Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жеке инвесторлар жарап тұр

Жеке инвесторлар жарап тұр

Серікбол ХАСАН
969
Жеке инвесторлар жарап тұр Инвесторлардың Алматы облысына деген қызығушылығы артып келеді. Сәуір айының қорытындысы бойынша Алматы облысы негізгі капитал түрі бойынша 80 млрд теңге (43 млн доллар) көлемінде инвестиция тартқан.

Бұл былтырғы жылдың осы уақытындағы нәтижемен салыстырғанда 17 пайызға артық. Мұндай мәліметті Ranking.kz мониторингтік қызметі таратты. Алматы облысы әкімінің ресми сай­тын­дағы мәлімет те осыған келеді. 2015 жыл­дың қаңтар-сәуір айларында облыс бойынша 78,7 млрд теңге ин­вес­тиция тартылған. Инвестиция­ның 51,4 пайызы (40,4 млрд теңге кәсіпорындар мен ұйым­дардың өз қаражаттары есебінен тартыл­ған. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы бар болғаны 11,0 пайыз (8,7 млрд теңге). Қалғаны жергілікті бюд­жеттен (10,3 пайыз), банк несиелері­нен (2,8 пайыз) және басқа да несие қаражаттарынан (24,5 пайыз) құрал­ған.
Тек Алматы облысында ғана емес, елі­міздің барлық аймақтарына рес­пуб­ли­калық бюджеттен қаржы аз бөлінеді. Мемлекеттік қаржының аза­юы экономика саласына бөлінетін инвестицияны күрт төмендетіп жі­бер­ді. Соның кесірінен, қай­та инвес­тициялау көлемі қысқарып, негізгі капиталдың үлесі соңғы төрт айда 28 пай­ыз­ға төмендеді. Есесіне, жеке кәсіп­керлер мен инвесторлар осы бостықты толтырып жатыр. Жеке ин­вес­торлар экономиканың әр саласы бойынша 51 пайыз қаржы құй­ды. Оның ішінде әрине, Алматы облысы­ның үлесі мол.
Алматы облысындағы былтырғы жыл­дың соңғы төрт жылы мен биыл­ғы жылдың қаңтар-сәуір айындағы инвестиция көле­мін салыстырсақ, ішкі инвестицияның 9,3 млрд-тан 15,9 млрд теңгеге (8,5 млн дол­лар) дейін ұлғайғанын көреміз. Салыстыр­малы түрде алғанда барлық бағыт бойынша екі есе өсу байқалады. Был­тырғы жылғы­дай биыл да инвести­ция­ның негізгі капи­талы экономи­ка­ның екі секторына бағытталған. Олар: транспорт және жыл­жы­май­тын мүлік қызметі. Алматы облы­сына жұмсалған негізгі капитал түріндегі инвестициялардың 90 пайызы құры­лыс-монтаждау жұмыстарына және ғимараттар мен нысандардың күрделі жөндеу жұмыс­та­рына бөлінген. Ал көлік және басқа да жабдықтарды сатып алуға негізгі капитал­дың 4 пайызы ғана жұмсалған. Былтырғы жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша жылжымайтын мүлік операция­лары­на 41 пайыз инвестиция жұмсалып, транспортқа 17,3 пайыз бөлінген еді. Ал биыл транспорт секторы алға басып, 50 пайыз көрсеткішті көрсетіп отыр. 
Алматы облысы инвестиция кө­лемін қалай арттырды? Әрине, бұған негізгі се­беп – былтырғы тамыз ай­ын­дағы Прези­дент Нұрсұлтан Назар­баевтың ресми са­па­ры. Өйткені сол сапарында Елбасы бүкіл мүмкіндігі бола тұра облыстың ин­вес­тиция тарту жағынан кенжелеп қалға­нын айтқан болатын. Тіпті индустриялан­дыру және агроөнеркәсіп бағдарлама­сы­ның дұрыс жүргізілмегені үшін облыс басшысын да ауыстырды. Міне, соның нәтижесі болуы керек Елбасының басты тапсырмаларының бірі – жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін көбейту бойынша облыс көш ілгері. Осы мақсатта Алматы облысы­ның әкімі Амандық Баталов қыруар жұмыс атқарып келеді. Жаңа жұмыс орындарын ашу, салықтық базаны нығайтуға күш салынды. Енді аймақ жыл сайын мемлекеттен бөлі­нетін дотацияны 10-15 пайызға азайт­пақ ниетте. 
Негізінде, Алматы облысының инвес­ти­циялық мүмкіндігі мол. Құрылыс индус­триясы, фармацевти­калық сала, жаңартыл­ған энергия көздері, туризм, кө­лік-ло­гис­тикалық сала, ауыл шаруа­шы­лы­ғы – өңірдің инвестициялық басым бағыт­тары осы­лар. Облыс аумағында өндіріс орындарын ашқан адам да сан соғып қалмайды. Аймақтық іскерлік мүм­кін­дігі де жоғары, инвесторларды мемлекеттік қол­дау да бар. Инвес­тор­ларға қажетті бар­лық жағдай жасал­ған. Осы бағытта эко­номикалық даму нүктелері де дайындалып жатыр. Еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) құрылыстарының жобасы, инфра­құры­лымы дамыған индустриалды аймақтар құру жұмыстары жүргі­зілуде. Қазіргі уақытта облыста 5 индустриалды және өндірістік аймақтар жұмыс істейді. Бұларда түрлі саладағы 67 кәсіпорын орналасқан.