Басты  /  Сұхбат  /  Максимилиан ФОЕДИНГЕР: Мемлекет тік қызмет ті реформалау өте сәт ті өт ті

Максимилиан ФОЕДИНГЕР: Мемлекет тік қызмет ті реформалау өте сәт ті өт ті

2311
Максимилиан ФОЕДИНГЕР: Мемлекет тік қызмет ті реформалау өте сәт ті өт ті Әлемнің 24 елінде жұмыс істеген Максимилиан Фоедингер – бүгінгі таңда Еуропалық одақтың «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметі реформасы және модернизациясы» жобасының шешуші сарапшысы.

 Ол 2003 жылға дейін жобалар құрылымы, бизнес-жоспарлар жасау және маркетинг бойынша 113 компаниямен іскерлік байланыста болған. Оның айтуынша, Еуропалық Одақтың 48 айға созылған мемқызметті реформалауға қатысты жобасы елімізде өте сәтті әрі нәтижелі аяқталғалы тұр. Сарапшы өз әңгімесін сол нәтижелерді айтумен бастады.  

 

– Меніңше, қол жеткізілген басты үш нәтиже бар. Ең алды­мен, «А» корпусына жататын мем­лекеттік қызметкерлерге қа­тысты өз ақыл-кеңесімізді біз барынша айқын бергенбіз. Бұл дегеніміз – саяси және әкімшілік қызметкерлерді өзара бөлек­тен­діру. Біз Еуропаның үздік үлгі­ле­рін Қазақстанның бүгінгі жағ­дайына сәйкестендіріп, «Ме­м­ле­кеттік қызмет туралы» жаңа заң жо­­басына енгіздіруге қолдау көр­­­­сеттік. Тағы бір басты мәселе – «Е-қызмет» бойынша ат­қа­рыл­ған жұмыстар. Бұл мемлекеттік қыз­мет саласындағы ең маңызды IT-платформа саналады. Қазір жұмыс істеп жатқан бұл жүйеге біз де септігімізді тигізе алғаны­мыз­ға қуаныштымыз. 
Қазақстанда жұмыс істе­ге­ні­мізге төрт жылдай болып қалды. Осы уақыт ішінде көп жұмыс ат­қа­рылды. Мен ең алдымен Қа­зақ­стан үкіметі мен Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі басшы­лы­ғы­на зор алғысымды білдіргім ке­леді. Өз басым осы күнге дейін 24 елде жұмыс істедім. Соның ішін­де жұмысқа деген зор тал­пы­ныс пен табандылықты тек Қа­зақ­станның азаматтарынан ғана көр­дім. 
– Сіздің көңіліңіз бұл нәти­же­лерге тола ма?
– Әрине. Өйткені осы уақыт ара­лығында мен күткеннен де жо­ғары нәтижелерге қол жеткі­зіл­ді. 
– Қазақстанда мемлекеттік ор­гандардың жеке басқару қыз­мет­тері жұмыстарын автоматтан­дыру­ға мүмкіндік беретін «Е-қызмет» жо­басы қашан бүкіл елді қамтып, то­лықтай іске қосылуы мүмкін?
– Жалпы, «Е-қызмет» қазір­дің өзінде жұмыс істеп отыр. Де­ген­мен бір жарым немесе екі жыл ішінде мәселелердің бәрі шеші­ліп, бұл жоба толық жұмыс істейді деп ойлаймыз. Бұл IT-жоба бол­ған соң, оның көзге көріне бер­мей­тін қыр-сырлары болады. Оның кейбір кемшіліктері жұмыс ба­рысында шығады. Сондықтан оны үнемі жетілдіріп отыру керек. 
– Бұл, ең алдымен, қағазбас­ты­лықтан арылуға септігін тигізе ала ма? 
– Негізінен, «Е-қызмет» мем­лекеттік қызметкерлердің жұ­мы­сын нығайтып, жақсарту үшін жа­салып отыр. Алайда қағазбас­тылықтан мүлдем бас тартылады деп айта алмаспын. Әрине, бұл қа­ғазбен жұмыстың көлемін бір­шама азайтады, бюрократиялық ке­дергілер де кемиді. Бұл жоба күн­делікті жұмыстарды тез атқа­рып, стратегиялық жоспарларға көбірек көңіл бөлуге зор мүм­кіндік береді. 
Қазақстан – Орталық Азия­да­ғы ең бай әрі дамыған мемлекет бол­ғандықтан, ең жақсы нәти­же­лерді де сіздің елдеріңіз көрсетіп отыр. Егер біз Қазақстан мен Ор­талық Азиядағы басқа да мем­ле­кеттердің нәтижелерін са­лыс­тыратын болсақ, қазақ елінің ал­дыңғы қатарда тұрғанын еріксіз байқайсыз. Қазақстанның бұл елдермен екі басты айырмашы­лы­ғы бар. Біріншісі – Қазақстан үкіметінің өз халқының жағдайын жақсартуға үлкен талпыныспен ба­рып, соған сәйкес атқарып отыр­ған жұмыстары. Екіншісі – қазақ елі қазба байлықтарға бай мемлекет. Осы екі мәселенің бір­ге жүруі мемлекеттің алдыңғы қа­тарлы орындардан көрінуіне септігін тигізіп отыр. 
Қазіргі күні Қазақстанда өте жақ­сы үрдіс байқалады. Бұл – халыққа қызмет көрсету орта­лық­тары. Бұл өте дұрыс құрылған ор­талықтар. Себебі кез келген адам «бір терезе» қағидасы бо­йын­ша өзіне қажетті мағлұмат-құ­жаттарды тез арада қолына ала­ды. Әлемдегі ең дұрыс жұмыс істейтін орталықтар Қазақстанда құрылған дер едім. 
– «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заң жобасына қандай баға бе­рер едіңіз?
– Жаңа заңда төрт маңызды қа­ғидат, атап айтсақ, құқықтың жо­ғарылығы, ашықтық, тиімділік пен есепберушілік сияқты тұстар толықтай қамтылған. Жалпы, заң­ның маңыздылығынан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер де үнемі кәсіби біліктілігі мен білі­мін жетілдіріп отыруы керек. 
– Естуімізше, сіз «Е-қызмет» сияқ­ты жобаларды әлеуметтік же­лілер арқылы жастарға жеткізу мә­селесін де көтеріп жүрсіз. Оның мүм­кіндіктері қандай? 
– Қазіргі таңда Еуропалық Одақ­тың мемлекеттері бұл мәселе жөнінде терең ой қозғап отыр. Бұл – өте өзекті мәселе. Бүгінде жас ұрпақ өкілдері электронды пош­таны көбіне-көп қолданбайды. Есесіне, әлеуметтік желілерде көп отырады. Тіпті бұл жас ұрпақ өкіл­дерін бізде «уай-ұрпағы» деп те атап жүр. Бұрын олардың рес­ми мәртебесі болса, қазір ол да жоқ. Бүгінгі таңда сіздің үкімет үшін де ең маңызды сауал – әлеу­меттік желілерді қалай қоғамда интеграциялауға болады деген мә­селе. Мысалға, мемлекеттік қыз­меткер «Фейсбукте» қандай- да бір мәселелерді жариялап, тіпті, министрге пост жібере алар ма екен? Кеше мен үш халық­ара­лық компанияны зерттей оты­рып, оның екеуінің «Фейсбукте» сайт ашып отырғандарын бай­қа­дым. Бұл жерде ойланатын бір мә­селе: кім бұл посттарды жария­лап отырады? Тіпті бұл салаға қа­жетті жаңа мамандық немесе лауа­зым да керек шығар деп ой­лай­мын. Өкінішке қарай, «Е-қыз­мет» дайындалған тұста біз осы ма­ңыз­ды тетікті ескермедік. «Е-қыз­мет» көбіне мемлекеттік қыз­меткерлердің тобына бағыт­талған соң, коммуникация мә­селесі ескерілмеген. Болашақта не боларын көрерміз. Бұл сала­дағы басты қағидаттардың бірі ашықтық екенін ескерсек, әлеу­мет­тік желілер ашықтықтың бас­ты үлгісі боп отырғанын ұмыт­пауы­мыз керек. 
– Сіздің ойыңызша, сыбайлас жем­қорлыққа апаратын екі жол бар екен. Біздіңше, оның үшінші жолы – жалақының аздығы. Мәсе­лен, мемлекеттік қызметкерлердің ішінде 48 мың теңге жалақыға күн көріп отырғандар да жоқ емес. Жа­лақының төмендігі де сыбайлас жем­қорлыққа апармай ма? 
– Қай елді алсаңыз да, мен айт­қан мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа алу салалары дүниежүзі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты ең үлкен көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Меніңше, мемле­кет­тік қызметкерлердің жемқор­лыққа бармауы үшін, шынында да, өте жоғары жалақы болуы ке­рек. Мен сізге Австрияның мы­са­лын келтіре кетейін. Әлем бойын­ша Австрияда жемқорлық көрсеткіші өте төмен. Австрияда по­лиция қызметкерлеріне қатыс­ты пара алу фактісі атымен жоқ. Қазақстан делегациясының өкіл­дері Австрияға тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен барған ке­зінде «Қалайша полиция сала­сында жемқорлықты жоя ал­дыңыз­д­ар» деп сауал қойды. Бұ­ған басты себеп – полиция қыз­меткерлерінің жоғары жалақысы. Сондықтан полиция қызмет­кер­лері мүлдем жемқорлыққа бар­майды, себебі олар үшін жұмысы мен қоғамдағы мәртебесі қымбат. Мемлекеттік қызметкерлер де кәсіби біліктілігі жоғары азамат­тар. Сондықтан олардың жалақы­сы да тиісті деңгейде жоғары бол­уы керек.
Бүгінде Еуропада үлкен эко­номикалық дағдарыс болып жа­тыр, соған қарай, тіпті, үкімет­тен гөрі жеке сектор өз қызмет­кер­ле­ріне төмен жалақы төлейді. Ал мемлекеттік қызметтегі адамның жалақысы жоғары болуымен қатар, ол ертең жұмыссыз қала­мын деп уайымдамайды. Себебі мемлекеттік қызмет – тұрақты жұ­мыс. Австрия халқының 40 пайызы мемлекеттік қызметте жұ­мыс істейді. Орташа жалақы – 2000 евродан жоғары. Мә­селен, біздің жүйе бойынша мем­лекеттік қызметтегі еден жуу­шы­лардың да жағдайы ескерілген. Олар 1000 евродан төмен жалақы­ға бар­майды. Тіпті, олар карье­ра­лық тұр­ғыдан да өсе алады.
– Естуімізше, сіз австриялық бі­лім жүйесінің кеңінен таралуына атсалысып келесіз. Бұл туралы то­лығырақ айтасыз ба?
– Бүгінгі таңда Австрияның бі­лім саласы әлемдік білім жүйе­сінде жоғары бағаланады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің білім жүйе­мізге шетелдік жастар көп қы­зыға бермейді, себебі дәрістер неміс тілінде өтеді. Бұл өзіндік ке­дергі боп тұр. Сондықтан біз тұң­ғыш рет Қазақстанда MBA бағ­дарламасы бойынша аккре­дитациядан өткен орыс тілінде дәріс оқитын австриялық бағ­дар­ламаны енгіздіргелі жатырмыз. 
Біз жергілікті нарықты әбден зерт­теп шықтық. Байқауымызша, мұнда жеке білім беру ұйымдары басым. Ал біз мемлекеттік білім берумен қатар, өз сапасына жауап бере алатын магистрлік бағдар­ла­маны ұсынамыз. Студенттерімізге көбіне теориялық емес, практика­лық білім беруге тырысамыз. Яғ­ни бағдарлама түлегі диссер­тация емес, нақты бизнес жоспар жасап шығады. 
Тағы бір айта кетерлігі – баға сая­саты. Мысалы, Ұлыбри­та­ния­дағы MBA бағдарламасының бағасы 15-18 мың фунт стрелингке дейін барады. Австрияда бұл бағ­дарламаның бағасы – 12 мың евро, бірақ бізде әр студентке сти­пендия төлеу қарастырылған. Бұл айтулы бағдарламаның жарты құнын жабуға мүмкіндік береді. Яғни қазақстандық талапкер ел­ден алысқа ұзамай-ақ, 6 мың ев­роға еуропалық деңгейдегі бизнес әкімшілігі магистрі атана алады. 
– Сұхбатыңызға рақмет! 

 

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ