Басты  /  Сұхбат  /  Чо Ёнг ЧОН, Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақстан қарқынды дамып келеді

Чо Ёнг ЧОН, Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақстан қарқынды дамып келеді

3373
Чо Ёнг ЧОН,  Оңтүстік Корея Республикасының  Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақстан қарқынды дамып келеді

– Мәртебелі елші мырза! Бізге сұ­х­бат беруге келіскеніңіз үшін ал­ғы­сымызды білдіреміз. Біздің елде елшілік қызметіңізді жақында ғана бастапсыз. Келген қадамыңыз құт­ты болсын! Бізді Қазақстанмен қан­­шалықты таныстығыңыз қы­зық­тырады.
– Тағайындалғаннан кейін ең ал­ғашқы алған әсерім – Қазақ­стан­ның серпінді дамып келе жат­қан көрінісі болды. Атап ай­тар болсақ, Қазақстанның ұзақ мерзімді индустриялық әр­та­рап­тан­дыру және инновациялық даму стратегиясы үшін әртүрлі сая­сат негізінде елді ілгерілетіп отыр­ғаны таңданарлықтай. Әсі­ре­се, Астананың 2017 жылы ЭКСПО-ға дайындық шарасын жүргізу барысында тез арада гүл­деніп келе жатқанына куә болу­дамын.
Өз басым, Қазақстан халқы мен корей халқының ұқсас­тық­та­рына жылы шыраймен қа­рау­мен бірге, қазақстан­дық­тар­дың да ко­рей телехикаясы мен корей му­зыкасын ұнатып, еліміз жайлы оң көзқараста екендігіне қуаныш­тымын.
– Былтыр елімізге президент Пак Гын Хие ханымның ресми мем­лекеттік сапары болды. Сол кез­де екі елдің арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойыл­ды. Ал Қазақстанда корейлік «Сам­сунг», «Элджи», «Хюндай», «Киа» секілді ірі компаниялар бұ­рыннан жақсы таныс. Осының бәрі екі елдің экономикалық жә­не сауда байланыстарына үлкен септігін тигізетіні анық. Осындай іргелі ком­паниялар елімізге алда­ғы уа­қыт­та да келуі қарастырылған ба? 
– Корей кәсіпорындары Қа­зақ­станды ілгерілету мақсатында қар­қынды инвестиция жасап отыр. Қазір Samsung, LG, Hyundai, SK, POSCO, KCC, Highvill, AsianaAirlines секілді 250-ге жуық компания Қа­зақ­станда энергия ресурстарын, зауыт, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысын жетілдіру барысында түрлі салада қызмет атқаруда жә­не соңғы уақытта қаржы, денсау­лық сақтау саласында да инвести­ция салды. 
Атап айтқанда, екі ел арасын­дағы Балқаш жылу электр стан­сасы, Атырау мұнай-химия ке­шенінің құрылыс жобасы және ағымдағы ауқымды эконо­ми­калық жобаларды бірқалыпты жүзеге асырумен қатар, екіжақты табысты әрі озық әдістер негізінде ынтымақтастық қатынасты орнатуда белсенді түрде қызмет атқарылып жатыр.
– Озық технологияға ие, биз­не­сі жолға қойылған Оңтүстік Ко­рея бізді қатты қызықтырады. Әсі­ресе, елдеріңізде орта және ша­ғын бизнеске мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау жағы қалай, үлгі боларлық қандай тәжірибе бар?
– Корей үкіметі салықтық ын­таландыру, кәсіпкерлік және венчурлық бизнесті қолдау, жұ­мыс күшін игеруді қолдау-зерт­теу, қаржылық жетілдіру және құ­рылымдық қайта құруды қол­дау, инвестициялық ілгерілетуді қолдау секілді түрлі салалардағы бастамаларға қолдау көрсетумен қатар, шағын және орта бизнесті арнайы қолдау саясатын да жүр­гізеді.
– Қазақтар мен корейлердің мә­дениеті ұқсас көрінеді. Сіз ал­ғаш­қы күннен бері не байқадыңыз? 
– Менің ойымша,Оңтүстік Ко­рея мен Қазақстанды мәдени тұрғыдан алып қараcақ, отбасы және бала тәрбиесі, үлкенге деген құрмет пен бейбітсүйгіштігі бір-біріне қатты ұқсас.
Осындай ұқсастықпен қатар, қа­зақ халқының корей халқымен бет-келбетінің ұқсастықтары да ба­сым болғандықтан, өзімді елім­де жүргендей сезінемін. 
– Бұрын елшілік қызметте бол­ған Пэк Чу Хен мырза әрдайым қа­­зақы ортада қазақша аман­дасу­шы еді. Ол кісі әрдайым ресми кеш­терде қазақша сөйлеп таңғал­дыратын. Мұны айтып отырған се­бе­біміз, Кореяда мемлекеттік қыз­меттегілерге ана тілін немесе қыз­метке баратын елдің тілін білу мін­деттеле ме?
– Шет тілін білу қабілеттілігі лауазымды тұлғалар мен дипло­ма­т­тардан талап етілетін қабілет­тің бірі және сол шет тілін белгілі деңгейде білу маңызды болып са­налады. Бірақ соның ішінде ең маңыздысы – ана тіліңді білу. 
Министрлік немесе қандайда бір мемлекеттік органда жұмыс жа­саған жағдайда, корей тілінде түсіндіріп, корей тілінде сөйлеу қажет. Дипломаттар жұмысын өзге шетел тілінде атқармайды. Дип­ломат пен мемлекеттік қыз­меткердің атқаратын қызметінің басым бөлігін: есептер, Word құ­жаты, стратегиялық мақалалар, жоспарлар, баспасөз хабарла­ма­лары, деректер құрап, олардың көпшілігі корей тілінде жазылады. 
Шет елдердің елшіліктерінде қыз­мет атқарғанда, ұйымның ор­талық мекемесіндегіден гөрі шет тілін көбірек қолданады. Бірақ бас­қа тараптың айтқан сөзін ұғы­ну, анықтама беру, сол ақпаратты хабарлау, жазбаша жұмыстар – осының барлығы корей тілінде атқару қабілетіне негізделген. 
Осыған байланысты, Қазақ­станда мемлекеттік тілге үлкен мән беретін Елбасы Назарбаевтың саясаты өте маңызды әрі қолайлы деп есептеймін.

ЧО Ёнг Чон мырза 1958 жылы 1 наурызда дүниеге келген. 
Білімі – 1980 жылы Корея университетін Саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. 
1981 жылы Жоғары дипломатиялық қызметте емтихан тапсырып, Сыртқы істер министрлігінде қызметін бастаған. 
1987 жылы маусымда Бельгия корольдігіндегі Корея елшілігінде екінші хатшы болып тағайындалады. 
1996 жылы маусымда Қытай Халық Республикасы елшілігінде бірінші хатшы, 1999 жылы наурызда ҚХР-да Шэньян қаласындағы елшілік өкілдігінің консулдығында кеңесші қызметін атқарған.
2001 маусымда Сыртқы істер министрлігінің Солтүстік Шығыс Азия ІІ бөлімі, Азия және тынық мұхиты ісі бойынша департамент директоры болған. 
2002 жылы Австралиялық елшілікте министр-арнайы өкіл болып тағайындалады.
Осылайша ғұмырын елшілік қызметіне арнаған, министрлік қарамағында да жауапты жұмыстар атқарған ЧО Ёнг Чон мырза 2015 жылдың наурызында Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. 
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 1999 жылы желтоқсанда қызметтегі еңбегі үшін 4-класты орденмен марапатталған («Green Stripes»).
Отбасылық жағдайы – әйелі,  ұлы мен қызы бар. 

– Елордамызда 2017 жылы өте­тін халықаралық ЭКСПО көр­месінде өз өнімдері мен жаңалық­та­рын көрсетуге ниетті корей ком­паниялары бар ма?
– Оңтүстік Кореяда қазіргі уақытта кәсіпорындар арасында Экспо павильоны құрылысына қатысуы жөнінде талқылау жүріп жатыр. Атап айтқанда, Самсунг Групп озық IT технологияларды тә­жірибе жасауға мүмкіндік бе­ретін Павильон құрылысы жө­нін­де кеңесін ұсынады деп күтілуде. 
ЭКСПО-2017-нің негізігі тақы­рыбы «Болашақ энергиясы» болғандықтан, Кореяның көп­теген энергетикалық кәсіпорын­дары қатысады деп те күтілуде. Бо­лашақта Корей павильоны бойынша нақты шешім қабыл­данысымен, Кореяның жетекші компаниялары қатысуға дайын­дықтарын бастап кетеді деп кү­тілуде.
– Корей халқында еңбек­қор­лық қанында бар ма, әлде нарық­тың талап етуінен қалыптасқан әдет пе? 
– Қазақ халқынан корей хал­қының айырмашылығы – корей­лер ауыл шаруашылығымен көп­теп айналысуында. Кореядағы ауыл шаруашылығы деген ұғым маусым мен уақытқа қарамай, міндетті түрде атқарылуы керек жұ­мысты ыждағатпен орындау бо­лып табылады. 
1960  жылға дейін кедей бол­ған ко­рей халқы 1970–80-жыл­да­ры ең­бексүйгіштіктерінің арқа­сында қысқа мерзімде экономи­калық даму мен индустриялан­дыру­ға қол жеткізе алды. Атап өтер­лік қа­ғида – еңбекқорлық қа­нымызда бар қасиет.
– Жеке өміріңіз, хоббиіңіз туралы білуге бола ма?
– Әуестенетіндей деп айтар­лықтай аса ештеңе жоқ, ту­ға­н­нан  әлсіз бол­ған­дық­­тан, бос уақытым  бол­са, дене шы­нық­тырумен ай­на­лысу­ға тыры­самын. Қазір жа­сы­мыз есейген­дік­тен, күніне 4 ша­қырым жаяу жү­ремін. Осылай­ша жаяу жүру әде­тіме айналған се­кілді. 
Сонымен қатар жұмыстан тыс уақытта күн­делікті жұмыс пен болашақ жайында да ойланамын. Бұл пси­хикалық және физикалық ден­саулық үшін өте пайдалы деп есеп­теймін. 
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұ­мы­сыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 
Жолдасбек ДУАНАБАЙ, Дастан АҚАШ