Басты  /  Сұхбат  /  Азаматхан ӘМІРТАЙ: Табысқа жетудің кілті – нағыз еңбекте...

Азаматхан ӘМІРТАЙ: Табысқа жетудің кілті – нағыз еңбекте...

2923
Азаматхан ӘМІРТАЙ: Табысқа жетудің кілті – нағыз еңбекте... Қайтсек, экономикамызды жоғары сатыға көтере аламыз? Мұнай бағасының арзандауы ел экономика­сы­на өз ықпалын тигізуде. Бұдан шығатын жол қайсы?

Біз бұл сауалы­мызды Қазақстан софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті, белгілі меценат, қоғам қайраткері Азаматхан Әміртай мырзаға қойған едік.

– Азаматхан, сіз басқарып отыр­ған «Қазақстанның софтверлік ком­па­ниялар қауымдастығы» өткен жылды қалай қоры­тындылады?

– Өткен жылдың басында қойған жос­парымыз бойынша, жаман нәтиже көр­сет­пеген сияқтымыз. Алайда, дағ­дарыс бізді де айналып өтпеді. Кейбір жобаларға ақша бөлінбегендіктен, амал­сыз жұмыскерлерді қысқартуға тура келді. Расымен де, елімізде қазір дағдарыс бар. Ол дағдарыс бір-екі жылмен шектеліп қоймауы да мүмкін. Тіпті, бірнеше жылға ұласатын да се­кілді. Мұның бәрінің кәсіпкерге оңай соқ­пай­тыны белгілі. Өйткені мемле­кетте негізгі түсім мұнайдан еді. Мұнай бағасы төмен­дегеннен кейін салық азайды. Салық азай­ған соң, әлеуметтік салалардың да жағ­-дайы төмендейтіні белгілі. Сондықтан жеке кәсіп иелері­нің тығырықтан шығудың жолын іздеп жатқаны анық. Ал жеке басыма өткен жыл жаман болған жоқ. Осы жылы білімімді жетілдіру үшін Мәскеудегі Скол­кова басқару мектебіне оқуға түстім. Бұл мектеп менің өмірімді бір­жола басқа арнаға өзгертіп жіберді деп айтсам қате­лес­пегендік болар. Бұл оқу орнына түскен кезімде «бизнесімді жетілдіремін» деп ойлағанмын. Кері­сінше, бизнесіме ғана емес, өз өміріме де өзгеріс алып келді. Түсі­нігім, парасат-пайымым өзгерді. Барлық нәрсеге өз­геше қарай бастадым.

– Мәселен, қай жағынан?

– Адамдарға көзқарасым өзгерді. Бұрын бір нәрсеге талпыныс жасаға­ныммен, оны жүзеге асыруға құлшы­нысым болмайтын. Қазір өзімнің нақ­-ты мақсатымды түсін­дім. Тіпті, өзім туралы түсінігім өзгерді. Бұрын кәсіп­ті интуициямен жұмыс істейтін едік. Қазір мүлдем басқа. Қалай жұмыс іс­теуге болады, келіссөздерді қалай жа­сауға бола­ды деген сауалдарға ден қоя бастадым. Ше­неу­ніктермен қалай қарым-қатынас жасау керек, кәсіп­кер­лермен қалай байланыс жа­сау керек, жанұяңа қалай көңіл бөлу керек, өзіңді қалай басқаруың керек деген сияқты ішкі дүниемде трансформация пай­да болды. Сколкова басқару мектебінің ректоры Андрей Шаронов деген кісі. Ол бір сөзінде: «Осында білім алуға келушілердің дені өз бизнесіне транс­формация жасау үшін келеді. Ақырын­да өзіне трансфор­мация жасайды» деп айтып еді. Мен ғана емес, Сколкова бас­қару мектебіне келген жігіттердің бәрі өзгеріске ұшырайды. Түсі­ніктері өзгереді. Бұл басқару мектебінің білім беру формасы да өзгеше. Біріншіден, мұндағы оқытушылық құрам өте мық­ты. Дүниежүзі бойынша топ ондыққа кіретін мұғалімдерден жинақталған. Екіншіден, білім алуға ерекше жағдай жасалған. Үшіншіден, менің тобымда 32 жігіт оқиды. 32-сі де өз кәсібін жетік меңгерген мықты мамандар. Арасында Ресейдің жоғары дә­ре­желі шенеу­нік­тері де бар. Ірі кәсіп ие­лері де бар. Сол табысты адамдардың арасында жүріп, коммуникацияға көңіл бөле бас­та­дым. Олардың арасындағы жалғыз қазақ­пын. Бәріміз қазір бір отбасының бала­ларындай болып кеттік. Тіпті, маған «сен арқылы Қазақстанға көзқара­сы­мыз өз­герді» дейді. Мен де олар арқы­-лы Ресей хал­қының қандай екенін ба­ғамдап жа­тырмын. Қазір Қазақстан мен Ресей өте жақсы қарым-қатынаста. Біз­дің эконо­микамыз Ресеймен тығыз байланысты. Олардан көп нәрсе үйре­нуге болады. Әри­не, мен үшін ең бас­тысы, ұлттық құн­ды­лықтар маңызды. Тілім маңызды. Баба­ла­рым аманаттап қалдырған жерім маңыз­ды. Жақында Мәскеудегі әріптестеріме дас­тарқан жайып, қазақтың ұлттық та­ғамдарын апардым. Қазы-қарта, қымыз-шұбат қойдым. Құрт-жентті де алдырдым. Ресейдің үлкен кәсіпкерлері риза бо­лып, қазақтың ұлттық тағамына там­са­нып қайтты. Менің ұстанымым да осы: қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық танымын өзгелерге паш ету.

– Қазір «мұнай бағасы түсіп кетті» деп қауіптеніп жатырмыз. Мұнайға тәуелді бол­мау үшін кәсіптің қай түрін дамытқанымыз абзал? Кәсіпкер бол­ғысы келген кез келген азаматты кә­сіпті қалай бастағаны дұрыс?

– Доллардың бағасы күннен-күнге өсіп жатыр. Доллар өскен сайын сырт­тан ке­летін тауарлардың да бағасы қым­баттайды. Ол халыққа қолжетім­ді емес. Бізге қазір импорт емес дүние­лермен айналысу қажет. Мәселен, же­ңіл өндірісті дамытайық. Киім-кешек­тің сексен пайызы шетелден келеді. Азық-түлік шетелдерден келіп жатыр. Еттің өзін сырттан әкеліп отырмыз. Өйткені ол жақта ет арзан. Олардың бәрі доллармен байланысты болған­дықтан, бағасы қымбат. Сондықтан біздің кәсіп­керлерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Олар импортпен келетін тауарларды елі­мізде өндіруді қолға алуы тиіс. Қазақстанда өндірсек, баға да тұрақтанар еді. Екінші, сауда-саттықты дамытуымыз керек. Елі­міз­де сауда-сат­тық мүлдем дамымаған. Бізде қанша желілік дүкендер бар. Ресейдің өзі осы жағдайда бізден алда келе жатыр. Олар­да мұнай бағасы жоғары болып тұрған кез­дің өзінде, зауыт-фабрикалар жұ­мыс істеп тұрды. Экономиканың отыз пайызын ішкі өнім қамтамасыз етіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, Ресейде кәсіпкерлікке мемле­кет­тік көмек бө­лінбеген.

– Мемлекеттік көмексіз кәсіпкер қалай өз кәсібін бастайды?

– Кәсіпкерлер өз күшіне сенеді. Әрі бәсекелестік өте жоғары. Бәсеке­лес­тікте мықтылар ғана нарықта қалады. Біздің кәсіпкерлердің дені мемлекетке алақан жайып отырады. «Аңқау елге арамза мол­-да» демей ме? Мемлекеттен бөлінген қар­жы­ның көбі «басқа жаққа» кетіп жатыр. Осы жағынан алғанда, Ресей дұрыс саясат жасайды. Оларға мемлекеттен көмек бе­рілмейді. Бизнес өз бетімен дамиды. Ол жақтың кәсіп­керлері шеттерінен мықты. Тәжірибесі де мықты. Жоғарыда желілік бизнестің дамымағанын тегін айтқан жоқ­пын. Ресейдің артықшылығы осында: олар желілек маркетингті қатты қолға алған. Сау­да-саттыққа келгенде, біз олардан әл­сізбіз. Сауда-саттықты дамытпай, кәсібі­мізді дөңгеленте алмаймыз. Тауар өндірген соң, оны сатуымыз керек емес пе?

– Отандық өнімді дамыту үшін шикізат керек емес пе? Шикізаттың өзіне сыртқа тәуелділік бар секілді. Қалай ойлайсыз?

– Негізі бізде Кеңес Одағынан қалған комбинаттар бар. Оның бәрі тоқтап қалды. Мақта-мата комбинаты бар еді, «Жетісу» аяқкиім фабрикасы болған. Соның бәрін қайта қалпына келтіруіміз қажет. Мәселен, Астана қаласында құрылыс қоспасын шы­ға­ратын «Alit» деген зауыт бар. Соның шикізатын жасайтын зауыт Жамбыл­-да салынуда. Нағыз кәсіпкер бизнесін да­мытқан кезде өзіндік құнға жұмыс істейді. Ол үшін шикізатты өзі жасауға тырысады. Дағдарыстан кейін Қазақ­станның эконо­микасы қайта жаңарады. Мұнайға тәуелді экономика кетеді. Оның орнына басқа не­гіз келуі тиіс. Бұл оңай, тез іске аса қоймауы мүмкін. Сондықтан қарапайым халық қи­на­лады. Бұл трансформациядан 90-жыл­дары біз өттік. Өйткені ол кезде бізде шетелде оқып келген, жаңа техноло­гияны меңгерген мамандар тапшы еді. Қазір мықты мамандар жетерлік. Сон­дықтан бұл қиындықты да жеңуге бо­лады.

– Өзіңіздің бір сұхбатыңызда «Алдымыз­да «Экспо – 2017» көрмесі келе жатыр. Көр­менің негізгі діңгегі «Смарт Астана», яғни «ақылды қала» жобасы болмақ. Яғни Астана қаласын көрмеде көрсететін боламыз. Соны­мен қатар энергетика саласындағы техни­калық жетістіктерімізді де көрсетеміз» деген едіңіз. Осы мәселе не болды?

– «Смарт Астана» жобасы жүзеге асуда. Қазір шетелдік инвесторлармен жұмыс жасап, жобаны жүзеге асы­-руды қолға алды. Біз де бұл көрмеге қатысамыз деп отырмыз. Пайдала­ныл­ған мотор майын қайта өнді­руді қолға алдық. Осыны көрмеде көрсетсек деген ойымыз бар.

– Еліміздегі ІТ саласына ең бірінші ке­зекте араласып отырған сіздің ком­панияңыз секілді. Бұл салада не өзге­ріс, не жаңалық бар?

– Осы нарықта жүргеніме жиыр­ма жылдай уақыт болды. Экономика жақ­сы кезде мемлекеттен үлкен тап­сырыстар болды. Алайда, бұл саламен түбегейлі айна­лысып, жаңалық енгізіп отырған компа­ниялар өте аз. Шетелдік нарыққа шығып отырғандар жоқтың қасы. Бұл да біздің мем­лекеттік сатып алу жүйесінің жетіл­дірілмегені. Бұл сала түбегейлі дамымай қалды. Эконо­микаға белгілі бір мөлшерде үлес қосып отыр деп айта алмаймыз. Оның дамы­май қалғандығының басты себебі, ма­мандардың жоқтығы. Өйткені біздегі жұмыс істейтін мамандардың дені сырт­тан әкелінді. Ондай мамандар Ре­сейден, Бело­руссиядан, Қырғызстан­нан келді. Мұнай­дың буына шын тұн­шықтық. Қарапайым жұмысшы болып еңбек етсе, жоғары жалақы алды. Мұ­най ауруымен ауырдық. Біз оңай ақша­ға жүгіргендіктен, біздің бұл техноло­гиялық саламыз дамымай қалды.

– Жалпы, осы уақыт ішінде бұған лайықты мамандар неге шықпады?

– Ауыз толтырып айтатын маман жоқ. Біздің қазақстандық өнім жоқ. Бұл – шындық. Бірақ мемлекет бұл саланы да­мытуға арнайы қаржы бөлмеді емес. Бо­лашақта жақсы мамандар даярлауға мүм­кіндік болады деген үміт бар.

– «Қазір IT саласының дамуында Елбасының қамқорлығын сезініп отыр­­мыз. Бірақ орта шендегі ше­неуніктер сыбайлас жемқорлықпен тұсау болып отыр. Сондықтан біз Президенттің атына хат жаздық, мәсе­ленің мән-жайын ашық айтып отыр­мыз» деп шағынған кезіңіз де болған екен. Мәселе оң шешімін таппады ма?

– Елбасыға арнайы хат жолдадық. Ар­найы мақалалар жарияладым. Бір ше­шімі болады деген үміттемін.

– Әлеуметтік жобаларға жиі де­меушілік көрсететініңізді білеміз. Нақ­ты қандай сала­ларға көбірек қаржы бөлесіз?

– Біз инвесторлық компанияны құрған кезде, ең бірінші қолға алған шарамыз, инвестициялық климатқа жағдай жасау еді. Осыған байланысты, Еуропада, шетелдерде көп жүрдім. Көп инвесторлармен кездес­тім. Олардың Қазақстанға инвестиция салуға ынтасы жоқ. Мың инвестордың бі­реуі ғана көнуі мүмкін. Не себепті? Себебі, бізде олардың ақшасын қорғайтын заңнама жоқ. Олар – таза, ашық жұмыс істеп үйренген адамдар. Инвестордың кел­меуінің тағы бір себебі, олар Қазақстан туралы дұрыс ақ­па­рат алмаған. Хабары жоқ. Мәскеуде оқып жүрмін. Қазақ­тарға басқаша көзқараспен қарайды. Бір курста оқитын үлкен инвест бан­-кир бар. Сол кісіні Қазақстанға алып келдім. Ол кісі елді көріп, таңғалды. «Қа­зақ­станға инвестиция алып келуге көмек­тесемін» деді. Еуропалық даму банкімен кездесу өткіздім. Олардың да біздің елге ықыласы оянуда. «Эколо­гиялық жобаларға қаражат беруге дайынбыз «дейді. Біздің кәсіпкерлер­-
ге белсенділік таныту қажет. Ол үшін білім қажет. Сонда қарым-қатынас күш­тірек болады. Кез келген инвестор тек­тен-текке қаржысын бере салмай­ды. Оның қайтарымы болуы шарт. Қа­зір біз қоқысты жинап, қайта өндіруді қолға алып отырмыз.

– Бұған дейін де Алматыда қоқыс өн­ді­ретін зауыт ашылған жоқ па?

– Ол зауыттың қазір жұмысы тоқ­тап тұр. Мемлекеттен қаржы бөлінді, бірақ соңы аяқсыз қалды. Екі зауыт та істемеді. Мәскеудегі зауыттар жұмыс жасап тұр. Қоқысты қайта өндіруді жүйелі енгізу туралы жобаны енгіздім. Бұған Еуразиялық даму банкі қызығу­шылық танытып отыр. Бизнес моделін көрсетіп, тұсаукесерін өткіздік. Екінші жоба, мотор майын қайта өңдеу. Ескір­ген, қарайып кеткен өнімді қайта іске пайдалануға болады.

– Инвесторлықтан бөлек, қай са­ланы дамытуға көңіл бөлер едіңіз?

– Ауыл шаруашылығын дамытқым ке­леді. Идеяны ойластыру, оны қағазға тү­сіру, қаржылық моделін жасау – үлкен ғы­лыми жұмыс. Осының бәрін дұрыс көрсете алсақ, сонда бізге ин­вестор келеді. Онымен ешкім айна­лы­сып отырған жоқ. Кәсіпкер жұмысы алға баспаса, оның бизнесі құл­дырай­ды. Бизнесі құлдыраған соң, қыз­мет­керлеріне айлық таба алмай қалады. Оның бәрі құрдымға әкеледі. Кәсіпкер күндіз-түні жұмыс істеуге тиісті. Көп ойла­нады. Мәселен, ойдың бәрі – биз­нес. Бизнес болмаса, менің абыройым, уақытым өледі. Бизнес жүрсе, нәтиже болады. Адамның жан дүниесінде мақ­сатына жеткізетін рухани күш болады. Жігер болады. Сол күш-жігерді адам қалай пайдаланып отыр? Кәсіпкер бүкіл күш-қуатын жұмсайды. Сонда ғана адам жетістікке жетеді. Ол егер несие алса, ертең ол қарызын жаба алмаса, құрдымға кетеді. Ол табысты болуы үшін күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Біз осы пси­хологияны түсін­ді­руіміз керек. Қазақтар ешуақытта сау­даласа алмайды. Бізге мұғалімдер: «егер тобыңмен бірге базарға баратын бол­саң, жандарыңа өзбек пен қырғызды қосып алыңдар» дейді. Қазақ пен орыс саудаға жоқ екенбіз. Біз сұраған баға­-ны береміз де жүре береміз.

– Алматыда Жәутіков атындағы физи­-ка-математика мектебі бар. Жыл сайын қаншама бала осы мектепті бітіріп жатыр. Білімді, білікті балалар шетелге оқуға кетеді. Сол балалардың көбі елге оралғысы кел­мей­ді. Әлемдік ірі компанияларда жұмыс істе­генді қалайды. Олар өз білімін неге елдің эко­номикасын дамытуға жұмса­май­ды?

– Мен де шетелде білім алдым. Ол жақ­та өмір сүруге ыңғайлы жағдай жасал­ған. Бәрі жеңіл. Бизнес ашамын десеңіз де өте жеңіл. Заң бәріне ортақ. Сондықтан сол жақ­та қалуға тыры­са­-ды. Олар онда қал­ғаныменен түбі елге оралады. Жиырма жасында кетсе, отызында елге оралуы мүм­кін. Он жыл тәжірибе жинақтап келеді. Көргенін елде жасайтын болады. Мұның да жақсы жағы бар. Шетелде қалудың өзі оңай емес. Мықтылардың мықтысы ғана қалады. Жай адамдар қала ал­май­ды. Менің де бі­тір­ген оқу орным осы. Кәсіпте жүргендердің көбі осы мек­теп­тердің түлегі. Жақсы білім ордалары болса, білікті жігіттер көп бітіріп жат­-са, оған қуануымыз керек. Олар – Қа­зақстанның келешек капиталы. Қазақ жас­тары оқыған сайын, білімді болған сайын қазақ еліне үлесін қосады. Қан тартады. То­пырақтан алыс кете ал­май­ды. Туған жерге келіп, туын тігеді. Біз оған қуануымыз керек. Бізде талпыныс болуы керек. Бауыр­жан Момышұлы­ның туған елінде сол кісіге ұқсаймыз деп, қаншама генералдар шық­қан. Сол сияқты біз қандай адамды үлгі тұтсақ, сондай адамдар көбейеді. Сон­дық­тан іскер адамдардың, кәсіпкер адамдар­дың образын көбірек халыққа тарат­-сақ, жастар соған қарап, ұмтылыс жа­сайды. Америкада кәсіпкерлерге құр­метпен қарайды. Біз мемлекеттік қызметкерлерді Құдай сияқты көре­-міз. Бұл – біздің үлкен кемшілігіміз. Кә­сіпкердің беделі енді күшейеді. Олардың экономикадағы үлесі де кө­бейеді. Сон­дық­тан, кәсіпкерлердің за­маны енді туды деп ойлаймын.

– Жалпы, кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алдыңыз. Жаңадан кәсіп бастағысы келетін жастарға не айтар едіңіз?

– Біріншіден, оларға айтарым, сау­да-саттықпен айналыссын! Одан арла­нудың қажеті жоқ. Бір дүкеннен бутик алып, сауда жасасын. Он үш жасымнан базарда киім сатумен айналысқам. Сауда адамның мен­талитетін өзгер­-теді. Коммуникацияны мең­гереді. Әр клиенттің тілін табуға үйре­теді. Икемді бола бастайды. Адамның пси­хологиясы жақсы жағына қарай өзгереді. Тәжі­ри­бе жинап алғаннан кейін, сатып отыр­ған тауарын өзі өндіріп көрсін. Осы­лайша, кәсіпті дөңгелентуге болады. Біз статистикалық зерттеу жасап көрдік. Елі­мізде әр қалада дефицит заттар көп екен. Әлі жетпеген заттар бар. Бар заттардың өзі шетелден келеді. Бағасы қымбат. Тауарды өткізу үшін оның на­сихаты болуы тиіс. Жар­наманы мең­герген абзал. Интернет арқылы жұмыс жасауға болады. Бұл – әр кә­сіпкердің қолынан келетін дүние. Өте ың­ғайлы, баюдың ең оңай жолы. Осының өзін істемей отыр. Жиырма-отыз адаммен кәсіп бастаған адам қалай жүз адамдық кішігірім компанияға айналдырамын деп ойлануы тиіс. Одан кеңейіп, мың адамдық компа­нияға айналдырудың жолы бар ма? Осыны ойланбаймыз. Нақты бизнес жоспар жасап, табысқа жетуге болады. Жалынып, жал­пақ­тап сауда жасауға арланамыз. Біздің жоба­мыздың өзі осы. Кәсіп ашамын деп отырған кәсіпкерлерге көмектесу. Ин­весторлар табу. Соның кәсібін дөңге­лентуге мүмкіндік беру. Ол үшін мықты идея керек.

– «Альянсты кәсіпкерлерге қолдау көр­сету үшін құрдық» деп айттыңыз. Кәсіпкер­лер сіздің көмегіңізге қалай жүгіне алады?

– Қазақстанда бизнестің көркеюі­не жағдай жасаймыз. Ал кәсіпкер кө­терілуі үшін өзі жұмыс істеуі керек. Олар бизнес идеясымен келетін болса, оны инвестормен кездестіреміз. Кә­сіп­кер өзінің бизнес идея­сына инвестор­дың көзін жеткізуі керек. Сонда жұ­мысты қолға алуға болады.

– Бір кездері кәсіпкерлікке оқы­туды қолға алған еді. Кәсіп бастауға мұның да септігі тиетін болар. Қалай ойлайсыз?

– Қазақтардың кәсіпкерлік, іс­кер­лік белсенділігі төмен. Құлшынысы да жоқ. Егер кәсіппен саналы түрде айна­лыспай­тын болсақ, ол қиын. Елді сақ­таудың жолы – кәсіпті меңгеру. Отан­дық өнімді көбейту. Ол үшін еңбек етуіміз керек. Америка ту­ралы айтқан кезде алдымен есімізге түсе­-тіні кім? Әрине, Стив Джобс пен Билл Гейтс. Олар оңай жолмен миллиардтарға қол жеткізген жоқ. Сол жолға жету үшін тамаша идеяларды ойлап тапты. Техни­ка­ның жаңа түрін енгізді. Осы арқылы әлемге белгілі болды. Адам жақсы өмір сүргісі келсе, еңбек етуі тиіс. Адамды еңбек шы­нықтырады. Еңбек еткен адамның өмірі дұрыс қалыптасады. Еңбексіз тапқан нан­ның да қадірі бол­майды. Үлкен бизнесі бар адам­дардың ақшасы аз болуы мүмкін. Өйт­кені оның ақшасының бәрін кәсібіне жұмсап отыр. Одан кейін тағы бір мәселе, ғы­лымды дамытуға көңіл бөлгеніміз дұ­рыс. Мәселен, Америка ең алдымен қар­­жыны ғылымға бөледі. Ол жақта нағыз бай адам­дар – ғалымдар. Қытай мен Үндістан да ғылымға көбірек көңіл бөле бастады. Бізде осы үрдісті қолға алып, ғылымды жетілді­руіміз керек. Ғылымда жаңашылдық бол­маса, кәсіпті меңгеру қиын. Жаңа техноло­гиялық дүниелер ойлап таппасаң болмайды. Онда өзгелерге ұтыламыз. Отандық өнім дегеніміз – осы.

– Кәсіпке үйрететін, бағыт сілтейтін ғылыми еңбектер бар ма? Кәсіпкер неге сүйенеді?

– Арнайы кітаптар көп. Олардың дені орыс тілінде. Одан бөлек, ин­тер­нетте де мағлұматтар жетерлік. Қазақ тілінде мойын­дауымыз керек, кітаптар өте аз. Кә­сіпкерге қойылатын басты талап – комму­никацияны меңгеру. Яғни, байланысты жетілдіру. Тіл табыса алу. Қазақта «қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар емес пе? Бумеранг. Шетелдіктер осыны қатты мең­герген. Олар оңай тіл табысады. Мінез көр­сетпейді, сыпайылық басым. Соның ар­қасында кәсібін оңай дөңгелентіп отыр.

– «Уақытымның көбін кәсібімді ойлау­мен өткіземін» дейсіз. Одан бө­лек, қандай ой келеді сізге?

– Кәсіпкерлікті көп ойлайтыным рас. Бұл – менің өмірім. Өткенде ұлым мұға­ліміне: «Менің әкем тек бизнес ту­ралы сөйлеседі» деп айтыпты. Ұлым­ның сөзінің жаны бар. Жақсы ой ойласаң, жақсы жұмыс атқарсаң, кәсібің де алға басады.

 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС