Басты  /  Сұхбат  /  Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Аурудың 14 мың түрін Бір дәрігер емдей ала ма?

Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Аурудың 14 мың түрін Бір дәрігер емдей ала ма?

2859
Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Аурудың 14 мың түрін  Бір дәрігер емдей ала ма? Бала – бауыр етің. Баланың денсаулығы әрбір ата-ананы алаңдатпай қоймайтыны анық.

 Мәселен, жақында жалпы тәжірибелік дәрігер, көпшілік арасында сіңіп кеткен термин – отбасылық дәрігердің жұмыс істеу жүйесіне көңілдері толмайтынын жеткізген ата-аналар болды. Бірақ сала мамандары мұның бізге дамыған елдердің тәжірибесінен жеткен жүйе екенін түсіндіріп бағуда. Ал Қазақстандағы  педиатрия ғылымының практикалық негізін қалаушы, белгілі профессор, академик Камал Ормантаев отбасы дәрігері балалар дәрігерін алмастыра алмайтынын айтады. Көкейдегі көп сауалға қатысты академикпен сұхбаттасқан едік. 

– Бүгінгі бала – ертеңгі болашақ, сондықтан ұрпақ саулығы қоғамның басты назарында болуы тиіс. Бірақ қазір балалардың денсаулығы әлсіреп кетті деп жатамыз, сол рас па?
– Әр адам үшін денсаулығы маңызды, бәрі көп өмір сүргісі келеді. Барлық адамның қасиеті солай. Бірақ денсаулықты күтудің жөні бір бөлек. Біздің есебіміз бойынша 14 мың аурудың түрі бар. Әрқайсысының пайда болу себебі әртүрлі екенін ескере отырып, көп аурудың тұқымқуалаушылық арқылы берілетінін айтқым келеді. Әсіресе, баланың денсаулығы тоғыз ай бойы құрсағында көтерген анасының денсаулығына бай­ланысты болады. Аурулардың пайда бо­луы­ның екінші себебі тамақ ішуіне, үшінші дене қозғалысына, төртінші жұмыс істеу түріне байланысты. Мысалы, көп адамдардың жүйкесі жұқарып жүреді. Содан нерв жүйесі аурулары пайда болады. Негізі, ауру түрлері көп, соның ішінде негізгілерін айтып отырмын. Балалардың денсаулығы әлсірегені рас. Мысалы, әскерге баратын ер балалардың 40-45 пайызы ауру. Денсаулық­тары нашар болғандықтан әскерге алмайды. Олардың арасында өкпе, жүрек аурулары, психикалық бұзылыстар кездеседі. Сол ау­рулар ересек болғанда жалғасады. Яғни жас кезде пайда болған ауру созылып кетеді.  
– Он жылдан бері «Отбасы дәрігері» дайындалып жатыр, бірақ сіз бұл жүйені құп көрмейтін секілдісіз. Не себепті?
– Отбасы дәрігері 14 мың аурудың астарын білмейді. Олар кішкентай баланы қараудан қорқады. Өйткені балаларды емдеудің өз ерекшеліктері бар. Мысалы, жаңа туған бала мен 1,2 жасқа дейінгі балалар ауруын айта алмайды. Осыған байланысты баланың денесінде қызу болса, қазір дәрілер көп, дәрігер дәрімен қызуын түсіреді. Бірақ ол емге жатпайды. Бұл бірте-бірте созылмалы ауруға айналып жатыр. Еліміздегі педиатрия факуль­тетін жауып тастағанына он жыл болды. Ал біздің халқымыздың 30 пайызы – балалар. Негізі, балалармен жұмыс істеу қиын. Декан болған 1980-90 жылдары бір жылда 300 педиатр маман дайындап шығаратынбыз. Былтыр 58 педиатр ғана болды. Қазір пе­диатрлардың саны да азайып кетті, білімдері де төмен.  Сондықтан педиатрия факультеті ашылса екен деймін. Оған көп қаржы да керегі жоқ. Бізден басқа ТМД елдерінде педиатрия факультеті жабылған жоқ. Ол елдерде дамыған Еуропа, Америка елдерімен тығыз бай­ла­ныстағы  дәрігер мамандар бар.Тәжікстанда, Қырғызстанда бір-екі жылға жауып, бірақ кейін қайтадан ашты. Себебі балаларды емдеудің ерекшелігін түсінді. Ресейде де факультеттің жұмысын тоқ­татпақшы болған, бірақ Ресейдің президенті В.Путин балалар дәрігерлерінің орны ерекше екенін айтып, жапқызған жоқ. Ол кісі «детский доктор» Л.Рошолмен жақ­сы қарым-қатынаста. Осы сұрақпен Президент     Н.Назарбаевқа сәуір айынан бастап сұранып едім. Ол кісінің қабылдауға уақыты болмай жатыр. Енді Премьер-минис­трдің орын­басары Дариға Назарбаеваның қа­былдауына сұранып жатырмын. Түсінгенім, отбасы дәрігері жүйесі ақшаның үнемделуіне жақсы. Дегенмен, адамның денсаулығын ақшамен өлшеуге болмайды. Барлық ата-ана баласы үшін шырылдайды емес пе?! Қазір елімізде жалпы тәжірибелік дәрігер факультеті ғана бар. Соны оқығаннан кейін, 8-9 курста педиатрларды даярлайды. Ал бұрынғы жүйе бойынша білім алушы бірден педиатрия факультетіне баратын. Педиатрияның 26 түрі бар. Жаңа туған баланы қарайтын медицина бөлімін неонатология деп атайды, олар перзентханада істейді. Неонатология –жаңа туған бала болса, перинатология – құрсақта жатқан бала. Қазір олардың да саны азайып кетті. Одан басқа, балалар медицинасында балалар хирургы, ЛОР-дәрігері, гастроэн­теролог, пульмонолог мамандары бар, яғни балалар дәрігерінің де тармақтары көп. Сөйте тұра, отбасы дәрігерлері балаларды да емдемек. Оған қоса, санитарлық-гигиеналық, медико-профилактикалық іс факультеті бар. Факультеттің ішінен «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру» кафедрасы ашылды. Институт бітіргенен кейін көп адамдар ұйымдастыру жұмыстарына кетіп жатыр, бірақ адамды емдейтін дәрігердің жұмыс сапасы көңіл көншітпейді. Мысалы, терапевт тәжірибе жүзінде 10-15 жыл істеп, жұмысын бүге-шіге­сіне дейін білгеннен кейін ғана ұйымдас­тырушы болуы тиіс. Қазір осындай жұмыс­тарға таласатындар көп. Соған орай ұйым­дастырушылардың саны көп, ал емдейтін дәрігерлер жетпей жатыр. Сол үшін ата-аналар да педиатрия факультетінің қашан ашылатынын сұрап маған келеді. Өйткені отбасы дәрігеріне барса, оның қабылдауында еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін отырады. Үлкендер жөтелсе, түшкірсе, ауру балаға жұғуы мүмкін. Ата-аналар сол үшін алаңдайды.
– Қазір маман жетіспейді. Балаларға ем көрсетіп жүргендердің қатарын бұрынғы кадрлар толықтырып жүр ме?
– Қазір бұрынғы кадрлар да азайып бара жатыр. Негізі, біздің әлеуметтік-экономи­калық жағдайымыз басқа, Америка, Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді. Себебі олар дамыған елдер. Оның үстіне оларда медицина саласына көп ақша бөлінеді. Елімізде денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың үлесі ішкі жалпы өнімнің 3,8 пайызы ғана. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынуынша, 6 пайыздан кем берілмеуі тиіс. Мысалы, Америкада 15 пайыз, Германия мен Францияда 8 пайыз бөлінеді. Олар – дамыған елдер. Сөйте тұра, медицина дамыған үстіне дами берсе екен дейді.  
– Соңғы кездері балалардың арасында қандай аурулар жиі кездеседі?
– Жаңа туған балалардың пневманиясы көп. Іштен кемтар болып туатын балалар аз емес. Сондықтан хирург болған соң, кейбіріне туған күнінен бастап операция жасаймыз. 
– Қандай ауруларға операциялар көп жасалады?
– Жарақат алу, гидроцефалия, жұлын жарығы көп кездеседі. Жұлын жарығы кезінде бала үлкен және кіші дәретін ұстай алмайды. Соқыр ішекпен де жиі түседі.      
– Сәбидің кемтар болып туылуына не себеп?
– Қазір кемтар туылатын балалар саны көбейді. Ол ата-ананың денсаулығына бай­ланысты. Анасы жүкті болғаннан кейін өзіне ауыр жүк түсірмеуі тиіс. Вирусты-инфекциялық аурудан аулақ болуы қажет. Негізінен себептер көп. 
– Балаға дәріні көп берген дұрыс па?
– Мысалы, бір дәрігерге барсаң, ол саған 5-7 дәрі береді. Үш дәрігерге барсаң, 15-20 дәрі жазып беруі мүмкін. Оның бәрін ішу мүмкін емес. Дәрінің өзі – химиялық у. Дәрі бір органға жеткенше, барлық органды аралап шығады. Сондықтан дәріні көп ішкен дұрыс емес. Бірақ дәрі ішпей болмайтын аурулар бар, мәселен, бронх демікпесі, қант диабеті, жүрек-қан тамырлар жүйесі ауруларында дәрі ішуге мәжбүрсің. Ал бізде барлық ауруға бірден дәрі береді. Тіпті кейбір дәрігерлер бір дәрі мен екінші дәрінің үйлесімін білмейді. 
– Академик Төрегелді Шармановпен көп жылдан бері араласасыздар, бірақ оның ойы неліктен сіздің пікіріңізге қарсы келіп отыр? Ол кісі Педиатрия факультетін ашуға неге қарсы болды? 
– Академик Т.Шармановпен қарым-қатынасымыз жақсы. Ол Ұлытау ауданында 3-4 жыл бас дәрігер болып істеген. 1978 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті­нің бірінші хатшысы болған Д.Қонаевтың қолдауымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық балалар қорының үлкен конференциясын ұйымдастырды. Аурудың түрлері көп деп отырмыз ғой, соның әрқайсысының өз маманы болуы тиіс. Төрегелді өзін барлық саланың маманымын дейді. Бұл мүмкін емес. Сөз жоқ, оның медицинадан көп хабары бар, бірақ маман емес. Бір кездескенде: «Сіз тағамтану саласы­ның маманысыз, мен бұған араласпаймын ғой, балалардың ауруына сіз неге араласасыз?» деп өзіне де айтқанмын. Оның осы уақытқа дейін педиатрия факультетін ашпау керек дегені түсініксіз.
– Талай жылдан бергі тәжірибесі мол балалар дәрігерісіз. Осы жолға қалай келдіңіз?
– Алматы медицина институтын алты жылдан кейін бітіріп, екі жыл ординатураны, аспирантураны оқыдым. Кейін Мәскеуде медицина академиясында докторан­тураны бітірдім. Бізде ғылым мен практика бірге жүретін. «Екі өкпенің шіруіне байла­нысты хирургиялық емдеу» тақырыбында Мәскеуде 35 жасымда докторлық диссертация қорғадым. Осы уақытқа дейін 14 мыңдай операция жасаппын. 13 жыл Педиатрия инс­титутының директоры болдым. Студент кезімнен ғылыммен айналыстым. 
Ғалымдар күні-түні еңбек етуі тиіс. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде Төрегелді Шармановтың  «Құндылықтардың құлдырауы» деген мақаласы шықты. Онда «қазір 400 академик бар, саны да көбейді, жұмыс сапасы да төмендеді» дейді. Мысалы, қазір 2 мыңға жуық ғылым докторы бар. Содан кейін олар академия мүшесі болғысы келеді. Біз академик болған кезде монография жазатынбыз. Содан кейін ғалымдар мектебін құруың тиіс. 120 ғылым кандидатын, 16 ғылым докторын даярладым. Сол кезден жиырма шақты академик қалдық. Қазақстан ғылымның сапасы бойынша Ресей, Украинадан кейін үшінші орын алатын. Қазір ғылыммен айналыса бастаса, академия мүшесі болуға талпынатындар көп. Ғылым академиясы казір үкіметтен қар­жы­ландырылмайды. Жемқорлық да жайлап келеді, олай дейтінім, академияға өту үшін ақша ұсынады. Енді бірі оған өзімен бірге балаларын өткізеді, екіншісі – енді ғана докторлық диссертация қорғап, ғылымға қосқан ештеңесі болмай мүшелікке өтіп кетеді, оның қатарында бизнесмендер де жоқ емес. Қазір ғылым академиясының абыройы төмендеді. Менің айтарым, президенттікке талантты, білімді жастарды қою керек. Президиумда 10-15 адам болса, соларды қайтадан сайлайық деп ұсыныс жасамақ­шымын. Өйткені кейбіреуі ақша, туыс арқылы оңай жолмен академияға мүшелікке өтіп жатады, соған жол бермеу үшін қайта сайлау керек деп ойлаймын.
Сондай-ақ мені тілдің мәселесі де жиі мазалайды. Мінберде қазақ тілін білмейтіндер көп. Кейбірі қазақша біле тұра, орысша сөйлейді, ал ол балалардың тәрбиесіне әсер етеді. Себебі қалаулылардың орысша шүлдірлеп тұрғанын көрген ата-ана балаларын орыс мектептеріне береді. Содан қазақ тілі қажет емес деген ұғым пайда болады. Мәдениет министрі 2020 жылы халқымыздың 90 пайызы қазақ тілін білетін болады деген, бірақ нәтижесін байқамаймын. Бірді-екілі қазақша сөйлейтін өзге ұлттар бар, соларды ғана көрсетіп қояды. Мысалы, ОҚО-дағы Сайрам ауданында өзбектер көп қоныстанған. Мұндағы мектептердің көбі өзбек тілінде оқытылады. Ал Өзбекстанда қаншама қазақ тұрса да, қандастарымыз өз тілінде емес, өзбек тілінде оқиды. Ендеше, бізде неліктен өзбектер көп қоныстанған ортада қазақ тілі оқы­тылмайды, неге қазақ мектептерін аш­паймыз?! Осы мәселені шешу керек деп ойлаймын.