Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Ұлт жоспары» – ел болашағының кепілі

«Ұлт жоспары» – ел болашағының кепілі

Айқын-ақпарат
846
«Ұлт жоспары» – ел болашағының кепілі Талғат ТҰРСЫНҰЛЫ, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының әкімі:

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы тұрғындарының негізгі кәсібі – егіншілік, мал шаруашылығы. Аудан диқандары былтыр 19 941 гектар жерге Сыр маржанын егіп, оның әр гектарынан 54,5 центнерден өнім алды. Аймақ халқы еңбекқор, бірлікшіл. Соның арқасында жалағаштықтар талай биіктерді бағындырып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Осы орайда біз Қызылорда облысы Жалағаш ауданының әкімі Талғат Тұрсынұлы Дүйсебаевпен әңгімелесіп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз. 

– Талғат Тұрсынұлы, әңгімемізді «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылып жатқан шараларды таныстырудан бастасақ?
– Ұлт жоспары – ел дамуының ірі әлеуетін ашып көрсеткен міндеттерді нақты жүзеге асыруға бағытталған ұлт болашағының кепілі. Бұл қалыптан тыс жоспар, онда мемлекеттің экономикасы кезең-кезеңмен жаңғыртылуда. 100 нақты қадам – егжей-тегжейлі және практикалық шешімдер жүйесі. Еліміздің жаһандық жасауы мен қайта жаңаруы үшін Қазақстанға бес институттық реформа керек. Ұлт жоспары – нақтылы, дәйекті және айқын жоспар. Ол миллиондаған қазақстандықтар үшін болашаққа баратын даңғыл жол. Президенттің «Біздің Ел. Біздің ұлт. Біздің бо­лашақ» деген Ұлт жоспарының әрбір жолынан жасампаз тарихи мәселелер айқын көрініс тауып тұр. Ұлт жоспарының әрбір тармағы қарапайым наубайханашы, фермерге, студентке, бизнесменге де түсінікті. Ал 100 нақты қадам – Елбасының 100 нақты тапсырмасы, мемлекеттің даму мен қоғам өмірінің барлық саласын реформалауды қамтиды. Сондықтан, Қазақстан азаматтарының әрқайсысы өзінің мамандығынада, өзінің жұмыс орнында, өзінің қоғамдық өмірінде бүкіл елмен бірге маңызды 100 қадамды жасау тиіс.
– Ауданның әлеуметтік, экономикалық жағдайы туралы айтсаңыз? 
– Бүгінгі таңда аудандық дең­гейіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуды басқарудың ең тиімді тетігі – тұрақты түрде жаңартуды қажет етіп тұратын аймақтық саясат. Елімізде осы саладағы жаңартудағы жаңа кезеңге қадам бастық. Оған нарықтық әлеуметтік бағыт-бағдардың айқын жоспарлануы себеп. Соңғы жылдардағы экономикалық даму қаржысының жеделдеп, жалпы ішкі өнімнің еселеп жоғарылауы әлеуметтік салаға құйылатын қаржының көлемін ұлғайтты. Мұның барлығы түптеп келгенде халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға бағытталған мемлекетіміздің сындарлы саясатының жемісі. Ауданның кәсіпорындары және жеке секторлары 2015 жылдың 1 мамырына дейін 691 070 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Бұл 2014 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 156,7 пайызға артық. 
Өңдеу өнеркәсібі – 161,4 пайыз, ауызсу – 144,9 пайыз, электрмен жабдықтау – 95,7 пайызды құрады. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2015 жылдың 4 айында 366 657 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 28,5 пайызға кө­те­рілді. Негізгі қорға республикалық бюд­жеттен 94 888 мың теңге, жергілікті бюджет есебінен 25 951 мың теңге, жеке қаражат есебінен 198 460 мың теңге, қарыз қаражаты (лизинг) есебінен 47 358 мың теңге тартылған.
– Қаржы-салық саясаты қалай іске асуда? 
– Аудан бюджетінің 2015 жылдың 1 маусымына жалпы түсімдер жоспары 2 283 013,0 мың теңге, орындалуы 2 460 549,5 мың теңгені құрады. Мұның ішінде жергілікті кірістер жоспары 466 557,0 мың теңге, орындалуы 627 565,2 мың теңге болды. Есепті мерзімге өз кірісімізден 161 008,2 мың теңге артық түскен. Аудан бюджетінің шығыстар жоспары есепті мерзімде 2 331 979,0 мың теңге, атқарылуы 2 307 690,3 мың теңгеге орындалды. 
– Аудандағы ауылшаруашылық саласының дамуына көңіл тола ма? Егіс көлеміндегі күріш дақылының үлесі қанша?
– Аудан бойынша 2015 жылдың 4 айында 866,6 млн теңгенің ауыл­шаруашылығы өнімдері өндірілді, былтырғы жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 98,4 пайызды (былтыр осы кезеңге 519,6 млн теңге) құрады. Егін шаруашылығы туралы айтсақ, аудан бойынша 2015 жылы барлығы 30400 гектар егіс орналастыру жоспарланып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтары 300 гектар жаздық бидай, 351 гектар мақсары, 20 гектар сұлы, 4100 гектар жаңа жоңышқа, 20030 гектар күріш, 750 гектар картоп, 517 гектар көкөніс, 628 гектар бақша дақылдарын егіп, 4600 гектар ескі жоңышқаны күтімге алды. Картоп, көкөніс, бақша дақылдарын оңтайлы себу мерзіміне сәйкес егу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар 100 гектар қауын-қарбыз, бақша дақылдары егілді. Қазіргі уақытта жоңышқа шөбін ору жұмыстары басталды. Аудан шаруашылықтары ерте егілген күріш дақылын арам шөптерден тазарту үшін гербицидтермен өңдеу жұмыстарына кірісті.
Ауданда жалпы егіс көлемінің 66 пайызы – күріш дақылының үлесінде. Осы ретте ауданда ауылшаруашылы­ғын әртараптандыру жұмысы қолға алынуда. Яғни болашақта жалпы егіс көлемін сақтай отырып, біз суды көп қажет ететін дақылдардан саналы түрде бас тартып, оның орнына суды аз қажет ететін көкөніс, бақша дақылдарын, мал азықтық майлы дақылдар өсіру­ді қолға аламыз. Бұған мемлекет тара­пынан қажетті көмек те болып отыр. 
Ал мал шаруашылығы бойынша мал басының өсімі байқалады. Бүгінгі таңда ауданда мүйізді ірі қара – 30 038 басқа, жылқы – 8778 басқа, түйе – 337 басқа, қой-ешкі – 36 870 басқа, шошқа – 159 басқа жетсе, 8025 үй құсы өсірілуде. Мал шаруашылығын дамытуға «ҚазАгро» Ұлттық басқару Холдингі жобасының негізінде «Ауыл несие серіктестігі» ЖШС «Сыбаға» бағдарламасына қатысуға шаруашылық субьектілері тартылады. Атап айтқанда, 2014 жылы 5 шаруашылық, 2015 жылы 6 шаруашылық осы жобаға қатысатын болады. Аталған бағдарлама бойынша ауданда жұмысын ұйымдастырып, өз шаруашылығын дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Жалпы біздің ауданның жағдайында «Сыбаға» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алсақ, мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл халқының әлеуметтік ахуалын көтеруге қол жеткіземіз. 
– Демек, мемлекеттік бағдар­ламаларды пайдалана отырып, өзінің шаруашылығын жүргіземін деген азаматтарға мүмкіншілік жасалған ғой? 
– Әрине, мал шаруашылығы саласын дамыту мақсатында биылдан бастап «Сыбаға» бағдарламасы сияқты «Құлан», «Алтын асық», «Тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру» бағдарламалары қолға алынуда. Бұл бағдарламаның шаруаға тиімділігі қой және жылқы малын ұстаймын деген азаматтар мемлекеттік бағдарламалардың тиісті жеңілдіктерін пайдалана алады. Мал басын асылдандыру мақсатында Аққыр ауылдық округінде «Туған жер» шаруа қожалығы Жәңгір хан атындағы аграрлық университетімен келісімшартқа отырып, қазіргі таңда малды асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. 
– Талғат Тұрсынұлы, «Еңбек бәрін де жеңбек» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында бизнесті дамытуға көңіл бөліп келеді. Жеке кәсіппен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқан шығар? 
– Елбасы кәсіпкерлікті «ұлттық экономиканың жетекші күші» деді. Сондай-ақ Елбасы өзінің таяуда ға­на жариялаған бес институттық ре­формасында сапалы өсім мен эко­номиканы әртараптандыруға қол жеткізу үшін индустрияландыру бағ­дарламасының жүзеге асырылып жат­қанын, сонымен қатар индус­трия­ландыру экономиканың құралы ғана емес, мемлекет дамуының орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы екенін атап көрсетті. Осы орайда, ауданда бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауданда 1789 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Бұл шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 7067 адам жұмыс істейді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 248-ге, ал жұмыс істейтін адамдар саны 317 адамға өскен.
2015 жылдың 5 айында өндірілген өнім 218,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,0 пайыз болды. Бюджетке түскен түсім 64,4 млн. теңге, 2,3 есе артқан. 
– Жыл басынан бері қанша жаңа жұмыс орны ашылды? 
– 2015 жылдың алғашқы бес айында аудан көлемінде 138 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда Елбасының аса маңыз беріп отырған мәселесі «Мем­лекеттік үдемелі индустриялды-ин­новациялық даму» бағдарламасы алдағы уақытта біздің қарыштап дамуымыздың негізгі тетігі десе де болады. 
Бүгінгі таңда басты мәселе – азаматтардың кәсіппен айналысуына, өз шаруашылықтарын жүргізуіне қажетті жағдайлар жасау. Қазір қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аймақтарда 4 өндіріс орыны ашылып, өзінің жұмысын жүргізуде. Бұлар мал сою цехы, «ШНС» ЖШС жылыжай кешені, «КТ-Servis» ЖШС-нің пескоблок, құрылыс материалдарын өндіру цехы және жеке мал бордақылау, сою және жіліктеп бумалау цехы. Алдағы уақытта бұл аймаққа құрама жем, брущатка, бордюр өндіру, биоотын шығару цехтарын орналастыру жоспарланып отыр. Аталған бағдарлама аясында аймақтағы ірі өндіріс орны – «БИС-Групп» ЖШС-нің қызыл мия тамырын өсіру және өңдеу зауыты іске қосылып, жұмыс істеуде. Жоба толыққанды іске асырылған жағдайда 156 тұрақты жұмыс орны және 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. 
– Солай болуына тілектеспіз! Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы