Басты  /  Сұхбат  /  ДӘУЛЕТ пен ГҮЛХАН: Біз ерлі-зайыпты емеспіз

ДӘУЛЕТ пен ГҮЛХАН: Біз ерлі-зайыпты емеспіз

10502
ДӘУЛЕТ пен ГҮЛХАН: Біз ерлі-зайыпты емеспіз – Соңғы уақытта қазақ өне­рінде Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира, Бүркіт пен Айша, Қы­дырәлі мен Қарақат, Мирас пен Құралай секілді сахнада бірге ән айтып жүрген өнерлі жұптар бар­шылық.

Сендер Гүлхан екеуіңнің дуэт болып ән айтып, көрермен­дердің ілтипаты мен ықыласына бөленіп жүргендеріңе де біраз жылдың жүзі болды. Ғаламторда жариялаған суреттеріңде екеуіңнің теңізде де, құрғақта да кәдуілгі қос аққудай жұптасқан әдемі, ой салар суреттеріңді жиі көруге болады. Шыны керек, осындай суретті көрген өнерсүйер қауым сендерді ерлі-зайыпты деп қабылдайтыны анық. Анықтап алғымыз келетіні, сендер де ерлі-зайыптысыңдар ма?
Дәулет:
Дәл осы сұрақты жур­налистер қауымы сан мәрте қойған-ды. Бірақ біз оларға ешқандай жа­у­ап берген жоқ едік. Ал бүгін сізге ашығын айтып, ағынан жарылайық деп шештік. Себебі сан мыңдаған тыңдармандарымызды дәл осы мәселе ерекше қызықтыратыны анық. Әдетте, бұған дейін менен біреу-міреу «Гүлхан қайда?» деп сұрай қалса, мен еш ойланбастан «үйде» деп жауап береді екенмін. Ал мұны естіген әлгі адамдар Гүлхан екеумізді бір шаңырақта тұрып жат­қан ерлі-зайыптылар деп ой­лайды екен. Содан мен өз сөзімді тара­зылай келіп, осы күні Гүлханды сұрағандарға «ол үйінде» дейтін болдым. Бұған қоса мен биыл орда бұзар 30-дамын. Ал Гүлхан екеуміз өмірде емес, өнерде жұппыз, үлкен доспыз. Өнер сахнасында жүрген Тоқтар мен Бейбіттен, Қарақат пен Қыдырәліден, Жазира мен Жанбо­лат секілді әріптес дос­тарымыздан біздің айырмашы­лығымыз да, міне, осында! 
 – Бір ақиқат, о баста Тоқтар мен Бейбіт сахнаға ән айтып бірге шық­қан кезде, екеуінің де бойдақ екенін ұғынған көзіқарақты жұрт­шылық арасында «екеуі қос аққудай жара­сады екен. Екеуінің отбасын құрып, шаңырақ көтергені жөн ғой» деген пікірлерді айтып, екі жасқа шынайы се­зімдері мен ыстық ықы­ласын біл­дірген еді. Ақыры жұрттың жылы пі­­кірін Алла қолдап, екі жас отбасын құр­ғанын жақсы білеміз. Сонда екеуіңді жақын­дастырып, өнер айды­нын­да бірге «жүздірген» қандай құдірет?
– Біз Гүлхан екеуміз Темірбек Жүр­генов атындағы Өнер акаде­миясында бір топта бірге оқыдық. Содан бері ажырағысыз доспыз. Әрине, біз өнер жолында жүрген­діктен, елімізде болсын, шетелдерде болсын, бірге жүреміз. Шындығын айтсам, бір нанды бөліп жүрген досқа айналдық. 
– Өзің қалай ойлайсың, егер Гүл­хан келін болса, қандай келін болар еді?
– Менің ойымша, Гүлхан кере­мет келін болатыны анық. Алайда біз жақын дос болғаннан кейін о жағын әлі ойламаппыз. Рас, халық «күні кеше ғана Тоқтар мен Бейбіт «біз доспыз» деп жүріп, отбасын құрды. Бәлкім, Дәулет пен Гүлхан­ның да асыл ойлары бар шығар, халыққа жария етпей жүрген болар» деп ойлауы әбден мүмкін. Әрине, біз болашақты болжай алмаймыз. Өйткені мұның барлығы да Алла­ның қолында! 
– Өзіңнің осыдан біраз бұрын келін түсіріп, қайнаға атанғаныңды естігенбіз. Әсілінде, қазақтың салты бойынша жігіттің қызға сөз салатыны бар. Әрбір ата-ананың асыл парызы – ұлын үйлендіріп, қызын құтты жерге қондыру екені белгілі. Бұған қоса, халқымызда «жақсыны жатқа жібермейді» деген сөз бар. Осы жа­ғын ескеріп, анаң «Дәулет-ау, сен Гүлханды алысқа жіберме, келін болуға лайық» дегендей ниет білдірген жоқ па? Жоқ әлде, өзің Гүлханға «шаңырақ көтерейік» деп ұсыныс айтпай жүрсің бе? 
– Ата-ана демекші, өзім және әке-шешем туралы айта кетейін. Мен Алматыда өмірге келдім. Әкем Құдайберген суретші, өнертану ғылымының кандидаты, профессор болатын. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында проректор болып қызмет атқарды. Өкінішке қарай, осыдан бес жыл бұрын өмірден озды. Ал анам – мектепте биология пәнінің мұғалімі. Ата-анам Гүлханды жақсы біледі... Жалпы, біз үйде үш ағайындымыз. Алдымен мамандығы дизайнер-суретші Құрмет есімді ағам үйленді. Одан соң Мирас есімді інім отау көтерді. Сөйтіп, мен жолымды ініме берген жайым бар. Мұны айтып отырғаным, қазіргі күні той жасау «алмақтың да, салмағы бар» дегендей, оңай емес. Дегенмен алдағы уақытта менің де шаңырақ көтеріп, отау құратын уақытым келер деген ойдамын. «Ештен кеш жақсы» деген емес пе?!. 
– Дәулет, қазір жаңа жиырма бірінші ғасыр – техника ғасыры. Сенің техника тілін меңгеруді мақсат етпей, өнер жолын таңдауыңа не себеп болды?
– Қазақта «ұяда не көрсең, ұш­қанды соны ілерсің» деген да­налық сөз босқа айтылмаса керек. Менің өнерге келуіме алдымен, ата-анам себеп болды деп айта аламын. Жаңа айтқанымдай, әкем марқұм бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнады. Анам ұстаз болғанымен, өнерден де құралақан емес. Олар бізді кіш­кен­тайымыздан ән айтуға, өнерге баулыды. Жас кезімізде үйге ата-анамның достары, әріптестері, туған-туыстар жиналғанда біздер – балалар әуелетіп ән салатынбыз. Менің ән айтуға деген құмарлығым ерекше болды. Бұған қоса, біздің бір ерекшелігіміз, бір шаңырақта ержеткен үшеуіміз де жастайы­мыздан сурет салуға бейім болдық. 
– Ежелден қалыптасқан дәстүр – әннің сөзін ақын жазатын, компо­зитор ән шығаратын, ал әнші әлгі әнді халыққа жеткізетін. Ал бүгінгінің жастары өзі ақын, өзі композитор әрі әнші. Осының салдарынан сауатсыз өлең, шалажансар ән өмірге келуде. Осыдан құтылудың жолы бар ма, қалай ойлайсың?
– Шыны керек, мен өлең де жазбаймын, ән де шығармаймын. Өйткені мен орындаушы, яғни ән­шімін. Сондықтан тек өз ойымды ғана білдірейін. Рас, қазір арамызда халық жылы қабылдаған әнін өзі нақышына келтіре орындайтын өнер иелері – біздің құрбыларымыз баршылық. Бұл, әрине, кім-кімді де қуантады. Дегенмен олардың арасында қаржы табу, күнкөріс амалымен әннің сөзін өзі жазып, әнін өзі шығарып, қайдағы бір күлді-бадам туындыны орындап жүрген замандастарымыз да жоқ емес. Менің білетінім, мұндай «арзан» өнер адамының ғұмыры ұзаққа бармайтыны ақиқат. 
– Өзің үлкен өнер жолында кім­нен дәріс алдың және кімді пір тұ­тасың? 
– Мен Жүргеновке дейін Ал­ма­тыдағы Жүсіпбек Елебеков атын­дағы эстрада-цирк колледжін тәмамдадым. Мұнда Қазақстанның халық артисі Лаки Кесоглының сыныбында оқып, ән айту өнерінің қыр-сырын меңгердім. Одан соң тағы да төрт жыл Өнер академия­сында Лаки ағаның тәжірибесін үйрендім. Бір сөзбен айтқанда, мені жеті жыл бойы әншілік өнерге бау­лыған ұлағатты ұстазым, ақылшым – Лаки Кесоглы. Мен үшін ұстаздың орны әрдайым жоғары!
– Бүгінгі күні шетел жұртшылы­ғы қазақ өнерін қалай қабылдайды? Әсер қандай?
– Өнер сахнасында жүргелі бері біраз шетелде болдық, оларды сана­малап жатудың қажеті болмас. Дегенмен Гүлхан екеуміз былтыр Ресейдің Самара қаласында болып келдік. Мұнда Ресейде өмір сүріп жатқан барша қазақ қауымы Наурыз мейрамын өткізді. Бұл салтанатқа біз Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыруымен бардық. Бастапқыда біраз қобалжыдық. Себебі екеумізді танымайтын жұрт бізді қалай қабылдар екен деген ойда болдық. Дегенмен мұндағы қазақ бауырла­ры­мыз біз орындаған әрбір әнді ай­рықша ықыласпен, зор ілтипат­пен қабылдады. Көршілес Қытай елінде өнер сапарында болғаны­мызда, осында тұратын қазақ ба­у­ырларымыздың да халқымыздың халық әнін сүйіп тыңдайтынының куәсі болдық. Олардың әр әннен соң қайта-қайта дуылдата қол шапалақтап, бізді сахнадан жібергісі келмегені Қытайда өмір сүріп жат­қан қазақ бауырларымыздың атажұртқа, атамекенге деген сағы­нышын жеткізгендей әсер етті. Еуропаға барғанда да қазақтың халық әндері мен әуезді музыкасын ерекше сүйіп тыңдайтынына көзіміз жетіп қуандық. Әсіресе, Еуропаның әр аймағында тарыдай шашылып, Қазақ елін бір көруге құмартып, атажұртты сағынып жүрген қазақ бауырларымыз қуа­ныштан көздеріне жас алғаны­ның куәсі де болғанымыз бар. Бұл әрине, туған елге, атамекенге деген сағы­ныш екені даусыз. Одан соң Түр­кияның Ыстамбұл қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрыл­тайына шақырылдық. Сол жолы осында тұрып жатқан бауырлары­мызға Қазақ елінің ыстық сәлемін әнмен жеткіздік. Сонда байқаға­нымыз, мұндағы қазақ ағайындар­дың да төл өнерімізіге, оның ішінде халық әндеріне деген сұранысы ерекше екен. Өнерімізді тамаша­лаған ақ жаулықты аналармыз бен ақсақалдар, әсіресе: «Ой, бәрекел­ді! Жаса қазағым!» деп ұрандатқан­да, біз де толқып, туған халқымыздың ұлттық өнерінің мәртебесі зор екендігіне тағы бір рет көз жеткіздік. Одан соң өткен жылы Қазақстан­дағы Қытай елшілігі қазақстандық жастар үшін «Қытайды танып біл!» деген бағдарлама бойынша осы елге арнайы сапар ұйымдастырды. Бағдарламаның аты айтып тұр­ғандай, бұл шара негізінен, қазақ­стандық жастарды көршілес ел – Қытаймен жан-жақты таныстыруға бағытталған екен. Біз Қытайдың астанасы Бейжінде, ең ірі қаласы Шанхайда және Хайнань арал­дарында болып, тарихи орындарды араладық. Бір байқағанымыз, қай елде болсақ та, шетел азамат­та­ры­ның қазақ өнерін сүйіп тыңдай­ты­нының, ұлттық өнерімізге ай­рық­ша құлшынысының куәсі болдық. 
 
Гүлхан: Мен Сыр өңірінде ұс­таздар отбасында туып-өстім. Мар­құм атамнан бастап әкем, шешем, бүкіл әулетіміз ғұмыр бойы ұс­таздық қызметпен айналысқан адамдар. Егер әнші болмағанда менің де ұстаздық жолды таңдауым әбден мүмкін еді. Алайда өнердің құдреті болар, мен әншілік жолды таңдадым. Әкем баянда жақсы ойнайды. Тоғызыншы сыныптан соң Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледжді музыка мамандығы бойынша бітірдім. Студент кезімде облыстық іс-шараларға белсене араластым. Кейін облыстық фи­лар­мония әншілік қызметке шақыр­ды. Біраз жыл әнші болдым да, одан соң Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясына оқуға түстім. Мұнда Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиевадан, та­нымал әнші Толқын Забировадан тәлім алдым. Осы білім ордасында өнердегі досым Дәулетпен таныс­тым. Бағыма қарай, оқуды бітірген соң Роза Рымбаева, Мақпал Жүні­сова, Сембек Жұмағалиев сынды аға-апаларым жұмыс істейтін, Жеңіс Сейдолла аға басқарған «Гүлдер» ансамблінде қызмет жасау бақыты бұйырды. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, Өнер академия­сының магистратурасында білімімді жалғастырдым. Ғылыми жетекшім, ұлағатты ұстаз Гүлзада Омаровадан тәлім алдым. Сөйтіп, сахна мен ұстаздықты ұштастыруға бел будым. Осылай 17 жасымнан бастап өнер­дің ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан жайым бар. Дәулет екеуміз бастапқыда жеке дауыстағы әнші болдық. Кейінірек дуэт болып ән айтуды қолға алдық. Міне, содан бері өнер айдынында біргеміз. Бізді халыққа танытқан және өнердегі бойтұмарымызға айналған ән «Көзімнің мөлдірін-ай» әні болды. Қай жерде болсақ та, өнерсүйер қауым осы әнді айтқызбай қайтар­майды. Бәлкім, бұл әннің халық жүрегінен орын тапқаны болар.
– Гүлхан, осы сені кітапқұмар деп естиміз, осы қаншалықты шындық?
– Жалпы, кітапқұмарлықты бала кезден ояту керек. Ал жас кезінде оқымағанды есейгенде қанша күштесең де оқу қиынға тү­сетіні белгілі. Менің кітапқұ­марлық қасиетімді оятқан ата-анама разымын. Үшінші сыныпта Бер­дібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып кел­мейді», «Қайдасың, Гаухар?» шы­ғар­маларынан бастап, есейе келе Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұр­шайықов сынды бірқатар жазу­шы­лардың біраз туындыларын түгестім. Сол қызығушылығым әлі де басылар емес. Қазір қазақ жазу­шылардың көркем шығарма­ларымен қоса, шетел классиктерін, әлемді өнерімен тәнті еткен қай­таланбас таланттардың мемуар­ларын қызыға оқимын. Таяуда халқымыздың біртуар азаматы, ғаламат актер Асанәлі Әшімовтің орыс тіліндегі «Ваш любимый Аса­нали» атты кітабын оқып шықтым.
– Қазақ өнерінде қай продюсер, яғни ұйымдастырушының қабілет-қарымын ерекше бағалайсың?
– Сөз жоқ, «Ұлытау» тобы ар­қылы қазақтың қара домбырасын әлемге танытып жүрген Қыдырәлі Болманов ағаның қабілетін жоғары бағалаймын. Одан бөлек, Баян Есентаева, Майра Ілиясова, Ерік Тастанбеков сияқты жақсы продюсерлеріміз де жоқ емес. Өзіме келер болсам, үлкен өнерге араласқалы бері екі продюсерден ұсыныс алдым. Аттарын аттамай-ақ қояйын, себебі танымал адамдар емес. Ол кісілердің талаптарымен келіспегендіктен, бірге жұмыс істеуден бас тарттым.
– Тұшымды әңгімелеріңе рақмет. Үлкен өнерде зор табыс тілеймін!