Басты  /  Сұхбат  /  Әкбар ҚОШАЛЫ, әзірбайжан ақыны: Түркі бірлігін түгендеу – міндетіміз

Әкбар ҚОШАЛЫ, әзірбайжан ақыны: Түркі бірлігін түгендеу – міндетіміз

1905
Әкбар ҚОШАЛЫ, әзірбайжан ақыны:  Түркі бірлігін түгендеу – міндетіміз

– Әкбар мырза, Алматыға қош келіп­сіз!
– Бұл менің Қазақстанға тұңғыш рет келуім. Қырғызстанда да болдым. Әзір­бай­жан халқының көрнекті ақыны Бақ­тияр Вахабзаденің туғанына 90 жыл то­луына байланысты еске алу шаралары Біш­кекте де өтті. Алда Түркияда өткі­зіл­мекші. Сіздерде Вахабзаденің өлеңдерін қазақшаға ақын Дәулетбек Байтұрсын­ұлы, «Гүлстан» поэмасын Амантай Шә­ріп ­тамаша аударған көрінеді. 
– Вахабзаденің атын ғана естігеніміз болмаса, шығармаларын білмейтініміз рас. Бұл тамаша тарту болды. Ал әзір­бай­жан қаламгерлері қазақ ақын-жазушы­ла­рынан кімдерді біледі?
– Шынымды айтсам, біздің тол­қын­дағы әзірбайжан қаламгерлері Абайды, Жамбылды, Мұхтар Әуезовті, Олжас Сүлейменовті, сосын Мұхтар Шаханов­ты ғана біледі. Тіпті менің өзім Сәбит Мұқановты естімеген екенмін, Алматы­дағы музей-үйінде болғанымда ғана бір-ақ білдім. Мұқағали Мақатаев деген үлкен ақын болғанынан да енді хабардар болып жатырмын. 
– Бізде де сол шамалас. Қазақтар, не­гізінен, Насими, Физули, Низамилерді, кейін­гілерден Мирза Фатали Ахундовты, көзі тірілерден Анарды ғана жақсы біледі. Сосын бізде У.Гаджибековтың әлемге әйгі­лі «Аршын мал Алан» пьесасы жиі қойылады. Әншілерден марқұм Мүсілім Магамаевты, Алматыда жиі болып тұратын Полат Бюль-Биль Оглын жақсы білеміз.
– Әзірбайжанда драматургия жанры, опера өнері ертеде, кеңес өкіметінен әл­де­қайда бұрын дамыған, бұл жағынан бү­кіл түркі әлемі бойынша ең алда тұра­мыз. «Ләйлі–Мәжнүн» операсы бүкіл ислам әлемі бойынша қойылған тұңғыш спек­такль Бакуде болған. 
– Алматы көшелерінен не байқады­ңыз?
– Сіздерде көшелердегі жазу қазақша және орысша екен. Бізде тек қана әзір­бай­жан және ағылшын тілінде. Орыс тілінде жазса айыппұл салынады. Жалпы, Алматы маған ұнады. Әсіресе, алып тау­ларыңыз керемет. Әйгілі «Медеу» мұз- айдынын көрдім. Қонаев музейінен алған әсерім шексіз. Татарстанның Қазан қа­ласында 11-рет өткен түркітілдес ел­дер­-дің халықаралык поэзия фести­ва­лін­­де қазақ ақындары ерлі-зайыпты Дәурен мен Танакөзбен таныстым. Ал­ма­ты­дан Дәулетбек, Саят секілді ақын достар тап­тым. 
– Негізі, түркі бірлігін көп жырлайды екенсіз...
– Бізге түркі бірлігінің нығайғаны ке­рек. Таулы Қарабақ – біздің жазылмас жарамыз. Бұл орайда Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев қана үнемі біз­ді қолдап келеді. Жан-жағымызда дұшпандарымыз анталап отыр. Армения анау. Тағы бірі – Иран. Иранда отыз мыңдай әзірбайжан тұрады. Аятолла Хоменейдің шыққан тегі әзір­бай­жан. Халық өзара әзірбайжан тілінде сөй­лес­кенімен, Иранда бірде-бір әзір­байжан мектебі жоқ. Тек парсы тілінде ғана. Сая­сат солай. Сондықтан ондағы әзірбай­жандар түгел парсыланып кеткен. Бізге дос емес. Біздің досымыз – Түркия және осы Орталық Азия елдері. Та­рихы­мыз бір. Қорқыт бабамыз бәрімізге ортақ. Бізде Қорқыт баба эпосы болса, сіздерде оның жерленген жері, ескерткіші бар екен.
– Әзірбайжан жазушыларына билік тарапынан жағдай жасалған ба? 
– Бұл жағынан біз сірә да ұқсаспыз. Жас жазушыларды қолдау үшін Әзір­бай­жанның ұлттық кітап сыйлығы тағайын­далған, жыл сайын беріліп тұрады. 
Қазақ пен әзірбайжанның рухани байланысын арттыру үшін аударма мәсе­лесін бірлесіп қолға алу керек. Жақында Сәбит Досановтың шығармалары әзір­бай­жан тіліне аударылып кітап болып шықты. Егер жолма-жол аудармасы бол­са, өзім қазақ ақындарын әзірбайжан тіліне аударуға дайынмын. Әзірбай­жан­ның әдеби тілі оғыз бен қыпшақ тілінің қосындысынан шыққан.Түрік пен әзір­байжанның тілі өте ұқсас, қазақ пен қыр­ғыз секілді. Өзара кітаптарымызды түп­нұс­қадан оқи береміз. Сондықтан түрік тіліне аударылған қазақша кітаптарды өз тілімізге аударудың түк қиындығы жоқ. 
Әңгімелескен 
Төре ҒАЛИ