылар қабылдады.
21 қаңтарда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық арналары арқылы 18 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының бірінші басшыларына Ор­т­сайлауком төрағасының шақыруы жіберілді.
22 қаңтарда ОСК сайлау процесіне барлық қатысушыларға сайлаушылар тізіміне азаматтарды енгізу үшін негіздерді, есептен шығару куәлігін беру тәртібін, сондай-ақ «үйде» дауыс беруді ұйымдастыру рәсімін түсіндіретін үндеу қабылдады.
25 қаңтарда аумақтық сайлау комиссия­ларының өкілдеріне арналып, семинар-кеңес өтті. Онда қызметтің негізгі және шұғыл міндеттері мен бағыттары анықталды және ұйымдастыру жұмысының салмақ-акценті орталықтан тікелей өңірлерге ауысты. Бұған дейін де өңірлерде белсенді жұмыс жүргізіліп келді. Бірақ енді олар әр күн бойынша жазы­лып қойылған нақты іс-шараларға кірісті. 
Атап айтқанда, 27 қаңтарда барлық өңір­лерде сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы хабарларды жариялау аяқталды. 
Аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарының көп бөлігі де жарияланды. Бұл жұмыс бүгін, 30 қаңтарда аяқталды.
Орталық сайлау комиссиясының мүше­лері арасында 16 өңір бөлінді, олардың әрқайсысы бірнеше өңірдегі жұмысқа жетекші-куратор болады. Бұған қоса ОСК-ның әр мүшесі сайлау науқаны кезеңінде белгілі бір жұмыс бағытына жетекшілік етеді. Маған бұл ретте Ортсайлаукомның аппара­тының қызметін үйлестіру міндеті жүктелді. Қазіргі уақытта біз барлық өңірлермен және сайлау науқанына тартылған мемлекеттік органдармен ұдайы байланыс­тамыз. 
Ортсайлауком алдағы сайлауды ұйым­дастыру және өткізу мәселелерінің құқықтық қырларына баса маңыз беруде. Қазіргі кезде ОСК тапсырысы бойынша аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына, саяси партиялар мен олардың сенім білдірген адамдарына, кандидаттар мен олардың сенім­ді тұлғаларына, байқаушыларға және басқа­ларға арналған ақпараттық плакаттың 8 түрі, сондай-ақ 14 атаулы жадынама, әдісте­мелік оқу-құралдары, жинақтар және басқа да анық­тамалық материалдар әзірленді. Плакат­тар, Ата заңның арнайы шығарылымы, жадынамалар ендігі басылып, қапталып, өңірлерге жолдануда. 
– Сіздерді енді сайлау науқанының қандай кезеңдері күтіп тұр?
– Алдағы жұмыстың негізгі кезеңдері туралы айтар болсам, сайлау науқаны үш негізгі кезеңнен тұратын болады.
Бірінші кезең – үміткерлерді ұсыну. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының канди­датураларын ұсыну Елбасы Жарлығы қабыл­данған 20 қаңтарда басталды және 8 ақпанда аяқталатын болады. Барлық партиялар сол кезге дейін өз съездерін өткізіп, партиялық тізімдерін бекітіп үлгерулері керек.
Саяси партиялардың партиялық тізім­дерін қабылдау үшін ОСК-да жұмыс тобы құрылып, құрамы бекітілуде. Біз партиялық тізімдердегі кандидаттардың талапқа сәйкес­тілігін тексеруде өзімізге көмектесетін Бас прокуратурамен, салық органдарымен және басқа құрылымдармен консультациялық кездесулер өткізудеміз. Партиялық тізімдер­дегі кандидаттарды тексеретін барлық мемор­гандар жұмысқа дайын. Олар бізбен үнемі байланысқа шығып отыр. Бұл тұрғыда проб­ле­ма болмайды деген ойдамыз. 
Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарын Ассамблея кеңесі 20-29 ақпан аралығында өз отырысында ұсына­ды.
Мәслихаттар депутаттығына канди­дат­тар­ды «Сайлау туралы» заңның 10-бабына сәйкес, белгіленген тәртіппен елімізде тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері ұсынады, сондай-ақ жеке азаматтар да мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсына алады. 
Мәслихаттар депутаттарын ұсыну 19 ақпанға дейін жүргізілетін болады.
Екінші кезең – тіркеу. Өзіне келіп түскен партиялық тізімдерді тіркеуді Ортсайлауком 19 ақпанға дейін жүзеге асырады. Бұл ретте біз ол тізімдердегі әрбір кандидаттың Конс­ти­туция мен сайлау туралы заңнама талаптарына қаншалықты сәйкестілігін тексеретін мем­лекеттік органдардың материалдарына сүйенетін боламыз. 
Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу 29 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді.
Мәслихаттар депутаттығына канди­даттар­ды аумақтық сайлау комиссиялары 23 ақпа­нына дейін тіркейтін болады.
Үшінші кезең – сайлауалды үгіт-насихат. Біз бекіткен Күнтізбелік жоспар бойынша ол науқан 20 ақпанда басталып, 18 наурызда сағат 24.00-де аяқталады.
Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сай­лауалды үгіті 6-19 наурыз аралығында өтеді.
Мәслихаттар депутаттығына кандидат­тардың сайлау алдындағы үгіті 24 ақпанда басталып, 18 наурызда түнгі 24.00-де тәмам­далады.
Бір ескерте кетер жайт, сайлаулардың қоса өткізілуіне орай, дауыс беру күні сайлау­шы­лар­дың көпшілігі үш түрлі бюллетеннен алады.
Бір бюллетень – саяси партияға дауыс беруге арналған. Екіншісі бойынша сайлаушы облыстық немесе Астана және Алматы қала­лық мәслихат депутаттығына кандидатты таң­дайды. Ал үшінші бюллетень бойынша аза­маттар аудандық немесе қалалық мәслихат депутаттығына кандидатқа қатысты өз ықтия­рын білдіреді. 
Айтқандай, Астана және Алматы қала­ларында аудандық мәслихаттар жоқ, сон­дықтан ондағы сайлаушылар екі бюллетеннен алады.
– Сайлаушылардың толыққанды әрі шынайы тізімін қалыптастыру мәселесі демократиялық әрі әділ сайлау өткізуге тікелей ықпал ететіні мәлім. Осыдан тура он жылдай бұрын елімізде 8,5 миллион сайлаушы болған еді. Қазір олардың саны он миллионға жуықтап қалды деп естідік.
– Расында, сайлаушылар тізімінің толық әрі сапалы болуы мемлекеттік тұрғыдағы міндет. «Сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, бұл жергілікті атқарушы орган­дардың мойнына жүктелген жауапкершілік. Және де жылына екі рет – 1 шілде мен 1 қаңтарға қарай жергілікті атқарушы органдар бізге сайлаушылар туралы мәліметтер береді. 
Бірақ осы маңызды істен біз де сырт қа­лып отырған жоқпыз. Ортсайлаукомның қол­дауымен, сайлаушылар тізімін түзу процесіне заманауи ақпараттық техноло­гияларды енгізу және сондай-ақ ол тізімдерді тұрақты жаңарту үрдісін оңтайландыру іске асты. Осы мақсатта елімізде сайлаушылардың біріңғай электрон­дық тізімі – «Қазақстанның сайлаушы-аза­мат­тарының тіркеу реестрі» енгізілген. Бұл реестр өкілетті мемлекеттік органдардың электрондық күйде ұсынатын сайлаушыларға қатысты мәліметтерінің негізінде құрылады. Яғни, басқаша айтсақ, «Сайлау» электрондық дауыс беру жүйесінің ажырамас бөлшегі болып табылатын аталған тізілім-реестр – Қазақстанның сайлаушы-азамат­тарына қатысты ақпараттық-анықтама­лық сипаттағы барлық қажетті деректерді сақтайтын мәлімет базасы. 
Ол бойынша еліміздегі сайлаушылар саны қазір 9 миллион 792 мың адамға жетті. Деген­мен, бұл сан үнемі өзгеріс үстінде. Өйткені сайлауға дейін әлі екі айдай уақыт бар, осы аралықта мәселен, көші-қонға, немесе жастар­дың 18-ге толып, дауыс беру құқына ие болуына орай сайлаушылардың қатары да көбейіп, не азайып отырады. 
Сондықтан бүгінгі басты міндет – Қазақ­станның әрбір азаматы өзінің конс­титуция­лық құқығын іске асыруы үшін әрбір учаске бойынша сайлаушылардың дәл әрі дұрыс тізімдерін қалыптастыру болып табылады. Бұл тізімдер сайлаушылар танысуы үшін сайлау комиссияларына 28 ақпанға дейін ұсынылды. Танысу барысында да аталған тізімдер толыға, нақтылана түспек. Өйткені 4 наурыздан бастап, әрбір азаматқа тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесіне барып, өзінің тізімде бар-жоқтығын тексеруге мүмкіндік беріледі. Бұл істе қазақстан­дықтарды белсен­ділік танытуға шақырамын! 
Сөзімді қорытсам, бүгінде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын өткізуге әзірлігіміз өте жоғары. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары да толығымен қалып­тастырылған және жұмысқа дайын. Элек­торат­тық науқан кезеңінде Ортсайлауком «Сайлау туралы» заң талаптарының орын­далуын бақылауды жүзеге асыратын болады.
Қорыта айтқанда, біз өзімізге жүктелген міндетті лайықты орындап шығатынымызға сенімдіміз. Бұл сенімімізді сайлау органы қызметкерлерінің жоғары жауапкершілігі мен биік кәсіби деңгейі бекіте түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айхан ШӘРІП