Жүрсін Ерман: Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі

Бұл айтыс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Көптен бері жыр додасынан алшақтап қалған алматылықтар үшін мерекеге айналатын аламанның ерекшелігі неде? Қазақ айтысының жанашыры, белгілі ақын Жүрсін Ерманға қоңырау шалдық.
– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл айтыстың ерекшелігі қандай?
– Биыл еліміздің бірқатар аймағында арнайы айтыс ұйымдастырылды. Көкшетауда, Оралдың Бөкей ордасы ауданында өтті. 1 қазанда Ақтөбе қаласында өтеді деп отырмыз. 8-9 қазан күні Таразда қорытынды айтыс болады. Мұның барлығы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бір қызығы, Қазақ хандығының 550 жылдығын осыдан тоғыз жыл бұрын тойлаған екенбіз. Бұл айтыс 2006 жылы Алматыдағы Опера және балет театрында өткен еді. Міне, араға тоғыз жыл салып, Алматының төрінде үлкен дүбірлі доданың көрігін қыздырғалы отырмыз. Оның үстіне, бұған дейін Алматы күніне арналған арнайы айтыс болмаған екен. Әрі Алматыда іргелі айтыс өтпегеніне де біршама уақыт өтіпті. Алматы – 70 жыл бойы Қазақ елінің астанасы болды. Алматы – қазақтың қазір жер басып жүрген, өмірден өткен зиялы қауымын, ұлттың интеллигенциясын, қазақтың мықтыларының бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Қазақ тарихында ойып алған орны бар, еңбегі бар қала. Қаланың бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовке Алматыда көптен бері іргелі айтыстың өтпегенін айтып, құлаққағыс жасаған едім. Ахметжан Смағұлұлы Алматы сынды мың жасаған шаһардың руханият орталығы екенін атап көрсетіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Алматыда аламан айтыс өткізудің маңызды, игілікті іс екенін айтып, келісімін берген еді. Бүгінгі қала басшысы Бауыржан Қыдырғалиұлы да бұрынғы әкімнің келісімін құп көріп, ұсынысымызды қабыл алды. Айтыстың бас қолдаушысы – «Нұр Отан» партиясы, бас демеушіміз – қала әкімдігі.
– Айтулы додаға қатысатын ақындардың арасында жаңа есімдер бар ма?
– Бұл айтыстың Алматыда өткізілуінің тағы бір себебі, қалада айтыстың қалыптасқан көрермені бар. Айтыспен тәрбиеленген, айтыспен бірге өсіп келе жатқан ұрпақ бар. Солардың талғамын ескере отырып, еліміздегі ең айтқыш, талантты, дарынды ақындарды жинадық. Олардың арасында Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Мұхтар Ниязов, Нұрлан Мұсаев, Жансая Мусина, Әсем Ережепқызы, Мейірбек Сұлтанхан сияқты танымал ақындарымыз бар. Алматының өз ақыны Болатбек Оразбаевтың жөні бір бөлек. Бір жылдың көлемінде өзі қатысқан жыр додаларының бәрінде топ жарып жүрген Болатбек – атақты Оразалының төл шәкірті. Айтпақшы, осы Болатбекпен қарайлас біраз жас қырандар еліміздің әр түкпірінен бой көрсетіп, бұрынғы жүйріктерді тықсырып келе жатыр. Қазір ақын қыздарымыз азайды деп айтамыз. Жақында Алматы облысынан дарынды бір қызды таптық. Ол қыз ертеңгі бәйгеге қатысады. Талантты қыздың өнеріне көрермен тәнті болады деп ойлаймын. Айтыстың мақсаты – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту. Ақындар бір ғана тақырыппен шектеліп қалмайды. Қазақтың өткен жолы, бастан кешкен қиындықтары, тәуелсіздік жолындағы күресі, алға қойылған үлкен мақсаттар, Мәңгілік ел туралы жырлайтын болады. Қоғамдағы кейбір кемшіліктер де айтылмай қалмайды. Айтыстың мақсаты – айту. Ақындардың аузына ешкім қақпақ қойып жатқан жоқ. Өзінің бабы жеткенше, шамасы келгенше айтады. Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі. Алматы – қазақтың рухани астанасы. Ертеңгі айтысқа қала әкімі Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек өзі келіп қатыспақ. Қазақтың зиялы қауым өкілдерін де шақырып отырмыз. «Келеміз» деген уәдесін берді. Сондықтан үлкен жыр думаны болады деген ойдамыз. Айтыстың әділқазы алқасында тілді түсінетін, ұлттың зиялы азаматтары болады. Бас төреші осы газеттің бас редакторы – Нұртөре Жүсіп. Қазылар алқасының құрамында көрнекті актер, қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, тіл жанашыры Асылы Осман, ғалым Темірхан Тебегенов, «Алматының шамшырағы» атанып отырған «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы қосынының бастығы, белгілі ақын Қорғанбек Аманжол сияқты азаматтар бар.
– Айтысты белгілі бір арна таспаға түсіре ме?
– «Қазақстан» ұлттық арнасы айтысты түсіріп, бүкіл республикаға көрсетеді деп күтіп отырмыз. Одан бөлек, Алматы арнасы да айтысты көрсетеміз деп отыр. Қазақстан айтыс ақындарының «Айтыскер.ком» деген сайты бар. Сол сайт айтысты онлайн режимде көрсететін болады.
– Алғашқы күні 12 жұп додаға түседі. Соның ішіндегі ең таңдаулылары айтыстың екінші күні бақ сынайтын болады. Бас жүлде – темір тұлпар.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС