Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өңірде кәсіпкерлік кең қанат жайды

Өңірде кәсіпкерлік кең қанат жайды

Айқын-ақпарат
1084
Өңірде кәсіпкерлік кең қанат жайды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау облыстық филиалы БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырды.

Бірінші болып бас сұққан нысан-Ақтау қаласы №2 пром-зонада орналасқан «Тирас» ЖШС жаңа өндіріс нысаны болды. Нысан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобаны сәтті жүзеге асыруда. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қажетті құрылғы, құрал-жабдықтарды алып, қаржылық қолдау мен кепілдендіруге қол жеткізген. Осылайша, кәсіпорын мырыш­талған болаттан жасалған құрылыс конструкцияларын шығаруды қолға алыпты. Бағасы қолжетімді өнім экологиялық залалсыз­ды­ғымен, орнықтылығы мен пі­шінінің сан алуандығымен ерек­шеленеді. Оңай жиналмалы жұқа қабырғалы жеңіл болат конс­трукцияларынан тұрғызылған ғимарат 100 жылға дейін қол­да­нысқа жарамды, –  дейді мамандар. 
«Тапсырыстың басым бөлігі мұнай өндіру компаниялары мен құрылыс ұжымдары тарапынан түседі. Мұнай кен орындарында сортаң топырақ салдарынан салмағы ауыр контейнерлерді тасымалдау әрі орналастыру қиын­ға соғады. Ал мұндай жағдайда қысқа мерзімде са­лынатын жеңіл конструкциялар таптырмас өнім» дейді «Тирас» ЖШС-нің бас инженері Анатолий Крыжанок. 
Мұнан кейін БАҚ өкілдері сауда нарығында 15 жылдан бері табысты еңбек етіп келетін «Идальго Актау» ЖШС сауда өндірісті компаниясының жиһаз цехына бас сұқты. Сауда ком­паниясы сан мәрте халықаралық марапаттауларға ие болып, бірнеше рет «Халықтық марка» жүлдесінің жеңімпазы атанған. 
«2013 жылы жиһаз өндіретін құрылыс цехының бизнес-жоспарын құрдым. Бұл идеям «Даму» қоры тарапынан қолдауға ие болды. «Іскерлік байланыс» оқу курсынан өтіп, біліктілікті арттыру бағдарламасын тамамдадым. Нәтижесінде, Германия қаласына сапар шегіп, іскерлік тәжірибеден өттім. Қазіргі таңда жиһаз өндіру цехы 25 білікті маманды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр» дейді компания директоры Ирина Беляева. 

Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы