Басты  /  Сұхбат  /  Қыдыр ТҰРСЫНҚЫЗЫ, техника ғылымдарының кандидаты, профессор: Елін мақтан тұтқан жан намысшыл келеді

Қыдыр ТҰРСЫНҚЫЗЫ, техника ғылымдарының кандидаты, профессор: Елін мақтан тұтқан жан намысшыл келеді

1921
Қыдыр ТҰРСЫНҚЫЗЫ,  техника ғылымдарының кандидаты, профессор: Елін мақтан тұтқан жан намысшыл келеді Қыдыр Тұрсынқызы – техника ғылымдарының кандидаты, профессор. «Былғары және мех технологиясы мен химиясы» атты техникалық жоғары оқу орындарына арналған тұңғыш қазақ тілінде жарық көрген оқулықтың авторы.

Сөздік те шығарды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 30 томдық түсіндірме сөздіктің жеңіл және тамақ өнеркәсібіне арналған бір томының редакциялық алқа мүшесі әрі белсенді авторларының бірі. Жоғары оқу орындарында дәріс бергеніне 40 жылға жуықтаған тәжірибелі маман. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтынан бастаған ол қазіргі таңда «Сымбат» дизайн және технологиялық академиясында қызмет атқарады. Өмірден көрген түйгені, тәжірибесі мол оқытушыға қойған алғашқы сауалымыз «Сапалы маман даярлаудың басты кілті қандай?» болды.

 

– Ол оқытушының біліктілігі мен студенттің ынтасына тікелей бай­ланысты. Білмегенін сұраудан жа­лықпайтын, ізденімпаз шәкірт­ке түсіндіргеннің өзі бір ғанибет. Са­палы маман даярлаудың негізгі тетіктері заман ағымы ұсынған жаңа­лықтарды тез арада қабылдап, іс­ке асыруға тікелей байланысты. Жан-жақты, білімді, парасаты мен пайы­мы бір арнаға тоғысқан жас­тың толыққанды маман болып шы­ғатыны анық.
Әр ұстаз өз дәрісін тартымды өт­кізуге барынша мүдделі бол­ған­да, оның еңбегі еш кетпейді, шә­кір­тінің қызығушылығы артады, қы­зықтыра білген оқытушының ай­наласынан білім іздеп, білуге құш­тар талапкер үйіріліп шық­пай­ды. 
– Студент – болашақ маман. Бі­­рінші кезекте студентке нені сіңі­руді мақсат тұтасыз?
– Еңбекқорлықты. Еңбекқор адам қашанда бәсекеге қабілетті. Қиын­дықтан қашпай, ауырдың үс­тімен, жеңілдің астымен күн көру­ден аулақ, ерінбей еңбек еткен жан түптің түбінде оның жемісін кө­реді. Біздің Елбасының өмір жо­лы – тұнып тұрған ғибрат, маз­мұн­ды, мағыналы. Шойын бал­қыт­қан­нан ауыр жұмыс болмаса керек. Дом­на пештерінен балқытылған шойынның қып-қызыл от боп ақ­қан жалынының қызуына шыдас бе­ру нағыз қайсар жігіттердің қо­лынан келетін іс. 
Жеңіл өнеркәсіп технологиясы ма­териалдарын тану мен тоқыма өнер­кәсібі технологиясы пәні бойын­ша дәріс беремін. Мен тек өз пәнімнің ауқымымен шектеліп қал­маймын. Жастарға үлгі болсын, жақсылыққа ұмтылсын, ұқсауға ты­рыссын деген мақсатта, ретіне орай Елбасының өмір жолдарынан мы­сал келтіріп отыру әдетіме ай­нал­ған. Шәкірттеріме күнделікті оқу үдерісі барысында елімізде іске асы­рылып жатқан реформалардың, «100 нақты қадамның» мәнін ашып түсіндіруді міндет санаймын. Се­бебі жүрек түкпірінде елі үшін шы­найы мақтаныш тұнған жан на­мысшыл келмек. Президенттің «Қа­зақстанда жасалған» өнімді на­­сихаттауы да қандай ғажап! Ұлт­тық киім үлгілерін заманауи сән та­лаптарына сай үлгімен үйлестіру арқылы ерекше киім түрлерін жа­саумен айналысатын біздің ака­де­мия бұл бағыттағы жұмыстарын бү­гінгі күн талабына сай одан әрі же­тілдіре беретін болады.
– «Табыстың бір көзі бәсекеге қа­­­білеттілікте» деп жатырсыз. Ал ол бі­лімді тікелей өндірістік тә­жі­ри­бе­мен ұштастыра білген жерде қа­лып­тасатын секілді. Соңғы кездері біз­дің жоғары оқу орындарының кө­бін­де осы жағы ақсап жатқандай кө­рі­не­ді. Сіздерде қалай?
– «Сымбат» дизайн және тех­но­логиялық академиясы еліміздегі бі­лімді өндіріспен тікелей ұштас­тыр­ған санаулы оқу орнының бірі. Студенттер өндірістік тәжірибесін «Сым­баттың» киім тігу, тоқыма, аяқкиім зертханаларында өтеді. Біз­дің академияның  материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде. Академияның оқу кор­пустарының базасын инновация­лық технологиялармен жабдық­тау­да ректорымыз Сабыркүл Аса­нова­ның еңбегі зор. Академия төрт­күл дүниенің төрт бұрышында өте­тін сән апталықтарына тұрақты түрде қатысады.
Жалпы, білімді тікелей өндіріс­пен ұштастыра білген оқу орнынан мықты мамандар даярланып шы­ға­ды. Оған өз тәжірибемнен көз жет­кізген жанмын. Студент ке­зі­міз­де өндірістік тәжірибеден Мәс­кеу, Рига, Таллин қалаларында өте­тінбіз. Сол кездегі көңілге то­қы­ғаным әлі күнге кәдеге асуда. 
Кезінде диплом қарсаңындағы өн­дірістік тәжірибеден өтуге қай қа­­лаға барайын деп әжеммен ақыл­­дастым. Рига, Ленинград, Мәс­кеу, Киевтің бірін таңдау ке­рек болды. Әжем – өз кезеңінде ста­­­ха­новшы ретінде Қазақстан де­ле­гациясының құрамында, со­ғыс­тың қарсаңында Мәскеудегі Бү­кі­ло­дақтық халық шаруа­шы­лы­ғы же­тістіктерінің көрмесіне қа­тысқан ең­бек озаттарының бірі. Ле­­нинг­рад­ты аралап жүрген кез­де­рінде со­ғыс басталып кетіп, деле­гацияны тез арада елге қайтарыпты. Ғажап жан болатын. «Мәскеу ас­та­на ғой, алай­да Ленинград – көр­кем де кө­рікті қала. Сонда барсаң өкін­­бей­сің» деді. Әжем неме­ре­ле­рі­нің ел ара­лап, жер көргенін қа­лай­тын. Кө­кірек көзіңнің ашылуы­на ық­палы зор, әрі таным-түсінігің ке­ң­ейе­­­­ді» дейтін еді жарықтық. 
Дипломдық тәжірибемді төрт ай бойы Ленинград қаласындағы мех комбинатында өткіздім. Жо­ға­ры оқу орындары – студентке ба­ғыт-бағ­дар, жол көрсетуші бағ­дар­шам се­кілді құтты мекен. Талабы таудай жас­тың одан әрі ізденуіне, биік­тер­ді бағындыруына алғы­шартта осы білім көздерінде қа­ланады. Сон­дықтан оқытушы үне­мі өзін-өзі жетілдірумен үзбей айналысуы тиіс. Себебі оның бар білгені, бойын­дағы бар асылы – шәкірт жү­регіне себелер дән. Дән сапалы бол­са, одан көктеп, өсіп-өнетін өнім, қандай қиындыққа болса да шы­дайтын, төзімді де мықты бол­мақ. 
– Ұстаз тағылымынан алған тә­лім ғұмыр бойы азық болуға жарай ма сонда?
– Егер ұстаз өз ісінің кәсіби ше­­бері болса, ол сөзсіз шәкірт жү­ре­гінде өшпес ұлағатты із қал­дыр­мақ. Өз басым мектептегі ұстаз­да­рымның сабақ өткізу тәсілінен көп нәрсе қабылдағанымды осы күн­дері анық сезінем. Біздің мектептің сол кездегі мұғалімдері бірінен бірі өткен талантты, білімі мен білігі ке­ліскен, нағыз ұстаз деген атқа сай тұлғалар болды. Математик На­уат Тілеулиев, тарихшы Сара Жан­­ғазиева, әдебиетші Төлеутай Тү­­гелбаев, физик Тынышбек Се­ра­лиев, химик Бұйран Есе­на­лие­ва­ларға алғыс айтпайтын шәкірт жоқ. География пәнінен дәріс бер­ген Артай Ниетқалиев ағай әлем­дегі әр қаланың жер көлемін, әр елдің Президентін жатқа ай­та­тын. Өзі соғысқа қатысқан, арқа­сын­да соғыстың белгісі сынды алын­баған жарықшақ бар ол жы­лына бірнеше мәрте курорттарға ба­рып, ем алып қайтатын еді. Ба­рып келген жерінің географиялық ерек­шелігін айтқанда, бейнебір сол өңірді ұстазбен бірге сапарлап келгендей әсерден көпке дейін ары­ла алмай жүретінбіз. Сыныпта үнемі жер шарының географиялық картасы ілулі тұратын. Соның алдында қырынан тұрып-ақ қо­лын­дағы таяқшасымен әң­гімелеп тұрған нүктені дәл табатын. Кар­тадан шұқшиып іздеп, әуре бол­ға­нын көрген емеспіз. Артай ағайдың әңгімесінен кейін біраз бала геог­раф болғысы келіп қалатын. Енді біразын әдебиет пәнінен сабақ берг­ен Төлеутай Түгелбаев ағай­дың «Құлагерді» оқығанда, көз ал­­дыңа шауып келе жатқан сәй­гүліктерді елестетіп, сан құбылта­тын қоңыр үні әдебиетші болған­нан керемет мамандық жоқ шығар деген ойға жетелейтін еді.
Біздің мектептің әр мұғалімі өз пә­нін керемет бір шағын қойы­лым­ға айналдыра білуімен ерек­ше­лен­ді. Барлық пәннен қосымша фа­культативті сабақтар өткізіліп тұр­ды. Олимпиадаларға қатысуға ын­тызарлық танытып, жарыса оқитынбыз. Осылайша, ұстаздары­мыз бізді бәсекеге қабілетті болуға, із­денуге, жақсы да жаңа істерге ұм­тылуға баулыған екен.
– Мамандық таңдауда ұстаз­да­рыңыздың әсері болды ма?
– 1968 жылы орта мектепті ме­дальмен бітірдім. Әдебиет сала­сына да, математикаға да, тарихқа да, физикаға да қызығушылығы ба­сым болғанымен «кім болам?» де­ген сауал көлденеңдегенде, таң­дау – химияға түсті. Жамбыл пе­да­гогикалық институтына құжатта­рым­ды тапсыруға келгенімде, сол жы­лы Алматының бірнеше жоғары оқу орны облыс орталықтарында ем­тихан қабылдайтынын естіп, қат­ты қуандым. Құжаттарымды еш ой­ланбастан КазГУ-дың химия фа­культетіне тапсырдым. Емтиханға дейін бір ай уақыт бар. Күн сайын дайындық курсына барып, тап­сы­рыл­ған есептерді елден бұрын шы­­ғарып, ережелерді де жаңы­лыс­пай айтып, қосымша сұрақ­тар­дың бәріне мүдірмей жауап беріп жүрдім. Формулаларды жазғанда да еш жаңылыспаймын. Орын­да­ған жұмыстарымды қабылдап ала­тын ұстаз журналдағы аты-жө­нім­нің тұсына үнемі леп белгісін қо­йып қоятын. 
Бір күні «Қыдыр Тұрсынқызы, сіз­ді проректор шақырады» деді хатшы кыз. Бардым. Әбу­бат­таев де­ген шашы бұйра, алпысты ал­қым­дап қалған кісі екен. Мен есік­ті ашып кіре бергеннен-ақ аса іл­ти­пат танытып, 
– Кел, шырағым, отыра ғой! – де­ді.
– Айналайын, талабың таудай ба­ла екенсің. КазГУ-дың бізге бөл­гені екі орын ғана. Құжат тапсыр­ға­ны –100 талапкер. Өтпей қалсаң обал болады деп ескертіп отырмын. Лажы болса басқа оқу орнына тап­сыр­ғаның жөн. Сен секілді білімді бала қай оқу орнына болса да түсіп кетеді. Әлі де екі күн бар. Үлгересің, – деді.
Ол кезде неге олай шеш­кен­деріне аса мән берген жоқпын. Әрі жаспын ғой. Оның астарын да тү­сіне бермеймін. Қазір ойласам, екі орын бос болмаған секілді. «Биыл бол­маса, келесі жылы түсер» деп қол­дарын бір сілтемей, адамның тағ­дырына немқұрайдылық та­ныт­пай, алдын ала ескертіп, жана­шыр­­лық танытқандарына осы күн­­дері риза боламын.
Құжаттарымды құшақтап Жам­­был гидромелиорация және құ­рылыс институтына бардым. Қан­ша қарағанмен химияға қа­тыс­ты мамандық көзге іліне қой­ма­ғасын, жағалап отырып Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі тех­нологиялық институтына келдім. Был­ғары мех технологиясы фа­куль­тетіне түсу үшін емтиханды хи­миядан тапсырады екен. Солай Жамбыл жеңіл және тамақ өнер­кәсібі технологиялық институ­ты­ның студенті атандым.
Ол кезде техникалық жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері өте аз болатын. Біздің институтта мүл­дем болмады. Сабақтың бәрі тек орыс тілінде. Химия пәнінен дә­рісті Сібірдің беделді жоғары оқу орнынан келген, ғылым кандидаты Ев­гений Григорьевич Коноб­ридс­ский жүргізді. Ол кісі маған «Инс­ти­тутты бітіргеннен кейін химия­ны ұмытпа. Осы алған біліміңмен шек­теліп қалма. Ары қарай жал­ғас­тыр. Ғылыммен айналысу қо­лың­нан келеді» деп сенім артты.Бо­лашағымды ғылыммен бай­ла­ныс­тыруға жөн сілтеп, кеңес берді.
Кейін институттағы ұстаз­да­ры­ның бағыт-бағдар беруімен ғылым жо­лын біржола таңдадым. «Ғы­лым­мен айналысу қиын ғой» деп айнытқысы келгендер де табылды. Ғылыммен алаңсыз шұғылдануға толық жағдай туғызып, жәрдем­дес­кен зайыбым Әбдрашидтің ең­бе­гі зор. Балалар кішкентай. Кан­дидаттық диссертациямды қор­ғап біткенше, ешнәрсеге алаң­дамай ғылыми-зерттеу жұмыс­та­ры­мен емін-еркін айналысуыма бар мүмкіндікті тудырды. Мәскеуге бір айда бірнеше мәрте сапарлаған сәт­терім жиі болды. «Оқу ине­мен құдық қазғандай» деп тек­тен-текке айтылмаса керек. Оны бас­тан өткергендер ғана біледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дары білім саласында да түбе­гей­лі реформалар басталды. 1994 жыл­дан бастап институтта қазақ топ­тары ашыла бастады. Алайда ол кез­де қазақ тіліндегі дайын оқу­лық­тар мүлдем жоқ болатын. Ка­фед­ра қазақ тілінде лекция оқуды ма­ған жүктеді. Ғылыми дис­сер­та­ция­ларын Киевте қорғаған ғалым­дар – Айдос Сақиев, Аманжол Са­ды­­қов, Мәскеуде қорғаған ғылым док­торлары Қалимолла Бейсеуов, Өскенбай Мәдиев, Досәлі Досқо­жаев, Амангелді Әшірбаевтар оқу­лық жазуды өзіме тапсырғанда қат­­ты қобалжыдым. Сенімді ақтау де­­геніңіз оңай шаруа емес. Жауап­кер­шілік жүгі қашанда ауыр. Өйт­кені жауапкершілікті сезінбей қол­­ға алынған іс – баянсыз.
Ең бастысы, ұстаз да, шәкірт те өз міндетіне аса жауап­кер­ш­і­лік­пен қарағаны қажет. Жауап­кер­шілік жоқ жерде, еш нәтиже бол­майды.

Сұхбаттасқан
Ұлбосын АЙТӨЛЕН