Басты  /  Сұхбат  /  Біздің күш-қуатымыз – бәсекеге қабілетті ғылымда

Біздің күш-қуатымыз – бәсекеге қабілетті ғылымда

1825
Біздің күш-қуатымыз – бәсекеге қабілетті ғылымда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасында республикамызда ғылымды дамыту мәселелеріне аса назар аударылады.

Осыған байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы Махметғали Сарыбековтен сұхбаттасқан едік. 
– Махметғали Нұрғалиұлы, «100 нақты қадам» бағдарламасының 64-қадамында «Ғы­лыми және ғылыми техникалық қызмет нә­тижелерін коммерцияландыру туралы» заңды әзірлеу қарастырылған. Осы заңның қажет­тілігі қандай? Бұл бағытта қандай жұ­мыстар атқарылды?
– Сіз айтып отырған заңды білім және ғылым қызметкерлері көптен күткен. Себебі, осы күнге дейін ғылыми-зерттеу жұмыс­тар­дың нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мә­селесі заңды түрде шешілмей келеді. Нақ­ты айтсақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу механизмін реттейтін нор­мативтік құжат болған жоқ. Ал сондай құжат болмағандықтан, осы жұмысты қаржылан­дыру мәселесі де толық шешілмеді. Сон­дық­тан осы заң Қазақстан Республикасындағы ғылыми және ғылыми техникалық қызмет­-тің нәтижелерін коммерцияландыру жүйе­сі­нің қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ коммер­цияландыру процестері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың мемлекеттік кепілдік берілген қолдау тетіктерін реттейтін болады. 
Заң жобасын ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі дайындап, ҚР Парламентінде қа­ралып, Елбасына жіберілді. 
2015 жылдың 31 қазанында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.На­зар­баев бұл заңға қол қойды.
– Сіз басқарып отырған университеттің ғылым саласындағы жетістіктері қандай?
– Елбасы инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынды. 
«Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сон­дықтан ауқымды халықаралық ғылыми-зерт­теу жобаларына қатысуымыз қажет» деп көр­сетті Н.Назарбаев.
ТарМУ халықаралық білім беру кеңіс­ті­гінде интеграцияны тереңдету, оқытушы­лар­дың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұт­қырлығын дамыту мақсатында Шанхай ын­тымақтастық ұйымы университеттерінің (ШЫҰУ) желісіне ресми түрінде қабылданды. 
Яғни университет студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасы бойынша 3 мамандықтан «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Гидротехникалық құрылыс және ғима­рат­тар» ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынатын болады.
Сонымен қатар университет Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірге 8 жоба әзірленуде. Ұсынылған жобалардың ішінде Жамбыл аймағы үшін «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұрпаттағы өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жоба­сының маңызы ерекше. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 %-ға жеткізетін әмбебап технологиялық нобайы бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің ресурс үнемдеу технологиясын және жаңа техникасын енгізу қарастырылған. Жоба Жамбыл облысында дәнді дақылдарды өң­дейтін және ұн өнімдерін шығаратын кәсіп­орындардың қатысуын және қолдауын қажет етеді. 
Тағы да басқа ауқымды ғылыми жоба­лардың бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Беларусь ұлттық техникалық универ­ситетінің ғалымдары қатысатын «Ғимарат­тардың қадалық іргетастарын қалау үшін ресурс үнемді ұңғымалы темірбетонды қада­ларды тәжірибелік сараптау және әзірлеу» жобасы. Соққыға шыдамды және экономи­калық тиімді, ТМД-да және алыс шетелдерде теңдесі жоқ берік қадалар отандық құрылыс саласының инновациялық дамуының жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл жо­баға байланысты университет «ПетроҚа­зақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-мен келісім-шартқа тұрды. 
2015 жылдың 15 сәуірінде ТарМУ уни­­верситеттердің Еуразиялық Ассоциациясы­-на толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Бұл біздің ғалымдарымызға жаңа ғылыми жобаларды осы Ассоциация аясында орын-
дауға мүмкіндік береді.
– Біз білетіндей, Тараз мемлекеттік уни­верситеті Оңтүстік өңірде ең ірі патент иеле­нуші. Осы ғылыми жаңалықтардың нақты өндіріске енгізу жағдайы қалай? 
– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Жалпы айтқанда, ғылым монография немесе дис­сертация үшін керек емес, ғылым қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағыт­талуы қажет. ТарМУ біздің өңірде ең ірі патент иеленуші болып табылады. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрыл­ғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құ­рылыс материалдарына орта есеппен 30-дан ҚР инновациялық патентін және авторлық куәліктерін алады. Өкінішке қарай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмей келеді.
Жамбыл облысында патент иеленушілер қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ден басқа «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, Жамбыл жобалау институты, Тараз инновациялық-гумани­тарлық университеті және бірқатар ұйымдар бар. 
Облыстағы жоғары оқу орындары мен ұйымдарында көптеген патенттер мен автор­лық куәліктердің шоғырланғанын ескере оты­рып оларға коммерциялау бойынша іріктеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкім­дігінің аясында арнайы аймақтық талдау орталығын (АСО) құру қажет.
Аталған аймақтық талдау орталығының жұмысына ғалымдар, экономистер, бизнес, кәсіпорын өкілдері және мүдделі тұлғалар қатысуы тиіс. ТарМУ өзінің мамандарының қызметін ұсынуға және аталмыш орталықтың тиімді жұмысы үшін университет базасында қолайлы жағдай жасауға дайын.
Елбасы бірнеше рет ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясын іске асыру қа­жеттігін айтты. Бұл ұсыныс «100 нақты қа­дам» бағдарламасының 63-қадамында да көрсетілген. Себебі, негізгі мақсат – аймақ­тарда ғылымды қажет ететін экономиканы дамыту.
– Университеттегі ғылымның дамуы зерт­ханалық базаға да байланысты. Осы орайда университетте қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 
– Университеттің даму стратегиясына сәйкес әр жылы зертханалық базаның да­муына 180-200 млн теңге бөлінеді. Соңғы екі жылдың ішінде 15 кафедраның зертханалары жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды. 
Мысалы, «Су ресурстары» кафедрасына Ұлыбританиядан гидроқұрылымдардың қауіп­сіздігін зерттейтін арнайы зертхана алы­нып орнатылды. 
«Биология» кафедрасында табиғи мате­риалдардан өнімдерді дайындау техноло­гия­сын іске асыру мақсатымен жаңа зертхана жабдықталды. Бұл зертханада Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) та­мырынан тамақ және косметология өнімде­рін дайындау технологиясы зерттеліп жатыр. 
«Наноинженерлік лаборатория» арнайы пресс-машиналармен жабдықталды. Осы құрылғылар арқылы құрылыс материал­дар­дың сапасын сараптамадан өткізуге толық мүмкіндік алып отырмыз. 
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы