Басты  /  Сұхбат  /  Айдос ҮКІБАЕВ, «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы: АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ 20 ЖЫЛ

Айдос ҮКІБАЕВ, «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы: АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ 20 ЖЫЛ

3516
Айдос ҮКІБАЕВ, «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы: АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ 20 ЖЫЛ Биыл «Хабар» Агенттігінің құрылғанына – 20 жыл. Қазір Агенттік тұңғышы «Хабар» бастаған төрт телеарнадан тұратын тату отбасыға айналған.

 Оған қоса, жаңа телевизиялық маусымда еліміздің бас арнасы жарқын жобалармен көрерменін таңғалдырып жатқаны тағы бар. 20 жыл ішінде алып Агенттік тек ақпараттық холдинг қана емес, үлкен қоғамдық-саяси орталыққа айналып үлгерді. Осы және басқа да маңызды мәселелерге қатысты сұрақтарымызды біз «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы Айдос Үкібаевқа қойған едік. 

 

– Айдос Ыдырысұлы, сіз 18 жылдан бері табан аудармай, «Хабар» арнасында табанды қыз­мет етіп келесіз. Журналис­тика­дағы жолыңызды осы ұжымда қарапайым тілшіліктен бастап­сыз. Кейінгі 4 жылдан бері тұтас Агент­тіктің төрағасысыз. Шар­шаған жоқсыз ба?
– «Хабар» – менің екінші үйім. Ал үйден, ондағы ұйым­шыл, ұжым­шыл отбасыдай бо­лып кет­кен әріптестерімнен, қы­зық шы­ғармашылық процес­тен қажыған адамды әлі көрген емеспін. 
– Осылай жауап береріңізді біліп едік. Биылғы жаңа мау­сымға жақсылап дайындал­ғандарыңыз көрініп тұр. Ненің екпіні? 
– Иә, ол рас. Тек биылғы емес, біз әр маусымға тыңғы­лықты дайындаламыз. Жур­налист дегенде, оны диқанмен салыстырғым келіп тұрады. Сол диқанның жыл он екі айда бір сәті болады. Қыстың қытымыр аязынан кейін, күн қызып, жер бусанғанда, ол да басқалар сияқ­ты немересін алып, құдасына барып, рахаттанып қыдырғысы келеді. Бірақ дәл сол уақытта ди­қандар шаруаның бәрін тас­тап, жерге жабысады. Бар бол­ға­ны 10 күн. 10 күнді қапы жібер­мей, егініңді егіп қойсаң, кейінгі несібең дайын. Біздің телеви­зияда да сондай. Әрбір телеви­зиялық маусым – біз үшін әлгі диқанның он күніндей көрерме­німіздің сенімін бекітіп, ықы­ласын оятып алуға таптырмас мүмкіндік, толассыз науқан. 
– Агентікке қарасты арна­лар жаңа маусымға қандай тосын­сыйлар әзірледі? 
– Өткен жылдары көпші­ліктің көзайымына айналып, ел бойынша ең жоғары рейтинг жинаған «Бенефис – шоу» жо­басы мен «Ду-думан» әзіл-сықақ бағдарламасының жаңа мау­сымы басталды. Биылғы мау­сымда мектеп оқушыларына арналған «Я – чемпион» атты ойын-сауықтық бағдарлама жарық көрді. Бұл – «Нұр Отан» партиясымен бірлескен жо­бамыз. «Жанды дауыс» музы­калық шоуына көрермендер тарапынан да қызығушылық жоғары. Осы айда қарапайым қазақстандықтардың ойлап жүрген армандарын орындауға көмектесетін «Арман қана­тында» атты әлеуметтік-имидж­дік жобасы көрерменге жол тартпақ. Танымал мәдениет және ғылым қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Тағдыр жолы» атты деректі бағдарламалар циклі да шығуда. Сондай-ақ біздің Агенттікке қарасты «24 KZ», «Білім және Мәдениет», «Kazakh TV» арналары қалыптасқан дәстүрге сәйкес, жаңа маусымға тың дүниелер әзірлеуде. Күзгі маусымда осы арналардың эфирінен «Қазыналы мекен», «Беймәлім Қазақстан», «Өмір жолы», «Жылдар... жырлар», «Жаңа Жібек жолы», «Шынайы өмір» және т.с.с. көптеген тележобалар эфирге шықпақ. 
– «Хабардағы» бұрыннан шығып келе жатқан бағдарлама­лардың дені уақытын өзгертіп, кейіпкерін күрделендіріп жатыр. Бұл да сол жаңа маусымның қарбаласы ма? 
–Иә, қоғамдық-саяси ба­ғыттағы «Жекпе-жек», «Біздің үй» ток-шоулары, «Орталық Хабар» мен «Арнайы хабар» бағдарламалары журналистік зерттеу жанрын күшейтті. Ирак Елекеев ағамыз жүргізетін «Көзқарас» бағдарламасы сәске уақытынан ауысып, салмақты пікір айтылатын түнгі интеллек­туалды-танымдық хабар фор­матына өтті. 
Басты арнаның рухани ин­теграцияны байытатын жо­баларға әрдайым ақпараттық қолдау көрсетіп отыратынын да айта кетейін. Биыл алғаш рет халықаралық «Бала turkvision» балалар ән байқауына бас ақпараттық демеуші болсақ, енді желтоқсан айында Ыстамбұлда өтетін ақтық бәсекені көрсететін боламыз. Алда өтетін «Turkvision-2015» байқауын да өнер­сүйер қауым тек біздің арнадан тамашалай алады. Біз енді сөз­дің шыны керек, тек мем­лекет­тік тілде ақпарат тарататын арна емеспіз. Тіл тазалығын ұстауға міндет қойылып отырған жоқ және біздің бұл тұрғыдағы миссиямыз сәл басқаша. Сіз Қазақстанның көпұлтты, әркім­нің тіл, сенім бостан­дықтарына қол сұғылмайтын және олар Ата заңымызбен қорғалатын мем­лекет екеніне келісетін шығар­сыз. Әрі десе, нәмі қазақ болға­нымен, терісін қырнасаң, ішінен басқа ұлттың ділінде, басқа мәдениеттің ықпалындағы талай қандасымыз тағы бар екеніне де келісерсіз. Қармаққа құртты қыстырған сияқты, мұндай ала-құла кон­тингентті өзгенің алқызыл өніміне, сол өнімнің артындағы идеологиясына, экспансиясына ауып кетпеуі үшін де қазақ тілі­мен қатар орыс тілін қолдануға тура келеді. Егер біз әзірше қа­зақ тілінде сөйле­мейтін қазақтар мен отандаста­рымызға мем­лекеттік тілмен қатар орыс тілінде де ақпарат беріп, қызмет көрсетпесек, ертең олардың өзге елдердің телеарналарын ғана көретін, бізге жатбауыр субъек­тілерге айналып шықпасына кім кепіл!? 
Солай бола тұра, «Хабар» ар­насындағы қазақтілді бағдар­ламалардың үлес салмағы 63-65 пайыздың айналасында. Есіңізде болса, бұл көрсеткіш Отанымыз­дағы қазіргі қазақ пен өзге ұлыстардың сан пропор­циясымен де шамалас. Бастысы, қазақ тіліндегі бағдарламаларға деген сұраныс жылдан-жылға көбейіп келеді және біз соның тамырын баса отырып, санын арттырып жатырмыз. Сон­дықтан Елбасымыз айтпақшы, «уақыт біздің пайдамызға жұмыс істеп жатыр». Түсінген адамға бұдан артық тоқтам жоқ. 
Біз шетелдік өнімдер танып отырған құндылықтар саясатын жай ғана көрсеткіміз келмейді. «Сен нағыз қазақсың, бізді көр, ал сенің тілді меңгеруің мүшкіл екен, онда қарайтын арнаңды өзің тап» деген солақай саясат біздің жағдайға келмейді. Бөлу оңай, біріктіру қиын. Қиын болса да, тілді білу-білмеу дең­гейіне қарамай, азаматтары­мызды ортақ қазақстандық құн­дылықтар төңірегінде тәрбиелеу – міне, осы бізге артылған миссия.
– «Хабар» арнасы тіл таза­лығын сақтамайды, шұбар тілді өнімдер бар» деген сын орынсыз демексіз ғой. Солай ма? 
– Бір ғана мысал келтірейін. Жаңа маусымда сегіз сериал жарық көретін болса, соның тек екеуі ғана қос тілде. Ал қалған телехикаялар таза қазақ тілінде. «Қыз жолы» сериалы, «Көрші­лер» комедиясы, «Бәсеке» теле­хикаясы, «Құстар әні», «Ақыл­дың кілті» фильмдері болсын. 
 Мынаны дұрыс түсінейікші, сын сындарлы болса, оны өз басыммен қабылдауға әзірмін. «Хабар» десе, жұрт оны тек жақсы көріп тұруы қажет деген нарциссизм дерті бойымызда жоқ. Бұл «Хабар» Агенттігінде қызмет жасап отырған 1400-ден аса адамның да корпоративтік қылығы деп айта алмас едім. Солай емес пе? Ендеше, сын болсын, бірақ шын болсын. Ал мемлекеттің идеологиясын, сол идеологияның басты ақпараттық қайнар көзі болып отырған арнаның саясатын түсінбей, түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, көпе-көрінеу айып тағып, негізсіз жала жапқан әсіребайбаламшылардың сөзін мен сын деген санатқа жатқыза алмаймын. Сіз де айып етпеңіз, олар да айып етпесін. 
Гегель айтпақшы, «біз ауру­мыз және соған өзіміз емшіміз». Талап етейік, бірақ Қазақ­стан­ның полиэтникалық жағда­йын, Елбасымыздың осыған бай­ланысты жасап отырған майдан қыл суырғандай саясатын да түсінейік те. Мынадай тәмсіл бар еді: сабырлыны жайбасар, ақылдыны аяр, сақты қорқақ көрме деген. Спинозаның өзі “Жек көрме. Түсін!” демей ме? Біз ыстық су ағатын краннан қолдан суық суды ағызып отырған жоқпыз. 
– Биыл «Хабар» арнасы 20 жылдығын атап өткелі отыр. Мерейлі күнге орай не дайындап жатырсыздар? 
– Мерейтойымыздың құрметіне көптеген танымдық хабарлар ұсынатын боламыз. Мысалы, Ұлы Абайдың қара сөздеріне арналған 12 бөлімнен тұратын деректі сериал біздің 20 жылдық тойымызға қарай кө­рерменімізге ұсынар жау­һардың бірі болмақ. «Хабардың» 20 жылдық тарихында із қалдырған тұлғаларымызды түгендеп, ар­найы деректі фильм де даярлап отырмыз. Бұл енді эфирге қатыс­тысы. Ал былайғы «эфирде» іс-шараларды бастап кеттік. 20 жылдығымызға қарай Астана­да 20 түп ағаш отырғызудан бас­тап, футбол турнирін ұйымдасты­ру, кітап шығару, Еуразия ұлттық университетінде «Хабардың» дәрісханасын ашу деген шаралар толып жатыр. Бірақ бастысы, есте қалатындай тойлау емес қой. Біз өсіп жатырмыз, біз да­мып жатырмыз. «EuronewsSA» ақпараттық арнасының бас директоры Майкл Питерстің «Хабар» Агенттігінің үшінші тәуелсіз директоры болуы, Еуро­ньюспен ұзақмерзімді әріптес­тікке отыруымыздан бастап кор­поративтік басқаруды өзгерту, қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру, креативті дүниелер ұсынуға бет алу – ауыз толтырып айтатын дүние көп, шүкір. Ең негізгісі, «Хабар» өзінің басты саяси, ресми, мемлекеттік жаңалықтарды бірінші таратар ақпараттық орталық деген брэндін сақтап келе жатыр. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүл БЕКЗАТ