Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ажырасу неге ұлттың мінезін бұзады?

Ажырасу неге ұлттың мінезін бұзады?

Жолдасбек Дуанабай
1186
Ажырасу неге ұлттың мінезін бұзады? 26 мамыр күні Астана қаласында №25 мектептің мұғалімін бұрынғы күйеуі бензин құйып өртеп жіберді деген жан түршігерлік оқиға еліміздің үрейін алғаны рас.

Айуан жасамайтын қылмысты адам баласы өз қолымен жасап жатқанын небір сұмдыққа еті үйрене бастаған қазіргі біздің қоғам бұл жолы үрейден іш тартып қалды. Алайда, интернетті сүзіп қарасақ, бұл бірінші оқиға емес екен, бұған дейін 2012 жылы да Астанада Балжан Оспанова есімді келіншекті күйеуі 5 жасар қызының көз алдында бензин шашып, жағып жіберген...
Биыл, дәл сол 26 мамыр күні Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында әуелі әйелін өлтіріп, сосын өзіне қол жұмсаған актер Мұхитдин Шынтаев пен актриса Гауһар Шәріпованы туған-туыстары өнер ұжымы жер қойнына тапсырды. Бұл да - отбасылық кикілжіңнің соңы трагедиямен аяқталған оқиға. Бірнеше күннен кейін екеуінің берер ай бұрын ажырасып кеткендігі туралы ақпарат тарады.  
Бұл тек, соңғы бір ай ішінде орын алған екі факті ғана. Ал, жалпы Қазақстанда отбасы «драмасының» соңы трагедиямен аяқталып жатқаны жиілеп барады, бұл - ащы шындық. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2015 жылы республикада ажырасу саны өткен жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға көбейген. ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, биылғы жарты жылдықта 20,6 (20,5) мың ажырасу тіркеліп, олардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2% көбейіпті.  «1000 адамға шаққандағы ажырасудың жалпы коэффициенті 2,88 (2,92) құрады»,- деді Ә.Смайылов.
Ал, БАҚ-тағы дерекке сүйенсек, әлем бойынша Қазақстан ажырасу жағынан алғашқы ондыққа кіреді екен.
Нақтырақ айтқанда, ұлыбританиялық «The Economist» журналының дәстүрлі «Әлем статистикасы - 2015» жинағында Қазақстан алғашқы ондыққа кірген. Кей мәлімттерге зер салсақ, негізінен ажырасушылардың жасы 18 бен 35 аралығындағы жастарды құрайды екен.
«Әкесіз өскен адамды ғарыш саласына алмайды»Бұрнағы жылы БАҚ-та, Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш ТӘТІМОВ ажырасудың болмағаны жақсы, одан бала тірі жетім болып өседі. Әкесіз бала бос, жігерсіз келеді деген болатын. Егер, осы түйіткілді ойды негізгі темірқазық етіп алсақ, ажырасудың алдын алу, оны болдырмау, қайғылы оқиғаларда ең бірінші зардап шегетін бала екенін барынша насихаттау қазіргі БАҚ-тың осы мәселедегі басты міндеті іспетті. Өйткені, баланың ойын, психикасына әсер еткен әке-шешесінің ұрыс-керісі болашақта із-түзсіз кетпейді. Жаппай ажырасу көбейгенде, соны көріп өскен баланың, бара-бара ұлттың да мінезі бұзылады. «Ажырасу ол ұлттың мінез-құлқына көп әсер етеді. Қазақ бұрын еш уақытта ажыраспаған. Күйеуі о дүниелік болып кетсе, баланың тәрбиесі жақсы болуы үшін әмеңгерлікке берген. Керек десеңіз, әкесіз өскен адамды ғарыш саласына алмайды. Қиындық кездескен жағдайда ол шешім қабылдай алмай, апатқа ұрынуы мүмкін. Ажырасудың тағы бір себебі, жанұяда бала санының аздығы. Бұрынғы кезде алты-жеті баламен ажыраса алмайтын, қазір бір баламен қиналмай ажыраса беретін болды. Неге ажырасу көп? Дамыған қоғамда ажырасу көп болады. Өйткені бақытын, орнын әркім өзі табады. Бұрын атастырып, айттырып қоятын. Ажырасудың демографияға кері әсер ететінін де еске салған жөн. Өсімнің жауы - батыс. Менің «Батысқа барам деп батпағына батып кетіп жүрме» деп жиі айтамын. Батыстың батпағы өте ауыр, төсек қана бар, терең махаббат жоқ, жылтыраған нәрсе. Батыста тұрып, өз батпағына батып, шыға алмай жүргенде оларға біз қосылып батуға, еліктеуге құмармыз. 1959 жылы санақ бойынша, әрбір қазақ әйелі жеті баладан тапқан. Қырық жылдан кейін, 1999 жылы бір-екі баладан әрең дегенде асқан. «Ананың тілі атаның күшінде» деген. Атаның күші деген - саясат, бизнес, экономика, жігер, керек десең, көк көрпенің астындағы әрекет, ғылым, білім. Ана қанша мәрте айтқанымен атаның қабағына жетпейтіні рас қой. Сосын, жеті ата қан тазалығын сақтайды. Мәскеуде студенттік кезде еститінмін, биологтар қазақтың арасында кемтар, ақыл ойы кем, дене бітімі дұрыс емес балалар өзбекке қарағанда жеті есе аз деп айтатын. Мұны биологтар жеті атадан қыз алысып, беріспейтіндігімен түсіндірді. Қазақтың балаларын шетелге алып кетіп жатыр, олар неге қызығып отыр? Тұқымның жақсы екеніне қызығады» деген болатын демограф.Кімдікі дұрыс: еркектің уәжі ме, әйелдікі ме?
Анау бір жылы «Айқын» газеті осы ажырасу тақырыбында әлеуметтік желіде форум ұйымдастырған болаған. Сонда Ермахан Қалмұрзаев есімді Интернет қолданушы мынадай пікір білдірген. Оны «Айқын» редакциясы үздік пікір деп те таныған болатын-ды:  
«Ажырасу қиын мәселе, оған ешкімнің еріккеннен барып жатпағаны белгілі. Ең алдымен, түсініспеушілік мәселесі күн тәртібіне шығады. Таңның атысы мен күннің батысына дейін отбасы деп, шапқылап жүрген жігітті жары түсінгісі келмесе, ондай әйелдің керегі не дейді жігіттер. Ол да дұрыс, құшағында қызуы, бойында қуаты болғанда түсінбеген әйел ертең сені түсінеді деген бос сөз. Мәселені ушықтырмай осы бастан шешіп тастағаны жөн. «Тілеуіңді тілеп, отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрген әйеліне жоғарыдан қарап менсінбейтін, тапқанын міндет ететін, ішіп келіп, себепсіз жанжал шығаратын жетесіз жігіттің кімге керегі бар, күйеуің ондай болғаннан байсыз өткенің абзал» дейді қыздар. Ол да дұрыс. Дер кезінде шешімін тапқандары жөн. Жаңа құрылған отбасыға көмек берудің орнына олардың арасына от тастайтын туысқандардың да оңып тұрғаны шамалы, шешелер бітімгер болуы тиіс. Жігіттердің кейде опасыздыққа баратындығы дұрыс емес. Дегенмен, бола қалған жағдайда, отбасы тұтастығын сақтау үшін жастың жастығын кешіру де керек сияқты. Болар-болмасқа, төркініне тұра қашатын қыздардікі қай жағынан алсаң да дұрыс емес. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деген де бар. Қыздар қаласа, күйеуін алдап та, арбап та, еркелетіп те, есіркеп те тәрбиелеп алуына болады. Осының бәрін қолданып көргенде де міз бақпайтын жындыдан, қаш та құтыл. Ақша ешқандай да мәселені шешпейді, миллионер жігіттердің бәрін тастап, дүниенi тәрк еткенін талай көрдім. Екі жас бір-бірін қолдап, ерінбей еңбек етіп, азға қанағат, жоққа сабыр етіп жүргендерге Жаратқанның беретінін ешкім де жоққа шығара алмайды», деген болатын ол.Әрине, бұл пікірді қоғамдағы ойды білдіру үшін беріп отырмыз. Бірақ, ажырасуға сылтау таппай жүргендер, мұндай пікірге сүйенгеннен гөрі, барынша отбасын сақтап қалуға, жанын салып тырысса дейміз. 

Не істеу керек? 
Әрине, ақыл айтқаннан оңай жұмыс жоқ деген сөз бар. Дегенмен де, статистикаға қарасаңыз, дабыл көтеретін уақыттан тіпті кеш қалғанымызды ұғамыз. Деректерге тағы бір көз жүгіртіп өтейік, 2015 жылдың қаңтар айында Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті мамандары таратқан дерек бойынша, 2014 жылғы қаңтар-қарашада АХАТ органдары 147 мың 300 неке қию туралы акті жазбасын жасаған. Тура осы уақыт аралығында 48,4 мың ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берген. 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ажырасу 2,3 пайызға өскен. Өсті деп қарап отырмай неден бастаған абзал?
Соңғы уақытта ажырасудың негізгі себептері әлеуметтік желі екені жиі айтылып жүр. Әлеуметтік желілерді жою мүмкін емес, сондықтан бірінші кеңес, ерлі-зайыптылар осы әлеуметтік желі арқылы өзгелерден келетін «құшақ-құшақ» жылы сөздерден арынша алыс, барынша суық болғаны абзал дер едік. Психолог мамандардың айтуынша, ажырасуға себеп болатын, екінші мәселе, ең өзекті тақырыптың бірі - денсаулық. Әсіресе, ер адамның. Дәрігерлер, ер адамдарға ерте бастан денсаулығына мұқият болуға кеңес береді. Арақ-шарап, темекінің абырой әпермейтіні әлде қашан айқындалып қойған, олай болса, отбасымыз үшін сол жаман әдеттен бойымызды аулақ салсақ дегіміз келеді.
Әрине, ажырасамын деп ой кешкен адамға кез-келген түймедейді түйедей қылатын сылтау да, себеп те жетеді. Алайда, осындай ой кешпестен бұрын жауапкершілікті тең сезініп, баланың жағдайын, оның тірі жетім қалып, жәутеңдеп өспеуін ойласа екен дейміз. Бүгінгі сіздің берекесіз отбасыңызда өскен бала ертең талайдың берекесін қашырып, өз шаңырағын шайқамасына кім кепіл? Қазақ: «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» депті. Ұлттың қамын, елдің болашағын ойлауға өреміз жетпесе, өз баламыздың қамын, оның жан дүниесі мен жүрегін ойлайық. Соның жаны жаралы болмас үшін отбасы жанжалына себеп болатын кез-келген «суық» ой мен бейпіл сөзден аман болсақ деген ой. Әрине, «ақыл айту қашанда оңай» деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, әр тағдырда да бір арпалыстан туған ойлар, көңіл, арман, тілек жатады.
Алмас Мұқашұлы,

ҚазАҚПАРАТ