Негізгі бет  /  мақалалар  /  Еңселі еркектер...

Еңселі еркектер...

Жолдасбек Дуанабай
1436
Еңселі  еркектер... Астанадағы Назарбаев университеті геномдық және жеке медицина департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Айнұр Ақылжанованың айтуынша, қазақтардың гені о бастан жақсы болған.

 Себебі, халықтың ата-бабасы қаны жақын адамдардың үйленуіне жол бермеген. Бұл – ұлт ұлылығын көрсететін бір ғана мысал. «Қазақтар көшпелі тұрмыс кеше отырып, өзге рулардан қыз алды, кейін моңғолдардың шапқыншылығы болды, кеңес заманында Қазақстанға келген түрлі ұлттар тағы өзара сіңісіп кетті. Мұның бәрі біздің қазіргі генофондымызды қалыптастырды. Егер қазақтар бір кезде бірегей, оқшау, гомогенді орта болса, қазір бізде түрлі халықтардың араласуы бар және ол әрқашан оң әсер береді, адамдар әдемі, еңбекке қабілетті бола түседі» дейді ғалым. 

Бұл пікірге кім қалай қарай­тынын білмедік. Бірақ халқымыз­дың жалпы жай-күйі туралы тол­ғанғанда, ойға сай бойдың да бол­ғаны жақсы екенін жоққа шы­ғаруға болмас. Бой ұлт болмы­сы­ның бір көрсеткіші. Бойға қарап та ұлт туралы жақсы көзқарас қалыптастыруға болады. 
Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев туралы әңгіме естеріңізде ме? Ол кісі Англияға барған сапарында біреу: «Қазақ деген халықтың бар­лығы сіз секілді ірі ме?» деген сауал қойыпты. Сонда ғалым: «Мен өз ұлтымның ішіндегі ең бә­кене бойлысы едім. Олар менен әлдеқайда биік» деген көрінеді. Шын мәнінде, ертеректе қазақтар ұзын бойлы болғаны туралы әң­гіме жиі айтылады. Орталық Қазақстан өңірінде жүргізілген зерт­теулер барысында адам қаң­қала­рының ұзындығы 2 метрден кем болмағаны анықталған. Осы­ның өзі бабаларымыздың бойы қандай болғанынан хабар береді. Мұны белгілі антрополог Оразақ Смағұлов та жоққа шығармайды. 
Амал қанша, қазақтың қазіргі ұрпағы майдаланып бара жат­қан­дай. Сол себептен де болар, дүние­жүзінде бойшаң халық голландық­тар секілді болуды қазір екінің бірі армандайды. 
Қазақ халқы орта бойлылар қатарына жатады. Алайда, белгілі ғалым Мақаш Тәтімов ұлтымыз­дың қазіргі ұрпағы азиаттар ара­сында бойшаңдығын айтады. Ра­сында, вьетнам, жапон, лаос, тайланд елінің тұрғындарымен салыстырғанда ірілеу секілдіміз. Осыған қарап ұсақталып кеттік деуге де негіз жоқ. Ел ішіндегі тыныш­тық, береке-бірлік, тоқтық ха­лық­тың өсуіне ықпал етуі тиіс. Алай­да, ұлт ұрпағының ұзын болға­нын бәріміз қалайтынымыз шын­дық. Өйткені қазір жігіттердің ала­са бойлылығы дер кезінде үй­ле­ніп, сүйгенін тез таңдауынан бұ­рын келешекте ел қорғанына ай­налуына да кері әсер етуі мүм­кін. Себебі, қыздардың таң­дауы кез келген уақытта ұзын бойлы жігіттерге түседі.
Шын мәнінде, еңселі жігіттер  елдің қорғаны. Тым ұзын болу ғана кедергінің бірі. Қалай десек те ХХІ ғасырда әлемдегі ұзын бойлы халықтардың қатарына қосылуы­мыз мүмкін көрінеді. Ол тұрмыс­тың түзелуімен тікелей байланыс­ты. 
Түркиялық Сұлтан Косен тура­­лы естіген боларсыздар. Әлем­­дегі ең ұзын адам. Сұлтанды «Гин­нестiң рекордтар кітабы» коми­теті дүниедегі ең ұзын адам еке­­нін растаған. Оның бойы – 2 метр 46 см, қолының ұзындығы – 27,5 см, ал аяғының өлшемі – 58 .
Сұлтанға шектен тыс ұзын бойы өмірінде көп кедергі кел­тіріпті. «Үйден шықпай, тыныш қана бөлмемде жылап жатушы едім. Қиналғаным соншалық, адам өмір сүрмейтін аралға қашып кет­кім келетін. Бірақ Гиннестің ре­корд­тар кітабына енгеннен кейін өмірім күрт өзгерді» деген ол атағы өзін асырай бастағанын жа­сыр­майды. 
Балдақпен жүретін ол үшін көлікке міну азапқа айналған. 3 метрлік кереуетке жатып-тұру да өз алдына әңгіме. Киім мен аяқ-  киім­ді арнайы тапсырыспен тік­тіреді. 
Косен мүлдем қызбен жүрме­ген. Гиннестің рекордтар кітабына енген соң, қыздармен танысудың реті келген. Арнайы жарияланған байқауға 20 әйел қатысып, Косен­ге жар болуды қалаған. 
Дәл осындай ұзынтұра Қытай­да да тұрады екен. 27 жастағы Дзао­ның да бойы екі жарым метрге жуық. Алайда ол рекордтар кітабына енуге құлшыныс білдір­ме­ген.
Осы секілді алып адам елімізде де бар. Әзірше біз білетін шым­кенттік Қалдыбай Бақытұлының бойы – 2 метр 14 см. Салмағы 105 келі шамасында. Аяқкиімінің өлшемі – 50 см. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келеді. Деген­мен, шектен тыс ұзындығына орай мемлекет тарапынан көмек сұрап, әлдекімдерден қолдау күтіп көр­меген. Тіпті құзырлы орындар да бойы ұзын қазақстандықтарды қол­даудың байыпты бағдарлама­сын жасап көрген емес. 
Ал бірқатар елдерде ең ұзын тұрғындарды қолдау мен қорғау қолға алынған. Айталық, жақында Қырғызстан Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев арнайы жарлыққа қол қойып, ең ұзын қырғыз азаматы Женишбек Райымбаевқа емделу үшін бір жолғы материалдық көмек көрсет­ті, оған өмірінің соңына дейін ай сайын 10 мың сом жәрдемақы төленетін болды.
Оны емдеу үшін материалдық көмек көрсету аясында мемлекет басшысының өкімімен президент­тік әлеуметтік қорғау және қолдау қорынан 100 мың сом бөлінді. Өкі­нішке қарай, қыруар қаражат­тың рақатын Женишбек Райым­баев көре алмай дүниеден өтті. 
Дәл осы секілді көмекті бір кездері Украина президенті болған Ющенко да елінің мақтанышына айналған ең ұзын азаматына көр­сеткен. Оған көлік сыйла­ған мем­лекет басшысы құзырлы орын­дарға тұқымы бөлек жігітке жағдай жасап тұруды тапсырған. 
Қазақстанда бойы ұзын аза­мат­­тардың мәселесімен ендігі жер­­де қоғамдық ұйым айналыс­пақ­шы. Жақында Алматыда бірін- бірі әлеуметтік желілер арқылы тапқан ең ұзын адамдар бірігіп, клуб ашуды ұйғарды. Мұнда келген бойжеткендердің бойы кем дегенде – 1,80 см, ал жігіттердің бойы -1,90 см-ден жоғары. «Қазір бойынан ыңғайсыздық көретіндер көп. Олар әсіресе, жар таңдағанда көп қиындыққа тап болады. Қо­ғам­дық көліктерде өзгелер сауса­ғын шошайтып көрсеткеннен бө­лек, қазіргі кішкентай автобус­тарға отыру, тұру жағы ыңғайсыз. «Аяғы үлкен сыйғанын, аяғы кіші таңдағанын киеді» деуші еді ғой. Біздің басымызда тура сол жағдай. Қазақстанда сұңғақ бойлылар киім алудан қиналады. Арнайы тап­­сырыспен алар болсақ қымбат­қа түседі» дейді ұйымдастыру­шылар.
28-панфиловшы­лар саяба­ғын­­­да бас қосқан 30-ға жуық аза­мат­­­тың дені кәсіби спортпен ай­на­­лыса­ды. Тіпті олар­дың арасында 23 жастағы Керімова Әмира да бол­ды. Ол өзінің ұзын­дығы мен сұ­лу­лығының үйлесім табуының ар­қасында кәсібін тап­қан.
Нидерланды елінің тұрғын­дары соңғы бір жарым ғасырда шамамен, 20 сантиметрге ұзарып, әлемдегі бойы ең ұзын адамдарға айналды. Олардың бойының орта­ша ұзындығы шамамен 185 сан­тиметрді құрайды. Бұл құбылысты зерттеуге Герт Стульптің басқа­руы­мен Лондондық гигиена және тропикалық медицина мектебінің ғалымдары кірісті.
Зерттеу кезінде елдің үш солтүстік провинциясындағы жүз мыңдаған тұрғын зерттелді. 45 жастан асқандарға көп көңіл бө­лін­ді. Ғалымдар бойы ұзын гол­ландық ерлерде бойы қысқа­ларға қарағанда балалары көбірек бола­тынын, онымен қоса олар некеле­рін жиірек бұзып, бірнеше әйелден балалары болатынын анықтады. Осылайша, бойдың ұзын болуына жауап беретін ген­дер табиғи іріктеліп, өсіп-өну кезінде тарала түседі.
Стульптің пікірінше, голланд нәзік жандылары бойы ұзын ерлерді таңдайды.
Әйелдердің бойы мен балала­рының саны арасында еш байла­ныс табылмады. Керісінше, бойы ұзын нәзік жандылар үшін әріп­тесін табу қиынырақ екен.
Элисан-да-Курус Сильва есім­ді бразилиялық қыз да – әлем кереметтерінің бірі. 1995 жылы туған қыздың дені сау, сымбатты болып өскен. Құрбыларының арасында ең ұзыны, ал 14 жасында мектептегі ең ұзын қыз болған. Мұны айтып отырған себебіміз, қыздардың да сұңғақ бойлысы ұрпақты өзгертуге дәнекер болады екен. 
Қазір қазақ қыздарының да бой мәселесінде жеке проблема­лары бар. Өйткені қайсыбір ұлдар секілді олар да киім таңдауға келгенде көп қиыншылыққа тап болады. Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақ жастарының бір бөлігін киіндіріп жатқан қытайлар мен қыр­ғыз­дар. Бұл елдерде жеңіл өнер­кәсіптің жедел өркендеу және сала мамандарының ұлттық ерек­шеліктерге баса назар аударуы сауданы қарқынды дамытуда. Мә­се­лен, Батыс Еуропадан әкелініп жатқан киім-кешекті екі қазақтың бірі кие алмасы анық. Өйткені еуропалықтардың бойшаң келетіні белгілі және өнеркәсіп те өз халқын киіндіруге бейімделген.
Айтпақшы, осыдан 15-20 жыл бұрын Жапонияда жеңіл өнеркәсіп саласының мамандары үлкен жиын өткізіп, онда жапон халқы­ның бойына лайықты киім тігу мәселесі жеке қаралған. Өйт­кені Батыс пен мұхиттың арғы жағынан келген киім-кешекті жапондықтар да қалай қоймапты. Дәл осындай жиын қазаққа да керек-ақ. Отандық өндіріс деген­де, ең алдымен ұлттың қамын қара­стыру керек. Ал ұлттың рухы дегенде, халқымыздың салауатты­лығы, білім-білігімен қатар, бой мәселесі де маңызды тақырыпқа айналуы тиіс. Алайда біздің еліміз­де ұлттың ұзын бойлы болуын қа­рас­тырып жатқан бірде-бір мекеме жоқ. Еңселі жігіттер ел мақтаны­шы, ел қорғаны болсын десек, бұл ғалымдар назар аударатын өткір тақырыптың бірі де бірегейі болуы тиіс.

Дерек пен дәйек
АҚШ-тың Огайо универси­тетінің ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулер барысында 1958 жылы туған бойы ұзын азаматтардың жалақысы жоғары жұмыста істей­тін­дігін анықтаған. Осылайша, ға­лымдар жалақыға бойдың ық­палы бар деген тоқтамға келді. 
Әйелдер арасында айырма­шылық бойы 162,6 және 167,6 сантиметр арасындағыларда бай­қалған. Бойы 172,7 сантиметрден жоғары әйелдер жылына 46 500 доллардан аса қаражат тапқан. Бұл бәкене бойлы қыз-келін­шек­терге қарағанда әлдеқайда көп екен.