Басты  /  Сұхбат  /  Жобаға жоғары баға берілді

Жобаға жоғары баға берілді

2551
Жобаға жоғары баға берілді Кенже ЖҰМАНҰЛЫ, «Қазақстан дауысы» мегажобасының директоры:

Еліміздің басты музыкалық жобасы – «Қазақстан дауысы» жақында эфирге шығады. Қысқа уақыт ішінде көрермен көзайымына айналған мегажобаның жаңа маусымы не ұсынады, қандай өзгерістер енгізілген? Бұл сұрақтарды мегажобаның директоры Кенже Жұманұлына қойған едік.

– Жаңа маусымға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– «Қазақстан дауысы» жобасының үшінші маусымы жарты ғасырдан астам тарихы бар, таза қазақ тілінде хабар тарататын еліміздегі дара медиақұрылым – «Қазақстан» ұлттық арнасында алдағы жексенбіде, қыркүйектің 20-да сағат 21.00 көрермендермен қайта қауышады. Осы күнді асыға күтіп отырған жайымыз бар. Себебі, өнерсүйер қауымға жаңа дауыстарды, жаңа есімдерді таныстырғымыз келеді, жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсеткіміз, алған әсерлерімізбен бөліссек дейміз. 
– Қатысушылар жобаның «Көрмей тыңдау» деп аталатын алғашқы сынына дейін бірнеше іріктеуден өтеді дейді. Сол рас па? 
– Бағдарламаны телеэфирден көріп отырған отандастарымыз алғашқы іріктеу осылай жүреді екен деп ойласа керек. Себебі, бағдарлама эфирге шыққаннан кейін көптеген азамат телефон шалып, жобаға қатысқысы келетіндерін айтып, қашан және қайда барып қатысуға болатынын сұрап жатады. Сізге бір құпияны ашайын, шын мәнінде «Көрмей тыңдауға» дейін бірнеше іріктеу өтеді. Бұлай жасамасақ, тағы болмайды. Өйткені алғашқы маусымда еліміздің әр өңірінен бақ сынауға 9 мыңнан астам адам қатысты. Олардың барлығының бір жобаға сыймайтыны рас. Арасында талантты әншілер де, жәй ермек үшін келе салғандары да болды. «Майдан қыл суырғандай» олардың ішінен нағыз дарынды жастарды, әнші мен әншейін қиқушыны анықтау үшін кастинг өткізіледі. Мысалы, биыл іріктеу еліміздің оңтүстігі, солтүстігі, шығысы мен батысындағы ірі 4 қалада ұйымдастырылды. Барлығы үш мыңнан астам талапкер тәуекел етті. Бұлардың 70 пайызы алғашқы сынақтан сүрінді. Екінші кезеңде Нидерландыдан келген мамандар тағы бірталай үміткердің өнеріне қөңілі толмайтынын білдіріп, үйлеріне қайтарды. Осы іріктеуден өткендері ғана телевизиялық нұсқаға жолдама алады.
– Үшінші маусымда іріктеу кезеңінде ерекше көзге түскен жастар болды ма?
– Әр талапкердің өз орны, өз мүмкіндігі, ерекшелігі бар. Дегенмен, Қытайдан келген қандастарымызды бөле-жара айтқым келеді. Биыл «Қазақстан дауысында» бақ сынаймын деп шекараның арғы жағынан 4-5 әнші келді. Бұлардың қатары мұнан да көп болатын еді, бірқатары Алматыда өткен кастингке үлгермей қалды. Алайда атап өтетін нәрсе, Қытайдан келген бір бауырымыздың ешқандай музыкалық білімі жоқ, бірақ Алла Тағала берген таудай таланты бар. Соның арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, атамекеніне аяқ басып отыр. Оның нақты кәсібі жоқ, өзі қой бағады. «Менің тыңдаушыларым – қой, ұстазым – дала» деп әзілдейді. Жаңа маусымда оның сиқырлы дауысы талай қандасының құлақ құрышын қандыратынына сенімдімін. Сонымен қатар Аспан асты еліндегі қандастарымызға кең танылған дарынды әнші қыз келіп отыр. Ол «мақсатым – жеңіске жету емес, қазағыма танылу» дейді. Бұлардың «Көрмей тыңдау» кезеңінде қалай өнер көрсеткені, олардың келесі сынаққа өткені-өтпегені туралы алдын ала ештеңе айтқым келмейді. Оны көрермендердің өздері телеарнадан көрсе, әсерлілек болады деп ойлаймын. 
– Тележоба «Көрмей тыңдау», «Шайқас» атты бірнеше кезеңнен тұратынын білеміз. Бұлардың қайсысы қатысушылар мен тәлім­герлер үшін ең күрделі кезең саналады? 
– Қай-қайсысы да оңай соқпайды. Дегенмен, психикалық әсері жағынан алып қарасақ «Көрмей тыңдау» кезеңі қатысушылар үшін алынбас қамалдай көрінеді. Көпшілігінің сүрінетін тұсы да – осы. Қатысушылар сахнаға көтерілмес бұрын музыканттармен бірге дайындалады, айтатын әнін таңдайды, оны музыкалық топтың сүйемелдеуімен бірнеше рет қайталайды. Бір қызығы, осындай дайындық сәтінде өзінің қабілетін жақсы көрсеткен әншілер, тәлімгерлер алдына барғанда керісінше, ән шырқай алмай, ешқандай топқа іліге алмай тауы шағылып жатады. Дегенмен, бұл жерде әншілерді түсінуге тырысқан жөн шығар. Өйткені олардың көбісі сынақ алдында қобалжып, таңды ұйқысыз атырады, ас батпағандықтан әлі құрып «әу» деуге шамасы келмей қалады. Оның үстіне қазылар теріс қарап отырғанда ән шырқаудың қаншалықты қиын екенін қатысушылардан талай есіттік. Мұндайда әнші музыкалық шығарманы нақышына келтіріп орындаудан гөрі, «төрт тәлімгердің қайсысы маған бұрылады, жоқ әлде біреуі де бұрылмай қоя ма?» деген күдік басым болады екен. Осындай қысылтаяң сәтте адам ән айтып жарыта ма?! «Көрмей тыңдау» кезеңінің қиындығын көрген адам ғана біледі. Алайда алғашқы сынақ тәлімгерлер үшін де оңай емес. Өйткені олардың ән-бәйгесінде жеңіске жетуі таңдап алған шәкірттерінің талабына байланысты. Ал жеңіске жетелейтін жүйрікті мың тұлпардың ішінен таңдау – қиынның қиыны. 
– Жаңа маусымда іріктеу кезеңдеріне өзгеріс енгізілді ме? 
– Иә, өзгеріс енгізілді, сондай-ақ жаңа раунд, жаңа талаппен толықты. Мұның барлығы көрермендер үшін көңілді әрі қызықты, ал қатысушылар мен тәлімгерлер үшін бұрынғыдан да күрделірек болуы үшін ойлап табылды. Айта кететін жайт, жаңа кезеңде тәлімгерлерге басқа топтағы өзіне ұнаған өнерпазды өз тобына қосып алуға мүмкіндік беріледі. Әрине, тәлімгерлер мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге, сәтті пайдалануға тырысады. Сондай-ақ жаңа маусымда кейбір әншілер шымылдық ішінде ән шырқайды. Яғни әншіні көрмей тыңдап отырған тәлімгер алдындағы қызыл тетікті басып, бұрылғанда да қатысушының дидарын көре алмайды. Егер қызыл тетік басылмаса, тәлімгерлердің ешқайсысы сахнадағы өнерпазбен таныса алмайды. Қатысушылар жұмбақ жан ретінде жобадан шығып қалады. 
–Тәлімгерлер құрамының өзгергенін естідік. Мұндай шешім неліктен қабылданды? 
– Жаңа маусымда жобаның көркін қыздыратын танымал тәлімгер қатарында Медеу Арынбаев жоқ. Оның орнына танымал музыкант әрі әнші Рүстем Нұржігіт келді. Мұндай ауыс-түйістер ең алдымен Медеудің алдағы шығармашылық жоспарының тығыздығына байланысты болды. Өзгелері бұрынғы тәлімгерлер – Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев. Бұл жоба 2010-жылдан бері бірнеше мем­лекетте көрерменге жол тартты. Әлемдік тә­жірибеге сүйенсек, жоба тәлімгерлерінің ауысып тұруы – үйреншікті жағдай. Алысқа бармай-ақ, Ресейді алайықшы, биыл «Голос» бағдарламасының 4-маусымында А.Градскийден басқа тәлімгерлердің барлығы өзгерді. Кейде ұйымдастырушылар мұндай қадамға әдейі барады. Өйткені осындай өзгерістер, жобаға жаңа леп әкеледі, көрермен қызығушылығын арттыра түседі деген болжам бар. 
– Елді елең еткізетін осындай думанды бағдарламаны көпшілікке ұсынған ұлттық арна басшыларына тек ризашылығымызды білдіреміз. Дегенмен, бұл Ресейден көшіріліп алынған бағдарлама дегенді жиі естіп жатамыз... 
– Бұл – жаңсақ пікір. Тележобаның франшизасы алғаш рет 2010 жылы Голландияда эфирге шықты. Көп ұзамай, кәрі құрлық елдері, онан соң әлемнің өзге де мемлекеттері осынау ерекше думанға қызығушылық таныта бастады. Соның арқасында бүгінгі таңда әлемнің 50 шақты елінде көрсетіліп жатыр. Ресей «Голос» деген атаумен 2012 жылы алғашқы хабарын түсірсе, «Қазақстан дауысы» 2013 жылы көрерменге жол тартты. Ресейдің бірінші арнасы, «Қазақстан» ұлттық арнасы да тележобаның лицензиясын голландықтардан сатып алып отыр. Сондықтан «Қазақстан дауысы» Ресей бағдарламасының көшірмесі» деген пікірмен келіспеймін. Теледуманды онлайн арқылы тамашалаған түрік ағайындар былтыр әлемдік жобаның қазақстандық нұсқасына жоғары баға берді. Мұны естіп қуанып қалдық. Бұл жобаға тек білікті мамандар мен сапалы техника тартылған. Жобаның жоғары рейтингке, беделге ие болуына осындай жайттар ықпал етсе керек. Жалпы, бұл телевидение тарихында қалыптасқан ән-сайыстарына мүлдем ұқсамайды. Мұнда тәлімгерлер орындаушының бет-жүзін көрмейді, тек дауысына назар аударады. Мегажобада қатысушының көркіне емес, тек дауысына басымдық беріледі. Таза, табиғи дауыстар ғана бағаланады. 
– Қатысушылар орындайтын әндерді кімдер таңдайды?
– Алғашқыда өздері таңдайды. Кейін тәлімгердің қарамағына өткен соң, ұстазымен бірге ақылдасып таңдау жасайды. Былтыр жобада шырқалған әндердің 80-85 пайызы қазақ әндері болды. Биыл да халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармаларына басымдық беріп отырмыз. Мысалы, былтыр жоба жеңімпазы атанған Бауыржан Ретбаев ресейлік композитор К.Меладзенің «Скрипка» әнін ғана орындады, қалғандары – түгел қазақша әндер. Тек ағылшын тілінде ән шырқағысы келетіндер де кездеседі. Бірақ олар жобаның ақтық сынына дейін жете алмайды. Өйткені қазақ әндері жүрегіне жақын болғандықтан көрермен кө­бінесе ана тілінде ән шырқайтын азаматтарға дауыс беріп жатады. Өз басым жобаның аты «Қазақстан дауысы» болғандықтан тікелей эфирде өнер көрсететін әншілердің барлығы қазақша әнді нақышына келтіріп орындай білуі тиіс деп ойлаймын. Жалпы, байқасаңыз қазір осыған ойысып келеді. Алғашқы маусымда орыс тілді талапкерлер көп болатын. Екінші маусымда қатысушылардың түгелге жуығы – қазақша таза сөйлей алатын жастар. Жобаның үшінші маусымына қатысып жатқандар ойланып, алдағы сынақтарға тас түйін дайындалып, қойылған шарттарды еңсеретінін біліп келген жандар секілді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. 
– Көрермен тарапынан сын айтыла ма? 
–Редакцияның телефонына хабарласып, ренішін білдіріп жатқан көрермендеріміз жоқ. Бірақ кейде әлеуметтік желілерде «неге тәлімгерлер дұрыс таңдау жасамайды, мақтап алады да мықтыларға бұрылмай, орташа деңгейдегі әншілерді тобына алып жатады?» деген пікірлерді көзім шалып қалады. Ерекше дауыс иесіне тәлімгерлер түгел бұрылады, олардың қай-қайсысы да үздік дауыс иелерінің өз тобында болғанын қалайды. Алайда дауыс мүмкіндігі зор, бірақ дайындығы нашар үміткерлерді қалап жатады. Өйткені тәлімгерлер «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әлеуеті бар әншілерге ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп жіберсең өздері-ақ түрленіп шыға келеді, ондай материалдармен жұмыс істеген де қызық» деп ағынан жарылып жатады. 
– Кімдердің жеңіске жетіні туралы алдын ала болжам жасауға бола ма?
– Ондай болжам жасау қиын. Өйткені теледуманның эфирдегі ғұмыры жарты жылдан астам уақытқа жалғасады. Осы кезеңде қатысушылар тәлімгерінің арқасында көп нәрсені үйренеді, бэндпен жұмыс істеуге машықтанады, кәсіби педагогтардан кеңес алады. Қорыта айтқанда, жақсы мектептен шынығып шығады. Сондықтан талабы зор жас үлкен жетістікке жетеді. Дегенмен, былтыр жобаның тұрақты көрермендерінің бір бөлігі «Бауыржан Ретбаев жеңіске жетуі мүмкін» деген сәуегейлік танытып еді, айтқандары келді. Жаңа маусымда сіздер де болжам жасап көріңіздер, бәлкім, дегендеріңіз болар. 
– Әлеуметтік желілерде алғашқы екі маусымға қатысқан әншілердің бір-бірімен араласпайтыны туралы жазылыпты. Бұл рас па?
– Кейбіреулер ерігіп отырып, ға­ламтор арқылы осындай өсек тарататын секілді. Әйтпесе, жобаның бұрынғы қатысушыларының бір-біріне сәлемі түзу. Мұндай қауесетті олардың өздері де естіген. Көптің көңілі күпті болмас үшін жақында «Қазақстан дауысы» атты жаңа ән жазылып, Алматыда бейнебаян түсірілді. Мұндай бастаманы көтергендер – жоба жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет және екінші маусымның финалистері Данияр Барыс пен Нұрман Арыстан. Кеше ғана республикалық телеарнада бейнебаянның тұсауы кесіліп, қазақстандықтарға ұсынылды. 
– Істеріңізге сәттілік тілейміз. Жақсы жобаларыңызбен қуанта беріңіз.