Басты  /  Сұхбат  /  Бақытқали ҚОНЫСБАЕВ, әнші, белгілі ән әрлеуші: Ән әрлеу – әрбір әншінің арманы

Бақытқали ҚОНЫСБАЕВ, әнші, белгілі ән әрлеуші: Ән әрлеу – әрбір әншінің арманы

3957
Бақытқали ҚОНЫСБАЕВ, әнші, белгілі ән әрлеуші: Ән әрлеу – әрбір әншінің арманы – Көпшілік сізді Еркін Ра­­қышевтің «Жаралы сезім» киносы көгілдір экранға шыққан кезде ондағы «Аңсау» әніңіз арқылы та­ныды. Әннің әуені де, орындалуы да тыңдаған құлаққа жағымды. Әдемі сезіммен жазылған әнді әр жүрекке жеткізе білдіңіз.

 Саунд­трек есебінде берілген ән сізді көпшілікке танытып үлгерді. Жал­пы, өнерге қалай келдіңіз? 
– Әнге деген әуестігім ба­лалық шақтың тамаша күн­дерінен басталған еді. Әсіресе, мектеп табалдырығында жүріп өнерге деген қызығушылығым­ның арта түскенін байқайтын­мын. Ұстаздарым өнерімді қол­дап, мені аудандық, облыстық жарыстарға апаратын. Мектепті бітіргеннен кейін Тараз қала­сындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне музыкалық білім мамандығына оқуға түстім. Бұл оқу орнында, негізінен, оркестр­де ойналатын прима музыкалық аспабын еркін меңгеріп шыққан болатынмын. 
Оқу орнын аяқтағаннан кейін облыстық «Алатау» ән-би ансамбліне барып, сол шаңы­рақта әнші болып қызметке орналастым. Ал өнер ордасы саналып кеткен оңтүстік аста­намыз Алматы қаласына 2006 жылы Ақбота Керімбекованың студиясына ән әрлеуші болып қызметке келдім. Содан бері шығармашылық жұмысым осы қаламен ұштасып, бүгінде екі бірдей саланың тұтқасын ұстап келемін.
Негізі киноға музыка жазу деген ойымда болмаған. Сту­дияда кезекті ән жазу барысында Еркін Рақышев ағамыз келіп, өзінің жаңадан кино түсіріп жатқанын, оған саундтрек керек екендігін айтып, маған осы фи­льмге әуен жазуды сұрады. Менің шығармашылығымдағы өзгеше өрнек те ағамыздың ұсы­нысынан бастау алды. Фильмнің атауы – «Жаралы сезім». Бұл Еркін ағамыздың бірінші фильмі болса, менің бірінші киноға му­зыка жазуым болды. Бұл шаруа шындығында оңай емес, оған сезім, жүрек, ой керек. Ки­ноны құбылтып, көрерменіне әсерлі етіп жеткізуде де музыканың құдіреті жоғары екенін айтқым келеді. Әсіресе, адамның кино­дағы сан түрлі мінез-құлқы кес­кінделетін сәттерде, онымен қуаныш болса қуанып, қайғы болса бөлісіп тұратындай әуен­мен образды тірілту шын мәні­сінде, жауапкершілік пен үлкен шеберлікті талап етеді. 
– Фильмге музыка жазу қиын болмады ма?
– Әр тірліктің өз қиындығы мен қызығы бар. Ең бастысы, шы­ғармашылығың, білімің жеткілікті болса, қиындықты же­ңіп шығып, жақсылыққа қауы­шып, керемет туындылар әкелуге болады. Фильмге музыка жазу да сол сияқты. Фильмді алғашқылардың бірі болып өзім тамашаладым. Рас, фильмнен керемет әсер алдым. «Жаралы сезім» фильмін атына затын сай етіп шығаруда музыканың ала­тын орнын айқын байқадым да, оны жүрекпен сезініп, әуенмен әрлеп, көрерменге жеткізуге тырыстым.
Аталған фильмнен кейін де, Еркін ағамыздың барлық кино­фильмдеріне музыка жазумен айналыстым. Нәтижесі жаман емес. «Астана вальсінің» музы­касы да көпшілікке ерекше ұна­ды. Басты мақсатым – тыңдар­ман­дардың көңілінен шығатын, бей­­нені ашатын туындыны өмір­­ге әкелу. Осы жақында ғана «Әйкерім» фильмнің саундтрегін жазып, аяқтап шықтым.
– Сіздің өнерге жақындығы­ңыз отбасынан басталған секілді...
– Менің туып-өскен өлкем – Жамбыл облысы Жуалы ау­даны Көлтоған ауылы. Ән әле­міне деген тартылыс күші туын­даған қасиетті топырақта аунап өскен ауылдың қара домалақ баласы болып жүрген шақта, аула­дағы сыпыртқыны ұстап алып, домбыра тартып, ән айт­қандай шауып жүретінім әлі есім­де. Тіпті, көрші-қолаңның төрінде ілулі тұратын домбыраға жармасып, сұрап алып, өзімше тартып, таласып, тырмысып жүретінімді ауылдас ағаларымыз үнемі айтып отырады. 
Негізі әкемнің әнге деген та­ланты болғанын анам жиі ай­тады. Жиындарда, отырыстарда әкем ортаға шығып ән шырқап, көпшілік көңілін баурап алатын кісі болыпты. Әкемнен жеті жа­сымда айырылып қалғандық­тан, ол кісі туралы көп нәрсені біл­мейді екенмін. «Өнер наға­шы­дан» деп жатады ғой дана хал­қымыз. Негізі бойыма өнер на­ғашы жұрттан дарыған секілді. Нағашыларымның барлығы ше­тінен жүректері ән деп тулап тұрады. Құдайға шүкір, қазір бір ұл, бір қыздың әкесі атанып отырмын.
– Сіз әнді орындап қана қой­май, оны әрлеумен де айналыса­сыз. Өзіңізге осы екі жолдың қай­сысы ұнайды?
– Бұл екеуі де өнер жолы – бір-біріне ұқсас, байланысып, бі­рігіп жататын жол. Ән орын­дайтын болғандықтан, өз әніңді өзің орындап, өзің өңдеу ерекше тиімді жол. Өйткені ән өңдеу үшін қаншама қаражат шығады. Мәселен, бір әнді кәсіби түрде жарыққа шығару үшін мың, мың жарым доллар қаржы кетеді. Енді осыдан бөлек басқа шы­ғындарды тағы қосыңыз. Демек, осы саладағы адам үшін осы кәсіпті білу үлкен жеңілдік, үл­кен мүмкіндік әрі табыс көзі. Қазіргі уақытта ән өңдеу әр ән­шінің арманы деп ойлаймын. Әркім өзі өңдеп, өзі айтуды армандайды...
– Елімізде ән әрлеуге баули­тын оқу орындары жоқ, сондықтан өзің ізденіп, өзің еңбектенуге тура келеді. Осы саланың отымен кі­ріп, күлімен шығып жүрген аза­маттың бірісіз. Жалпы, қазіргі уақыт­та ән әрлеуде қандай тәсіл­дерді қолданасыз?
– Ән әрлеудің арнайы бір оқуы жоқ екендігі көңіл құла­зытады. Тек бұл салаға бойдағы талант пен үлкен ізденіс қажет. Соның қосындысы ғана жақсы ән әрлеуші қызметін қалыпта­стыра алады. Бала жастан ас­паптармен ойнауға әуес болдым. Мүмкін, соның да әсері болса керек, заман талабына сай кәсіп­ке жақын келгенім. Ал ән өң­деудің кәсіби ортасына араласуда ұстазым композитор Бағлан Ома­­ров ағамыз себепкер болды. Ең бірін­ші «ән әрлеу» деген жұ­мысты осы ағамыздан көріп, үй­ренген болатынбыз. Сөйтіп, ағамыздың шәкірті болып, ол кісіден біле­мейтін көп істі үйре­ніп, қыз­метімде қолданып, нә­ти­желі жұмысқа кірістім. Демек, ән әр­леудегі менің үлкен универ­си­тетім – Бағлан ағамыз. Қазір де ағамыздан осы салаға қатысты тың тәжірбиелерінен сабақ алып, жұмысымызда қолданып тұрамыз.
– Әнді әрлеу шоу-бизнестің талабы десек, қазіргі эстраданың сұранысы өте жақсы. Жылына неше ән әрлейсіз? Сізге ән жаз­дыртатын әншілерді де атап өтсеңіз?
– Бұл сұраққа нақты бір цифрды айта алмаймын. Өйткені ән өңдеу жұмыстары қауырт жүреді. Сол себепті оны санап, толық қарап, барлығын тыңдап отыруға уақыт табылмайды. Біздің студияда Ақбота Керім­бекова, Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі секілді танымал әнші­лердің әндері өңделіп, көпшілік тыңдарманға жол тартқан.
– Бір әнді жазуға қанша уақыт жұмсалады?
– Әнді әрлеу жұмыстары бір күнде бітетін жұмыс емес. Бұл ең аз дегенде, толық жұмысымен алғанда бір апталық уақытты алатын ерекше еңбек. 
– Өңдеу, әрлеу, көркемдеу – техникалық жұмыстар, ал енді ән әлеміндегі өнеріңізге бағыт бұр­сақ. Жалпы, қоржыныңызда неше ән бар? Өзіңізге ең жақын әнді атай аласыз ба? 
– Ән орындап әншілік ба­ғыт­та да біршама жұмыс жаса­ғанмын, әлі де бұл өнерден алыс­­таған емеспін. Жалпы, ме­нің қорымда таралғаны бар, таралмағаны бар жиырмадан аса ән орындап шыққанмын. Бірақ ғаламторға енгізілгені соның бес-алтауы ғана. 
Жақында ғана қазақстандық ән сайттарында жаңадан орын­дап шыққан «Өмір-сағым», «Ке­шіремін», «Сылқым қыз», «Оралмас көктем» әндерімді енгіздім, қазір халық бағасын беріп те үлгерген болар. Алдағы уақытта жеке орындауымдағы барлық әндерді топтастырып, жинақ шығару ойымда бар. Әр әншіні танытатын бір танымал ән болады, мені танытқан – «Аң­сау». Жүрегіме ерекше жа­қыны да осы ән екенін жасыра алмаймын.
– Продюсеріңіз бар ма?
– Шыны керек, менде про­дюсер жоқ. Осы уақытқа дейін болған да емес. 
– Сахнадан жиі көрінбейсіз, мұның себебі неде?
– Басты себебі, студияда көп отырып қалатындығымнан бо­лар. Негізі халықтың арасына шығып, сахнадан көрініп, көп­шіліктің көзайымы болу үлкен бақыт.
– Биыл жеке шығармашы­лыққа көңіл бөлгендігіңіз бай­қалады. Бірнеше жаңа әніңіз шық­ты. Алда қандай жоспарла­рыңыз бар?
– Алға қойған жоспарлар көп, енді орындап, іспен көрсету керек. Жоғарыда айтқандай жеке альбом шығаруды ойлас­тырып жүрмін. Сондай-ақ әніме бейнебаян түсіріп, халықпен көгілдір экранда қайта қауыш­қым келеді. Экранға шығу үшін негізі ақша ғана емес, мықты таныс керек. Бұл – сөздің ашығы.
– Әңгімеңізге рақмет!