Басты  /  Сұхбат  /  ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӨЗІМДІ ЖАРНАМАЛАУДЫ ҮЙРЕНЕ АЛМАЙ-АҚ ҚОЙДЫМ

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӨЗІМДІ ЖАРНАМАЛАУДЫ ҮЙРЕНЕ АЛМАЙ-АҚ ҚОЙДЫМ

2240
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ӨЗІМДІ  ЖАРНАМАЛАУДЫ ҮЙРЕНЕ АЛМАЙ-АҚ ҚОЙДЫМ Қасымхан БҰҒЫБАЙ, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері:

– Әдетте жаңа маусым басталғанда актерге қойылатын дәстүрлі сұрақ бар, мен де сұхбатты сол сұрақтан бастағым келіп отыр: қоржыныңыз қандай рөлдермен толықты? 
– Биыл жаңа маусымда «Қараш-Қараш» спектаклінде Әзберген деген баскесердің рөлін алдым. Бірден айтайын, бұл бас кейіпкер емес, алайда шағын болғанымен, салмағы ауыр рөл. Барып кел, шауып кел­дің басшысы. Премьерасы күні кеше ғана өтті. 
– Әр актердің арманындағы рөлі болады, сіздегі ол кейіпкер кім? 
– Рас, актерлердің арасында «Гамлетті ойнағысы келмеген актер – актер емес» де­ген сөз бар. Ал менің жүрегіме жақыны – трагедия, реті келіп жатса Цезарьді ойнағым келеді. Бұл мен үшін ерекше тұлға. Сосын соңғы кезде оқып, зерттеп жүрген кейіп­керім – Шыңғыс хан. Иә, Шыңғыс хан сахна­да қойылды, ол туралы фильм де, сериалдар да түсірілді. Ондағы актерлердің ойынын көрдім, бірақ бұл тұлғаның әлі ашылмаған, айтылмаған қырлары бар, сол жағын көрсетсем деймін. 
Актер «осы рөлді ойнасам» деп армандап қойып жата беруіне болмайды, ол оған іштей дайындалып жүруі керек, тіпті бер жағын айтқанда моральдық, физикалық дайын­дығы болуы керек. Мұндайда сал­мағыңа дейін бақылап отыруға тиіссің. 
– Осы кезге дейін ойнаған рөлдердің ішінде жаныңызға жақыны бар ма, кейіпкерге «бауыр басу» деген бола ма сізде? 
– Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы ауылдан келген Бекболат деген кейіпкерді сондай жақсы көріп ойна­дым. Себебі ол кейіпкердің мінез-құлқы өзімнің алғаш студент болғандағы қылық­тарыма ұқсайды, тіпті өз басымнан кешкен оқиғалар да бар-тын ол қойылымда. Содан ба екен, жанымды салып ойнаушы едiм. Неге екенін білмеймін, осы спектакльдің айна­лып келгенін асыға күтетінмін. Оның үс­тіне, бұл кассалық спектакль болды. Бірақ әр спектакльдің өз ғұмыры болады, бұл спектакль де репертуардан алынды. Сосын мен үшін «Еңлік – Кебектегі» Ке­бектің рөлі бір бөлек еді. Әр рөл балаң сияқ­ты ғой, осы екі рөлді қатты сағынамын. 
– Канадалық режиссер Робер Лепаждың «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» деген сөзін білмейтін актер жоқ шығар. Көрерменді тәрбиелеудегі театрдың, актердің рөлі қандай? 
–Театрдың көрерменге беріп жатқаны көп. Оның бәріне тоқталмай, сізге бірер мысал ғана келтірейін. Біздің театрдың репертуарында «Кеш» деген спекталь бар. Сол спектакльдегі үш қария балаларын күтумен өтеді. Қойылымның басынан аяғына дейін қариялар үшін жүрегің ауырып отырады. Бірде мен сол спектакльге 4 досымды шақырдым. Сол күні бір қызық оқиға болды. Әлгі достарымның бірі спек­такльден соң ебіл-дебілі шығып жылап тұр, не болды десем, анама хабарласпағалы көп уақыт өтті дейді. Солай деді де, тура сол жер­ден сыртқа шыға салып, 86 жастағы ана­сына хабарласты. Спектакльдің көрер­менге соншалықты әсер еткенін өз көзіммен көрдім. 
Тағы бір мысал, «Абылай ханның арма­ны» спектакліне бір үйде тұратын оқушы­ларды шақырғаным бар. Оларды шақыруы­ма мына жайт себеп болды, аулада «Троя» фильмінің кейіпкерлерін айтып төбелесіп жүр екен, сәтін салып солармен сөйлесіп қалдым. Біреуі «Сізді актер дейді ғой?» деді. «Иә» дедім, сосын ол балаларға «Абылай ханның арманына» шақыру билетін ұсын­дым. Ертесінде әлгі балалардың аулада Абылай хан жайлы әңгімелесіп тұрғанын көріп қуандым, олар 7-8-сыныптың бала­лары. Әлі күнге дейін көрген жерде жүгіріп кеп амандасады. Бүгіндері өз інілерімдей болып кетті. «Қандай жаңа спектакль бар?» деп сұрап тұрады. 
Ал келесі бір оқиға өз басымнан өткен. Алматыға оқуға түскен жылы «Еңлік – Ке­бек» спектаклін бірінші рет көрдім. Спек­такльді көре отырып, сол дәуірге қалай кіріп кеткенімді білмеймін, қойылым аяқ­талып, елмен бірге мен де сыртқа шықтым, бір уақ көшедегі көліктер мен ығы-жығы халықты қабылдай алмадым, өйткені мен әлі Кебектің дәуірінде жүр екенмін, сол кезде-ақ мен сахна құдіретінің күштілігіне таңғалғанмын. 
– Осы актерлер кімнің класын бітірге­нін айтып мақтанатыны бар, ол актердің беделіне әжептәуір салмақ қосып тұрады. Ал сіз қай ұстазыңызбен мақтанасыз?
– Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегіз­баев­тың класын бітірдім. Кәукен аға біз екінші курста жүргенде бақилық болды. Тілектес Мейрамов та ұстазым болды. Бүгіндері ол кісімен бір ұжымда еңбек етіп отырғанымды мақтан етемін. Біздің топ оқу бітірген жылы Орал театрына жіберілді. Сол жақтан бір жыл жұмыс істеген соң ғана қолдарыңа диплом аласыңдар деді. Ал менің Оралға барғым келмеді, әрине Орал қойнауы тарихқа толы жер, бірақ менің ойым Астанаға бару еді. Содан дипломы­мызды көрсету үшін беріп, жинап алғанға дейін, көшірмесін жасатып үлгердім. Ешкіммен сөйлесуге мұршам болмады. Сөйтіп алды-артыма қарамай, Астанаға тарттым. Мұнда, Қаллеки театрында Әзір­байжан Мәмбетов ағамыз «Беу қыздар-ай» деген спектакльді сахнаға дайындап жатыр екен. Ол кісіге ән айтатын бір актер керек деген сыбыс жетті маған. Бірден Әз-ағаға тарттым. «Қайдан келдің?» деді. «Алма­ты­дан» дедім. «Сахнаға шық, ән айтасың ба?». Домбырамен екі ән орындадым. «Монолог оқы» деді, оқыдым. Басқа ешқандай сөз айтқан жоқ: «Құжатыңды тапсыр, жұмысқа қабылдандың» деді. Жұмысқа орналасқа­ны­ма қуансам да, «дипломымды сұраса қайтем?» деп зәре-құтым қалмай жүрмін. Сөйтсем, оным бекер екен, кадр бөлімінде­гілер «дипломның көшірмесін әкелсеңіз болды, түпнұсқасы өзіңізде жата берсін» дегенде, қуанып кеттім. Қолдағы көшірмені бердім де, осы ұжымға топ ете қалдым, со­дан бері арада 13 жылдай уақыт өтіп кетіпті. 
– Бір мүшел дерлік уақыт, білуімше, сіз театр ғана емес, кино актерісіз де. Бірақ сізді фильмдерден көрмейміз, иә, бұдан көп жыл бұрын телеарналар түсірген кинолар мен бірқатар әншілердің бейнебаянынан байқап қалғанымыз бар. Ал соңғы жылдары отандық фильмдер, дұрысы сериалдар аз түсіріліп жатқан жоқ. Тіпті әр арна өзі сериал түсіретін жағдайда. Бақ сынап көрмедіңіз бе? 
– Киноға түскісі келетін актер қарап жатпауы керек, өйткені сен керемет екен­сің деп ешкім саған рөлді бере салмайды. Өзім ізденіп, кастингтерге қатысып, Алма­тыға дейін барып, фотомды қалдырып жүре­мін, енді әр режиссердің өз ойы, жоспары болады, осындай актер керек деп жоспарлап жүреді, мүмкін мен олардың талғамынан өтпей жатқан шығармын. 
– Бұл сұрақты қойып отырған себебім, отандық сериалдардағы актерлердің қазақ­ша­сына сын аз айтылып жүрген жоқ. Кей актерлер қазақ тілінің орфоэпиясын сақ­та­майтыны көзге ұрып тұрады. Ал сіз әріп­тестеріңіздің кинодағы жұмысын қалай баға­лайсыз, жалпы, отандық сериалдарды көресіз бе? 
– Актерлік – шеберлікті талап ететін сала. Мысалы, сіз рөліңізді ойнауға кіріс­тіңіз бе, пышақтың жүзінде жүргендей күйде боласыз. Менде бір қағида бар, сах­наға шығып кеттім бе, тура солай, пышақ­тың жүзінде тұрғандай сезінем өзімді, екі жаққа құлап кетпеу үшін барымды саламын. Ал сериалдардағы актерлерге қатысты айтарым, актер мінсіз ойнауы мүмкін, алай­да одан соң, монтаж, дубляж жұмыс­тары жүргізіледі ғой, дубляжды жасаған актер рөлді ойнаған актердің даусын бере алмаса, әрине, фильм сәтті шықпайды, мен оны ажырата аламын. Ал өзім отандық се­риалдарды көріп жүрмін, жақсы шығып жатыр. Өз басым кәріс пен үнді сериал­дарынан гөрі, экранда отандық сериалдар көрсетіле бергенін қалаймын. Сондықтан көш жүре түзеледі демекші, өзіміздің се­риалдардың сапасы әлі жоғарылай береді деп сенемін. 
– Әншілер мен актерлер көгілдір экранды жаулап алды, «бақшамызға» түсті дейтін әріптестерім бар. Сізді де «Білім және мә­дениет» арнасындағы «Аманат» бағдарлама­сынан көріп қалдық...
– «Білім және мәдениет» арнасындағы «Аманат» бағдарламасы еліміздегі музей­лерге арналды. Бізді бағдарламаның жүр­гізушілікке сол журналистердің өзі, дәлірек айтқанда, бағдарлама авторлары мен редакторлары шақырады ғой. «Аманаттың» авторы жазушы Сәкен Нөгербек екен. Осы бағдарламаның жүргізушісіне кастинг жүріп жатыр дегенді естіп, бақ сынадым. Құдай актерлерге жаттау қабілетін бере салған ғой, кастинг өткізушілерге де дайын мәтінді сөзбе-сөз айтып беретін адам керек екен. Менің қатысуыммен Сәкен Сей­фул­лин мұражайы туралы бағдарлама жа­салды. Сосын ол жұмысты Алматыға жі­берді. Үш күннен соң менің осы бағдар­­ламаға жүргізуші етіп бекітілгенімді хабарлады. Бағдарламаның жақсы жағы, біріншіден, әрине, жұмыс, өзім жұмысбасты боп жүргенді жақсы көремін, екінші жағынан бағдарламаға тартылғалы мұражайларды зерттей бастадым. Шынымды айтайын, мен Қарлаг туралы естігенім болмаса, көп нәрсені білмейді екенмін, сол жердегі түсі­рілім барысында тарихын тереңірек білуге мүмкіндік алдым. Бізге міндеттелген 16 музей туралы бағдарлама түсірілді. Сосын жоба тоқтады. Бірақ маған жуырда жұмыс­ты жалғастырамыз деген жақсы хабар жетті, бұйырса деп күтіп отырған жайым бар. Менің қолайыма көңіл көтерер ток-шоу типтес бағдарламалардан гөрі, «Аманат» секілді салмақты, танымдық бағыттағы бағдарламалар келеді. 
– Киноға болсын, бағдарлама жүргізу­ші­сіне болсын, жарияланған кастингтерге әріптестеріңізбен бірге барасыздар ма, әлде кастинг өтіп жатқанын естіген бойда, үн-түнсіз жалғыз тартасыздар ма?
– Біздің ұжымда кастинг туралы хабар жетсе, бір-біріне айтады. Өз басым жал­ғыз барғанды қаламаймын. Мысалы, «Аманат» бағдарламасының кастингіне Сағидолла Үсібалиевпен бірге бардық. 
– Әріптестеріңіз бүгіндері әлеуметтік желіні өздерін жарнамалауға тиімді пай­даланып жүр. Өздері ойнайтын спектакль­дерге де әлеуметтік желі арқылы шақырып жатады, жаңалықтарымен бөліседі... Ал сіз әлеуметтік желілерде белсенді емессіз, парақшаңыз да, салыстырып айтқанда, «боп-бос». Неге? 
– Негізі, мен барлық әлеуметтік желіні қолданамын, ондағы жаңалықтарды оқып, біліп жүру артық етпейді. Мысалы, осының алдында ғана «Таңшолпан» бағдарламасына барып сұхбат бердім, егер менің орнымда басқа актер болса, міне, мен осылай да осы­лай «Таңшолпанда» отырмын деп әлеу­меттік желідегі парақшасына суретін салар еді. Ал енді солай етуге менің таби­ғатым үй­ренбей-ақ қойды. Өз-өзімді жарнама­лағанды ұнатпайды екенмін. Пәлен деген жерде түгеншелермен бірге отырмыз деп сурет сала беруді де ерсі көремін. Тіпті суретімді өз парақшаларына салып қоятын достарыма өтініш айтып, алғызып тас­тай­тын кезім болады. Себебі сурет астындағы асыра мақтауға құрылған жазбалар мен пікірлерді оқыған сайын өзімді ыңғайсыз сезінемін. Әйтпесе, ондағы жаңалықтарды тұрақты қарап жүремін. 
– Көп жыл бұрын Қуандық Қыстақбаев­пен бірге құрған «Самұрық» дуэтінің тағдыры не болды? Бұдан бұрынғы бір сұхбатта топқа қатысты жақсы жоспар барын айтып едіңіз, алайда «Самұрық» сахнадан көрінген жоқ...
– Шынын айтайын, бұл топ екі үлкен аза­­маттың ұсынысымен құрылған еді. Кей­ін­­нен қаржыға байланысты жұмыс тоқтады. Сол кезде жазылған әндерді қала­лық дең­гейдегі шараларда орындап жүрміз. Ендігі «Самұрық» тобы тарады деуге бола­ды. 
– Сіз қайбір жылдары өлең, ән жаза­тынсыз, өлеңдеріңіз журналда жарияланып, әніңізді Бейбіт Қорған орындады. Шығар­машылығыңызда жаңалықтар бар ма?
– Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы деп Абай атамыз айтпақшы, мен де арасында қалам алып, шумақтарды шимайлай­тын­мын. Әсіресе, Алматыға барғанда, суденттік жылдарда өлеңді өндіртіп жаздым, бірақ көп жариялаған емеспін. Ол кезде, неге екенін білмеймін, қолым бос болды да, кітапқұмар болдым, өлең де жазылып жат­ты. Ал 4-курстан кейін өлең жазуды доғар­дым, оған бір оқиға себеп болды. 4-курсты тәмамдап, Астанаға келе жатқа­нымда, өлең жазылған қалың дәптерімді пойызда қалдырып кетіппін. Өзім солай топшылап отырмын, әйтеуір өлең дәптерім ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кейін әлеуметтік желінің арқасында студент кезімізде бірге жүрген жора-жолдастарым хабарласып, өлең не болды деді, сөйтіп, 3-4 өлеңімді тауып берді, өздерінде сақталғанын, ал енді өлең жазайын десем, жоғалған өлеңдерім есіме түседі де, қол жүрмейді... 
– Соңғы кезде жазған бір өлеңіңізді көзім шалды, тарихи тақырыпта екен... 
– «Абылайдың түсі» ме? Бұл оқиғаны бәрі біледі ғой, бірақ маған ол өлеңді жазуға бір газеттегі мақала түрткі болды. Сол мақаланы оқыдым да, Абылайдың түсін жазған ақын бар ма екен деп ойладым, сосын осы өлең туды. Бірақ оны да жариялауға асық емеспін. Өйткені мен ақын емес, актермін. Қолқалап отырған соң, «Қасиет» деген өлеңді оқып көрсеңіз болады. 

ҚАСИЕТ
Үкілі дейді қыздарды,
Көрмеген жаттан ызғарды.
«Қыз өссе, елдің көркі» деп,
Атадан қалған сөз бар-ды. 

Үкілі дейді, домбыра, 
Шанағы шалқар шөл-мұра.
Тоқсан күйді төрде атам,
Тартатын толғап, жандыра.

Үкілі дейді, бөрікті,
Серілер киген көрікті.
Ырғалған сайын бұлғақтап,
Серіге көрік беріпті. 

Үкілі дейді, сәукеле,
Сезімді бөлеп сәулеге.
Тұмары болып арудың,
Салғызған талай әуреге. 

Қалмас деп қаусап, қаңырап,
Болсын деп биік шаңырақ,
Үкісін тағып төріне
Қондырған елім құт пен бақ.

Бағасын тіптен асырман,
Бұл күнге жеткен ғасырдан.
Киеміз болған үкінің
Қауырсынының астында
Құранның сөзі жазылған. 

Азбасын деп заманы,
Білсін деп ақ пен қараны,
Иманды болсын ұрпақ деп,
Жаужүрек батыр біздің ел,
Бесікке үкі тағады. 

Бұл күнде үкі азайып,
Батысқа елім бет бұрған,
Бағасын білмей барының,
Батыстың лебін соқтырған. 

Бұрымын кесіп қыздардың
Абыройын шашқызған
Басу айтар қарттар да
Берекесін қашқызған.

Үлкенге жастан құрмет жоқ,
Кішіге жасар ізет жоқ.
Біле-білсең, ағайын,
Үкің барда бұл індет – 
Бұлайша дендеп енген жоқ. 
Бағытсыз көшіп барамыз,
Бұтадан таппай ықтасын,
Бұл тірлігің, қазағым,
Орға әкеліп жықпасын.
Батыс, Батыс деп жүріп, 
Батыстан күнің шықпасын...


Сұхбатты жүргізген Айдана БЕГІМ