Негізгі бет  /  мақалалар  /  Нетесің, болмаса кетесің!

Нетесің, болмаса кетесің!

Жолдасбек Дуанабай
780
Нетесің, болмаса кетесің! Қазына қаржысын игеруге икемі жоқ басшыларды қызметтен босату керек. Өйткені өткен жылғы республикалық бюджет қаражатының игерілуі көңіл көншітпейді. 380 млрд теңге діттеген жеріне жетпеген.

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистермен тілдескен мәжіліс депутаты Алдан Смайыл осылай деді.
Өйткені бөлінген қаржының мұрты бұзылмай қазынада қалып қоюы ел экономикасының екпінін тежейді. Теңгені тиісті жеріне жеткізіп, тиімді жұмсауға салғырт қарап, сылбырлық танытқандардың сын-садаққа ілігуі де содан.
Қаржыны ұқсата алмау жағынан Инвестициялар және даму министрлігі көш бастап тұр. Ұлттық экономика мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері алғашқы абыройсыз үштіктен ойып тұрып орын алды. Мемлекеттік компаниялардағы миллиардтаған қаржының қозғалыссыз қалуы да көпшілікті қамықтырды.
Мамандардың айтуынша, мұндағы басты мәселе бюджеттің сапасыз жоспарлануы. Мәселені талқылаудан мезі болған депутаттар «шаруаны ширата алмаған шенеунікпен қош айтысу керек деп» шорт кесті.