Басты  /  Сұхбат  /  Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі: Шаһар шырайланып, айшықты орталыққа айналады

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі: Шаһар шырайланып, айшықты орталыққа айналады

3876
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі: Шаһар шырайланып, айшықты орталыққа айналады

– Нұрлыбек Машбекұлы, Сыр елінің жүрегі деп мақтанышпен аталып жүрген Қызылорда шаһарында бүгін таңда ат­қарылып жатқан жұмыстарды өзіңіз­ден естігім келеді.
– Қала облыс экономикасының барлық саласындағы өрелі өз­герістердің алдыңғы шебінен көрініп, өңірдің қалған аумақтарының дамуына жаңа серпінімен, жаңашыл бас­тамаларымен үлгі көрсетті.Билік пен бұқараның берекелі бірлігінің, ел мүддесі үшін қызмет етіп отырған әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында қала қазынасы молайып келеді. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өткен жылы 1 трлн 45 млрд 478 млн теңгенің өнімі өндірілді. 
Облыста өндірілген өнімнің 92 пайызы, салынған құрылыс нысанда­рының 50 пайызы Қызылорда қала­сының үлесіне тиді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 31 млрд 280 млн теңгені құрап, тамақ өнімдерін өндіру 29,5 пайызға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру 3,2 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 18 пайызға артты. Қала бюджеті бұрынғы жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға ұлғайтылып, 38 млрд 585 млн теңгені құрады. Оның ішінде кіріс салық базасын кеңейту бағытында қабылдан­ған шаралардың негізінде 1,5 есеге өсіп, жалпы бюджет кірісінде 37 пайызды құрады.
Бұл қаржылардың 32 пайызы – білім, 33 пайызы – коммуналдық шаруашылық, 23 пайызы құрылыс саласына бағыт­талды. Жыл ішінде меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар есебінен негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 133 млрд 200 млн теңгені құрап, облысқа салынған ин­вестицияның 51 пайызын қамтама­сыз етті. 
– Ауыл шаруашылығы өнімінің жал­пы көлемі де ұлғайған болар. Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі, еңбек етушілер­дің жағдайы қалай, жұмыс ырғағы­на көңіліңіз тола ма? Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оқшау қалған жоқ па? Олардың жұмыспен қамтылуы қалай? Шағын және орта кәсіпкерлікті да­мытудың ахуалы ше?
– Иә, мал шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 102 пайызды құрады. Барлық мал басы түрінен тұрақты өсім бар. Есепті мер­зімде мемлекеттік бағдарламалар аясында 8 шаруа қожалығына 95 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, «Сыбаға» бағдарламасымен жоспарланған жұмыстар 1,5 есеге, «Құлан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар 2 есеге артығымен орындалды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатысуымен 7023 гектарға дақыл егілді.
Еліміздегі жұмыссыздықты жоюды көздейтін сәтті бағдарлама – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» аясында 680 азамат кәсіптік және қайта даярлау курстарынан өтіп, 810 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 602 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылды. Нәтижесінде, 1084 адам тұрақты жұ­мысқа орналасты. Бағдарлама аясында жыл ішінде 5 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 73 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс­пен қамтылды. Азаматтың өз ісін ұйым­дастыруына мүмкіндік беретін екінші бағыт негізінде бөлінген қаржы 102 пайызға артты. Өткен жылы жүзге жуық қызылордалық шағын несие алып, жыл ішінде өз кәсібін ашты. Жыл басынан 4855 тұрғын жұмысқа орна­ласып, өткен жылмен салыстырғанда бұл бағыттағы көрсеткіш 13 пайызға артты. Қалада бүгінде кәсіпкерлер саны 25938-ді құрап, жыл басынан бері 2076 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнымен қоса, жыл ішінде 217 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артты.
Елбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетуді тапсырды. Оларды қоғамдық ортаға бейімдеу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 7 аула клубы ашылып, жыл ішінде 800-ден аса мүге­дек қамтылды. Биылғы жылы аула клуб­тарының үздіксіз жұмыс жасауына қалалық бюджеттен 12 млн теңге бөлінді. Мұнымен қоса, жыл ішінде 217 мүм­кін­дігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өткен жылмен салыстырған­да 4 есеге артты. 
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға толық бетбұрыс жасалды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы аясында 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облыс бойынша жобалардың 85 пайызы – ел өндірісіне қан жүгірткен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да қаламызда игілік бастауына айналды.Өткен жылы 5 жоба іске қосылып, жа­ңадан 105 жұмыс орны ашылды. 
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қалада «ҚазГерМұнай» АҚ-ның демеушілігімен «Шұғыла» шағынауда­нында демалыс сквері, «Қор» мұнай компаниясының демеушілігімен Сыр­дария өзенінің оң жағалауында демалыс сквері мен аллеясы салынып, абаттан­дырылды.
«Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Арай» шағын­ауданында спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 40 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Қалада салынған тұрғын үйлер көлемі қарқынды өсіп келеді. Жыл ішінде қаржы­лан­дырудың барлық көздері есебінен жалпы көлемі 143 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл бұдан бұрынғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артты деген сөз.
– Меніңше, тұрғын үй ахуалы төңі­регіндегі әңгімені тереңнен қозғаудың сәті келіп тұр. Бұл өзі көптен бері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі емес пе?
– 2005 жылы үй алу кезегіне 397 адам тіркелсе, жыл сайын орта есеппен 1300 адамға көбейіп, бүгінгі күнге олардың саны 14 мыңнан асты. Қала халқының тұрғын үйге сұранысын қанағаттандыру мақсатында жыл ішінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд 543 млн теңгеге барлығы 23 тұр­ғын үйдің 1156 пәтер құрылысы жүр­гізіліп, 14 тұрғын үй пайдалануға берілді, 330 отбасы жаңа пәтермен қамтылды. 
Өткен жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ы «Арай» ша­ғын­ауданынан 230 пәтерді құрайтын 5 тұрғын үйдің және «Самұрық – Қазына» жыл­жымайтын мүлік қоры АҚ-ы «Шұғыла» шағынауданынан 210 пәтер­лік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құры­лысын бастады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шы­лығын жаңғыртудың 2011 – 2020 жылдар­ға арналған бағдарламасы ая­сында соңғы 3 жылда қаладағы күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі үйлердің 14,3 пайызы (100 көпқабатты тұрғын үй) қайта жаңғыртылды. Қала­дағы апаттық үйлерге қатысты мәселені түбегейлі шешу мақсатында жаңадан 60 пәтерлік 5 үй және 100 пәтерлік 1 үй салу жоспар­ланып, облыстық бюджеттен бөлінген 328,5 млн теңгеге «Титов» қыстағы мен «КБИ» шағынауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. 64,8 млн теңгеге осы үйлердің сыртқы инже­нерлік желілерінің құрылысы салынды. Жыл сайын инженерлік инфрақұ­рылымды дамыту және жайластыру жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 76 млн теңгеге қаланың шет аймақтарында 98,5 шақырым ауызсу жүйесі, 20,8 шақырым жол құрылысы салынып, 1503 су есеп­тегіш құралдары орнатылды және көпқабатты үйлердің сыртқы инженер­лік жүйелері жүргізілді. 
– Ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– «Ақбұлақ» бағдарламасына рес­публикалық және жергілікті бюд­жеттерден 1 млрд 502 млн теңге бөлінді. Ал қалалық бюджеттен бөлінген 41,3 млн теңгеге «Сәулет», «Жаңа ауыл» аудандарында 2,8 шақырым ауызсу, 0,9 шақырым электр желісінің құрылысы салынып, «КБИ», «Арай», «Титов» аудан­­да­­рында ауызсу жүйесінің жоба-сме­талық құжаттары әзірленді. Бағдар­лама аясында қала ішінде және 5 ауыл­дық округте 18 су бұрғылау ұңғымалары бұрғыланып, Ақсуат, Абай, Айнакөл, Ақжарма, Қараөзек елді мекенде­рінде 49,8 шақырым ауызсу жүйесі, 74,5 шақырым сервистік желілер тартылып, 1750 су есептегіш құралдары орнатылды. 
– Жылу қазандықтарының, көлік жолының және абаттандырудың жай-күйін де тілге тиек етсеңіз жақсы болар еді...
– Жылу беру маусымын тұрақты және қалыпты өткізу, көлік жолы жұмысымыздың ең ауыр саласы. Облыстық бюджеттен бөлінген 328 млн теңгеге «Қызылорда оңтүстік жылу орталығының» қазандық цехының қазан­дықтары, қазан агрегаттары, ма­гис­тральды жылу жүйелері қайта жаң­ғыртылды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа жобалар жүзеге асуда.Қалалықтар үшін стратегиялық маңызды көшелер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізілуде. Облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген 4 млрд 572 млн теңгеге жалпы ұзындығы 84 шақырымды құрайтын 97 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың оңтүстік кіре беріс бағытындағы «Шымкент – Самара» халықаралық автокөлік жолы, Бейбарыс көшесі, қаланың солтүстік кіре беріс бағытындағы Саламатов, Рысқұлов, Әбілқайыр хан, Марал Ишан, Қаратоғай көшелері қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа үлгідегі жарық бағаналары мен аялдамалар, көрнекі ақпарат қондырғылары (билборд) қойылды. 
СПМК-70 ауданында ұзындығы 1,8 шақырым Қызылжарма және Ақтөбе көшелерінің құрылысы аяқталды. Әл-Фараби көшесі және М.Шоқай көшесі күрделі жөндеуден өткізіліп, жа­рықтандырылды. Қалада ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 75 көше, ауыл­дарда 7,3 шақырымды құрайтын 10 көше орташа жөндеуден өткізілді. Қазір Қы­зылорданы «қауіпсіз қалаға айнал­дыруда» кешенді шаралар жүзеге асы­рылуда. 
Қала көшелерінің күре тамыр­ларының бірі – Абай даңғылы бойы­нан, Қазыбек би көшесінен жаяу жүргінші­­лер үшін 2 аспалы көпір құрылысы салы­нып, «Болашақ» университеті тұсында­ғы аспалы көпір пайдалануға берілді. «Жайна» сауда үйінің тұсындағы көпір жақын күндері ел игілігіне қызмет етеді. 57,2 шақырымды құрайтын 31 көше қайта жарықтандырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің 25 аулаішілік жолдары мен автотұрақтары, ұзындығы 11,9 шақырымды құрайтын 13 көшенің жаяу жүргіншілер жолдары жөнделді. Ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 9 көше жарықтандырылды.
Қызылорда – Шымкент автожо­лының қаламызға кіре беріс бағытында, Қызылорда қаласы мен Қорқыт ата әуежайына дейінгі жолдың бойында озық технологияларды енгізу мақса­тында тамшылатып суару арқылы «Жасыл белдеу» жасалуда. Қала бо­йынша 16 мың түп ағаш көшеттері, 97 мың шаршы метр аумақты құрайтын 46 аллея, сквер, көшелерге, көше айрық­тарына гүлдер мен газондар отырғы­зылды.
Бүгінде қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету үшін тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 9 арнайы техника сатып алынды. Сырдария өзенінің оң жаға­лауында «Мұнайшы» шағынауданын салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Тұрғындар арасында көпшілік сұранысқа ие және өзекті мәселелердің бірі – жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімдері. Жер теліміне қатысты тұрғындардың өтініштері есепке алы­нып, кезекке тұру тізімі жасалды. 
Облыстың елді мекендерін толық газдандыру жобасы аясында облыс орталығының аймақтарын және қалаға қарасты елді мекендерін газдандыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.Қызылжарма ауылдық округін газбен жабдықтау мақсатында газ құбырлары тартылуда. Тасбөгет кентін газбен қамту жұмыстары толық аяқталып, таяу арада тұрғын үйлерге газ беріледі. Талсуат ауыл­дық округін және сол маңдағы әлеу­меттік нысандарды газбен қам­тамасыз ету қарқыны арта түседі.
– Кіндік қанымыз тамған жер – Қы­зылорда шаһарының болашағына қы­зығамыз, бұдан да жақсы болса, үз­діксіз дами берсе екен деп тілейміз...
– Облыс әкімі Қырымбек Елеу­ұлының тікелей басшылығымен өңірдің бас әуе қақпасы – «Қорқыт ата» әуе­жайын заманауи талаптарға сәйкес­тендіру мақсатында сағатына 250 жо­лаушыны жіберу мүмкіндігі бар халықаралық үлгідегі жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды (жобалық құны – 6,2 млрд теңге).Қаланың даму жоспарына сәйкес, Сыр­дария өзенінің сол жағалауын дамыту, бүгінгі талаптарға сәйкес заманауи үлгідегі жаңа қала тұрғызу мақсатында Мұратбаев көшесінен Сырдария өзе­ні­нің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірінің құрылысы қолға алынды. Сол жағалауды дамытудың түбегейлі жоспарлау жобасы бойынша бірінші кезекте 500 гектар аумаққа әкімшілік ғимараттар мен түрлі мақ­саттағы әлеуметтік нысандар салынады.Ол 15 ауданнан құралады, оның ішінде: 11 тұрғын аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі саябақтар мен гүлзарлар бар.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың ел жанашыры, үлкен істің ұйытқысы және ұйымдастырушысы болып отырғанына ризалық сезімімді білдіргім келеді. Оның тікелей қолдауымен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы жанынан «Қызы­лорда Автобус паркі» құрылды. Қала тұрғындарын, ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық кө­ліктермен қамтамасыз ету мақсатында қала тынысына жаңа серпін берген, экологиялық таза, қолжетімді 20 автобус алынып, бүгінгі таңда тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады. Жақын арада тағы 100 автобус аламыз.

Біз Қызылорда қаласын айшықты ордаға, озық өндiрiстiң ошағына, жаңа дәуiрдiң салтанаты жарасқан қаласына айналдыруды басты мақсат санаймыз. Сол ниетпен іс-қимыл жасап маңдай тер төгеміз, тынымсыз еңбек етеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі