Басты  /  Сұхбат  /  Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі: Театрда жүрмін... Тазамын...

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі: Театрда жүрмін... Тазамын...

2022
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі: Театрда жүрмін...  Тазамын... – Сәбит ата, өткенге тағы бір шегініс жасасақ. Театрдағы алғашқы баспалдақтар... Тоқпановтың мектебі... Бірге оқыған әріптестер... Сол кезеңді еске алғанда алғаш ойға оралатыны не?

– Жапырағы қуарған ескі үмітпен, 
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін. 
Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды, 
Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн, – деп Абай бабамыз айтқандай, сексенге қалай келіп қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Аталарымыз: «Кәрілік – Құдайдың берген сыйы» деп айтқан екен. Расында, сан алуан адамзаттың жете алмаған шыңы ғой бұл кәрілік. Сексеннен кейін адамда қаусау басталады. Оған дейін кішкене оң жақ, сол жағыңды бағдарлайды екенсің. Хабиба апам биыл жүзге келді. Әлі де тілі сайрап отыр. «Мені тек тоқтатпаңдар. Тоқтатсаңдар, ұмытып қаламын» дейді. Хабиба апамның жасына келгенде, солай отырсақ, арман не? Өткен күндердің елесі адамның жадынан ұмытылмақ емес екен. Сона-а-ау, 1959 жылы консерваторияның жанындағы театр бөлімін бітіргеніміз күні кеше ғана сияқты еді.
– Бұл Оспанхан Әубәкіров, Сайын Мұ­ратбековпен қатар оқыған кездеріңіз ғой.
– Сайынның тағдыры кішкене өзге­шелеу болды. Ол актерлікті тастап, жазушылық жолға түсті. О баста, Асқар Тоқпанов театр бөлімін ашамын деп, алпыс қыз-жігітті жинап алды. Ақырында талғап-талғап, 24 жеткіншекті қалдырды. Сол 24 баланың өзін екіге бөліп, бір тобымызды Тоқпанов өзі алды да, екіншісін Моисей Исаакович Гольдблат дегенге жіберді. Елден келген баламыз. Орысшамыз да нашар. Әуелде мен жа­йында Асекеңнің пікірі жақсы еді. «Ақылың қалай екенін білмеймін, шашың үлкендеу екен» деп қалжыңдап алды. Тобымызбен Гольдблатқа жібергеніне іштей өкпелеп қалдым. Сөйтсем, Моисей Исаакович деген ерекше білімді адам екен. Ол Кеңес Одағындағы ең күшті режис­сердің бірі болатын. Атақ-даңқы сұмдық. Әуезов театрына соғыс жылдары келген. Мәскеу арнайы жіберген ғой. Ол кісі ең алдымен біздің жүріс-тұрысымызды, әдебімізді жөндеді. Ауылдан келген баланың бойында оғаш әдеттер өте көп болады ғой. Оны өзіміз де байқамайды екенбіз. Орынсыз күле саламыз. Қатты-қатты сөйлейміз. Тасырлатып жүреміз. Жақсы дағдының бәріне үйреткен Моисей Исаако­вич. Бізден бөлек алты кандида­тымыз болды. Олар біздің қайсысымыз құлайды деп «мысықтілеумен» күтіп жүреді екен. Бірінші курста этюд жазуға үйретті. Этюд жазуға келгенде Сайын бәрімізден озық шықты. Ал оны сахнада ойнап шыға ал­май­ды. Содан ұстазымыз шақырып алып: «Сайын, сен ренжіме. Алдыңда талай биік­тер бар. Сенің қолыңнан жазу келетін сияқ­ты. Жазушы болуға ыңғайың бар» деді. 
– Сайын ағаның да о бастағы қалауы театр болған жоқ па? 
– Жүрегі осы өнерді қалап келген ғой. Оның үстіне, осы бөлімге түсу үшін екі айдай сандалып жүрдік. Бірге дайын­даламыз. Ол да Абайдың өлеңдерінен, Крыловтың мысалдарынан үзінді келтіріп жүріп, алдыңғы шеппен оқуға түскен. Өзі де сымбатты жігіт. Бойы да бар, ойы да бар. Амал не, бірінші курстан соң, басқа оқуға ауысып кетті. Раушан Оразбаева деген қызымыз болды. Мектепті қызылмен бітіріп келген. Раушанды да шақырып алып, ой-өрісінің кеңдігін айтып, ғалым болуға үгіттеді. Раушан «қалайда осы бөлімді бітіруім керек» деп жылап отырып алды. Өзінің қайтпас-қайсар мінезінің арқасында оқуды жақсы бітіріп шықты. Бірақ тағдырдың талай тәлкегіне түсті де, дүниеден ерте кеттi. Дауысы да ерекше, әнді шебер орындайтын өзгеше тұлға еді. Күнде бірге театрға барамыз. Сәбира Майқанова, Рақия Қойшыбаева, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандар­бекованың ойынын тамашалаймыз. Зәмзәгүлдің де жарқырап, жайнап тұрған кезі. Раушан оларға қатты қызығады. Есіл-дерті театрға ауып тұрды. Раушанның даусы ерекше. Ол көптеген рөлдерді ойнады. Оқып жүріп, опера театрының спектакльдеріне қосымша қатысатын. Студент кезімізде Мәскеуге декадаға барғанымызда, Раушан сол жолы опера театрында кішігірім бір рөлді ойнады. Ерекше ойнады. Неге екенін білмеймін, операға біржола барғысы келген жоқ. Театрға да бәрімізбен бірге келді.
– Бәріңіз деген кімдер? Қатарларыңызда Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Раушан Оразбаева, Нүкетай Мышбаева, Фарида Шәріпова болды ма?
– Асанәлі оқып жүргеннің өзінде атағы аспандап кетті. Ол бізден екі жыл кейін бітірді. «Ботагөз» фильміне түсіп, сабақтан көп қалып қойды. Қожамияров деген қатал кісі еді. Ол Асанәліні оқудан шы­ғарып жіберді. Тіпті әскерге алдырамын деп, біраз қудалады. Сөйтсе, «студент» деген бір жапырақ қағаз апарса, әскерге алмайды екен. Сол қағазды әскери комис­сариатқа апарып өткізген екен. Олар әскерге қабылдамай, қайтарып жіберіпті. Біздің тобымызда Райымбек, Матан, Фарида, Раушан болды. Біздің алғашқы тұсаукесеріміз «Беу, қыздар-ай» спектаклі еді. Оған дейін «Айман-Шолпан» спектак­лінде Балпық дейтін жыраудың рөлін ойнағаным бар. Ең қызығын айтайын, біз оқуды бітіргеннен кейін бірден театрға ілініп кете қойған жоқпыз. Көпшілік сахнасына қатысып, тиын-тебен аламыз. Оқып жүргенімізде, біздің ешқайсымызға рөл берген жоқ. Арамызда тек Фариданың ғана бағы жанды. Ол Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласында» Жәмиланың рөлін сомдады. Өйткені Фариданың өзі Қытайда «Хасен-Жәмила» деген киноға түсіп, дайын болып келген. Ең кемшілігі, орысша білмеді. «Батыс театрының тарихы», «Политэкономика» деген пәннен қиналып жүретін. Бірақ өзінің тамаша актриса екенін дәлелдеп берді. Қалғанымыздың да театрдан дәмеміз зор. «Көпшілік сахнаға шығып жүрміз ғой, бізді де театрға алатын шығар» деген үмітіміз бар. Алайда, Мәдениет министрлігі шат-шәлекейімізді шығарып, Райымбекті Шымкентке, мені Атырауға жіберетін болды. Жастық желікпен, «барсақ барайық» деп жүргенбіз. Сол жылы Шәкен Кенжетайұлы «кино­студия құрамын» деп, барлық курсты өзіне шақырды. Киностудияға бардық. Сабақ алып жүрдік. Өкініші сол, киностудияны ашуға қаржы бөлмей қойды.
– Ол жылдары театрды кім басқарды?
– Біз бітіретін жылы театрдың дирек­торы Портнов деген орыс болатын. Киностудияда жүргенімізде «театрға директор болып, Құрманбек Жандарбеков келіпті» деген әңгімені естідік. Ол кісі бәрімізді «театрға аламын» депті. Нүкетай онда Қазақконцертке орналасамын деп кеткен. Оны да шақырып алды. Мәриям Жақсымбетова Мұхтар Бақтыгеревті ұнатып қалды да, Жастар театрына кетіп қалды. Сөйтіп, қалғанымыз тобымызбен театрға келдік. Бұл 1960 жыл еді. Содан бері осы театрда еңбек етіп келе жатқаныма 56 жыл болыпты. Арасында талай ұсыныстар да жасалды. Мемлекеттік қыз­меттерді атқаруға да шақырды. Мәдениет саласында қызмет жасайсың деп, басымды қатырған кездер де болды. «Театрда жақсы актер болсам жетеді» деп, ат-тонымды ала қаштым. Бізді бақытты ететін не нәрсе? Біздің бақытымыз – театрдың дүрілдеп тұрған уақытында келгеніміз. Нұрмұхан Жантөрин басты рөлдерді ойнайды. Серке Қожамқұлов та өз күшінде. Біз келгеннен кейін бір жылдан кейін Қалибек Қуаныш­баев денсаулығына байланысты еңбек демалысына кетті. Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Рақия Қойшыбаева сияқты кіл мықтылар жұмыс істейді. Рақия Қойшыбаева апайымыз дәстүрлі әндердің орындаушысы еді марқұм. Жылда ел аралап, концертке шығады. Сондай сапа­рының бірінде Семейдегі Абыралы дейтін жерден өт­кенде радиация салдарынан ақ қан ау­руы­на шалдығады. Содан ерте қайтыс боп кетті. 
– Соңғы кездері Рақия Қойшыбаева туралы естеліктер аз жазылады. Тіпті айтыл­майды десек те болады. Театр тарихында ізі қалған тұлғалардың кейбірі сұраусыз, іздеусіз қалып қойып жатады. Неге? 
– Іздейтін адамы болмаса, аталмай қа­латындар көп. Ол жасырын емес. Кино­студияның негізін қалаған құдіретті Шәкен Аймановтың өзін Асанәлі болмаса, ешкім есіне алмайды. Жүгіріп жүріп, жыл сайын фестивалін өткізеді. Фестиваль өткізу үшін қаржы сұрап, ол кімдерге бармады?! Рақия Қойшыбаеваның ұмыт қалуының себебі сол. Әйтпесе, қандай мықты актриса еді. Ол кісілер ойнап жүргенде, Сәбира апамыз белгісіз болатын. Үнемі екінші құраммен ойнайтын еді. 
– «Шәкен Айманов киностудия ашамын деп жинап алғанымен, қаржы бөлінбеген­діктен, өз жұмысын жалғастыра алмады» дедіңіз. Одан кейін Аймановтың фильмдеріне түсудің сәті болмады ма?
– Жоқ. Біреулер сұраса, «мұрным үлкен, сосын алмай қойған» деп күлемін. Жалпы, өзім әбден тәртіпке үйренгендіктен бе, киноға қызықпадым. Студияға барсам, кез келген жерде карта ойнап отырған адамдарды көретінмін. Дубляждан да ақшаны көп табуға болатын еді. Түннен таңға дейін дубляж жасайсың, таңда жұмысқа келесің. Басың ауырып отырғаны. Сол себепті, осы екі салаға да көп қызық­падым. Әрі театр мені ерекше қызықтырды. Нұрмұхан Жантөрин, Шахан Мусин, Ыдырыс Ноғайбаевтың ойынын көрген соң, театрға адал болмасқа амалың жоқ. Ол кісілердің дүрілдеп тұрған шағында, театр­дың табалдырығын аттадық. Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссер болып, жаңадан келген кезі. Мәмбетовтың өзі театрға әзер қабылданған. Мәскеуде бітіріп келген. Театрда «Адасқан ұл» деген спектакль қойды. Ә дегеннен аяқ алысы ұнаған болуы керек, көпшілік оны театрға алғысы келеді. Бар айыбы, қазақша білмейді екен. Көр­кемдік кеңесте жұмысқа алғысы келме­гендер болыпты. Содан Серағаң айқайды салып: «Біздің тілімізде сөйлемек түгілі, сөйлегісі келмейтіндер де театрды бас­қарып отыр. Бұл да қазақтың бір баласы. Тілді үйренеді. Үйренбесе, өзіміз үйретеміз. Айттым бітті, кестім үзілді» депті. Серке Қожамқұловтың бір ауыз сөзінің арқасында Әзірбайжанды театрға алды. Өзінің бізден бес-алты жас үлкендігі бар. Штатқа кіргеннен кейін, Әзекең алмас қылыш секілді жарқырап шыға келді. Мәмбетовтің заманында театр қатты дүркіреді. 
– «Мәмбетов келгеннен кейін Жантөрин театрдан кетіп қалды» деген әңгімелер жиі айтылады. Нұрмұхан Жантөрин мен Мәм­бетов неге араз болды?
– Нұрмұхан Жантөрин киноға көп түсті. Киноға көп түскеннен кейін уақытының көбі киностудияда өтеді. Әзірбайжан ол кезде театрда бас режиссер. «Спектакль тоқтап қалады» деп киноға жібергісі келмейді. Сондай бір сәттерде екеуінің арасында ши шығып қалды. Нұрмұхан ағаны Сәбит Мұқанов қатты жақсы көрді. Сәбит аға үлкен кісі. Сәбеңнің «Шоқан Уәлиханов» пьесасында Шоқанды ойнағаннан кейін, баласындай болып кетті. Тіпті, Сәбеңнің шашын алып беретін. Сәбең шаштаразға бармайды, үнемі Нұрмұханды үйіне шақырып, шашын алдырады. Бірақ Нұрмұхан аға мінезінің қызбалығынан көп нәрседен қалып қойды. Сыйлықтарға ұсынылады. Ұсынылғаннан кейін мінездеме жібереді. Мінездеменің қалай жазылатыны белгілі. Ақырында Нұрмұхан аға өтпей қалады. Оның жеке өмірі де оңай болған жоқ. Ал театрда аянбай жұмыс істеген жанның бірі – Ыдырыс Ноғайбаев. Екі рет Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық артисі атанды. Оның бәрі бізге үлгі болды. Бірде Сәкен Жүнісов менен: «Сәбит, сен неге жазушылардан саяқ жүресің? Неге етене араласпайсың?» деп сұрағаны бар. Шынымды айтсам, ащы суға құмарлығым болмады. Сол үшін көпшілік ортадан саяқтау жүрдім. Оның да бір себебі бар. Бір рет анамның алдында қатты ұялғаным барды. Бірде ауылдан жігіттер келіп, мейрамханаға шақырды. Тамақ алдырдық. Шарап іштік. Бұрын ішіп көрмегем. Ауылдан жақында ғана анамды алып келгем. Екеуміз бірге жертөледе тұрамыз. Қыстың күні. Далада аяз. Мейрамханадан шықсам, аяғымды баса алмаймын. Үйдің адресін айтуға шамам келмеген күйі құлаппын. Бір уақытта біреу «тұр, тұр» деп жұлқылап жатыр. Көзімді ашсам, арықтың ішінде жатыр екенмін. Шешем теріден кеудеше тігіп берген еді. Сол тері кеудеше менің жанымды алып қалды. Орнымнан әзер тұрдым да, сүй­ретіліп үйге келдім. Анамда үн жоқ. Ләм-мим демеді. Шешіндірді де, «жат» деді. Содан сағат күндізгі бірде ояндым. Шай ішіп отырғанымызда, анам: «балам, мен елге қайтайын» деді. Үн жоқ. Алдында ғана елдің бәрін дүркіретіп, батасын алып, баласының қасына келген. Елге қайтып барса, ұят емес пе? «Ана, енді ішпеймін» дедім. Сол уәдемде тұрдым. Ыдырыс ағам­ды неге айтып отырмын? Ол кісі де ерте кетіп қалды. 59 жас деген не тәйірі? Жас еді ғой. Театрда қалай ойнайтын еді?! Гүрілдеп шыға келгенінде, сахна дірілдеп кететін.Сол кісілердің денсаулығын құртқан ащы су мен темекі ме деп ойлаймын қазір. 
– Кененбай Қожабековтің де тағдыры ауыр болған деседі. Рая Мұхамедиярова бір естелігінде «Арланның апаны» болмағанда, Кененбай ағаның аты тарихта қалмас еді» деп айтып еді. Ол кісінің де көзін көрдіңіз бе?
– Ол кісі жастар театрында жұмыс атқарды. Арбаға таңылған кезін көрдік ғой. Ол – ерекше тағдырлы тұлға. Ол кісіге пышақ салған адамды соттаған жоқ. Ілиясов деген казпотребсоюздың бастығы болатын. Соның баласы.
– Не себепті сотталмады?
– Ыдырыс аға, Нұрмұхан Жантөрин бар, Кененбай Қожабеков үшеуі мейрам­ханаға барған. Қызулау болса керек. Мейрамханадан шығып келе жатса, бес-алты жігіт жабылыпты. Бұлар да қарсы­ласады. Сол кезде Ілиясовтың баласы пы­шақты арқасына тығып алады. Жұлы­нына тиіп, арықтың ішінде қалып қойған. Милиция келген соң, бәрі бет-бетімен қашып кетеді. Ол кезде бәрі де партия мүшесі. Ұсталса, қиын болады. Кененбай аға содан мүгедек болып қалды. Сол оқиғадан кейін үшеуінің арасы дұрыс болмады. Сонша жыл бір-бірімен сөйлеспеді. Тіпті, бір-бірімен кездескен емес. 
– Театрдағы сіздердің беташар спектакльдеріңіз болған «Беу, қыздар-айдың» теленұсқасы бір кездері телеар­надан жиі көрсетіліп жүрді. Кейін экраннан жоғалып кетті. Сол спектакльде Райымбек Сейтметов, Есболған Жайсаңбаев, сіз үшеуіңіздің басты рөлді сомдағаныңызды білеміз. Ол спектакль неге бірден танымал болды? 
– Ол телеспектакльді түсірген – Тұраш Ибрашев. Ол кісі біздің театрда істеген. Актерлікті Мәскеуде оқып келген жан еді. Кейін режиссерлікке ауысып кетті. «Қыз Жібектің» мыңыншы спектаклін де түсір­ген сол. Сол үшін оған қатаң сөгіс берді. Тіпті орталық комитеттің арнайы рұқса­тынсыз түсірдің деп айыптады. Ибрашев­тің арқасында спектакль тарихта қалды. 
– Түсірілген таспаны сақтап қала алды ма?
– Таспаның көшірмесін жасап үлгерген ғой. «Көзін құрттық» деп алдап, сақтап қалған. «Беу, қыздар-ай» соның арқасында тарихта қалды. Спектакльде бастықтың рөлін Қапан Бадыров ойнады. Есболған марқұм қойшының рөлінде. Үш қыздың рөлінде Фарида, Нүкетай, Салиха үшеуі. Осы спектакль біздің даңқымызды аспанға көтерді. Құрекең бізді бір ай елге гастрольге жіберді. Алтайдан Атырауға дейінгі жерді аралап көрдік. Бір керемет шақ болды. Табысымыз да күшті. Көрермен сұмдық көп болды. «Беу-қыздар-аймен» дүрілдеп кеттік. «Қымызхананың» жиырма бес сериясы шықты. Сонда жүрдім. Соңғы сериясының ішінде ет іздеп жүретін сюжет бар. Сол үшін «Қымызхананы» тоқтатып тастады. «Саясатқа қарсы келеді» деген болуы керек.
– Осы кезге дейін ойнаған рөлдеріңіз есте қалды ма? Кез келген кейіпкеріңіздің монологтарын жатқа айтады деп естідік. Рас па?
– Рөлдерде көп ойнадым. Театрға ешқандай өкпем жоқ.Құдайға шүкір, режиссерлер ойнағым келген рөлдердің бәрін берді. Басты рөлдерді де, қосымша рөлдерді де ойнаған сәтім көп. Жалпы, спектакльдің шығуына актердің құдіретті күші қосылса, оның құны артады. Кейде бір актердің өзі нашар ойнаса, онда спек­такльдің мәні болмайды. Бұл – ұжым­дық еңбек. Декорация жағынан, музыкасы жағынан болсын, қойылым өте ұзақ болмауы керек, тым қысқа да болмауы тиіс. Айтатын идеясын халыққа жеткізсе, ол идея қоғамға бір пайда келтіретін болса, онда оның ұтқаны. Журналистер мені екі жүздей рөлде ойнады деп жазып жіберіпті. Екі жүз рөл емес, театрдың өзінде жүзден астам рөлді ойнадым. Олардың қосып жүргені, радио, теледидардағы нұсқалары шығар. Рөлдің барлығы бірдей сәтті шығуы мүмкін де емес еді. Қиналған да кезім болды. Мәселен, «Жаяу Мұсаның рөлін берген кезде қатты қиналдым. Оған үлкен зор дауыс керек. Әндерінің бәрі қандай? Әбілқайырды ойнаған кезімде, сол туралы көп деректерді іздедім. Әбілқайыр арқылы қазақтың талай тарихына қанықтым. Әбілқайырдың айналасында жүрген талай қазақтың батыры туралы естеліктер оқы­дым. Адамбек Садықбеков деген ағамыз болды. Сол кісі: «Кітапханада орыстың бір саяхатшысының жазғаны бар. Сонда хандар жөнінде үлкен материалды табасың. Соны оқы» деді. Барсам, кітапханада ол кітапты бермейді. Әзер деп жүргенде, он сегізінші томының 66 бетінен таптым ғой. Мұхит деген әнші бар ғой. Сол Әбілқайыр­дың ұрпағы екен. Ал Жаяу Мұса кім? Ол Арқадағы ең азулы, өте бай, абыройлы, ықпалы күшті Шормановтармен айқасқан. Жаяу Мұсаны зерттеп отырып, қаншама тың деректер таптым өзіме. Ақан сері де Науан деген кісі бар ғой.
– Науан қазіретті айтасыз ба?
– Иә, сол кісі балаларға арнап, мектеп ашқан. Арқа еліне өте беделді кісі болған. Социалистік реализмнің салдарынан құрбандыққа шалынып кетті. Мәселен, Бекежанды алайық. Соның ұрпақтарымен кездескенім бар. Олар маған: «Бекежан ондай кісі болмаған. Ол беделі күшті адам еді» деп айтқан еді. Бекежанды социалистік реализм жауыз етіп көрсетіп жіберді. Шәкәрімді алайық. Оның да шынайы бейнесін кейін таныған жоқпыз ба? Мұның бәрі социалистік реализмнің арқасы. Олай жазбаса, идеология ол шығарманы шығармайтын еді.
– Сүйеу қарттың рөлін тым жас кезіңізде ойнадыңыз. Театрда қарттың образын сомдайтын үлкен актерлер болмады ма? 
– 29 жасымда Сүйеу қарттың бейнесін сахнаға алып шықтым. Бұл рөлді бергенде, тіпті төбемнен жай түскендей әсер етті. Аузымды ашып, болмайды дегенге келтірген жоқ. Ол кейіпкерді режиссер Елубай Өмірзақовқа арнап қойған еді. Ең бастысы, Әбекең, Әбдіжәмил Нұрпейісов маған қарсы болды. Тіпті ұрсып: «Сен құр сөзін айтып жүрсің» деген кезі де бар. Жалпы, менің жадым өте мықты еді. Екі рет операцияға түстім. Соның әсері болды. Әйтпесе, қаншама дастан, жырларды жатқа білетін едім. Тіпті қырық-елу беттік жолдарды үш-төрт рет оқығанда жаттап алатынмын. Елубай ағаның ауырып жүрген кезі. Елубай аға басынан-ақ өзінің ойнамайтынын айтқан еді. «Басқа шалға беріңдер. Шал жетеді театрда» деген болатын. Әзірбайжан созып келді де, тапсыратын кезде: «Бәрі икемге келіп қалды. Сүйеуді сен ойна» деді. «Әбекең қарсы ғой» деймін. «Спектакльді тоқтата алмаймыз» дейді Әзекең. Әбекең соңыма түсіп алды. Залда отырып, ойыныма кедергі жасайды. Сөйлеп тұрсам, «олай емес» деп айқайлайды. «Әбеке, Елағаң шыққанша, бір рет ойнайын. Сосын рөлді ол кісінің өзіне қайтарамын» деп жүріп, әзер көндірдім. Әбекеңнің спектакліне игі жақсылардың бәрі жиналды. Залға адам сыймай кетті. Қорқа бастадым. Аяқ-қолым дірілдеп тұр. Фарида жаныма келіп, күш беріп кетеді. Оның да басында осындай жағдай болған. Толғанайды ойнаған кезінде: «Маған кемпірдің рөлін беріп, құлатайын деп жатыр» деп жылағаны бар еді. Сонда Фаридаға: «Сәбира апам Толғанайдың образында батыр кемпірді ойнайды. Қайыстай қатып қалған қара кемпірдің рөлін сен ойна» деп ақыл бергенмін. Солай болып шықты. Спектакль бітті. Шахан Мусин, Сәбира апам жүгіріп шығып, сахнада мені құшақтап жатыр. Басқаны емес, бәрі мені сүйеді. «Мынадай шал театрда болған емес» дейді. Әбекең келіп, соңында кешірім сұрады. «Сен маған соавтор болдың» деді. Кейін Мәскеуге барғанымызда, Смоктуновский көріп, арнайы құттықтады. 
– Сізге КСРО-ның Халық артисі сыйлы­ғын Сүйеу қарттың рөлі үшін неге бермеді?
– Ол сыйлықтың тарихы тіптен қызық. Басында тізімде Фарида, Ыдырыс аға, Асанәлі, Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Кейін орыс суретшіні қосу керек деп, менің орныма спектакльдің суретшісін қосып жіберді. Автор ретінде Әбекең де қосылды. Сөйтіп, алты адам Мемлекеттік сыйлықты алды да, мен қалып қойдым. «Басың жас, амандық болса аласың» деп жұбатты. Бұйырмай тұрған дүние ғой. 1984 жылы алпыс жылдығымда театр ұсынды. Асқар Сүлейменовтың «Төрт тақта» пьесасында шалдың рөлін ойнап жүрген кезім еді. 25 адам дауыс беріпті. Респуб­ликаның Мемлекеттік сыйлығын сол жылы алдым. 
– Шыңғыс Айтматовтың пьесалары театрда жиі қойылды. «Ана – Жер-ана» спектаклінің жаңғырығы әлі сезіліп тұрады. Айтматовтың шығармаларында ойнама­дыңыз ба?
– «Ана – Жер-анада» қойшының рөлін ойнағаным бар. Ал «Жәмилада» автордың рөлінде болдым. Жас кезім еді. Нұрмұхан аға екеуміз бір рөлде болдық. Ол кісімен салыстырғанда, жер мен көктей ғой. Ол кісі бір-екі рет ойнады да, маған тапсырып, кетіп қалды. Даниярдың рөлінде Ыдырыс аға, Жәмиланы Фарида ойнайды. 
– Театр майталмандарының тағдырының оңай болмағанын айтып отырсыз. Сәбира Майқанованың да қырғыз сапарынан кейін денсаулығы сыр бергенін бір сұхбатыңызда айтқаныңыз есімізде. Жалпы, өнерге адал берілген тұлғалардың, өнер жолында жүрген мықтылардың өмірінің қиын болуы тікелей сахнадағы өміріне де байланысты ма?
– Майқанованың қиналуы «Ана – Жер-ана» спектаклімен ғана байланысты емес. Оған дейін де бір рет сондай жағдай орын алған. «Абай» қойылымын Сталиндік сыйлыққа ұсынатын тұста Сәбира апа емес, Рақия Қойшыбаева алып кетеді. Өзбектің атақты бишісі Тамара ханум комиссияның мүшесі екен. «Рақия Қойшыбаеваның ойынын көрейін» деп сол кісіге дауыс беріпті. Сәбира апай содан кейін жүрегі ауырып, өліп қала жаздады. Ал «Ана – Жер-анаға» қатысты жайт апаға тіптен ауыр тиді. Сол бойы есін жия алмады. Гүлзипа апа үнемі: « Актерлердің ақылынан гөрі, эмоциясы жақын тұрады» деп айтушы еді. Сол кісінің сөзінің жаны бар. Актер эмоциясына ие бола алмай қалады. Актерлердің тез сынатыны, оңай мүжілетіні сондықтан. Олар – көңіл күйдің адамдары. 
– Театрдағы алпыс жылыңызды таразыға тартар болсқ, өкінішіңіз басым болар ма еді, әлде ризашылық сезіміңіз бе?
– Өкінгендеріміз, ренжігеніміз, ашуланғанымыздың бәрі қарап отырсақ, түкке тұрмайтын дүниелер екен. Соған қарап, Құдайға тәубе деймін. Шүкіршілік етем. Осы жасқа жеткендер де бар, жетпе­гендер де бар. Отбасым, ошақ қасым, ұл-қыздарым аман-есен. Үкіметтің берген атақ-абыройы өз ретімен келіп жатты. Ойнағым келген рөлдердің бәрін ойнадым. Барлығын ойнау да мүмкін емес. Ең қызығы, Сүйеуді ойнағаннан кейін маған арнап «Король Лир» трагедиясын қояйық» дегендер де болды. «Шекспирге жету үшін маған көп нәрсе керек» деген едім. Ол спектакль қойылған жоқ. Бойымдағы ең бір қалған арманым осы шығар. Оған да соншалықты ренжімеймін.
– «Отыз ұлың болғанша» спектакліне көрермен әлі де сізді көру үшін келеді. Одан бөлек, «Жүрейік, жүрек ауыртпай» спектак­лінде рөліңіз бар. 
– Театрда қазір екі спектаклім бар. «Отыз ұлың болғанша» спектакліне келетін көрерменнің дені өзіміздің қатарласта­рымыз. Яғни, зейнеткерлер. Соған қара­ғанда, спектакль зейнеткерлердің көңіліндегі мәселелерді қозғайтын болуы керек. 
– Өткен мен бүгінді жиі салыстырасыз ба?
– Көп нәрсені аңғарамын. Заман өзгеріп кетті. Қазір зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Қазір гендерік саясат деген шықты. Ол келгеннен кейін қыз баланың көбі өздерін ер балалармен бірдейміз деп есептейді. Ер баланың орны бір бөлек, әйелдің орны бір бөлек. «Әйел бұзылса, ұлт бұзылатынын» ұмытпағанымыз абзал. Еркек – үйдің тірегі. Алла тағала ер мен әйелдің орнын о баста айқындап берген. Қазір бізде телеарна өте көп. Күндіз-түні неше түрлі нәрсе көрсетілуде. Телеэкранға цензура жоқ. Бәрі жалаңаштанып кетті. Оны құртақандай балалар да көріп отыр. Олардан ештеңе жасыра алмайсың. Үш жасар қыз әкесіне: «ақша бер» деп айтыпты. Әкесі «ақша жоқ» депті. Екінші күні сұрайды, бермейді. Үшінші күні қыз: «Әке, егер сен маған үш теңге берсең, сен жоқта мамамның қасына кім жататынын айтып беремін» депті. Әкесінің есі шығып кетеді. Сұраған ақшасын береді. Сөйтсе, «Сен жоқта анамның қасына мен жатамын» деп айтыпты. Құртақандай баланың өзі теңгені оңай жолмен табудың жолын біліп отыр. Заман солай болып кетті, балам!
– Домбырамен серік болғаныңызға неше жыл болды?
– Домбырам – жан серігім. Әлі де шертемін. Өмірбақи қасымда келе жатыр. Дастан да айттым. Бір кездері «Халық қазынасы» деген хабар жүргізгенім де бар. Екі рет операция жасағандықтан ба, қазір ән айта алмай қалдым. Ән айтқан кезде, ішекке салмақ түседі екен. Қазір жағда­йымды білетіндер, көп ән айтқызбайды. Анда-санда тыңқылдатып, шертіп қоямын. 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС