Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әлемдік бәсеке қыза түспек

Әлемдік бәсеке қыза түспек

Жұмабек ЖАНДIЛДИН
1068
Әлемдік бәсеке қыза түспек Жыл басынан бері бізді ерекше алаңдатқан тұс әлемдік биржалардағы тауар бағасының ұдайы төмендеуге ұмтылысы еді. Өйткені біз дәл қазіргі таңда осы мәселеге тікелей тәуелдіміз.

Мұның басты себебі өндірісіміз бен экспортымызда шикізат сүбелі үлеске ие. Әсіресе, көмірсутектерінің бағасы бізге ерекше әсер етеді. Ол төмендесе, қысыламыз, жоғарыласа жақсы тыныстаймыз. Өткен жылдың соңында мұнай бағасы барреліне 45 долларға түскенде жағдайдың қалай болғаны белгілі ғой. 

Экономика дамуға бет бұрса, мұндағы басты көрсеткіш өндірістік металдар бағасы өсімге ұмтылмақ. Дүниежүзілік тауар биржаларындағы фьючерстік саты­лымдарда мұндай байқалмаған соң әлемдік экономиканың жылдық сұлбасы түңілткендей жағдайда еді. Тек кейінгі кезде ғана біздің бұл күдігіміз сейілгендей болды. Темір тектілерден басқа өндірістік металдар бағасы, атап айтар болсақ, біз экспорттайтын мыс, мырыш, цинк, қалайы, қорғасын, молибден және басқа металдар бағасы бір аптаның ішінде ғана бағасын 7-8 пайызға өсіріп шығарды. Бұл осы уақытқа дейін бағасын шамамен 25 пайызға түсірген металдар тобына жатады. Демек, қазіргі таңда дүниежүзі үшін өндірістік экономикада аса қолайлы болған 2008 жылға дейінгімен салыстырғанда бұл металдардың бағасы бар болғаны 17 пайызға ғана төмендеген болып шығады. Мұның өзі есептей берсек өндірістік экономика металды пайдалануды был­тырғыға қарағанда 7 пайызға арттырады дегенді білдірсе керек. Қуантатын тұс та осы. Өйткені біздің экономикамыз бен экспортымызда өндірістік металдар көмірсутектерінен кейінгі екінші орынды иемденетін шикізат. Ал ол шикізатты өндіру саласында біздің жүздеген мың отандасымыз күнкөрістерін үзіп отыр. Анығын айтар болсақ, бұл күндері қазақстандықтардың орташа жалақысы 118 мың теңге делініп жүр. Міне, осынау көрсеткішті қамтамасыз етіп тұрған негізгі күш көмірсутектер саласы. Одан кейінгі орында металлургия тұр. Қысқасы, жоғары жалақы алатын қандастарымыз еңбек етіп жүрген бұл салаға енді сыртқы кері әсердің қысымы аз болмақ. 
Әлемдік биржалардағы бағаға қатысты экономикалық жағдайдың болмыс-бітімі осындай ақиқатқа ие. Енді бұл қалай қамтамасыз етілді, деген сұраққа жауап іздер болсақ, онда арасында біздің Қазақстан да жүрген қарқынды дамушы елдерде жасалып, жүзеге асырылып жатқан соңғы бағдарламалардың бергені деуге болатын шығар. Бұлай дейтін себебіміз соңғы мәліметтерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша, қымбат бағалы, ұзақ мерзім тұтынатын тауарлар өндірісі өсе қойған жоқ. Яғни автокөлік, тұрмыстық-элек­трондық техника өндірісі керісінше, кеміп барады. Бар-жоғы авиация өндірісі ғана даму қарқынын көрсетіп тұр. Соған орай бұл салада пайдаланылатын алюминий бағасын өсірген. Ал металл пайдаланатын қалған байырғы өндірісте өсім тіркелмеген. Демек, жергілікті және аймақтық жаңа бағдарламалар металға сұранысты өсіріп шыққан. Атап айтар болсақ, бұл күндері әлемнің екінші экономикасы Қытай негізінен ішкі базар сұранысына жұмыс істеп жатыр. Байланыс, коммуникация саласына бұл елде ерекше көңіл бөлінген. Тасымал инфрақұрылымын дамыту да бағдарламаның басты саласына айналды. Іргедегі екінші алып Ресей Федерациясы да тасымал, байланыс, коммуникация са­ласын дамытуға, аэроғарыш бағдарламасын жүзеге асыруға жұмыс істеп жатыр. Бұл салалардың қай-қайсысы да өндірістік металдарға сұранысты арттырады. Енді біздің Қазақстан жағдайын көзге елестетсек, онда да осы үрдіс бар екенін көресіз. «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, елімізде жүзеге асырылатын жобалардың барлығы дерлік өндірістік металдарға тапсырыс берушілер. Қысқасы, өндірген металы­мыздың басым бөлігін ішкі базар сұ­ранысын қанағаттандыруға жұмсап жатырмыз. Бұл өз кезегінде металлургия саласындағылар үшін де пайдалы. 
Жоғарыда айтылғандардан шығатын бір қорытынды бар, ол – әлем үлкен бәсекеге тақап қалды деген сөз. Иә, шамамен осы онжылдықтың аяғына қарай әлемдік үлкен бәсеке басталады. Оған дейін әлемдік бүгінгі алпауыт брэндтер шығаратындардың біразы «құрдымға кетуі» әбден мүмкін. Ал қалғандары келешектің алпауыттарымен күреске шығады. Қайсысы жеңімпаз болатынын уақыт көрсетер. Ең бастысы, болашаққа қызмет ететін жобаны таңдауда қателеспегендер ғана ұтады. Бүгін осы сала тізгінін ұстаған азаматтарымыздың отан­шылдығын айқындайтын тұс сонда келеді. Осыны түсініп жұмыс істей алсақ, ұтыл­маспыз.