Басты  /  Сұхбат  /  Жамбылдың бейнесін сомдау оңай емес

Жамбылдың бейнесін сомдау оңай емес

2298
Жамбылдың бейнесін сомдау оңай емес Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы төрт сериялы «Жамбыл» тарихи драмасын келер жылдың ақпан айында, ақынның туған күні қарсаңында көрермен назарына ұсынбақ. 
Көркем туындыда көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз мол мұра, сарқылмас қазына қалдырған, қазақтың атын әлемге танытып, өнерін өрге сүйреген Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық жолы суреттелмек. Басты рөлді Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург Байғали Есенәлиев сомдайды. 

– Жамбыл рөліне қалай шақырту алдыңыз?
– Ұлы тұлғаның бейнесін барынша ұқсатып сомдау кім-кімге де оңай емес. Сондықтан шығар, актер таңдау ұзаққа созылған көрінеді. Түсірілім ке­зінде салмақ өзіне түсетін болғандықтан, режиссерлер тобы бір шешімге келе алмай біраз толқыған сыңайлы. Біреудің түрі кел­се ішкі әлемі келмейді, жан дүниесі кел­се, түр-түсі келмейді деген сияқты. Қыс­қасы, соңына қарай мені шақырып, ұсыныс жасады. Жамбыл рөлі деген соң жан қала ма? Оның үстіне өнерден, әсіресе, театр мен кинодан біраздан бері қол үзіңкіреп кеткем. Барсам ығайлар мен сығайлардың суретін қапта­тып іліп қойыпты. Бәрі – Жамбыл. Олардан озып жүлде алу қайда!? Десе де барған соң бағымды сынап көруге бел байладым. Ре­жиссер Әнуар Райбаев сыртқы ұсқыныма қарап, біраз салмақ тастау керектігін ескертті. Сыртқа шықсам Данияр Өтебаев құлағы­ма сыбырлап «Бәке, керемет ойнадыңыз. Мен білсем, сіз өтесіз» дейді. Періштелер «Әумин» дей қойды ма қайдам, ойласа келе мені таң­дап алыпты. Суреті ілулі тұрған дөкейдің бірі Нұржұман Ықтымбаев еді. Салып-ұрып барып, ақ батасын алдым. Менің өткеніме балаша қуанып қалды. 
– Жамбыл өмірінің қай кезеңдерін сом­дадыңыз? 
– Алпыстан асқан кезінен бастап, өмір­ден озғанға дейінгі шағы менің үле­сі­ме тиді. Есіне алып отыратын жастық келбетін Азамат есімді жас актер сомдады. Маған ең қиыны грим мәселесі болды. Бетіңе «латекс» деген клейді жағып ты­рыс­тырады да қояды. Қолдан қартайтып әжім салады. Оның астына ауа кірмеген соң, екі-үш сағаттан соң жаныңды көзіңе көрсетіп қышиды екен. Қасуға болмайды. Оның үстіне сақал мен мұрт жапсырып қойған. Ол жыбырлатады. Сол азаппен таң атқаннан, түн ауғанша жүрген күндерім болды. Әйтеуір жан-тәнімізбен жұмыс жасадық. Жұмысқа қызу кірісіп кеткен кезде әлгі қиындықтардың өзін де елеуге мұрша болмады.
Есімде ерекше қалғаны Ұлан деген бала. Фильмде мынадай эпизод бар: әке­сі­нен қара қағаз алған жас баланың бақтың ішінде жылап отырғанын Жамбыл байқап қалады. 
"Қарағым-ау, мұның не? Неге жылап отырсың? Әлде біреу ренжітті ме?" деген сөзіне әлгі бала, әкесінен қара қағаз алған себепті жылап отырғанын айтуы керек. Тү­сірілім басталып, режиссердің бұйры­-ғы берілуі сол екен, әлгі балаға ақырын жақындап келіп «Қарағым-ау» дей беріп жүрегім дір ете қалды. Көзінің жасы мөл­тілдеп, қолындағы хатқа тамшылап тұр. Эпи­зод сәтті шықты. Түсірілім бітіп, қай­тып келе жатқанда Ұланнан "жаңа неге жы­ладың?" деп сұрадым. "Әкемді сағын­дым" дейді. "Әкең қайтыс болған ба еді?" деп қайта сұрақ қойдым. "Жоқ, ол анам екеумізді тастап кетті, бізден бөлек тұра­ды" деп мұңайып қалды. 
Екінші бір ерекше әсер еткен оқиға Жамбылдың музей үйінде болды. Алғадай­дан қаралы хабар алып, төсек тартып жа­тып қалған Жамбылға Динаның көңіл айта­тын жері бар. Дина басқалардай емес домбырамен көңіл айтады. Айгүл Үлкен­баеваның шертісі керемет қой. Дом­быра күмбірлей жөнелгенде бойымды ала­пат бір сезім билеп, көз жасымды тоқтата алма­дым. Жатқаным Ұлы бабаның өз тө­сегі еді. Содан болды ма қайдам, әйтеуір Алғадай­дың балалық шағынан соғысқа аттанғанға дейінгі сәтін елестетіп, қатты егілдім. Түсірілім біткен соң шығып келе жатсам, Жамбыл атаның немересі Салта­нат тұр екен. Екі көзі бұлаудай, "атамыздың қайғылы сәтін бірге бөліскендей болдық" дейді. Ендігі арман көпшілік көрерменді де солай тебіренте алсақ, шіркін! 
– Жамбыл көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға, десек те, оның өмірі мүлде беймәлім емес. Фильм түсіру барысында кімдер ақыл қосып, кеңес берді? 
– Ұлы баба туралы біраз кеңес берген Нағашыбек Қапалбек ағамызға, Жам­былдың өз ұрпақтары Мәулен аға мен Сал­танатқа айтар алғысымыз мол. Өте қысқа мерзімде түсірілгендіктен алдынан өтіп, ақылын тыңдап үлгермеген ағалары­мыз болса кешіріммен қарар. 
Көп жағдайда дау неден туындайды? Тарихи тұлға туралы түгел шындықты экранға шығаруды талап ететін адамдар деректі фильм мен көркем фильмнің ара­сындағы айырмашылықты түсінгісі кел­мейді. Тарихи тұлғаның өміріне қатысты негізгі оқиғаларды өзек ете отырып, оны көркемдеп, халық жүрегіндегі бейнеге айнал­дыру нағыз шеберлік пен кәсіп­қой­лықты талап ететін жұмыс. Сондықтан сы­наушылар болашақта осы жағын ес­кер­се екен дейміз. 
– Түсірілім қай жерде өтті?
– Тау Түргеннің әсем жерлері көп екен. Сол аймақта үш аптадан аса түсірі­-лім жұмыстары жүрді. Айтпақшы, түсі­рі­лімге дұрыс көзқарас білдірген ауыл бас­шылары мен тұрғындарына ризамыз. Бі­раз сюжеттері Жамбыл музейі мен Қызыл­әс­кер ауылының арасындағы қырқаларда болды. Қысқасы, киногерлер Жамбыл бабаның өз табаны тиген жерлерді таңдау­ға тырысыпты. Ең қызығы, бірінші кадрді түсірген Тау Түргендегі үйде бір жылдары Жәкеңнің өзі болып, қонып кеткен екен. Түсірілім соңынан үй иесі қатты тебіреніп соны айтқанда таңданбаған адам қалмады. Әдейі ойластырсаң да бұлай болмас еді. Біраз эпизодтар үшін Ғылым академия­сының ғимараты таңдалыпты, қалғаны па­ви­льондағы түсірілімдер. Түгел айтып бер­сем қызық болмай қалады, қалғанын фильм­нен көрерсіздер.
– Басқа кейіпкерлерді сомдаған әріп­тестеріңіз туралы айта кетсеңіз...
– Мен кино сыншысы емеспін, деген­мен, Алғадай рөлін сомдаған Олжас Сах деген жас актердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Динаны сомдаған Айгүл Үлкенбаева фильмнің әрін ашары сөзсіз. Күләш кейпіндегі Әйгерім Сәме­нова қатты ұнады. Қайсыбірін айта бе­рейін, бәрі де орнымен таңдап алынған дарынды жандар. 
Фильмді жедел арада өз дәрежесінде шығару үшін жасақталған топ жан аямай жұмыс жасады. Тіпті уақытпен де санасқан жоқ. Таңғы сағат сегізден бастап, келесі таңға дейін түсірілім жалғасқан кездер болды. Соның бәрінде қабақ шытпай, үлкен табандылық пен шыдамдылық та­ныта білді. Мұның бәрі де Ұлы бабаның рухына деген құрметтің белгісі болар. Әсі­ресе, әрбір эпизодтың техникалық және көркемдік жағынан әсерлі де кемшіліксіз шығуына бар қабілетін жұмсап жүрген ре­жиссер Әнуар Райбаев, сценарий авторы әрі екінші режиссер Бақытжан Шормақов, оператор Қаршыға Оспанов, гримдеуші Алефтина Пагиналар өз істерінің нағыз шеберлері. Әкімшілік топ та бүкіл түсіру алаңындағыларды ас-су мен жатын орын­дармен түгел қамтамасыз етіп отырды. 
– Жалпы, телеарналардың тарихи та­қырыпта фильмдер түсіре бастауына көз­қарасыңыз қалай?
– Бұрынғы кезде бір ғана Ш.Айманов атындағы киностудияға қарап аузымыз­-ды ашып отырушы едік. Ондағы кино­фильм­дерге іліккен актерлерде арман бол­майтын. Қазір телеарналардың сериал­дарды қолға ала бастауы үлкен жетістік болды. Бір айлық жалақысына күні қарап отырған актер қауымы үшін бір жағы қар­жылай демеу болса, екінші жағынан шы­ғармашылық ілгерілеу. Бұл әрине, театр мен кино саласын таңдап, өмірін соған ар­наған актер қауымының атынан айта­рым. Ал егерде қалың көрерменнің аты­-нан айтар болсам, жалғыз киностудияға қарап отырсақ, кешегі Кеңес дәуірінде орталықты ғана дәріптейміз деп жүріп елеусізде қалып қойған тұлғаларымызды елге таныту мүмкін емес. Киностудияға бөлініп отырған мемлекет қаржысымен оны бәленбай жылдарға созып аламыз. Сондықтан да соңғы кездегі телеарна­лардың тарихи тақырыптарды қолға алып, оған батыл түрде кірісіп кетуі құптарлық жағдай әрі біздің халқымыз үшін баға жетпес рухани қазына болмақ. Әрине, кез келген істің бастауы кемшіліксіз бол­майды. Әрбір шара тек тәжірибе жүзінде шыңдалады. Сондықтан жалғастыра бер­ген дұрыс.